Сценарий 1 жүргізуші: Қош келдіңіздер, қала қонақтары, балқаштықтар!



жүктеу 61.75 Kb.
Дата07.03.2018
өлшемі61.75 Kb.
түріСценарий


«БАЛҚАШЫМ – ЖЕРҰЙЫҒЫМ!» ҚАЛА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СЦЕНАРИЙ


1 жүргізуші:

Қош келдіңіздер, қала қонақтары, балқаштықтар!

Бүгін біздің шаһарымызда ерекше мейрам, жыл сайын өтетін қала мерекесі тойлануда.

Мереке құтты болсын, жерлестер!


2 жүргізуші:

Туған жерім, Балқаш құтты мекенім

Алыс кетсем аңсап саған жетемін.

Шежірелі, сырға толы тарихыңды,

Бәрін оқып, жырлап сені өтемін.



1 жүргізуші:

Тәуелсіз мемлекетіміз - Қазақстан Республикасының картасында көл жағасына орналасқан қала және ондағы ірі кәсіпорын - Балқаш кен-металлургия комбинаты, қазіргі «Қазақмыс» корпорациясының «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігі сонау 30-жылдардан қазіргі уақытқа дейін отандық түсті металлургия мен Қазақстан экономикасындағы көшбасшылардың бірі болып келеді.

2 жүргізуші:

Балқаш - жеңіс шапағатының нұры.

Балқаш - табысқа жетіп жатқан жерлестеріміздің жүзінде ойнаған шуақ.

Балқаш - балқыған мыстың таң шапағы.


1 жүргізуші:

Балқаш - жастық қаласы. Өнер мен білім отауы. Спорт пен мәдениет ошағы. Мәдениеті гүлденген Көкше теңіздің жағасындағы жасыл желекті қала өнері де шарықтап биікке өрлеумен келеді.

2 жүргізуші:

Ерлерім бар қадір тұтар өткенін

Қайта оралтып өлгені мен өшкенін.

Елін сүйер азаматтар сау болсын,

Құтты болсын тойың бүгін текті елім.



1 жүргізуші:

Балқаш, Балқаш - сән қала,

Айналаңда нұр дала.

Сені көріп толқыдым,

Көкірегімде ән ғана.



Балқаш туралы ән ойналады

2 жүргізуші:

Балқашым мекені тектінің

Ғасырдан-ғасырға жетті үнің

Сұңғыла саңлақтар түлеткен

Өзіңнің қасиетің деп білдім.

Көлім менің көк теңіз ер толқынды

Өр толқынға ілесіп шер толқиды

Қарашығы секілді қара көздің,

Ол мұңайса бұлқынып ел толқиды.



1 жүргізуші:

Теріскейі Балқаштың сала-сала

Елім деген ерлер де жүр осында

Қала салып, кен қазған керемет те

Мыс сапырған маңғаз да бар осында



«Туган жерім» әні

2 жүргізуші:

Балқаш қаласының тарихы сонау Кеңес өкіметінің қарқынды бесжылдықтарының бастауында құрылып, ірі өндіріс орталықтарының біріне айналды. Балқаш өңірін игеру 1928 жылы инженер, геолог И.П.Русаковтың басшылығымен Қоңырат тауларындағы геологиялық-барлау қызметінен басталды.

1 жүргізуші:

1931 жылы қазанда «Прибалхашстрой» басқармасы құрылды. Оның басты міндеті мыс қорыту завотын ашу. Өйткені еліміз мысқа өте зэру еді. Мыс көбіне шетелден әкелінетін. Сондықтан да, Балқаш көлінің жағасындағы болашақ қаланың ірге тасы қаланды.

Қазақ биі

2 жүргізуші:

1932-33 нәубет жылдарында Балқаш құрылысына Ақтоғай, Шет, Ақадырдан ағылған қазақтар көл жағалай тігілген мың киіз үйді пайдаланған екен. Тірлік үшін жерді қазып жартөрелерді пайдаланған, одан соң қамыстан ұзын-ұзын барактар салып, бір бөлмеде 15 адамға дейін тұрған. Осы ашаршылық жылдары Балқаш көлінің балығы талай адам өмірін ажалдан арашалап қалды.

1 жүргізуші:

1935 жылы Балқаш-Қарағанды теміржолы уақытша пайдалануға беріліп, жылу электр орталықтарының құрылысы басталды.

Ән «Туган жер»

2 жүргізуші:

1937 жылы 11 сәуірде Қазақ ССР Орталық Атқару комитетінің шешімімен «Прибалхашстрой» поселкісі Балқаш қаласы болып атанды. Қала құрылысына Ресейден адамдар ағылды. Қаланы және кен-металлургия комбинатын салушылар көп қиындықтарды басынан кешірді. Сонымен қатар Гүлшат пен Шығыс Қоңырат кеніштері ашылды.

Әбіл Кәріпбайтегінің «Менің қалам» өлеңі оқылады

1 жүргізуші:

Балқаш еліміздің тарихына талай даңқты беттер жазып қалдырды. 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында балқаштықтар жеңісті шыңдады. Қалада Т-34 танкінің құрметті тұғырда тұруы кездейсоқ емес. Балқаш кен-метталургия комбинаты майданға танктің оқ өтпес қабаты үшін молибден металлын, патрондар мен снарядтардың гильзасын жасауға қажетті мыс беріп тұрды. Балықшылар жауынгерлерге сазан мен маринка балықтарын жолдады.

2 жүргізуші:

Мыс, молибден, түсті прокат... Бұларсыз самолет, кеме, танк жасау мүмкін емес. Сондықтан да, жеңіс сәтін жақындата түсу үшін балқаштықтар жан аямай еңбек етті. Жұрт тәулік бойы цехтан шықпай, қалжырап жығылғанша жұмыс істейтін болды.

1 жүргізуші:

1946 жылы ірге тасы қаланған Балқаш қаласының бетке ұстар айнасындай әсем ғимарат мысшылар мәдениет сарайы 1952 жылы 2-ші сәуірде есігін айқара ашып, алғашқы көрермендерін қабылдады.

Би

2 жүргізуші:

Қазіргі М.Хамзин атындағы мәдениет жобасын жасаған Ленинградтық сәулетші Л.Мелеги. Оны мыңдаған саяси қуғын-сүргіннің тұтқындары мен жапондық әскери тұтқындар салды. Ішкі безендіру, көркем өрнектеу, қазақтың ұлттық нышандарын келтіріп сән беруде халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің қолтаңбасы бар.

Қасым Аманжоловтың «Балқаш» өлеңі оқылады

1 жүргізуші:

1971 жылы Саяқ кеніші қатарға қосылды. 1985 жылы ерекше құрылым сұйық ваннада балқыту қондырғысы пайдалануға берілді. 1999 жылы екінші рет Ванюков пешінің жабдықталуы өндірістің өнімін арттыра түсті. Қазіргі таңда әлемдік кәсіпорындардың бірі - «Балқашмыс» АҚ жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын өндірісінде шикізат алумен қатар дайын өнім шығару қолға алына бастады. 1986 жылы тұңғыш сымдары алынса, 1997 жылы бірінші алтын құймасы мен байытылған күміс алынды. 2003 жылы мырыш зауыты іске қосылып, қазыналы Балқаштың керегесін кеңге жая түсті.

2 жүргізуші:

70 жылдан астам тарихы бар Балқаштықтарда небір «тар жол тайғақ кешуді» бастан өткерді. 30 жылдардың ойраны, қалың нәубет, 1937 жылдың зұлматы, ¥лы Отан соғысы, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары кезеңдерінде балқаштықтар да қажыр-қайратымен төтеп беріп бүгінгі күнге жетіп отыр.

1 жүргізуші:

Балқаш тарихы туралы көп кітаптар жазылды. Онда көптеген басшылардың, мамандардың, әр саладағы белсенді жұмысшылардың, инженер-техниктердің есімдері аталды, қажырлы еңбектеріне баға берілді. Балқаш қаласының құрметті азаматтары атағына ие болғандардың ішінде Д.Қонаев, И.Иванов, Қ.Құрышев, Л.Петров, В.Спицын, Н.Калмыков, З.Асфандьяров, И.Волков, Ш.Мажитова, В.Жиров, М.Хамзин т.б көптеген азаматтар бар.

Ән «Қазақстан»

2 жүргізуші:


Дүрсілдейді сонау Балқаш жағасы

Баршы өзің, көңіл қойып тыңдашы!

Тұр ғой соғып туған дала жүрегі

Кім қызықтап, мақтан етпес бұл жерді,

Бақытына қуан қазақ баласы!

Байтақ Отан туып өскен өз елім

Өмірімде өршіп аққан өзенім

Артым жақсы, алдым қандай тамаша

«Бөтен елдің падишасы болғанша

Өз елімнің терсем артық тезегін»! - деп Қасым Аманжолов ақынымыз жырлағандай әрқайсымыз өз туған жерімізді қадірлеп, мақтан тұтайық! Бүгінгі кешіміз осымен аяқталды. Келесі кездескенше күн жақсы болғай.



1 жүргізуші:

Құрметті балқаштықтар!

Балқаш көркейе берсін, жайнай берсін, гүлдене берсін!

Қала күніне арналған ісшарамызға қатысқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз.

Келесі кездескенше сау болыңыздар!




Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет