2024 жылдың соңына қарай елде бірыңғай QR-код жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Осылайша азаматтар бір банктің QR-төлем қосымшасын ашып, басқа банктердің құрылғылары, қосымшалары арқылы төлем жасай алады. 

"Қазіргі уақытта QR-код арқылы төлем жасау қызметі бірқатар банкте банкішілік дәрежеде енгізілген. Дегенмен QR-код арқылы банкаралық төлем жасау қызметін 2024 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр”, – деп жауап берді Ұлттық банктің баспасөз қызметі. 

Қазақстанда QR-кодтың Ұлттық стандарты бар. Ол төлем QR-кодын генерациялаудың бірыңғай әдістемесі мен оларға қандай деректер қажет екенін белгілейді. 

Ұлттық банктің айтуынша, Ұлттық стандарт – QR-кодты генерациялау үшін қажет ережелер жиынтығы болса, QR-код арқылы төлем жасау (транзакцияларды өңдеу) банкішілік жүйелер мен банкаралық дәрежеде жүзеге асырылады. 

Бұған дейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев тұтынушылардың мобильді 100 аударым қағидатына қатысты шағымына жауап берген еді. 

"Бұл жаңа құрал емес. Мысалы, 2020 жылы еліміз бойынша 150 мың төлем терминалы болса, қазір миллионнан асты, мобильді төлемдер 3 триллион теңге болса, қазір ол 4 есе өскен. Демек сауда саласы QR-жүйеге дайын. Бұл саудаға кедергі жасайтын жүйе емес", – деді сауда және интеграция министрі. 

Ал "Ақ жол" партиясының депутаты Асқар Садықов мәжіліс отырысында мобильді аударымдарды бақылауға алғаннан кейін кәсіпкерлер көп шағымданып жатқанын жеткізді.

Депутаттың айтуынша, мобильді аударымдарға фискалдық бақылауды енгізу бизнес пен халыққа бірден қиындық туғызған.

Депутаттың пікірінше, бизнесті POS-терминалдармен жұмыс істеуге мәжбүрлеу арқылы салық органдары банктердің мүддесін қорғайды. Ал Ұлттық банк уәде еткен ұлттық төлем жүйесі ешқашан пайдаға аспаған. Асқар Садықов салықшылардың қолма-қол төлемдерді қабылдауға тыйым салу туралы өтініштері "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңның талаптарын бұзатынын айтты.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.