Сембай, М. Дертті даланың дерегі: Картаға түсірілгенмен түйткілдері әлі де көп / Мағауия Сембай // Орталық Қазақстан. – 006. – наурыз (№41-42)



жүктеу 56.22 Kb.
Дата26.02.2018
өлшемі56.22 Kb.

Сембай, М.

Дертті даланың дерегі: Картаға түсірілгенмен түйткілдері әлі де көп / Мағауия Сембай // Орталық Қазақстан. – 2006. – 2 наурыз (№41-42)
Өткен ғасырдың сонау жетпісінші жылдарының соңында Егіндібұлақ өңіріне іс-сапарға бардым. Журналистік іс-сапар аяқталар кезде осы аймаққа аты аңыз болып кеткен Жақан Мұхамедяровпен танысудың сәті келгені. Жас кезіміз. Қыраулы қысқа да, жер шалғайлығына да қараған жоқпыз. Жақан қиян шетте Едірей тауының Алыбай дегөн жерінде жылқы бағып отыр екен. Қас қылғандай қаңтардың ат құлағы көрінбес ақ бораны қонаға басталып, ертеңінде де басылмады. Амалсыз жіпсіз байландық. Іші пысып жүрген Жақан бастаған жылқышылар бір жасап қалды. Ақкөңіл, жомарт жігіттер ән де салды, әңгіме тиегін де ағытты. Жап-жас бізден көп әңгіме шыға қоймайды. Бір тайды машинаға қойша көтеріп салатын, шу асауды құйрығынан ұстап жуасытатын, тайыншадай тазысы төрінде жататын Қажымұқан тұлғалас Жақанның әңгімесі бәрінен дәмді. Аңшылық, атбегілік туралы айтқандары құлаққа жағып-ақ барады. Қаладан келген бізге ол сайын даламыздағы көшпенділердің соңғы тұяғындай көрінгені де рас. Әңгіме ауаны түтеген боранға, жайылымдағы жылқыға ойысты.

- Жылқы ығып кетсе, іргедегі әскерилерден БТР алып, қазір-ақ тауып аламыз. Хабарласуға рация беріп қойған. Дәл жанымызда полигон бар ғой..,-деп Жақан сөзінің аяғын жұтып қойды.

Жақан әскерилермен әбден тіл табысып, қажет болса, жылқысын тікұшақпен іздеп тауып алатындай, ол кезде картада жоқ Курчатов қаласына емін-еркін кіре беретіндей сенімге ие болған екен. Қыстақтың басында номері жоқ әлді әскери автомашина, бір цистерна бензин тұр. Жанармай сұрап, совхозға жалынбайды. Ірі шенді полигон әскерилері Жақанға келіп, қонақ болып, аң қағатын әуестіктері де бар екен. Бұрын полигон жөнінде еміс-еміс еститінбіз. Бірақ, Егіндібұлақтың Абай, Мыржық, Едірей, Айрық ауылдарының дәл іргесінде дүңкілдетіп атом бомбасын жарып жатқанынан бейхабармыз. Мектепте оқып жүргенімізде Қарқаралының Қасым Аманжолов ауылына шығар қасқа жолдағы Үлкен көлдің жағасында әскерилердің шап-шағын мекемесі болды. Құпиясы сондай, әскерилердің жергілікті халықпен араласқанын естіген емеспіз. Кейінірек бір күнде көшіп, зым-зия жоғалды. Енді жобалап керсек, олар да сол ядролық полигонның бір әскери бөлімшесі болса керек. Мүмкін олар жарылыс күшін, радиациялық ластану мөлшерін өлшеп отырған шығар. Өйткені М.Горбачевтің тұсында АҚШ пен КСРО текетіресті бәсеңдетіп, жарылыстарға екіжақты бақылау жасауға келіскенде, американдық сарапшылар Қарқаралы басында отырып, тексеру жүргізген.

Сонымен Едірейдің Алыбай қыстағынан боран басылған соң аттандық. Құпиясы қырық құлыпқа салынған ядролық полигон әскерилерімен әбден тамыр болып, жабық қалаға түлкі тұмағымен, саптама етігімен еркін кіретін дархан даламыздың дара азаматы Жақанмен таңғала қоштастым. Ішім бір пәлені сезді. Атом бомбасы жөнінде аз-маз хабарым бар. ҚазМУ-де біз оқыған жылдары әскери кафедра болған. Сонда жаппай қырып-жоятын қару пәнінен дәріс оқыған полковник Кудрявцев жарылған атом, сутегі бомбаларының жойқын қуатынан, тарайтын сәулесінен, радиациялық шөгінділерінен тіршілік иелерінің қырылып қалатынын оқытып, қорғану тәсілдерін үйреткен.

Дәл іргемізде ажал шашып жатқан атом аждаһасының орналасқан аумағын ойша шолдым. Кейін Қазақстан картасына талай мәрте ұңілдім де. Ешқандай елді мекен көрсетілмеген Ертіс өзенінен Едірей, Мыржық тауларына дейінгі ұлан дала полигон табанында қалыпты. Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін ядролық полигонның аумағы да айқындалды, қанша жарылыс жасағаны да жария болды. Тек полигон аумағының, оған іргелес аудандардың ра-диациялық картасы, яғни қай жер қанша мөлшерде радиациялық ластануға ұшырағаны айтылмай, жазылмай келген. Бұл шаруаны Үкіметіміз қолға алып, бар болса, қолға түсіріп, жоқ болса, жасағаны жөн болар еді деп жазғанбыз. («Егемен Қазақстан», «Орталық Қазақстан» газеттері, «Дегелең дерті, Қарқаралы қасіреті» 2003 жыл) Үкіметіміз атқармаған шаруаны Қарағандының экологтары өз ынталарымен шама-шарқы, қал-қадерлері жет-кенше жасап шықты. Атап айтқанда, Қарағанды облыстық экологиялық музейінің қызметкерлері Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Алматы орталығының қаржыландыруымен ҚР Радиациялық қорғау және экология жөніндегі ұлттық форумның көмегімен ядролық полигонның радиациялық картасын түсірген. (Суретте). Схемада Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық агенттік 2004 жы-лы бекіткен шекара алынған.

Карта полигонмен шектесетін аумақтардағы халықтың радиоэко-логиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналғанын атап көрсетеді экологтар. Мәліметтер жабық, құпия көздерден емес, ашық ақпараттар негізінде алынған. Яғни, полигон құпиясы әлі толық ашылмаған.

Енді осыған да шүкіршілік етеміз де. Экологтар қолда барды кәдеге жаратып, полигон шекарасы аумағындағы сынақ алаңдарын, ең бастысы радиация бұлтымен ұшып барып, өмірге өте қатерлі изотоптар (цезий, стронций, плутоний) шөккен жерлерді анық көрсетіпті. Квадрат, трапеция түріндегі аумақтар - сынақ алаңдары Аттары да бар. Балапан, Дегелең, Ақтан-Бірлік, Сарыөзен, Опытное поле және цифрлармен (4, 4а, 8, 9) белгіленген жерлерде атом, сутегі бомбалары жарылған. Ал, Курчатов қаласынан әжептәуір қашықтықта терістіктен басталып, оңтүстік-шығысқа және оңтүстікке қарай созылып жатқан екі қара жолақ – радиациялық ластануы шамадан мүлдем асып кеткен жерлер. Экологтар жаңағы сынақ алаңдары мен қара таңбамен белгіленген жерлерге мүлдем адам аяғы бас-пауын, мал бақпауды, шөп шаппауды, өзен-көлден, бұлақтан су ішпеуді ескертеді. Бұл аумақтарда радиоизотоптардың мөлшері бірнеше мың беккерель/килограмға дейін жеткен. Жергілікті халықтың жарылыстар Курчатов қаласы жақтан, яғни терістіктен жел соққанда ғана жасалғанын айтып жүргені тегін болмады.

Радиациялық карта полигон жабылғаннан кейін 15 жылдан кейін мүлдем кешігіп жарық көріп отыр. Оның өзінде мәліметтері толық және нақты болмауы мүмкін. Халықтың ядролық полигон, радиациялық қауіпсіздік жөнінде экологиялық сауаты болмағандықтан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бос қалған сынақ алаңдарына, штольняларға шекаралас ауылдардың адамдары лап қойғанын естіп, біліп жүрдік. Тұрғындар радиациаланған темір-терсек, сым жинап, ауылдарға әкеліп, өткізіп жатты. Сөйтіп, жан бағам дегендердің жаһаннамға кеткендері де, айықпас дертке шалдыққандары да ұшырасты. Үкімет тарапынан тыйым салған ешкім болмады. Журналистер жазды да, айтты да. Бірақ ол кезде күнін көре алмай қиналған ел бұл ескертпелерді құлақтарына іле қойған жоқ. Қазір мұндай әрекеттер саябырлағанмен (алатын да ештеңе қалмаған болу керек) полигон шекарасында мал жаю, шөп шабу, жолаушылар жүріп-тұруы әлі тыйыл-маған. Карта жасаған экологтар полигон аумағына кіруге болмайтынын ескертіп, өздерінің көздері жеткен деректерді алға тартып отыр. Сақтансаң, сақтаймын деген.

Ендігі әңгіме қарағандылық экологтардың осы бастамаларын Парламент пен Үкімет қолдап, полигон аумағына, оған жапсарлас елді мекендердің жерлеріне кешенді радиоэкологиялық терең зерттеулер жүргізіп, ресми радиациялық карта жасайтын мезгіл баяғыда жеткенін айтқымыз келеді. Көп мәліметтер Ресей әскерилерінде бар болуы мүмкін. Қазір әскери құпия емес қой. Сұратса, дос-жар мемлекет теріс айналмайтын шығар.

Егіндібұлақ өңіріндегі сайлаушылармен кездесулерде халық осы аймақтың полигоннан таяқ тастам жерде тұрып, ең жоғары қауіпті аумаққа кірмей қалғанын тілге тиек етіп, орынды өкпелерін алға тартады. Картаға көз салсаңыз Егіндібұлақ өңірі тұрғындарының талап-тілектері қисынды-ақ. Айталық, бұрынғы Семей облысының Сарыжал, Долон, Бөденелі, Сарыапан, Иса елді мекендері ең жоғары дәрежелі төтенше радиациялық қауіпті аймаққа кіреді. (ҚР «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңы бойынша). Ал полигоннан дәл сондай қашықтықта орналасқан Қараганды облысының бұрынғы Егіндібұлақ ауданының Ақтасты, Абай, Айрық, Едірей, Мыржық елді мекендері үшінші дәрежелі жоғары радиа-циялық қауіпті аймаққа жатқызылады. Енді «Мүйіз сұраймын деп, құлақтан айрылдым» дегендей Егіндібұлақ өңірі аудандары жабылып, Қарқаралыға қосылғаннан кейін төртінші дәрежелі ең төменгі радиациялық қауіпті аймақ классификациясына төмендеп қалуы ықтимал. Сондықтан Парламент пен Үкімет полигон маңындағы елді мекендерді классификациялауды осы карта арқылы қайта қарағаны жөн болар еді.



♦ ♦ ♦

Баяғы жылқышы Жақан Едірейден көшіп кеткен. Қазір Осакаров ауданында тұрады. Әлі де ат жаратып, күліктерін бәйгеге қосады. Көп ел полигон маңынан қалаға қарай қоныс аударған. Дегенмен жер иесіз емес. Қатарлары селдіресе де ата-баба мекенінен аумаған шыдамды халық та бар. Олар туған жерлерінің атом тозағынан арылып, қайта түлегенін асыға күтуде.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет