Шымкентте көпқабатты үй тұрғындары шу шығарды. Өйткені заңды белшесінен басқан бизнесмен тұрғын үйдің түбінен жатақхана құрылысын бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Ереже бойынша 20 метр жерде салынуы керек ғимарат небәрі 9 метр әрі орналасқан. Осыған наразылық танытқан жұртшылық арызымызды айтып әкім мен басқарма өкілдерінің бәріне бардық дейді. Бірақ, араша болған бір адам болмапты. Тұрғындардың сөзінше, жеке кәсіпкер іргетасын құйғаннан бастап заңды белшесінен басқан.

“7-8 метрден бастады. Заңға бағынбай өз білгенімді істеймін деді. Біз құрылысқа байланысты 15 метрден кейін құрылысыңды сал десек бағынбай қойды. Қанша арыз жазғанымызбен нәтиже жоқ. Өзімізді қайтарып жіберді. Қаланың әкіміне де, ауданның әкіміне де бардық”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жамал Жаманкөзова.

Жапсарлас құрылыс кесірінен қолданысқа берілгеніне 50 жылға жуықтаған ғимараттың қабырғасына сызат түсе бастады, дейді тұрғындар. Сөздерінше, бой көтеріп жатқан жатақхана кесірінен тұрғын үй ауласына жедел жәрдем де кіре алмай қалған.

“Ауланың ішіне көлік қоя алмаймыз. Өрт қауіпсіздігі болуы мүмкін. Төтенше жағдай орын алатын болса жедел жәрдем бұған кіре алмайды. Жұмыстан кейін келіп демалайын десе түнімен жұмыс істеп жатады. Ал ол жердегі үлкен діріл, қатты дауыстың бәрі тұрғындардың денсаулығына кері әсерін келтіріп жатыр”, – деп шағымданады тағы бір тұрғын Арсланбек Орынбасар.

  • "Ұйықтап жатып бір жаққа кетіп қалатын": Таныстары екі баласын тұншықтарып өлтірген қызылордалық келіншек туралы айтты
  • “Балам ұрды деп шағымданған”: 4 жасар Хантөренің өлімі туралы туған әкесі айтып берді

Жұрт жанайқайын тыңдауға шенеуніктер де келген екен. Алайда, арызданған адамдарға жағдайды түсіндірер бір жауапты табылмады. Құрылыстағы заңсыздықты мойындағанымен кінәні бір-біріне сілтеумен шектелді. 

“Бұл мәселені құзырлы орган тексереді. Дұрыс жүргізілді ме, дұрыс берілді ме, дұрыс берілмеді ме?! Оны құзырлы орган тексереді. Біздегі мәселеден эскиз проекті келісілген кезде ол мемлекеттік қызметке жатады. Бізде мемлекеттік қызмет берілген”, – Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Әлімжан Ырысбеков.

Айта кету керек, құрылыс компаниясынан жауап алу үшін есігін қақтық екен. Алайда, кәсіпкер жағдайды түсіндіруге құлық танытпады. Тек бар айтқаны, қолдарымды қажетті құжаттың барлығы бар деді. Жатақхана салып жатырмыз деген жұмысшылар болса құрылыстың қыркүйекке дейін жалғасатынын айтты.

Әкімдіктен қайыр таппаған тұрғындар енді президентке хат жазбақ. Себебі, заңсыздықты білсе де мәселені шешуге жергілікті биліктің қауқары жоқ деп отыр.

Бұған дейін Қызылордада құрылысшыларға алданып қалған тұрғындар тергеуге наразылық танытып жатқаны белгілі болған.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.