Серіктес елдердегі Темпус жобасының Ұлттық Кеңселері



жүктеу 37.9 Kb.
Дата30.03.2018
өлшемі37.9 Kb.

ИСПАНИЯМЕН ТАНЫСУ САПАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ


Серіктес елдердегі Темпус жобасының Ұлттық Кеңселері жобалық консорциумды және жобалық ұсыныстарды дайындау әрі тиімді серіктестерді іздестіру барысында әртүрлi тәсiлдердi қолданады. Олардың қатарына Ақпарат Күніндегі жоғары оқу орындар туралы және Еуропа Одағы елдеріндегі Ұлттық Байланыс Бөлімдерінің (ҰББ) қолдауымен өтетін мәжілістер туралы презентациялар жатады. Еуропа елдеріндегі жоғары оқу орындарымен танысу сапарын ұйымдастыру - серіктестерді іздестіру барысындағы тиімді, әрі Қазақстандағы Темпус жобасының Ұлттық Кеңселерінің дәстүрлі тәсілдерінің бірі болып табылады.

2009 жылдың наурыз айында Болон университетiнің қатысуымен Италияның бірнеше ЖОО-на танысу сапарлары ұйымдастырылды. 2011 жылдың қантар айында Қазақстандағы Франция елшiлiгiнiң қолдауымен Франция елімен танысу сапары өтті. 2011 жылдың қараша айында Қазақстандағы Британ Елшілігімен бiрге Қазақстандағы ЖОО-ның өкiлдерi Ұлыбритания еліне сапар жасады.

2012 жылдың желтоқсан айының 10-16 күндері Испания еліне сапар ұйымдастырылды. Әсіресе, Испаниядағы Ұлттық Байланыс Бөлімінің жетекшісі Мария Пура Галлего (Maria Pura Gallego) ханымға және Астанада орналасқан Испания корольдiгі елшiлiгінің бас консулы Рафаэль Наварро Диез де лос Риос мырзаға қазақстандық топ атынан ерекше алғысымызды білдіреміз.

Испанияға сапар шеккен қазақстандық делегация қатарында Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс академиясының бірінші вице-президенті, профессоры Сихымбаев Серiк Жолдасбекұлы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті Тортабаев Сәрсенбек Қойшыбайұлы, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің бірінші проректоры Арыстанбаева Сәуле Сабырқызы, Қарағанды мемлекеттiк медициналық университетінің оқу-әдiстемелiк орталығының директоры Мұратова Алма Зұлфұхарқызы, Алматы білім саласындағы жаңа технологиялар орталығының директоры Тасболатов Темiрхан Жұмасейітұлы болды.

Сапардың бағдарламасы өте қызық болуымен қатар Испанияның Барселона, Валенсия, Мадрид, Алкала сияқты қалаларына саяхат ұйымдастырылды.

10 желтоқсан, яғни, сапардың бірінші күні Каталония политехникалық университетімен танысудан басталды. (Universitat Politècnica de Catalunya - UPC)

Халықаралық қатынастар жөніндегі проректор, профессор Элиса Сэйрол Клуа (Elisa Sayrol Clois) университет атынан делегация мүшелерiн қарсы алып және өз әрiптестерін таныстыра отырып, университеттiң даму тарихын баяндап берді.

Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс академиясы және

Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің өкілдері өз ЖОО туралы презентация жасап, екіжақтық ынтымақтастықтың даму ұсыныстарымен таныстырды.

Бағдарлама бойынша 11 желтоқсан күні қатысушылар Барселона қаласында орналасқан Барселона университетiнде болды.

Барселона университетінің проректоры, профессор Тереза Ангер Барселона университеті (UB) туралы презентация жасады. Ол өз кезегінде Барселона университетінің 1450 жылы қараша айында құрылғанын және 2005 жылы университеттің 555-жылдығы тойланғандығын айтып өтті.

Барселона университетi 2011 жылдан бері 10 университетті біріктіретін консорциумдық Эрасмус Мундус жобасының үйлестірушісі болып табылады.

12 желтоқсан күні қазақ делегациясы Валенсия қаласында орналасқан Политехникалық университетінде болды.

Сапар халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Хуан Мигел Мартинес Рубио (Juan Migel Martinez Rubio) мырзамен, халықаралық қатынастар бөлімінің директоры Ксавьер Орозко Мессана (Javier Orozco Messana) мырза мен оның әріптестері Бегона Лузар (Begona Lluzar), Карлос Хименоспен (Carlos Jimenz Rico), қолданбалы математика департаментінің профессоры әрі сапар барысында аударма жасауға өз үлесін қосқан Игорь Ткаченкомен (Igor Tkachenko) кездесуден басталды. Валенсия политехникалық университетi студенттер алмасу бағдарламасы бойынша Еуропадағы ең үздік университеттердің қатарына жатады. Студенттердің 80 % академиялық ұтқырлық (мобильность) бағдарламасымен грант негізінде оқи алады.

Валенсия Университетінің 3 кампусында (Vera, Alcoy, Gandia) 38 000-ға жуық студент оқиды. Валенсия университетінің ғылыми саябағы (политехникалық инновациялар қаласы (CPI)) Vera Кампусының 140 000 м2 ауданында орналасқан әрі ғылыми орталық болып табылады. Орталықтың қызметкерлері Polimedia және Sakai атты білім беру тұғырнамаларына техникалық қолдау көрсетеді.

Екiжақты ынтымақтастық шеңберiнде UPV профессорларының Қазақстанның ЖОО-на шақырылуы, қосдипломдық бiрлескен бiлiм беру бағдарламаларының дайындалуы, бiрлескен ғылыми зерттеулердi жүргiзу, келiсiм шарттарға қол қою қарастырылады. Валенсия политехникалық университетінің (UPV) халықаралық қатынастар кеңсесінің директоры К. Мессан мырза барлық негізгі сұрақтарға жауап беретін адам болып (контактное лицо) тағайындалды.

Сонымен қатар қазақ делегациясы Алкала Университетінде және Карлос III атындағы Мадрид Университетінде болды.

Біз барлық испандық әріптестеріміздің қонақжайлылығына және керемет ұйымдастырылған кездесулеріне алғысымызды білдіреміз. Бұл игі бастама, келешекте Темпус және Эрасмус Мундус жаңа жобаларында, екіжақты келісімдерде және бiздiң елдер арасында ынтымақтастықтың одан әрi дамуында өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет