Қазақстанда жалақысы 850 000 теңгеден асатын қызметкерлер үшін мемлекеттік медициналық сақтандырудың ең жоғары жарнасын бес есе арттыру қарастырылды. Мұндай ұсынысқа көпшілік қарсы шықты. Сарапшылар бұл кімдерге қатысты екенін және жүйе қалай болатынын айтып берді.

Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жарналар мен аударымдар шегін 10 ең төменгі жалақыдан 50-ге дейін арттыруды ұсынды.

Жұмыс беруші үшін міндетті медициналық сақтандырудың ең жоғары жарнасы 25 500 теңгеден 127 500 теңгеге дейін, ал қызметкер үшін жарна 17 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін өседі.

Алайда халықтың көбі медициналық сақтандыруға төлейтін ақшадан бес есе көбірек төлейміз деп қате түсінген. Қаржыгер Айдархан Құсайынов бұл тенденцияны түсіндіріп, мұның барлығына бірдей қатысты емес екенін айтты.

“Жарна көбірек ұсталады деген қате пікір бар. Төлейтін сома көлемі бес есе өспейді, тек шектеу алынып тасталады. Бұрын  850 000 теңгеден жоғары алатынның бәрі бірдей көлемде салық төлейтін. Жұмыс беруші ең көп бере алатын жарна айына 25 500 теңгеден аспайтын. 850 мың жалақы алатын адам да, 1 миллион немесе 2 миллион алатын адам да айына 25 500 теңге төлеп жүрген. Бұл әділетсіздеу еді. Енді ұсынылған өзгеріс бойынша салық салынатын табыс 4 миллион 250 мың теңгеге дейін болады да, тұрғындардың жалақы мөлшеріне қарай төлеуі мүмкін максималды жарна 127 500 теңге болады. Демек 4,2 миллионға дейін алатындардың жарнасы ауысады”, – деді экономист.

Айтуынша, жоғары жалақы алатындардың өзінің жарнасы 5 есеге дейін көбеймейді. Тек бұрынғы сомамен салыстырғанда 1,5 есе ауысуы мүмкін екен. 

“Мысалмен түсіндірсем, 1,5 миллион теңге жалақысы бар адам осыған дейін 25 500 теңге төлесе, енді мына өзгерістен кейін 45 000 теңге төлейді. Арадағы айырмашылық – 19 500 теңге. Сондықтан бес есе артады деп бос дүрлігудің қажеті жоқ”, – деп мәлімдеді Құсайынов. 

Экономистің сөзінше бұл ереже қазақстандықтардың 90%-ынан астамына ешқандай әсер етпейді. Өйткені елімізде кірісі 850 мың теңгеден асатын қызметкерлер үлесі 9 %-ға ғана тең.

Бұл өзгеріс медицина саласына қаржы жетпегеннен кейін қабылдағаны жайлы айтылған еді. Алайда экономист Қуанышбек Дүйсенов бастаманың аса бір өзгеріс әкелетініне сенбейді. Өйткені Қазақстанда көбірек жалақы алатындардың үлесі өте аз. 

“Бұл ұсыныстың басты себебі – үкімет еліміздің тым әлеуметтік бағдарлануынан медициналық қызметке кететін бюджет шығыны ауыр дейді. Алайда азаматтардың 91%-ы осындай жалақы алмаса, ал қалған 9% адам басқалардан қарағанда медициналық сақтандыруға көбірек қаржы бөлсе, қаншалықты деңгейде пайда келмек. Тек шамалы бір деңгейде бюджет жағынан жеңілдік беретін шығар. Оған қарап, құзырлы органдар уәде еткендей, денсаулық сақтау саласындағы медициналық қызметтердің қолжетімдігі мен сапасы артады деп ауыз толтырып айтатындай өзгеріс болмайды деп ойлаймын. Ал көбірек жарна төлейтін 9% азаматты қандай өзгеріс күтіп тұрғаны қызық”, – деді Дүйсенов.

Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік медициналық сақтандырудың ең жоғары жарнасын бес есе арттыру қарастырылып жатқаны айтылды.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.