Бүгін сенат отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Istock

Заң медициналық қызметкерлердің заңды және қаржылық тұрғыдан қорғалуы мен жауапкершілік жүйесін енгізу туралы мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін әзірленді.

Заңның негізгі міндеті мынадай: 

  • халықты сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету;
  • медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін арттыру үшін жағдай жасау;
  • азаматтардың медициналық көмек алу кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқығын қорғау;
  • медицина мамандығының мәртебесі мен беделін арттыру.

Заңда медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында мынадай түзетулер көзделген:

  • қызметтік міндетін атқару кезінде алған жарақаты салдарынан қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған медицина қызметкерлерінің балаларына өтініші бойынша конкурстан тыс жоғары білім беру ұйымдарына оқуға қабылдауда білім грантын беру;
  • тұрғылықты жері бойынша жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің балаларына жергілікті атқарушы органдардың мектепке дейінгі ұйымдардағы орынды басым тәртіппен беруі;
  • "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес медициналық мамандық бойынша әскери қызметке құқық беру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, сондай-ақ медициналық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге қатысу;
  • тиісті ақшалай сыйақы төлей отырып "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағын тағайындау, жыл сайын "сала бойынша үздік" мамандарды анықтайтын конкурстар өткізу;
  • ауылдық жерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген аса тапшы мамандарға ең төменгі жалақының 100 еселенген шамасы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем төлеу;
  • кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін жүрген кездегі көлік шығындарын өтеу.;
  • қылмыстық кодекстің 317-бабын ізгілендіру, атап айтқанда қамауға алу мерзімі мен айыппұл мөлшерін азайту.

Заңның негізі — медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру моделін және денсаулық сақтау субъектілерінің оларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін енгізу.

Сондай-ақ заңның ең маңызды тұсы — шегілмейтін темекі өнімдерінің, электронды тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салу, қылмыстық кодексте оларды, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында тұтынуды болдырмауға мүмкіндік беретін тиісті жауапкершілік бар.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.