Ш. МҰртаза хаттары және ұлттық МҮдде елубаева Р. С., Байсерикова А.Ғ



жүктеу 81.9 Kb.
Дата15.05.2019
өлшемі81.9 Kb.

ӘОЖ 82.091-3
Ш. МҰРТАЗА ХАТТАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ
Елубаева Р.С., Байсерикова А.Ғ.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз қ.
Көрнекті қаламгер Ш. Мұртаза – мемлекетіміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, еліміздің экономикалық-саяси, әлеуметтік, қоғамдық өміріне белсене ат салысты. Қаламгерлік қырын қайраткерлікпен ұштастыра білген ол ел ісімен айналыса жүріп, жүрекжарды ойларын түрлі жанрдағы тамаша туындыларында бүкпесіз жазып қалдыра білді.

Азамат тұлға Ш. Мұртаза – шебер жазушы ғана емес, қаламы қарымды публицист те. Оған қаламгердің тәуелсіздік жылдары туған публицистикалық еңбектері дәлел болады.

Қаламгердің «Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда!» деп аталатын кітабында әдебиет майданындағы қаламдас досы Камал Смайыловпен баспасөз беттерінде жазысқан әңгіме-хаттары жинақталынып беріледі. Хаттар сол кезеңде де, бүгінде де, болашақта да бағалы дүниелер болмақ. Себебі, онда енді ғана аяғынан қаз-қаз тұрып келе жатқан тәуелсіз еліміздің сол кезеңдегі жайы мен болашақтағы даму мәселері әр қырынан сөз болады. Осы бір қиын кезеңде ұлттық мүддеден туған ұлт тағдырына қатысты тақырыпты тілге тиек еткен Ш. Мұртаза біраз шешімін таппаған істің бетін ашады. Егемен еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік дамуына байланысты шынайы шындық пен өткір де салиқалы ойға құрылған бұл еңбектер қай кезеңде де жоғары бағасын алмақ.

Туған еліміздің жарқын болашағы үшін алаңдай қам жеген бұл еңбектер арқылы тек Ш. Мұртаза ғана емес, К.Смайыловтың да тамаша да, шебер журналисттік қыры айырықша даралана көрінеді. Кезінде халық құлағын елеңдетіп, көпшілік назарын бірден аударған бұл хаттарда әлемдегі тыныштық, жаһандану заманындағы ел қорғанысы, тәуелсіз жас мемлекетіміздің ішкі-сыртқы қауіпсіздігі, ондағы қазба байлықтарының өндірілуі, қоғамдағы белең алған тоғышарлармен үздіксіз күрес, құрып бітудің аз-ақ алдында тұрған тарап біткен ауыл тағдыры, қаншама ғасырлық күн көріс көзі болған атадан балаға мирас болған мал шаруашылығының құлдырауы, кеңестік кезеңде әбден қағажау көрген тарихымызды жаңаша қарап толықтыра жазу, демократиялық жағдай, мәресіне жетіп, ойдағыдай жүргізіліп жатпаған реформалар туралы ашық сөз қозғалады. «Тәуелсіздік біреу, бәріміз соған тіреу болуға жараймыз ба» деген Ш.Мұртаза былай ой қозғайды:

«Камал! Баяғыда бір бәйтерек болыпты. Оның төбесіне Самұрық ұя салады екен. Самұрық басқа жаққа кетпек болып бәйтерекпен қоштасқанда, бәйтерек:

Менің бұтағымды мекен етіп едің, енді кетіп барасың. Маған не тілейсің? – депті дейді.

Самұрық:

- Тілейтінім, сені Құдай орманшының балтасынан сақтасын, - депті.

- Мұны айтқаным: бүгін Тәуелсіздік күні, Камал. Сол Тәуелсіздігімізді Құдай бұзықтардың балтасынан сақтасын. Тәуелсіздік біреу. Ол біз сияқты, қазақ сияқты халыққа жүздеген жылдардан кейін ғана келіп жеткен. Алланың ақ нұры. Оған адал ниетті адамдар бәріміз тіреу болсақ қана заман түзелер.

Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті. Қиыншылық жолын қиялап өтіп, жайдарман жерге де жетерміз. Әйтеуір бір Құдірет әдейі қиянкескі қиыншылық кездестіретін көрінеді ғой. Баяғы Аюб пайғамбарды сынағаны сияқты. Ақыры Аюб барлық сынға шыдап, Құдайдың мейіріне бөленген дейді.

Біз не көрсек те Көк туымыз қолымыздан түспесе екен. Көк тудан ажыраған күні тағы да тулақ боласың.

Тәуелсіздік – жаңа шығып келе жатқан Күн. Елдің емес, жас мемлекеттің емес, өз қарақан басының қамын ойлаған жемқорлар, парақорлар, Қазақстан байлығын талан-таражға салған сатқындар! Жаңа шығып келе жатқан Күнді көлегейлеп, бұлтпен бүркемелеп, тұмшаламаңдар!

Міне, Камал, мен бұл хатымды осындай сөздермен аяқтағым келеді. Тәуелсіздік таңы атты. Құтты болсын. Басымызға құт қонсын. Сол құт құсын үркітіп, ұшырып алмайық» [1, 52 б.].

Халқының жанына тиетін ащы шындыққа тоқталған Ш.Мұртаза елбасының төңірегінен орын тепкен қомағай жебір басшысымақтарға ащы да уытты тілмен тойтарыс береді. Қаламгердің сол кезеңдегі қоғам бейнесін барынша шынайы дөп басқанын мына жолдардан көруге болады: «Қомағай чиновниктер қоғам денесіндегі қатерлі ісіктер. Дер кезінде сылып тастап отырмаса аса қауіпті. Ал біздің прокуратура, тергеу, милиция, сот, қауіпсіздік органдары ұры-қарылардың, парақор, жемқорлардың шабақтарын ғана ұстайды да, жайындарын, акулаларын ұстауға шамасы жетпейді. Яки қорқады, яқи сыбайлас» [1, 49 б.].

Ел болашағын көрегендікпен болжай білген Ш.Мұртаза сыбайлас жемқорлықпен үздіксіз күресуді жақтады. Болашақ жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге кедергі болып отырған құмарпаз ойындардың орталықтарын, түнгі ойын-сауық орындарына жабуды күн тәртібіне қоюды алдыға тарты. Ұлтымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық қасиетті ана сүтімен, ана бойға кіріп, санаға сіңеді. Олай болса, техника дамыған жаңа заманда барлық тәрбие тізгіні – үлкен-кіші алдынан шықпайтын теледидарға берілді. Бұл дегеніміз - бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі ерекше екендігін көрсетеді. Осыны жақсы түсінген қайраткер қаламгер бар бұқаралық ақпарат құралдарын ана тілімізде сөйлетуге күш салуды атап көрсетті.

«Баяғыда бір мұңлық: «Қарнымның ашқанына жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен. Қарынның ашқанын жаза-жаза жұртты жалықтырып алуымыз да мүмкін. «Ашынған қарын тойынар, ашылған етек жабылар».

Ал, қадірің қашса, қалыбына келе ме, келмей ме – беймәлім. «Қадір» дегенді мен де бұл жерде ұлттық сана, ұлттық намыс деп түсінемін.

Намысқа тиер тағы бір мысал. Қазақ тілінің мәртебесін көтереміз деп көп айтамыз. Ресми құжаттардың орыс тіліндегі нұсқасын оқымай тұрып, қазақшасына түсіне алмайтын пәлеге ұшырадық» дейсің сен соңғы хатыңда.

Қайран, Камал! Американы енді ашқандай боласың. Біз бұл «пәлеге ұшырағалы» қашан.

Біздің қазақ қоғамындағы басты кесел осы. Ол кеселмен ауырғандар әрі десе сонау биікте, биіктерде отыр» [1, 71 б.], - деп ашына жазады. Азамат тұлға осы бір ащы шындықты жазып қана қана қоймайды, өзіндігінш әрекет жасайды да. Оны Жазушының қаламдас досы былай бағалайды: «Ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш деген тәуелсіз халыққа дем берер, рух нығайтар күш. Осыған сүйенуіміз жөн. Жақында, Шерхан сенің ұлт намысы бар жандар ұлт басылымдарын алдырсын деп ашына айтқан сөзің ел құлағына жетті. Сенің жанды жанып айтқаның, Президенттің оны қолдауы, бас редактордың өзі бастап белсенді үгіті арқасында, «Егемен Қазақстан» 80 мыңға жетіп, өзінің әріптесі «Казправдадан» екі еседей асып түсті. Намыс деген осы. Бірақ басқа қазақ газет-журналдары мәз емес. Қолдамаса, жоғалып кетуі мүмкін. Ия, бізге бүгін намысты қамшылау, жігерді қайрау қажет! Бұрынғыдай кінәлайтын бөтен ешкім жоқ. Бәрі өз қолымызда, бәрі өзімізден, өз кінәмізді өзгеден көрмейік» [1, 70 б.].

Ұлттық мүдде үшін барын аямаған екі қаламдас достың ой толғамдарға толы хаттар легі бірнеше уақытқа созылды. Олар бұл арқылы тек қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық жанрдың дамуына үлес қосып қана қоймай ең бастысы, ұлттық мүддеден туындаған халықтың көкейіндегі түйткілді дөп басып айта білді. Біршама хаттар легінен кейін Камал Смайыловқа Ш.Мұртаза енді тоқтатайық деген ұсыныс жасағанда оның: «Қадірлі Шерхан! Біздің хаттарымызды көп адам оқитындығын көріп жүрміз ғой. Кездескенде пікірлерін айтады, тілектерін білдіреді. Газет редакциясына келіп түскен пікірлердің топтамасы да жарияланды. «Біздің айтпағымызды айттыңыздар, дұрыс жазып жатырсыздар, жалғастыра беріңіздер», - деп тілек-ұсыныс айтады. Бір хатта: «Талаптарыңыз орынды. Бұл сөздеріңіз елге де, Елбасыға да қолғабыс сөздер деп білеміз делінген» [1, 70 б.], - деп жауап беруінің өзі жай емес. Бұл аталмыш хаттардың қаншалықты мазмұнды болғандығын нақтылайды.

Аталмыш хаттарға көз жүгірткенде байқалар бір жай - Ш. Мұртазаның хаттарының дені елдің рухани жағдайын қозғаса, К.Смайылов ел экономикасын тілге тиек етіп, оған нақтылы деректермен тоқталады.

Екі қаламгер арасында кезектесе жолданған хаттар «Алтын сандықтың кілті кімде?», «Алтын бар жерде - әзәзіл бар», «Сатылмаған не қалды?», «Кедеймін деп қорланба», «Кім қорқынышты?», «Шыр айналған дүние», «Кірлеген дүрбіні кім тазартады?», «Ұлы көш дәуірі», «Әкімдер ойланар ма екен», «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық», «Бай. Орташа. Кедей», «Адам құны» деген тақырыптармен талқыға түсті. Осы хаттардың қайсысын алсақ та өрелі ой, салиқалы пікір көрініс тауып отырады. Кезінде бұл хаттарға елбасының өзі де аса қатты мән беріп, сын садағына алынған мәселелерді назарға алып отырған.

Қашанда қазақ үшін өзектілігі жойылмаған демографиялық мәселе де Ш. Мұртаза назарынан тыс қалмады. Осы тақрып төңірегінде келелі ой қозғаған қаламгер аумалы-төкпелі кезеңде шет мемлекеттерге кеткен қандастарымыздың елге оралғандағы жай-күйін, осы істің аясында орын алып жатқан олқылықтар турасында, өзара бірлік, татулық жайында, ел бірлігіне іріткі салғысы келетіндерге, дінді дұрыс уағыздамайтындарға қарсы көптеген тиянақты тұжырымдар айтады. Қаламгер досы К.Смайыловқа қарата айтып отырған әрбір сөзінде Ш. Мұртаза «елім, халқым» дегеннен бір жаңылыспайды. Бұл азамат қаламгердің әрбір ел азаматына айтып отыратын ескертпесіндей көрінеді. Қоғамдағы қаншама келеңсіздіктерді санамалай сөз қыла келе, саналы қаламгер тәуелсіздіктің туын желбіретуде Елбасының көрегендігі мен жоғары адамдық тұлғасы басты маңызға ие екендігін айтады. Әрі елбасыға үлкен сеніммен қарайды.

Қос қаламгердің осы бір хаттар легі кезінде оқырман қауымның ыстық ықыласына айналғандығы шындық. Оған «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мынандай хаттардың жолы дәлел болады: «Бұл тұрғыда газет «Жұрттың сөзін сөйлеген» атты айдар ашып, жариялап отырды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысынан Б.Жұмашев: «Атақты жазушы Шерхан Мұртаза мен көркемсөзші Камал Смайыловтың барлық хаттары да халық көңілінен шықты. Елдің өмірін жетік білетіндеріне көзіміз жетті. Халық келешегін ұдайы ойлайтындарына дән риза болдық», - дей келіп, ауыл тағдыры, оның келешегі туралы үн қосса, Оңтүстік Қазақстан облысынан Б.Жартайұлы: «Қадірлі Шерхан, Камал ағалар! Сіздердің хаттарыңызды жібермей оқып жүрмін. Елді сауықтыратын дәрі-дәрмектей әсер етті маған. Мен осы арада өзім білетін бір нәрсені қоса айтпақпын. Қазақ халқы үшін өте қорқынышты нәрсе арақ болып алды» [1, 3 б.]. Ал, Қызылорда облысының тұрғыны Е.Тұрсынбайұлы: «Атақты жазушы Ш.Мұртазаның жауап-хаттары маған ерекше ұнады. «Кедеймін деп қорланба» деген сөздер мені атқа мінгізгендей болды. Мен мүгедекпін. Балалы-шағалымын» [1, 3 б.], – деп басталатын хатында Шерағаның «уақыт бәрін таразылайды» деген сөзіне балаша қуанғандығын, ертеңгі күнге деген сенімінің артқандығын ақтарыла жазады.

Міне, осыдан Ш.Мұртаза мен К.Смайловтың хаттары тек ұлттық руханиятқа ғана емес, еліміздің әр түкпіріндегі, шалғай аудандарындағы қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне жаңа серпін бергендігін, ойлау дәрежесін артырып, келешегіне үлкен сеніммен қарауға тәрбиелегендігін көреміз. «Тәуелсіздік – біреу, басқамыз соған тіреуміз» деп келетін Ш.Мұртаза мен К.Смайловтың толғамдарының егемен еліміздің дамуындағы үлесі шексіз екендігі шындық.

Жалпы Ш.Мұртазаның мол парасаттылығы, кемеңгерлігі, ұлтына деген дархан көңілі шығармашылық жолының әр жолында жарқырап көрініп тұрады.

Ойымызды жинақтай келгенде, Ш.Мұртаза өзіндік бедер қалыптастырған, ұлттық қазынамызды алтын сандығын байыта дамытқан, шоқтығы биік сапалы шығармалар сыйлаған тұлға. Осы тұста Саққұлақ би айтыпты деген мына бір өсиет сөз ойға оралары анық: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы – халық». «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымды ұстанған Ш.Мұртазаны білмейтін қазақ жоқ десек те болады. Ол қай уақытта да елінің мүддесі үшін аянбай қолына қалам алды. Өзінің күн өткен сайын сап алтындай жарқырай түсетін көркем шығармалары арқылы халқымыздың ой-өрісін көтеріп, санасына сәуле құйды. Ол туралы өз тұстастары да әділ пікірлерін беріп бақты. Кезінде Д.Исабеков: «Ш.Мұртаза – қазақ әдебиетінің көгінде жарқырай біткен айрықша жарық жұлдыздардың бірі. Ол халқына саф алтындай таза да қүнды шығармалар беруімен ғана қадірлі емес, азаматтық, ұлтжандылық зор даусымен де қастерлі» [11, 3 б.], – деген екен.

Ал Ш.Мұртазаның хаттарынан қайраткерлік болмысы айқын аңғарылады. Ол өз елі, жұрты, қоғамдағы мәселелер туралы ойларын тиянақты таразылау арқылы шын ұлттың жанашыры ретінде танылды.

Қорыта айтқанда Ш.Мұртазаның шығармашылығының бір ғана қырына саналатын – хаттарының әрбір жолы – тұнған тарих. Осы еңбектерінің әр жолынан оның халқына деген зор сүйіспеншілігін көреміз.



Әдебиет
1. Мұртаза Ш., Смайылов К. Елім, саған айтам, Ел басы сен де тыңда! – Алматы, 1998.

2. Қазақтың Шерағасы. 1-кітап. – Түркістан, 2010.



3. Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті. 2-кітап. – Тараз, 2011.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет