Шаймерденов т



жүктеу 2.77 Mb.
бет1/14
Дата29.04.2018
өлшемі2.77 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Т.Р. ШАЙМЕРДЕНОВ

МЕКТЕПТІ БАСҚАРУ МЕНЕДЖМЕНТІ

ОҚУ ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІН ЖОСПАРЛАУ ЖОЛДАРЫ

Павлодар 2006 ж.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологиялары ғылыми орталығы

Т.Р.Шаймерденов



МЕКТЕПТІ БАСҚАРУ МЕНЕДЖМЕНТІ

ОҚУ ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІН ЖОСПАРЛАУ ЖОЛДАРЫ

Павлодар, 2006 ж.



ӘЖК 371

ББК 74.204

Ш 18
Баспаға ұсынған С.Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми кеңесі.


Пікір жазғандар:

В.К.Омарова – Павлодар мемлекеттік педагогика институтының профессоры, педагогика ғылымының кандидаты.

М. Н. Жылқыбаев – облыстық Ы. Алтынсарин атындағы дарынды оқушылар гимназиясының директоры, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мұғалімі.
Ш 18

Шаймерденов Т.Р.

Мектепті басқару менеджменті оқу тәрбие процесін жоспарлау жолдары. – Павлодар: Ғылыми баспа орталығы. – 2006. – 221 б.


ISBN
Редакция алқасы:

Арын Е.М. (бас редактор), Жұматаева Е. (жауапты редактор).

Беисова-Әлжанова А.Е., Иманбаев Е.С., Бижан Ж.Қ., Мұхамедиярова С.М., Құнанбаева М.Ш., Асаинова А.К., Кабдиева С.Ш.
Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақты шыңдап өсіру, білікті азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ету – бүгінгі мектеп алдына қойылып отырған басты міндет.

Бұл еңбекте ұлт мектептерін басқарудың басты бөлімі болып саналатын жоспарлау ісінің ғылыми-теориялық және практикалық мәселелері баяндалып отыр. Жоспарлауда мектептің алдына бүгінгі таңда қойылып отырған міндеттері қамтылады. Олар: мемлекеттік білім стандартына сәйкес жаңа буын оқулықтары мен бағдарламаларды игеру, жаңа педагогикалық технологияларды оқу процесінде ұтымды пайдалану, ақпараттық технология мәселелерін басқару, жоспарлау. Осы уақытқа дейін бұл проблемаларға арналған ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. Бұл еңбектің жас, тәжірибесі аз мектеп басшыларына беретін көмегі мол.

ISBN ББК 74.204

© Шаймерденов Т.Р.

© «С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2006

“ Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына тіреледі. Мектебімізді таза, берік, жанымызға қабы сатып, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады”

М. Жұмабаев.

“Ең әуелі мектепке керегі - білімді педагогика, методикадан ха-бардар оқыта білетін мұғалім. Екінші - оқыту ісіне керек құралдар қо-лайлы һәм сайын болуы. Құралсыз іс істелмейді... Үшінші - мектепке керегі белгіленген программа. Әр іс көңілдегідей болып шығуы үшін оның үлгісі иә мерзімді өлшеуі боларға керек. Үлгісіз иә өлшеусіз істелген іс- солпы иә артық, иә кем шықпақшы”


А. Байтұрсынов.
“ Білімге деген ынталанушылық-адам бойындағы ой еңбегінің қайнар көзі,сондай көздерді көбірек ашу, бөгетсіз саулатып ағызу, өркендету өнері- мұғалімнің бойына біткен қасиет болуы керек.”
Ж. Аймауытов.
“... Адам баласының жаман құлқы жаратылыстан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады...

Көпшілікті адамшылыққа тәрбиелееу үшін жас буынды тәрбиелеу қажет”


М. Әуезов.

АЛҒЫ СӨЗ
Еліміздің ірге тасы берік қаланып, экономикасы жедел қарқынмен алға басып даму кезінде, жас буынға білім және тәрбие беріп жатқан мектептеріміздің алатын орыны ерекше.

Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шындалатындығы өмір шындығы.

Бүгінгі мектеп оқушылары, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын, оны алға апаратын азаматы болғандықтан, мектептердің дамуымен оның ертеңгі көк жиектері тәуелсіз мемлекетімізбен қоғамның басты назарында.

Тәуелсіздікке байланысты қол жеткен игіліктердің бірі - ұлттық мәдени, тарихи, рухани құндылықтардың қайыра жаңғыруы сондай-ақ, мектептерде оқушының өз туған халқына ұлттық, этникалық ерекшеліктерін тереңірек тануына, ұлттық дүние танымының қалыптасуына ықпал ететін этнопедагогикалық принципі оқу пәндерін оқыту мен тәрбиелеу барысында жүзеге асырылып келеді.

Көптеген ана тілімізде оқытатын мектептердің оқу жоспарларына Абай тану міндетті курсы, Мұхтар және Мағжан тану, шешендік өнер, Тіл мәдениеті, ежелгі әдебиет, өлке тану, көрнекті геометрия, қолданбалы математика, математикалық логика, азаматтану, Қазақстанның сыртқы саясаты, өсімдіктер экологиясы, Алтын тіл, ХХІ ғасыр экологиясы, адам физиологиясы, ұлттық дүние таным, әлем сияқты арналуы курстар мен толықтырылған.

Бәрімізге мәлім болып отырған ХХІ ғасыр, біліммен технологияларды игеру ғасыры болып есептеледі.

Қазіргі кезеңде қоғамымыздың дамып, әлемдік білім кеңістігіне кіру жолында қабылданған заңдар мен құжаттар, жоғарыдағы міндеттерді атқаруға арналған.

Бұлардың ішінде «Білім туралы заң», негізіндегі 2005-2010 жылдарға арналған білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын ерекше атап өтуге болады.

Бүкіл әлемдік қауымдастыққа батыл қадаммен басқан тәуелсіз еліміздің жастары жоғары білімді, кәсіби маман, басқалар мен бәсекелестікке түсе алатын, екі-үш шет тілін білетін, қазіргі ақпараттық коммуникативтік үрдестерді толық меңгерген азаматтарды дайындау мектептің басты міндеті. Осы ізгі міндеттерді іс жүзіне асыру бағытында мектепті ғылыми тұрғыдан басқара білу мектеп басшыларының басты борышы. Басқару үрдісінде педагогикалық жүйені құрайтын компоненттерді жете бағалау, ұжым мүшелерін шығармашылық жұмысқа бағыттау, олардың мамандық шеберліктерін ұштау, теориялық біліктілігін барынша жетілдіру, соңғы жылдары мектеп өмірінде лайықты орын алған оңтайлы өзгерістерді ұтымды қолдана білу мектеп басшыларының іс тәжірибесінде қолданулары қажет.

Мектеп директоры басқару ісінде, оқу-тәрбие үрдісін барынша жетілдіре түсуге, басқару формалары мен әдістерінің ролін толық меңгере отырып, педагогикалық процессте болып жатқан жаңалықтардан ұдайы хабары болуы шарт.

Сонымен қатар педагогикалық ұжым мүшелерін, оқушыларды оқыту және тәрбиелеу стратегиясын, педагогика ғылымы мен оның жаңалықтарын, озат тәжірибесін ұтымды да тиімді пайдалану жолдарымен қаруландырып отыру - қажетті мәселелердің бастыларының бірі.

Мектеп басшыларына ұжым мүшелерін, педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық және ұйымдастыру шаралары арқылы ықпал жасауы жеткілікті түрде қамтамасыз ету әрдайым есте болуы қажет.

Сондай-ақ, басқару процесінде негізгі орын алатын жоспарлау, жобалау мәселері басты орын алады.

Өйткені қай салада болмасын жоспарсыз, алдын-ала жобалаусыз жұмыс істеу нақты, нысаналы нәтижелерге қол жеткізбейді. Жоспарлау басқару принциптерінің жүйесінде жетекші орын алады.

Мектеп жұмысын жоспарлау бүкіл оқу-тәрбие үрдісіне ықпал жасаудың өте маңызды ұйымдастырушы күші-жоспарда педагогикалық ұжым жұмысының барлық жағы жан-жақты қамтылады, оның шешетін басты міндеттері белгіленеді, оларды іс жүзіне асырудың негізгі әдісі, амалдары нақтыланады, орындаушы күш пен олардың міндеттері анықталады, нысаналы нәтижелерге жетудің үнемді және ең қысқа мерзімде жетудің ұтымды жолдары қарастырылады.

Жалпыға бірдей білім беретін мектептерді басқару процесінде жоспарлау, оның ең күрделі, ең негізгі басты бөлімі болып саналады. Бұл үрдісті қорыта келе тұжырымдап айтсақ, жоспарлау белгілі, нақты нысаналы мақсат қойып, алдағы уақытта орындалатын іс шаралардың алдын-ала болжап ойластырылған атқарылатын практикалық істердің моделі сипатын алады.

Осы еңбекті дайындау кезеңдерінде облыстық педагог кадрларының біліктілігін арттыру институтында семинар және курстардан өтуші мектеп директорларымен соңғы үш жыл бойы, бірнеше дүркін анкета-сауалдамалар жүргізілді. Мұндағы басты мақсат мектеп басшыларының (әр түрлі категориядағы, стажы, білімі), мектептің оқу-тәрбие процесіне арналған жылдық жоспарды дайындау және жасау барысында қаншалықты дәрежеде педагогика ғылымдарының негіздеріне сүйенетіндігін, жоғары орындардың қандай басты құжаттарды басшылыққа алғандылығын, жоспар үлгісінің қандай басты-басты бөлімдер мен бөлімшелерден тұратындығын зерттеп анықтауға көңіл аударылды. Екіншіден, жоспар жасау кезеңдерінде қолданылатын әдіс-тәсілдері, ұжым мүшелерін, ата-аналар комитетін, жоспарлаудың кезеңдері, сандық және сапалық информациялар жинау, жинақтау, олар арқылы нақтылы тұжырымға келу мәселерін зерделеуі. Үшіншіден, өткен оқу жылындағы қорытындыларды талдап – анализ жасаудың деңгейін анықтауы да нысанаға алынды. Төртіншіден, өткен оқу жылында жоспарда бекіп қаралған іс-шаралардың қаншалықты орындалғанын, олардың оқу-тәрбие процессін жетілдіре түсуге қаншалықты ықпал жасалғандығына да анкета сұрауларына беріліп жауаптар алынды.

Анкета сауалдарына мектеп директорларының (респенденттер) берген жауаптары талданып қорытындыланды. Бұл қорытындылар мектептің оқу-тәрбие процессін жобалау барысында орын алған кемшіліктердің себептерін анықтауға жол ашты. Белгілі қорытынды- тұжырым жасауға да мүмкіндік берді. Жоспарлауда орын алған кемшіліктердің басты себептеріне тоқталсақ, олар:



  1. Басқару және оның негізгі бөлімі жоспарлаудың ғылыми теориялық мәселелеріне негізделмеуі;

  2. Басқару және жоспарлау проблемаларын зерттеп жүрген ғалымдардың еңбектері мен таныс еместігі;

  3. Мектеп басқаруда үздік тәжірибе жинақтап, оқу-тәрбие ісін жетілдіруде нақты нәтижелерге жеткен басшылардың (Қ. Айтқалиев, Р. Нұртазина, Қ. Нұрғалиев, А. Мыңбаев т.б.) іс тәжірибелерінен хабарларының болмауы;

  4. Аудандық, қалалық оқу бөлімдері жанындағы әдістемелік кабинеттер тарапынан ешқандай бір әдістемелік көмектің болмауы;

  5. Оқу-тәрбие процесін жоспарлау кезеңінде үлгі ретінде басшылыққа алатын нұсқаудың (жоғары орындар тарапынан болмау) аудандық, қалалық оқу бөлімдерінің жоспарлары мектептерге уақытында хабарланбайтындығы, кейде, тіпті, мектеп басшылары өз іс-шараларын жоғары орындардың істері мен тығыз байланыста болуына мүмкіндік бермейтіндігі аталып өткен.

Анкета сауалдарына жауап беруші директорлардың 50 пайызынан астамы, оқу-тәрбие жоспарын жасауды жоғарыда көрсетілген себептерге байланысты көптеген қиындықтарға кездесетінін атап көрсеткен.

Сонымен қатар бірнеше мектептердің (негізгі, орта, ауылдық, қалалық) соңғы оқу жылдарындағы жоспарлары мен танысып, талдау жасалынды. Бұл талдау кезеңінде де көптеген кемшіліктердің беті ашылды. Атап айтсақ, олар:



  1. Мектептің оқу-тәрбие жұмысының шамадан тыс көлемінің үлкен болуы;

  2. Бүтін ұжым мүшелерінің жыл бойы игеретін атқаратын ең басты, ең күрделі тақырып айқындалып анықталмаған. Мысал ретінде алсақ олар жаңа буын оқулықтары мен бағдарламаларды игеру, ақпараттық- коммуникативтік үрдістері оқу-тәрбие істеріне лайықты қолдана білуді меңгеру, жаңа педагогикалық технологияларды оқыту барысында қолдана білу т.б. маңызды, әрі күрделі, бүгінгі күнгі басты мәселелер болуы мүмкін;

  3. Жоғары басқару органдардан келіп түсетін әр түрлі нұсқау хаттар мен ережелерден үзінділер жылдық жоспарларда қажетсіз орын алатандығы;

  4. Кейбір мектеп жоспарларында шамадан тыс, ұжым мүшелері атқаруға қиындық келтіретін іс шаралардың жобаланып қойылуы; (мұндай фактілер аз комплектілі шағын ұжымдарда кездеседі)

  5. Жоспарлауда қажеттілігі аз көпсөзділіктің (декларативті) орын алуы;

  6. Өткен оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижелерін талдау-анализ жасауды, көбінесе сандық факторлардан аса алмай, орын алған кемшіліктердің басты себептері және оларды алдағы оқу жылында болдырмау сияқты күрделі проблемалар өз шешімін таба алмай ашық қалуы;

  7. Кейбір мектеп жоспарларында оқу-тәрбие процессінің түйінді мәселерін шешуге байланысты атқарылатын нысаналы басты мәселелерді бір-екі ұжым мүшесіне жүктей беру сияқты фокторларда кездеседі;

  8. Өткен оқу жылдарының жылдық жоспарларын мұқият зерттеу кезінде жоспарда қаралған барлық іс-шаралардың түгелдей орындалмайтындығы орын алған. Тіпті, кейбір мектептерде қаралған және бекітілген іс-шаралардың 12 ден 17 пайызға дейін орындалмаған факторлар кездесті.

Мектептің жылдық жоспарын форма түрлері жағынан қарастырсақ олар: а) графикалық; ә) жазбаша; б) аралас түрде болуы мүмкін. Оның формасын анықтап алу мектептің іс тәжірибесіне, дәстүріне, қалауына байланысты. Мектеп тәжірибесі және бұл проблема жайындағы ғылыми әдебиеттерге сүйене отырып, мектеп басшыларына төмендегі жоспарлар түрін ұсынамыз. Олар:

  1. Оқу-тәрбие процессіне арналған жылдық жоспар;

  2. Жылдық жоспарды нақты орындауға арналған тоқсандық, айлық, апталық жоспар;

  3. Мектептегі мұғалімдердің әдістемелік бірлестік және пән секцияларының жылдық, тоқсандық, айлық жоспарлары;

  4. Әр пән мұғалімдерінің күн түзбе (календарлық) жоспарлары. Бұл жоспар әр тоқсанға арналып жасалуы қажет;

  5. Әрбір мұғалімнің өз білімін жетілдіре түсу мақсатында жасалатын жоспарлар (педагогика және пәндер бойынша ғылыми жаңалықтар, озат тәжірибелер мен жаңа технологияларды игеру, жаңа буын оқулықтары мен бағдарламаларды меңгеру т.б.)

  6. Сынып жетекшілерінің оқу-тәрбие ісіне арналған жоспарлары;

  7. Пәндер, спорт, ғылыми қоғамдар мен бірлестіктер және эстетикалық тәрбие бағытындағы үйірмелер жоспарлары;

  8. Оқушылардың өзін-өзі басқаруға арналған жоспарлар;

  9. Ата-аналар комитеттерінің сыныптар және мектеп бойынша жоспарлары;

  10. Мектеп ұйымының жұртшылық және қоғамдық ұйымдар мен бірге атқаратын жұмыстың жоспарлары;

  11. Республикалық мереке күндері және халықаралық мерекелерге арналған іс жоспарлары;

  12. Мектеп ішіндегі дәстүрлі түрде өтетін іс-шараларының жоспарлары (экскурсиялар, жарыстар, сауықтыру-спорттық жарыстар, білім күні, жаңа жылды қарсы алу т.б.)

  13. Мектеп басшыларының (директор, оқу-тәрбие жұмыстарының меңгерушілері) оқу-тәрбие процессін басқару, бақылау және әдістемелік көмек көрсету мәселелеріне арналған жоспарлар;

  14. Мектептің материалды-техникалық жағынан жабдықтау, мектеп үйлерін күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу т.б. арналған жоспарлар;

  15. Жалпыға бірдей міндетті оқуды іске асыруға байланысы ауылдық мектеп жанындағы интернат жұмысын ұйымдастыру, оқушыларды ұсақ елді мекендерден тасуды, ұйымдастыруға т.б. жоспарлау;

  16. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға арналған іс-шараларын жоспарлау;

  17. Оқушылар контингентін сақтау, оларға орта білім беру ісі бойынша атқарылатын жұмыстар;

  18. Бірнеше жылдарға арналған перспектикалық жоспарлау.

Жоғарыда аталған негізгі және орта мектептердің жоспарлау ісінде қамтылатын басты мәселелері көрсетілді.

Алайда, жоспарлаудың қай түрі болмасын, мектеп басшылары педагогикалық ұжым мүшелерімен біріге отырып, жоғарыда көрсетілген жоспарлардан басқада түрлерін практикалық істе қолдануы мүмкін. Бұл ретте педагогикалық ұжымның нақтылы жағдайы, орындаушы күштердің жеткіліктілігі, қажетті материалдық және қаржылық ресурстардың жеткіліктілігі, орындау мүмкіндігінің барлығы, жылдар бойы қалыптасқан мектептің дәстүрлі істері есепке алынуға тиіс.

Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандарты мен жаңа оқу бағдарламаларының талаптарына сәйкес жас түлектердің білім мен тәрбие деңгейі, еліміздің ертеңгі сеніміне лайықты, нарықтық өз білімдерін қолдана білетін, патриот етіп тәрбиелеу мектеп ұжымдарының ең басты міндеті болып саналады.
ЖОСПАРЛАУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ҰҒЫМ
Жоспарлаудың мәні, мазмұны, мақсаты және міндеттері

Қоғам алдында мектептің алатын орны ерекше. Қазақстан Республикасының егемендік алуы мектеп алдында қойылып отырған ізгі міндеттерді бұрынғыдан да биіктете түсті.

Еліміздің тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болуы, Қазақстан Республикасының бүкіл халықтық референдумында қабылданған Конституциясының (1995, 30 тамыз) қабылдануы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуі, «Мемлекеттік білім» Заңының Парламент мәжілісінде бекуі, жалпы білім беретін мектептің ұлттық моделінің қалыптаса бастауы, білім және ғылым министрлігі бекіткен «Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандарты» (1998, 21 тамыз) жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеу ісіне жаңа талаптармен міндеттерді қойып отыр.

Өйткені еліміздің болашағы жас ұрпақ ұлттық сана-сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары, мәдениетті, парасатты, ар-ұжданы мол, дене күші мығым, еңбекқоры, іскері, бойында басқа игі қасиеттер қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеу- бұл бүгінгі күннің мектеп алдына қойған басты міндеті.

Жоғарыда аталып өткен Білім заңында, құрылымы мен мазмұны жағынан жаңартылған ұлттық білім беру жүйесінің жаңа моделі жасалды. Онда білім беру жүйесі төрт деңгейге бөлінгендігі көрсетілген. Олар: мектеп жасына дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, орта білімге, жоғары кәсіби білімге, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім болып таралады. Жаңа модельге сәйкес орта білім беру жүйесі жалпы бастауыш кәсіби және орта білім беруді қамтиды.

Сонымен қатар мектеп ісіне аса құнды құжат мемлекеттік білім стандарты болып табылады. Бұл құжатта білім берудің әлемдік үлгілерін ескере отырып, Сондай-ақ, ұлттық ерекшеліктер басты назарға алынған. Білім стандартында базистік оқу жоспары және сол базистік оқу жоспарында ескерілген өлшеуіш жүйелері көрсетілген негізгі білім аясының стандарттары. Базистік оқу жоспары нормативтік құжат. Оған сәйкес типті оқу жоспары жасалған. Базистік оқу жоспары стандарттың ең басты межесі болып табылады.

Сонымен қатар мектеп өмірінде басқару процесінің мәні өте зор. Басқару үрдісі бүтіндей жүйені қамтамасыз ететін, оны жаңа жағдайға үйлестіретін, немесе жаңа жағдайға келтіретін және болып жатқан құбылыстарға әсер ететін процесс.

Жалпы алғанда басқарудың барлық түрлері де жүйелілігі мен оның элементтері арасындағы табиғи байланыспен басқаратын және басқарылатын буындар мен басқарушылық параметрлерімен сипатталады. Ал, мектеп ішіндегі басқару, өндіріс пен қоғамдық өмірдің басқа салаларына қарағанда өзгешелеу келеді, өйткені мұнда адамдарды орналастыру өзара қарым-қатынастарды байланыстыру, олардың ырғақты еңбек етуін үйлестіру - бұл істердің барлық жиынтығы мектептегі оқу-тәрбие процесін жетілдіре түсуге ықпал жасайтын нысаналы ұйымдастыру.

Басқару ісін мектеп табиғатына байланысты қарасақ, ол жалпы мемлекет алдындағы міндеттерді, мектептің нақтылы істерімен ұштастыру болып табылады.

Сондай-ақ, басқару ұстамдарының жүйесінде жоспарлау жұмысына жетекші орын беріледі.

Жалпы білім беретін мектепте жоспарлау бүкіл оқу-тәрбие процесіне ықпал жасаудың өте маңызды ұйымдастырушылық күші болып табылады. Жоспар педагогикалық ұжым жұмысының барлық жағын қамтиды. Мектептің т.б. білім беретін мекемелердің жұмыстарының жемісті болуы, басшылардың педагогикалық ұжым жұмысын жоспарлауды қаншалықты ғылыми негізде жоспарлай білуіне байланысты. Жоспарлауда бүкіл педагогикалық ұжымның шешпек болған басты міндеттері белгіленеді. Оларды іс жүзіне асырудың негізгі әдісі, амалдары нақтыланып, орындаушы күш, олардың міндеттері анықталады. Жоспарда жеке іс-шараларды, оларды орындау мерзімін жауапты адамдарды көрсетіп қана қоймай, ең алдымен нысаналы нәтижелерге жетудің үнемді, ең қысқа мерзімде жетудің неғұрлым ұғымды тұрғыдан басқару нақтылықпен, кейінгіге қалдырмай шешуді көздейді.

Мектеп басшылары өз жұмысында істің жағдайы туралы көз жеткен, жинақталған ғылыми негізделген мағлұматқа сүйеніп, мектеп өміріндегі толып жатқан проблемалардың ішінен басты буынды іріктей білуі тиіс. Мектепті басқаруда педагогикалық ұжым жұмысының тиімділігі мен сапасы болуы ерекше маңызды, ондай жұмыс түпкілікті нәтижелерді нысанада ұстауға мүмкіндік береді.

Мектепті ғылыми тұрғыдан басқаруға жататындар жағын қарастыралық. Олар:

- оқу-тәрбие процесі мен нәтижелеріне тереңде жан-жақты талдау жасауы;

- оқыту және тәрбиелеу процесінің нақтылы бағдарламаларын бейнелеу және жоспарлау;

- тура және кері байланысты бейнелеу, басқаратын объектінің ішкі, сыртқы жұмыстары туралы нақтылы мағлұматтар алу;

- оқыту және тәрбиелеу процесінде педагог кадрлардың озат тәжірибелерін зерттеу, жинақтау және талдау;

- оқу-тәрбие жұмысына ықпал жасайтын факторлардың өзара байланысын есепке ала білу;

- оқу-тәрбие жұмысында тиімді де сапалы нәтижеге жету және педагогикалық ұжым мүшелерінің күш жігерін аз жұмсап, қол жететін түрлі жолдары іздестіру, таба білу;

- педагогика ғылымдарының басқару процесіне байланысты жаңа зерттеулерімен ұдайы хабардар болу, оны оқыту және тәрбиелеу процесінде ұжымда пайдалана білу.

Жоғарыда басқару процесінде жалпы жоспарлау ісі басты буын болып саналатындығын атап өттік.

Сондай-ақ, басқару принциптерінің жүйесіне жетекші орын беріледі.

Мектеп тәжірибесінде жоспарлау бүкіл оқу-тәрбиелеу процесіне ықпал жасаудың өте маңызды ұйымдастырушылық күші болып табылады. Жоспар педагогикалық ұжым жұмысының барлық жағын қамтиды. Мектептің оқу-тәрбие үрдісінде нысаналы алға қойған мақсатқа жетуде жоспарлаудың үлкен маңызы бар. Терең ойлана жасалған жоспар, мектептің басты міндеттерін ойдағыдай шешуге, перспективаларда дәл болжауға мүмкіндік туғызады. Мектеп жұмысын жоспарлауға және оны орындауға, ұжым мүшелері түгелдей қатысуы тиіс.

Қорыта келе, жоспарлау дегеніміз – алдағы белгілі мақсатты көздеген болашақ атқарылатын практикалық жұмыстардың алдын-ала ғылыми тұрғыдан ойластырған моделі.

Жоспарлаудың маңызы, мәні және оларды ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселелеріне көптеген ғалымдар көңіл аударған.

Академик А.И.Берг жалпы басқару, жоспарлау, бағдарламалар жасауды толыққанды ақпараттар мен мағлұматтардың үлкен маңызы бар екендігін айта келе былай дейді: «Теперь все понимают, что без полноценной информации, без высококачественных сведений, не противоречивых, точных, идущих по разным каналам и дополняющих друг друга, не возможно ориентироваться, принимать различные решения, целенаправленно управлять. Без полноценной информации нет прогресса».

Сондай-ақ, көптеген оқымыстылар осы саланы зерттей келе, мектепті басқарудағы басты буын, мектептің оқу-тәрбие үрдісін жоспарлау мәселелері екендігін атап көрсетеді. Әсіресе, бұл проблеманың теориялық және практикалық аспектілерін терең зерттеулерді К.И.Золотарь, М.И.Кондаков, Ф.Г.Паначин, В.П.Стрезикозин, М.С.Сунцов, М.Л.Портнов, Е.С.Березняк, т.б. еңбектерінен көруге болады.

Белгілеген іс-шаралардың нақтылығы мен жүйелілігі, ықшамдылығы оқу-тәрбие ісін барынша жетілдіре түсуде мейлінше ықпал жасайтын басты құрал (инструмент) екендігін атап өту қажет.

Жоспарлау жүйесін нақтылы ғылыми тұрғыдан зерттей отыра практикамен тығыз ұштастыра салиқалы еңбек жазған, педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Мәскеу қаласындағы №110 мектептің көп жылғы директоры И.К.Новиковтың еңбегі үлгі-құрал ретінде мектеп басшыларына мол пайдасын тигізді. Әсіресе тәжірибесі аз мектеп басшыларына объективті бағдарлама есебінде болды деп айтсақ ешбір артық болмас. Алайда осы еңбектің пайдалы жақтарымен қатар, тым шамадан тыс ауыр көлемі жағынан ықшамды болмауы, кейбір белгілі жайлардың жоспарда орын алуы, директордың көмекшілері (оқу ісі, шаруашылық жөніндегі орынбасарлары) атқарылатын маңызы аз пункттердің кездесуі еңбекті осалдата түседі.

Мысал ретінде атап өтсек, кітапта: әр пән бойынша мұғалімдер оқу материалын сабақ үстінде сұрап бағалау, оқушыларға қажетті оқулықтар мен оқу құрал жабдықтарын сатып алу, оқушыларға берілетін оқулықтар мен күнделіктерін таратып беру; әрбір оқушының сыныпта орындарын белгілеу сияқты «мәселелер» де жоспарда орын берілген. Сонымен бірге жоспарда белгілі ережелер мен нұсқаулар, әр қызметкерлердің міндеттері де жазылып қойылған. Бұл көрсетілген пункттердің бәрі де жоспарда болуын қалағандығын көреміз.

Белгілі ғалым-педагог Т.Н.Шамова жоспарлаудың мектепті ішіндей бақылау, - деген бөлімге төмендегідей басты-басты іс шараларын белгілеуді ұсынады:

а) әдістемелік жұмыстар, мұғалім кадрларының біліктілігін арттыру жұмысын бақылау;

ә) оқу пәндері бойынша, оқушылардың білім деңгейін арттыру және сабақ барысында тәрбие ісін жүргізу және бақылау;

б) мектепте жыл бойы сыныптан және мектептен тыс жүргізілетін тәрбиелік іс-шараларын бақылау;

в) жалпы тәрбие жұмысының барысы жайында;

г) оқушылардың өзін-өзі басқару мәселелері жайында;

д) мектептегі мұғалімдер жүргізетін әдістемелік жұмыстар жайында;

е) мектеп жасындағы оқушыларды оқуға түгелдей қамту жайында;

ж) мектептің оқу-материалдық базасын толықтырып отыруы жайында;

з) ата-аналармен, қоғамдық ұйымдар және жұртшылықпен жүргізілетін жұмыстар жайында.

Бұл топтамада Шамова Т.А. мектеп ішінде бақылау барысында, мектеп басшыларына ең негізгі басты мәселелерге көңіл аудару қажеттігін көрсетіп отырғандығын байқаймыз.

Ал, ғалым-зерттеуші Сунцов Н.С. өзінің «К методологии управления общеобразовательной школой» деген еңбегінде мектептің жоспарлау ісінде, оның басқарушысы мен мұғалімдері ұжымының біліктілігі мен ұйымдастыру ісінің көрсеткіші деп есептей келе, жоспарлаудың нақтылы маңызына тоқталады. Ол «Планирование – это важнейший участок деятельности руководителей школы. Центральное звено управления. План работы школы – важнейший мобилизующий документ, его содержание и реализация отражают зрелость руководителей и всего коллектива учителей» деп көрсетті.

Жалпы жоспарлау ісінің мәні мен мазмұны, оның ішінде мектептің оқу-тәрбие үрдісін жоспарлау мәселелері мектепті басқарудағы басты буын екендігін ғалым-педагогтардың еңбектерінен айқын көруге болады.

Әсіресе, бұл проблеманың теориялық және практикалық проблемаларын терең зерттеген Золотарь К.И., Кондаков М.И., Стрезикозин В.П., Третьяченко, Березняк Е.С., Худоминский П.В. еңбектерінде толық, терең сипатталған.

Портнов М.Л. өзінің «Азбука школьного управления» деген ғылыми еңбегінде «Составляя план, коллектив школы должен ясно представлять цели, которые он ставит перед собой к чему он будет стремиться. Чего добиваться. Обоснованный, конкретный план - один из показателей научной организации управления школой», - деп нақтылы түрде көрсетеді.

Сонымен қатар облыс мектептерінің оқу-тәрбие процесін жоспарлау мәселелері қандай дәрежеде екендігіне көңіл аударып талдау жасадық.

Жоспарлаудың сапа деңгейі, орындалу барысы, ондағы іс-шаралардың нәтижесі қорытындыланды. Зерттеу, талдау барысы жоспарлауда күрделі кемшіліктердің орын алып отырғандығын көрсетті.

Сондай-ақ, жоспарларда орын алып отырған кемшіліктердің себептерін анықтауға зерттеу барысында ерекше мән берілді. Зерделеу, талдау объектілері шағын және көп комплектілі ауыл, қала және ірі елді мекендерде орналасқан негізгі және орта мектептер қамтылды.

Алғашқы зерттеу барысының өзінде-ақ көптеген мектеп директорларының жоспарлау барысында жіберілген кемшіліктерінің басты себептері төмендегідей екендігін анықтадық.

Олар: біріншіден, жоспарлау саласындағы ғылыми еңбектермен таныстығының аздығы, тіпті таныс емес екендігі байқалды; екіншіден, басқару жұмысында тәжірибесінің аздығы; үшіншіден, педагогикалық ұжым мүшелерін жоспарлау ісіне түгелдей қатынастырылмауы; озық тәжірибелі ұстаздар еңбектерін пайдалана білмеуі; төртіншіден, аудандық, қалалық әдістемелік кабинеттермен тығыз байланыста болмау сияқты фактілер екендігі анықталды.

Зерттеу қорытындылары анықталғаннан кейін, жоспарлау ісінің сапасын арттыру бағытында мектеп басшыларын қандай көмек көрсету қажеттігі туды.

Алдымен, облыстық мұғалімдер біліктілігін арттыру институтында бірнеше дүркін жүргізілген курс бағдарламаларында жоспарлау ісіне айрықша мән берілді; лекциялар оқылды, семинарлар жүргізілді.

Жоспарлау мәселесінің жайын нақтырақ білу мақсатында бірнеше рет (әртүрлі топтарда) анкета-сауалдамалар жүргізілді. Онда төмендегідей мәселелерге көңіл аударылды. Анкета сауалдама сұрақтары: «Жоспарлауда өте күрделі қиындықтарға кездесетіні аталды». Бұл сұрау арқылы мектеп басшыларының теориялық және практикалық жағынан жоспарлау ісі жөнінде мүлдем хабары жоқ екендігін байқатады.

Ал, екінші бір топ жоспарлау кезеңінде «едәуір қиындықтарға кездесеміз» деп жауап берген. Бұл орайда оларға нақтылы көмек көрсету қажеттілігі туындайтынын көреміз. Анкета сұрақтарын сұрыптап саралау арқылы жоспарлаудың ғылыми негіздерін басты бағытта ұстауда да үлкен олқылықтардың барлығы айқындалды.

Оларды атап өтелік:

1. Мектеп жоспарларының түрлері мен әртүрлі варианттарын білмеуі;

2. Басқару процесінде жоспардың ең басты орын алатындығына айрықша мән бермеу;

3. Мемлекеттік білім стандартын міндетті түрде орындау жолында нақтылы іс-шараларының белгіленбеуі;

4. Мектеп өмірінде қолданылып жатқан жаңа бағдарламалар мен төл оқулықтарды игеру жолындағы атқарылатын іс-шаралары нақтылы белгіленбеген;

5. Республика оқу орындарында тәрбиенiң кешендi бағдарламасын басшылыққа ала отырып орындалатын тәрбиелiк iс-шаралары нақтыланбаған;

6. Мектеп iсiне педагогикалық тұрғыдан терең талдау–анализ жасау тәжірибе-дағдысының қалыптаспағандағы;

7. Кейбiр iс-шараларын мерзiмiнде орындауға уақыттың жетiспейтiндiгi;

8. Жоспарлау iсiне арналған қолда бар нұсқаулар мен тиiстi әдебиеттердің тапшылығы;

9. Аудандық, қалалық оқу басқармаларының жоспарлары мектепке кешiгiп жетедi, кейде мектептер ол жоспарлармен таныстықта болмайды;

10. Мектеп iшiндегi түрлi хабарлау материалдарын жинақтап сұрыптау, талдау жасау әдiстерiн меңгеруде де қиындықтардың барлығы байқалды.

Бұлардың тәжiрибесінің аздығынан жоспарлаудың мазмұны мен түрлерінің дұрыстығына және алынған iс-шаралардың орындалатындығына күмәндiкпен қарайды. Ал, үшiншi топ «онша қиындық көре қоймайтындығын» алға тартады. Бұл топтағы мектеп басшылары, жоспарлау iсінің мәнi мен мағынасы түсінетiнiн айта келе, кейбiр кезеңдерде iс-шараларды белгiлеуде олардың орындала қоюына күмәндана қарап, аса қанағаттандыра қоймайтындықтарын бiлдiрген.

«Жоспарлауда еш қандай қиындық көрмейтiн» . Бұл топтағылар жан–жақты дайындығы бар, атқаратын iс-шаралардың маңыздылығы мен мақсатын толық түсiнетiн, өз iсiне сенiмдi, жоспарлаудың теориялық және технологиялық әдiстерiн толық меңгерген басшылар.

Анкета–сауалдарын қорытып – талдай келе төмендегiдей нәтижелердің болғандығын көремiз. Зерделеуге қатынасқан директорлардың 20 пайызы «өте қиындыққа кездесетiнiн», 38,7 пайыз «едәуiр қиындық көретiнiн», 26,5 пайызы «онша қиындық көре қоймайтынын», 14,8 пайызы «ешқандай қиындыққа кездеспейтiндiгiн» атап өткен. Егерде жоғарыдағы екi параметрдi қоссақ, 58,7 пайызы әртүрлi көлемде жоспарлау барысында қиындыққа кездесетiндiгiн атап отырғандығын байқаймыз.

Екiншi, бiздiң көңiл аударған мәселелерiмiздің бiрi - жылдық жоспарда қаралған iс-шаралардың барысы. Ол үшiн бiрнеше жыл қатарынан мектеп құжаттары арқылы жылдық жоспарда қаралған iс- шаралардың орындалуын зерттеп қарадық. Мектептердiң әр түрлi типтiк /тоғызжылдық, орта, гимназия, лицей/, ауылдық, қалалық орындарға орналасқан мектептердi қарастырдық. Алайда зерттеген мектептердің көпшiлiгi дерлiк жоспарда қаралған iс-шаралардың түгелдей орындалмайтындығын байқадық. Нақтылап айтсақ, төмендегiдей фактiлер кездескенiн көрiп отырмыз. Мысалы:

«Оқу–тәрбие жұмысы» бөлiмiнде орта есеппен 13,7 пайыз, «әдiстемелiк жұмыс» 14,5 пайыз, «идеялық – адамгершiлiк тәрбиесi» 11,5 пайыз, «еңбек–тәрбиесi, болашақ мамандық таңдау бағыты» 16 пайыз, «оқушылардың өзiн–өзi басқару iсiне басшылық жасау» – 10 пайыз, «ата–аналармен, қоғамдық ұйымдар және жұртшылықпен қоса атқаралатын жұмыстар» 16 пайыз, «оқушыларды мектепке қамту заңы» –14,3 пайыз, «мектеп iшiндегi бақылау» – 15,6 пайыз, «педагогикалық кеңес жұмысы» 5 пайыз екендiгiн көремiз.

Жоғарыда келтiрiлген пайыз сандарына көңiл аударсақ орта есеппен әрбiр мектеп жыл бойы 53 iс-шараларын iске аспай, қағаз бетiнде қалатынын көремiз.

Ал, жоспарда белгiленген iс-шараларынан орындалмауының басты себептерi кандай? Зерттеулер негiзi осы себептердi анықтайды.

Олар:

1. қабылдаған iс-шаралардың шамадан тыс көптiгi;



2. жоспардың нақтылығының төмендiгi;

3. педагогикалық ұжымның iске асыруға шамасы жетпейтiндiгiмен мүмкiндiгінің жоқтығын ескермеушiлiгi;

4. жоспардан тыс iстердің көлденеңмен келiп, уақытты алуы

5. күнделiктi кездесетiн ұсақ жұмыстардың уақытты көп алатындығы;

6. бақылаудың төмен дәрежеде болуы;

7. барлық iс-шараларды орындауға уақыттың жетпеуi

8. белгiленген iс-шараларын орындату барысында ұйымдастыру жұмысының төмен дәрежеде болуы;

9. кейбiр ұжым мүшелерінің қабылдаған орындау тәртiбінің жүйесiн бұзуы екендiгiн көремiз.

Бiздің зерттеулерiмiз арқылы анықталған фактiлердің орын алуы, көп жағдайда мектеп басшыларының тәжiрибесінің аздығынан, басқару мәселелерінің теориясымен практикасын жоғары оқу орындарының бағдармаларында орын алмауы, аудандық, қалалық оқу органдарының бұл басты проблемаға нақтылы көңiл бөлмеуi әсерiнен басқару iсiнде /әсiресе белгiленген iс-шаралардың орындалу барысында/ көптеген олқылықтардың орын алып отырғандығын байқау қиын емес.

Әсiресе мектептің оқу-тәрбие процесiне арналған жылдық жоспарды дайындау, қаралған iс-шаралардың орындауына байланысты ұйымдастыру – әдiстемелiк жұмыстары жайындағы ғылыми тұрғыдан жазылған әдебиеттер өте сирек. Бұл түбегейлi мәселе жөнiнде мектеп басшыларына көмек ретiнде жазылған әдебиеттер Республикада жоқтың қасы деп айтуымызға болады.

Жоғарыда жоспарлау болашақ атқарылатын iстің моделi сыйпатында екендiгiн атап өттiк.

Сондай–ақ, мектептің жылдық жоспарын жасау барысы бiрнеше кезеңнен тұратындығын да қөрсету қажет.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Саяси партиялар және партиялық жүйелер
transactions -> С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім
transactions -> Ќазаќстан Республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі
transactions -> География және туризм кафедрасы геология 5В060900 «География» мамандығы студенттеріне арналған зертханалық практикум Павлодар Кереку 2012
transactions -> Ұн тағамдық атауларының анықтағыш сөздігі
transactions -> Павлодар облысыныѕ ірі ґндіріс ќалаларындаєы аєаш-бўта ґсімдіктерініѕ ауру ќоздырєыш саѕырауќўлаќтары
transactions -> Буынаяќтылар типініѕ негізгі кластары
transactions -> Д. З. Айгужинова- э.ғ. к., С. Торайгыров атындағы пму доценті
transactions -> МәШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет