Шам-шырағы қазақтың –ұлы Абай, Бағдарымсың бет түзер Құбыладай! Ана тілдің арқасы, ұғып келем, Желілерін ойыңның үзіп алмай



жүктеу 60.1 Kb.
Дата30.03.2018
өлшемі60.1 Kb.

«Абай дана, Абай дара қазақта!» әдеби кеш

Жеңіс.

Шам-шырағы қазақтың –ұлы Абай, 
Бағдарымсың бет түзер Құбыладай! 
Ана тілдің арқасы, ұғып келем, 
Желілерін ойыңның үзіп алмай. 



Диляра


Талант таудың ұшпағы -ұлы Абай, 
Таңдан, әлем, қазақтың ұлы қандай! 
Әр тасыңнан бастау-ап, өлең-бұлақ, 
Сыбдыр қаққан балбөбек тілі балдай. 



Жеңіс.


Қазақтың бас ақыны- Абайға арналған «Абай-дана, Абай -дара қазақта!» атты әдеби-сазды кешке қош келдіңіздер! 


Диляра


Өлең сүйер,өнер сүйер, көпшілік қауым! Өлмейтін артына сөз қалдырған кемеңгер Абай Құнанбаевқа - 170 жыл толып отыр. Абай атамыздың мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отырған әдеби кешіміз –Абай рухына арналмақ. Кешіміздің мақсаты: Абай өмірінің болашақ жас ұрпаққа үлгі өнегесін насихаттау. 



Жеңіс.

Жас шағында Абай тәрбиені жұмсақ мінезді, мейірімді шешесі Ұлжан мен кәрі әжесі Зереден алады. Ол жас кезінен өлең-жыр, әңгімеге әуес болып, әжесі мен анасы айтқан ертегі-аңыздарды құмартып тыңдап өседі. 
-Абайдың балалық шағына бір сәт көз жүгіртейік. 



Диляра


Абай атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бір бөлек бір дос тапты.Онысы әсіресе әжесі,одан қала берсе, шешесі. Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұраған еді. 
Ойланып отырған әжесі: 
-Е,е бұлдыр-бұлдыр күн өткен бұрынғыда кім өткен......(Әжесі мен Абай сөйлесіп отырады)

 
Жеңіс.

Абай соны ұғып , келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесінің тізесінен ақырын қағып:

-Е,е .... бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен?


Диляра


Шеше әңгімелерін бар пейілін беріп жүргенде күндердің күнінде бұл үйге екі бөгде қонақ кеп қонды. Бірі - қартаң, бірі жас қонақ. 
Қонақтармен жай сұрасып,амандасып болған соң,Ұ лжан Абайға жымиып: 
-Ал, балам, әжеңмен екеуімізді қажи беруші едің, жырдың дүкені,міне,жаңа келді. Мына кісі-Барлас деген ақын. 
Барлас: -Е ,балам, шешенің судай төгілген,тыңдаушың бордай егілген»,-дегендей сөйлеуді де, тыңдауды да сүйген ел -елдағы.Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға Байкөкше де жалықпас
Жеңіс.

Осы түнде ас піскенге дейін Барлас «Қобыланды » жырын жырлады. Ертеңінде Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді. 
Ұлжан: -Жүрмеңдер,асықпай, әлі біраз күн қонақ боп жатып кетіңдер
Диляра

Абай күндіз де,түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Барлас пен Байкөкше бір айдай Абай үйінде болады. 


Жеңіс.


Ұғымтал,зеректігіне қатты риза боп, Барлас оңашада Абайға: 
Барлас: -Шырағым ер жетерсің, 
Ер жетсең,сірә,не етерсің?! 
Алысқа шырқап кетерсің, 
Шындасаң шыңға жетерсің,-деп домбырасын ұсынады. 
Ұлжан: Тағы да келе жүріңдер.Анау кәрі әжесі мен бізді де көп сейілттіңдер! Жолдарың болсын! Келген сапарларың тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер.Риза,қош боп аттаныңдар! 



Жеңіс.

Әрине, Абай атамыз туралы айта беру артық емес. Ұлылықтың сырына қанық болғымыз келсе, даралықтың қандай болатынын ұғынғымыз келсе, дана Абай әлемін шарлап қайталық!
Диляра

Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс»,- дейді Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев. Абайдың өмірінен деректі 7 сынып оқушысы Амырканова Диана айтып береді.


Жеңіс.


Әке үміті мен тәрбиесі босқа кетпей,ел билеу ісіне ерте іліккен Абай 12 жыл болыс, 6 жыл би болып қызмет атқарады.Ал, Абайдың поэзиясына көркемдік әлеміне үңілген сайын, адам жаны тебіреніп, сезім көкжиегі кеңейіп, бар болмысы сөзбен айтып жеткізе алмайтындай ләззат алады. Сондай шығармашылығына көз жүгіртсек.

(Сахнаға Сарипова Дана шығады)


Диляра


Ақынның қай өлеңін алсақ та, астарлы ой адамгершілікке тән қасиеттерді, адами рухты сіңіріп өсу керек деген ойды білеміз. Осыған орай, Абайдың өлеңдерінің бірі «Әсемпаз болма әрнеге » өлеңіне кезек берсек. 

(Сахнаға Серікқанова Айменгүл шығады)


Жеңіс.


Құлақтан кіріп бойды алар 
Жақсы әнмен тәтті күй 
Көңілге түрлі ой салар 
Әнді сүйсең ,менше сүй ,-деп Абай атамыз айтқандай 6-сынып оқушысы Кабделова Анельдің орындауында «Желсіз түнде жарық ай» әніне кезек берсек. 



Диляра


Абай өмірінің соңында жазылған туындысы «қарасөздер » деп аталады. Абайдың жалпы қарасөздерінің саны-45. Ендігі кезекті қара сөздеріне берсек.
1-оқушы: Темірлан
7-сөз 
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі білсем екен демелік. Не көрсе, соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап..., ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?», «ол неге үйтеді?», деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді.Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. 

2-оқушы: Эльмира
19-сөз 
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. 

3-оқушы: Дильназ
38-сөз 
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық. 
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды... 
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. 
Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. 
Залымдық- адам баласының дұшпаны. Адам адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосады.



Жеңіс.


Абай атамызды күллі әлем таниды. Оның достары да аз емес. Әлемге әйгілі данышпанымыз туралы ақын-жазушыларының пікірі қандай? Тындап көрелік. 



(Жұлдыз, Жандос, Аяулым шығады)
Диляра


Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді,»,-деп Елбасымыз айтқандай Абай мұрасын жалғастырушы кейінгі ұрпақ не дейді? Абай атасының рухына бағыштаған мектебіміздің түлегі Тоқтарбек Жандостың өлеңіне кезек берсек. 

(Амангелдин Өмірлан шығады)


Жеңіс.


Әннің де естісі бар, есері бар 
Тыңдаушының құлағын кесері бар. 
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, 
Тыңдағанда көңілдің өсері бар. 



Диляра


Жаманға «жар» деген-ақ, ән көрінер, 
Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер 
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп 
Жабырқаған көңілің көтерілер,-деп бізде Жеңіс осы жерде ән салып жіберсек қайтеді?! 



Жеңіс.


Айтсақ,айтайық. Абайдың әні «Көзімнің қарасы» 

(Оқушылар шығады)


Диляра


Барша қазақ баласы Абайды тануға,білуге,Абаймен мақтануға тиіс. Ұлы ақын өз халқын өркендеген,өскен,еркін халық ретінде көруді арман еткен. Сол Абай аңсаған арманына жетіп отырмыз. 


Жеңіс.


Олай болса, жүрегі қазақ деп соққан қазақ жұрты Абайдың өлеңдерін бойтұмарындай сақтап жүруі тиіс. Артына өлмейтін мұра қалдырған ұлы Абай данышпанымыздың 170 жылдығына арналған әдеби-сазды кешіміз аяқталды. Көңіл қойып,тыңдағандарыңыз үшін көп-көп рахмет!

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет