Шет ауданы



жүктеу 186.29 Kb.
Дата06.01.2018
өлшемі186.29 Kb.

Шет ауданының әкімі М.Жандәулетовтің өзіне

жүктелген міндеттері бойынша аудандық мәслихат сессиясындағы есебі
Ақсу – Аюлы ауылы

15 қыркүйек 2016 жыл



Құрметті мәслихат депутаттары, әріптестер!

Елбасымыздың Жолдауында аталып өтілген мақсаттар мен міндеттерді, облыс әкімінің тапсырмаларын орындауда ауданымызда 2016 жылдың І жарты жылдығында атқарылған жұмыстарды баяндауға рұқсат етіңіздер.

2016 жылға арналған аудандық бюджет 2015 жылдың 22 желтоқсандағы аудандық Мәслихаттың ХХХVІ сессиясының №36/306 шешімімен 5 млрд 124 млн 473 мың теңге көлемінде бекітілген болатын. Жыл басынан бюджет 3 рет нақтыланды және 2 рет түзетілді. Нәтижесінде 2016 жылдың бюджеті 5 млрд 448 млн 226 мың теңге көлемінде қалыптасты.

2016 жылға белгіленген жергілікті бюджетке қосымша табыстарды анықтау жөніндегі іс-шаралар жоспарының көлемі 55,2 млн. теңгені құрайды. 1 қыркүйектегі осы жоспардың орындалысы 20,8 млн. теңгені құрап, 37,7 пайызға орындалып отыр.

Ауданның өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындармен ағымдағы жылдың 6 айында 16 млрд. 600 млн. теңгенің өнімі өндірілді, ол 2015 жылдың тиісті мерзімінен 4,7 млрд.теңгеге артып, өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 116,7 пайызды құрады.

Жалпы өнеркәсіп өнімнің 81,9 пайызы тау-кен кәсіпорындарында, 4,8 пайызы өңдеу кәсіпорындарында өндірілсе, 17,3 пайызы коммуналдық қызметтер көрсететін кәсіпорындар үлесіне тиесілі.

Бұл салада алдыңғы орында жүрген «Нова-Цинк» серіктестігі өнім өндіруде нәтижелі жұмыс жүргізіп ағымдағы жылы 10 млрд 359 млн.теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті мерзімінен 168,2 пайызға артып отыр.

«Бапы Майнинг» ЖШС ағымдағы жылдың қаңтар айында өндірілетін өнімге сұраныстың болмағандығына байланысты кәсіпорын тоқтап тұрды. Ақпан айында жұмысын жандандырып, 2 млрд 228 млн теңгеге 361,0 мың тонна темір қоспасын өндірді.

Осы салада «Крамдс - Кварцит» ЖШС Тектұрмас кенорнында 1994 жылдан бастап кварцит шығарумен айналысады. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында кәсіпорын 104,0 мың м3 кварцит өндірді, өндірілген өнімнің ақшалай түріндегі көлемі 414,3 млн. теңгені құрап, 2015 тиісті мерзімінен 161,7 млн теңгеге артты.

Ауданымыздың тұрақты экономикалық даму көрсеткішін қамтамасыз ету және бәсекеге қабілетті өнімінің қажеттілігін қанағаттандыратын өнім шығару бүгінгі күннің басты талабы, осы тұрғыда ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, үлкен міндеттер тұр.

Ағымдағы жылы Қызыл-Еспе кенорнында «Полиметалл кенін өндіру және қайта өңдеу» жобасы және Алмалы кенорнында «Катодтық мыс өндіру заводының құрылысы» жобасы аудандық Үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, жобалар аймақтық индустриаландыру Картасына еңгізу үшін облыстық үйлестіру кеңесіне ұсынылды, үйлестіру кеңесінде жақын күндері қаралмақшы.

Жоба бойынша 2016-2019 жылдары Алмалы кенорнында озық технологиялармен жабдықталған, катодтық мыс бойынша жылдық өндірістік қуаттылығы алты мың тоннаны құрайтын завод салынып, пайдалануға берілмекші.

Жобаны іске асыруға 42,5 млн. теңге көлемінде инвестиция құйылады деп қарастырылса, завод толық қуаттылығына шыққан кезде 350 адам жұмыспен қамтылмақшы.

Аудан өнеркәсіп саласының әлеуеті өте үлкен. Бүгінгі күнге «Сары Арқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамында «Үлкенжол», «Сұлу Мәдине» кенорнындарында марганец кенін, «Дүйсен», «Киік» кенорнындарында темір кенін, «Байназар» вольфрам және молибден кенін, «Батыстау» кенорнында полиметалл кенін, «Алмалы», «Киікбай-Сайдал» кенорындарында жез және алтынды барлау жобаларының тізбесі қалыптастырылды. Сондықтан, бұл салада ауданның даму болашағын жасау бағытында Қорғантас, Үлкенжол, Алмалы, Ұзынжал кенорындарындағы пайдалы қазбаға барлау жұмыстары жүргізілуде.

Ел игілігі үшін қызмет жасайтын осындай маңызды индустриялық - инновациялық жобалар аудан бойынша қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бере отырып, аудан экономикасының өсуіне зор ықпал ететіні сөзсіз.

Шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдар саны 2358 бірлікке жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімінен 15,6 пайызға артты. Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны есепті мерзімге 4448 адамға жетті, өткен жылдың көрсеткішінен 101,1 пайызға артып отыр.

Шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдарымен өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 9 млрд. 621 млн. теңгеге жетіп өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға артты.

Жергілікті кәсіпкерлер өз істерін ашуға әр түрлі несиелік қорлардан ағымдағы жылы 184,0 млн. теңге көлемінде несие алып, 21 шағын инвестициялық жобалар іске асырылды.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында шағын несиелік ұйымдар арқылы 7 жобаның құжаттары жинақталып, облыстық тиісті мекемелерге тапсырылды.

Ауданда тұтыну тауарларының бағасын тұрақтандыруда, инфляция процестерін тежеу жөніндегі аудандық штаб және жұмыс топтары жұмыс атқаруда.

Ауданда тіркелген 362 дүкеннің 189-ы азық – түлік тауарларын сатумен айналысады. Азық – түлік тауарларына 5-10 пайыз көлемінде үстеме ақы қосу жөнінде 162 дүкен иелерімен меморандумға қол қойылды. Меморандумда қамтылған міндеттемелер орындалысы үнемі бақылауда.

Ауыл шаруашылық саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 9 млрд. 99 млн. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 138,2 пайызға орындалды. Нақты көлем индексі 103,9 пайызды құрады.

Мал шаруашылығы өнімділігін және сапасын арттыруға Үкімет тарапынан шаруа қожалықтарына көптеген қолдау көрсетілуде. Былтырғы жылы аудан бойынша 353 шаруа қожалықтарына 340,4 млн. теңге көлемінде субсидия берілді. Өсімдік саласына берілген субсидия көлемі 118,2 млн. теңге. Биылғы жылы субсидия алуға 270 шаруа қожалықтарының көлемі 400,0 млн. теңгенің құжаттары дайындалып, облыстық ауыл шаруашылық басқармасына тапсырылды.

2016 жылдың көктемінде аудан бойынша 17 мың 472 гектар масақты дәнді дақылдар, соның ішінде 4946 гектар бидай, 11566 гектар арпа және 960 гектар сұлы дақылдар себілді. Ал, себілген өнімнен бүгінгі күнде 10900 гектар арпа, 5000 мың гектар бидай шабылды. Орташа түсім 12,5 центнер/гектар.

Аудан бойынша 907 гектарға картоп дақылы отырғызылып, қазіргі уақытқа дейін 500 гектар алынып, өнім 55,1 пайызға жиналып отыр. Орташа түсім 200 центнер/гектар. 131 гектар көлемінде көкөніс дақылы егіліп, бұдан бүгінгі күнге жиналғаны 100 гектар немесе 76,3 пайыз, көкіністің орташа түсімі 160 центнер/гектар. 6000 гектарға көп жылдық және 900 гектарға бір жылдық шөптер себілді.

Мал азығын дайындауда аудан бойынша жоспар 340,0 мың тонна болса, бүгінгі күнге шабылып жиналғаны 344,2 мың тонна, яғни 101,2 пайызды құрап отыр.

Ауыл шаруашылығында инвестициялық жобаларды іске асыру - жер мәселесімен тығыз байланысты.

Аудан бойынша тіркелген 1212 шаруа қожалықтарына 2 млн. гектар жер бекітіліп берілген. Жерлерін тиімді пайдаланбай отырған 14 шаруа қожалықтары өз еріктерімен 13,0 мың гектары мемлекеттік қорға қайтарып, қызметтерін тоқтатты. Мемлекеттік жер қорына қайтарылып алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға енгізу арқылы 17 шаруа қожалықтарына, 10 жылға жалға пайдалануға жалпы көлемі 21,0 мың гектар жер берілді.

Ветеринар саласының мекемелері эпизоотияға қарсы шараларды атқарады, бүкіл малдәрігерлік және басқада тиісті жұмыстарды ұйымдастырады.

Қантар-тамыз айларындағы зерттеулер қорытындысында 265 бас ірі қараның бруцеллезге шалдыққаны анықталды. Бұл малдар бүгінде толықтай ет өңдеу кәсіпорындарына өткізілді.

Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша ірі қара малдары 100 пайызға бірдейленіп, электронды базаға 91 пайызға, ұсақ малдар 98 пайызға енгізілді.

Аудан елді мекендерінде 16 сібір жарасы ауруының көмінділері тіркелген. Қазіргі күнде 11 көміндінің орны анықталып, 4-і топографикалық картаға енгізіліп отыр. Орналасқан координаттары анықталған 11 сібір жарасы көміндісі уақытша қоршалып, сақтандыру сөздері жазылған белгілері қойылды. Қалған 5 сібір жарасы көмінділерінің орындарын анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда 3 мал сою бекеті, 5 мал сою алаңы ұйымдастырылып, жұмыс істеуде. Аудан елді мекендеріне шаққанда 32 пайызға қамтылып отыр. Жақын арада тағы 5 мал сою нысаны іске қосылатын болады, құжаттары рәсімделуде. Республикалық бюджет есебінен мал өлекселерін өртеп жоятын 2 пеш алынып, іске қосылды.

Коммуналдық салаға аудандық бюджет есебінен 142,7 млн. теңге қаралды. Оның ішінде: Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша елді мекендерде ауыз су құбырларын және кәріз жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттерден 64 млн. 146 мың теңге бөлініп, ол қаржыға Ақадыр, Мойынты, С.Сейфуллин, Төмеңгі Қайрақты және Доңғал елді мекендерінде жалпы ұзындығы 3,4 км ауыз су құбырлары мен 3,3 км кәріз желілерін және олардың қондырғыларын жөндеуге бағытталды.

Бүгінгі күнде Ақадыр, Мойынты, С.Сейфуллин елді мекендеріндегі ауыз су және кәріз желілерінің жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстары аяқталып, Төмеңгі Қайрақты, Доңғал елді мекендеріндегі ауыз су құбырларын жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады.

Сонымен бірге аудандық бюджеттен бөлінген 25,3 млн. теңгеге Ақсу-Аюлы, Ақадыр, Ақшатау, Талды, Үңірек елді мекендерінің ауыз су құбырлары жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта Төмеңгі Қайрақты елді мекеніндегі ауыз су қоймасын жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады.

Ал, елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына жалпы 59 млн. 037 мың теңге қаралды. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен «Жұмыспен қамту 2020 жол қартасы» бағдарламасы бойынша 30 млн. 887 мың теңге бөлінді. Бұл қаржыға Ақадыр кентінде Тәуелсіз Қазақстан көшесінде брусчатка төсеу жұмыстары, Қ.Сәтпаев, Ж.Мейірманов, Ағыбай батыр, Жарылғап батыр көшелерінде жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Ақсу-Аюлы ауылында С.Сейфуллин көшесіндегі саябақ жаңартылады. Ақшатау, Батық, Төмеңгі Қайрақты, Нұраталды елді мекендерінде балаларға арналған спорт алаңдары салынады. Жоспар бойынша барлық жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Және де "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасы аясында аудан орталығындағы орталық стадионның көрермендер орындықтарын ауыстыру және төбесін жабу, футбол алаңына жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілетін болады.

Бұнымен қоса абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа өткен ғасырдың нәубәт жылдарында қуғын-сүргіннен және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алаңы жаңартылды. Ақадыр, Ақжал елді мекендерінде көпфункционалдық спорт алаңдары орнатылды. Және де аудан орталығын сәулеттендіру мақсатында орталық Шортанбай жырау көшесінің бойында заманауи үлгіде 3 бизнес нысаны бой көтеруде. Оның 2-нің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталып, Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында ашылмақшы. Сонымен қатар тамыз айында Босаға ауылында заман талабына сай тойхана салынып, қолданысқа берілді. Осындай нысандар көбейе берсе, ауданымыздың гүлденуі сөзсіз.

2014-2015 жылдары аралығында Ақсу-Аюлы ауылының М.Жапақов көшесінде жаңадан 16 пәтерлік тұрғын үй салынып пайдалануға берілген. Бұл үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жайластыру жұмыстарының бір бөлігі қаржы тапшылығына байланысты 2016 жылға шегерілген болатын. Осыған орай, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 9 млн 805 мың теңге қаралып, маусым-шілде айлар аралығында аталған үйдің маңайын абаттандыру жұмыстары (көлік жолдарына арналған асфальтбетонды жабындылар төсеу, балалар ойын алаңын, жаяужол тақтамаларын мен кіші сәулет пішіндерін орнату және тиесілі аумақты толық көгалдандыру) жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Және де жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, аудан орталығы Ақсу - Аюлы ауылына Қарағанды және Балқаш қалалары жағынан кіре-беріс екі аркаға безендіру жұмыстары жүргізілді.

2016 жылы автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы және жергілікті бюджет есебінен 129,7 млн. теңге қарастырылып, Бұрма, Жұмыскер, Ақадыр, Ақжал, Ақсу-Аюлы елді мекендерінің ішкі көше жолдарын орташа жөндеуден өткізуге бағытталған.

Бүгінгі күнге Бұрма, Жұмыскер, Ақадыр елді мекендеріндегі жолдарды жөндеу аяқталды. Ақсу-Аюлы мен Ақжалдағы көше жолдарына конкурстық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Оларда қазан айында жөнделіп бітпек. Сонда аудан бойынша аталған елді мекендердің 5,1 км ішкі автокөлік жолдары жөндеуден өткізіледі. Мұның сыртында аудандық бюджеттен бөлінген 13 млн. теңгеге Ақсу-Аюлыдағы көше жолдарының жөнделгені туралы атап айтсақ Күлейменов көшесінің 3 қиылысы жөнделсе, оның 2 көшесі асфальтталып, біреуіне қиыршық тас төселді. Ақадырдан кіре беріс жолдың сол жақ қанатына қиыршық тас төселіп, Дербісалы көшесіне кедергісіз жетуге болатындай жағдай жасалды. Жапақов көшесінің жолы орташа жөнделіп, көше шамдары қайта қалпына келтірілді.

Көктіңкөлі ауылына қарасты 56 разъезге баратын тас жолдың көктемгі тасқын судан бұзылған бөлігін жөндеуге аудандық бюджеттен 7,8 млн. теңге қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеуге бөлінген қаржының үнемделгенін тиімді пайдалану мақсатында Ақсу-Аюлыдағы Тлеулин көшесіне орташа және Ортау, Кәрім Мыңбаев ауылдарына, Дәрия кентіне баратын тас жолдардың тасқын судан бұзылған жерлерін жөндеуге бағыттауға рұқсат сұралған. Ақсу-Аюлыдағы Тлеулин көшесіне рұқсат алынып конкурс жарияланды. Ортау-Мыңбаев ауылына, Дәрия кентіне баратын жолдарға рұқсат берілген бетте конкурс жарияланып жолдар жөнделетін болады. Жалпы аудан бойынша аудандық маңыздағы жолдар мен елді мекендер жолдары 2016-2017 жылғы қысқы маусымға жоспарланған дайындық деңгейінде болады.

Алдағы қысқы маусымға дайындық шаралары толыққанды жүргізіліп жатыр. Биыл аудан орталығында Жанқұтты би көшесіндегі 12 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйдің жер төлесіндегі отқазандығы тұрғындардың сұранысы бойынша сыртқа шығарылып, арнайы ғимарат салынды.

Ақжал кентіндегі орталықтандырылған жылу жүйесін сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша қыркүйек айында конкурс жарияланбақ. Оған қажетті барлық құжаттар ауданның мемлекетік активтер және сатып алу бөліміне тапсырылды. Мемлекеттік сатып алуды жеңіп алған кәсіпорын кенттегі көпқабатты үйлерді және барлық әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету қызметін заңдылықтарға сәйкес атқаратын болады.

Аудандағы барлық мектептерге, мәдениет үйлеріне, денсаулық нысандарына басқада әлеуметтік нысандарға қысқы маусымға қажетті 18331 тонна көмір тасылып түсірілді. Бізді ендігі уақытта алаңдататын бір жағдай – Ақжал кентіндегі мөлтек аудандығы орналасқан №5 бес қабатты тұрғын үйдің апаттық күйі. Осыған байланысты, аудан әкімінің шешімімен Ақжал кентінде төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайды жою жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамы тиісті іс-шараларды жүргізіп жатыр.

Өздеріңізге белгілі жыл сайынғы көктемгі су тасқыны, одан кейінгі жаз айларында толассыз жауған қалың жаңбыр сулары ертеде салынған үйлерге зиянын тигізуде. Биыл Ақадыр кентінде 2 үйдің, Ақсу-Аюлыда 2 үйдің төбелері құлап, соның салдарынан ондағы тұрғындар баспанасыз қалды. Оларға қол ұшын созып, уақытша тұруға баспана тауып берілді. Келешекте аудан орталығындағы интернатты баспана мұқтаж адамдарға арнап арендалық негіздегі тұрғын үйге ауыстыру ойымызда бар.

Санитарлық тазалық жұмыстары бойынша аудан аумағында 2016 жылдың сәуір-мамыр айларында екі айлық өткізілді. Бұл жұмыстарға жалпы аудан бойынша 750 ұжым, 9000 адам қатысты, 65 техника тартылып, 610 тұрмыстық қалдық орындарынан 19750 тонна күл-қоқыс сыртқа тасылып шығарылды. Көшелерде 110 жарық көздері жөнделді.

Учаскелік полиция инспекторлары тарапынан санитарлық талаптарды өрескел бұзған жеке және заңды тұлғаларға 112 ресми ескертулер берілді.

Атқарылатын басты бағыттардың бірі - жұмыссыздықпен күрес. Жыл басынан жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде 1267 адам тіркелді. 682 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жоспар 169,7 пайызға орындалды.

Қоғамдық жұмыспен 325 адам қамтылды. Қоғамдық жұмыспен қамтылған жұмыссыздарға 15 млн. 805 мың теңге қаражат төленді. Қоғамдық жұмыстарға қатысқан 35 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Кәсіби даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарында «аспазшы», «слесарь-электрик» мамандығы бойынша 12 адам оқытылды.

01.09.2016 жылға есепте тұрған жұмыссыздар саны 623 адам. Оның ішінде әйелдер 427 адам, жастар 187 адам.

Еңбек нарығында жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныс арасында үлкен алшақтық бар. 01.09.2016 жылға аудан бойынша 64 бос жұмыс орны бар: 5 «дәрігер», 6 «мұғалім», 15 «ветеринар», 20 мемлекеттік қызметші және бала бақшаларда 2 орын, спорт мектептерінде 4 орын, қорғаныс бөлімінде 2 бос жұмыс орыны бар.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда:

2016 жылы бірінші бағыт бойынша 12 нысанға 333 млн 772 мың теңге бөлінді.

Білім саласына 69 млн. 744 мың теңге және Ақсу-Аюлы ауылдық округіндегі Шет агротехникалық колледжін күрделі жөндеуден өткізуге 37 млн. теңге, оның 3 млн 784 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді.

Мәдениет саласына 181 млн. 644 мың теңге.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және автокөлік жолдары саласына 102 млн. 401 мың теңге.

Екінші бағыт бойынша ағымдағы жылға 159 млн теңге 53 адамға несиелеуге бөлінді.

Қазіргі уақытта 30 адам өтелген қаржы есебінен 82 млн 400 мың теңге несие алды.

Сонымен қатар, 23 адамға кәсіпкерлік оқытуға 1 млн 333 мың теңге бөлінді.

2016 жылы 81 адам несие алуға ниет білдірді және 34 адам бірінші кезеннен өтіп ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорына құжаттары тапсырылды.



Үшінші бағытқа бөлінген қаржы - 20 млн. теңге, оның ішінде:

Әлеуметтік жұмыс орындарына 9 млн 315 мың теңге бөлінді. Жоспар - 29 адам, орындалысы – 32, игерілген ақша 5 млн теңге.

Жастар тәжірибесіне 2 млн 291 мың теңге қаржы бөлінді. Жоспар - 10 адам, орындалысы - 11 адам. Игерілген қаржы 362 мың теңге. Ұлттық қор есебінен 2 млн 363 мың теңге.

Қайта даярлау 3 айлық қысқа мерзімге оқуға бөлінген қаржы 2 млн 809 мың теңге. Жоспар 5 адам, орындалысы 10 адам, игерілгені 1 млн 889 мың теңге.

Биыл Ақадыр кентіндегі "Ырыс 2004" ЖШС жабылуына байланысты жұмыстан қысқартылғандардың ішінде 32 адам жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар есебінде тіркеліп, оның ішінде 1 адам "Теміржолсусервис" ЖШС-не жұмысқа орналасты, 4 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, 1 адам өз ісін ашып кәсіпкерлікпен айналысуда.

Білім, мәдениет, денсаулық салалары бойынша

Аудандық бюджеттің 63 пайыз шығыны ауданның білім беру саласына бөлінеді.

2016 жылға аудандық білім саласын қаржыландыру 2 млрд 980 млн.теңгені құрап, былтырғы жылға қарағанда 860 млн.теңгеге артты. 2016 жылы мектептердің материалдық - техникалық базасын нығайтуға 36 млн. теңге бөлінді, ол былтырғы жылмен салыстырғанда 6 млн. теңгеге артық.

"Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасының 1 бағыты бойынша биылғы жылы 231,0 млн. теңге бөлініп, 19 білім беру нысандарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

3 мектептің базасында Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясы, Х.Сәрінжіпұлы атындағы және Ә.Ермеков атындағы орта мектептерінде тірек мектебі (ресурстық орталықтар) құрылып, шағын жинақты мектептермен жұмыс істеп отыр.

2016 жылы барлығы 393 түлек мектепті аяқтаса, оның 232 ұлттық бірыңғай тестіге қатысып, орташа көрсеткіш 76,1 пайызды құрап, былтырғы жылдан 5,8 пайызға артты. «Алтын белгіге» ұсынылған 6 оқушының 5-еуі, «Үздік аттестатқа» ұсынылған 3 оқушының 1-еуі өз білімдерін ақтады. 21 оқушы 100 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Дегенмен де білім саласында орын алған кемшіліктер қатары көп. Бұл жайлы дәстүрлі тамыз мәслихатында айтып кеткен болатынмын. Сол кемшіліктерді жою мақсатында жұмыстар басталып та кетті.

Баяндамамда интернат мәселесіне тоқталып кеткен болатынмын. Аудан орталығында орналасқан интернаттың мектептерден алыс орналасуы, қысқы мезгілде оқушылардың қатынасуына қолайсыздық туғызуына байланысты қазіргі интернатты жалдамалы тұрғын үй мақсатында қолданысқа енгізіп, ал Ы.Алтынсарин орта мектебінің жанына интернат салу жоспарымызда бар.



Денсаулық саласы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өз жұмысын жүргізуде.

Өткен жылы құрылысы басталған 6 елді мекендегі отбасылық - дәрігерлік амбулаториядағы жұмыстар аяқталуда. Жақын арада толығымен пайдалануға беріледі.

Еркіндік ауылы тұрғындарының сұранысы бойынша фельдшерлік-акушерлік пунктін ашуға ауылдан баспана сатып алып, аудандық медицина бірлестігінің балансына тапсырылып, жақын арада бұл нысанныңда жұмысы басталады.

Аудандық ауруханаға 2016 жылы 3 жас дәрігер оқу бітіріп келіп, қызметке орналасты.

2016 жылдың 6 айында жүйелік кесте бойынша барлық жоспарланған мәдени – көпшілік іс шаралар толығымен жүзеге асырылды. Бұл салаға бөлінген қаржы 2016 жылы 611 млн. 360 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр.

Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының І бағыты және ІІІ траншы бойынша 9 мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ақой, Көктіңкөлі, Талды ауылдық мәдениет үйлерінің күрделі жөндеу жұмыстарына, Бұрма, Ақжал мәдениет үйлеріне ағымдағы, Ақшоқы, Тағылы мәдениет үйлеріне және аудандық балалар кітапханасының ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу үшін республикалық және жергілікті бюджет есебінен барлығы 231 млн. 144 мың теңге, жергілікті бюджеттен «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Ақадыр кентіндегі Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ғимаратына күрделі жөндеуге 15 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде Ақой, Көктіңкөлі, Бұрма, Талды, Ақжал мәдениет үйлерінде жөндеу жұмыстары басталды.



Ауданның мәдениет нысандарының 2016-2017 жылғы жылу маусымына ауыл, кент мәдениет үйлеріне 2450 тонна көмір толық түсірілді. Кітапхана саласы бойынша Ақадыр және С.Сейфуллин кентінің кітапханаларына жергілікті бюджеттен 100 тонна көмір түсірілді. Аудандық мәдениет үйінің және Мойынты кентіндегі мәдениет үйінің отқазандықтары ағымдағы жөндеуден өтті.

2016 жыл аудан жұртшылығы үшін мерекеге толы жылдардың біріне айналып отыр. Үстіміздегі жылдың мамыр айында облыстық «Ардагерлер ән салады» фестивалі жоғары дәрежеде ұйымдастырылып өткізілді. Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің және теміржолшылардың кәсіби мерекесі аталып өтіп, аталған саланың үздік қызметкерлеріне аудан әкімінің сыйақысы тапсырылды. Республикалық аттестациядан «Ақсу-Аюлы», «Ақадыр әуендері» ансамблі, 2 халық театры халықтық атақтарын қорғап, республикалық аттестациядан өтті.

Ауданымызда дәстүрге айналған қымыз мұрындық фестивалі биыл аудан орталығында өткізіліп, ерекше сипатқа ие болды. Дәрия кентінің 80 жылдық мерейтойы назардан тыс қалмай, аудандық деңгейде аталып өтілді.

Және де республикалық деңгейде Ақжал кентіне қарасты Қарабұлақ жерінде Баян батырдың мазарына қойылған тастың ашылу салтанаты өз деңгейінде өткізілді.

Жақын арада құқық қорғау қызметкерлерінің арасында облыстық ауыл спартакиадасы болып өтті. Атаулы іс - шараға Рио олимпиада ойындарының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова мен жаттықтырушысы арнайы келіп, спартакиаданың ашылу салтанатына қатысқанын өздеріңізгеде мәлім.

Аудан көлеміндегі тұрақтылығын қамтамасыз ету, оған мәдени-әлеуметтік және қоғамдық ұйымдардың осы бағыттағы жұмыстарын үйлестіру ішкі саясат бөлімінің жұмысына байланысты.

Елбасының Жолдауын насихаттау мақсатында 18 кездесу өткізіліп, оған барлығы 2140 адам қамтылды.

Шет ауданы бойынша қайта тіркеуден кейін діни бірлестіктердің жалпы саны 16. Бүгінгі күнде олардың іс-әрекеттерінен заң бұзушылық жоқ.

Аудандағы жастар арасындағы қоғамдық саяси ахуал үнемі ауданның ішкі саясат бөлімінің, жергілікті әкімдердің назарында. Бүгінгі күнде аудан аумағында жастар саны - 12 051. Олар аудан аумағында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенді қатысуда.

Жастардың қатысуымен бұзақылықтар, қылмыстық әрекеттер тіркелген жоқ.

Қаралып отырған мерзімде аудан аумағында мемлекеттік, кәсіби мерекелер аталып өтуде және 15 дөңгелек үстел отырыстары, 5 семинар - кеңестер өткізілді. Аудан бойынша мерекеге орай ұйымдастырылатын барлық іс – шаралармен 30 000 адам қамтылды.

Аудандық «Шет шұғыласы» газеті мемлекеттік тапсырыстарды орындау мақсатында арнайы құрылған медиа-жоспар бойынша жұмыс атқаруда. Газет аптасына бір рет бейсенбі күндері 3760 данамен жарыққа шығады.

Жалпы аудан аумағында төтенше жағдайлар, өткір тұрған мәселелер жоқ.

Криминогендік жағдайға тоқталсақ, өткен жылмен салыстырғанда жалпы қылмыс 33,3 пайызға төмендеп отыр. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 16-дан 11-ге дейін немесе 31,3 пайызға, ал көшеде жасалған қылмыс 7-тен 5-ге дейін немесе 28,6 пайызға төмендеген.

Тергеу мақсатында аймақтық жедел-тергеу және іздеу топтары жұмыс атқаруда. Ай сайын құрылған топтардың атқарып жатқан жұмыстары туралы тыңдау өткізіліп отырылады.

Ақсу-Аюлы және басқа да елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстың алдын алу шараларын жүргізу үшін құрылған жедел топтарының жұмыстарын ширату және жергілікті жерлердегі учаскелік полиция қызметкерлерінің тоқсан сайын халық алдындағы есебін беру жөніндегі міндеттерді іске асыру қажет.

2016 жылдың 1 жартыжылдығында аудан әкімінің жеке қабылдауында 102 адам болған. Ақадыр кентінде өткізілген жеке қабылдауда - 39 адам болса, Ақсу-Аюлы ауылында 63 адам қабылданды.

Оның ішінде 39 адам коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша, 13 адам тұрғын үй мәселесімен, 20 адам әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша, 3 адам жер мәселелері бойынша, 1 - деңсаулық сақтау және 2 - білім саласы бойынша.

Жұмыс сұраған 3 адамның жеке қабылдау барысында мәселелері шешіліп, жұмысқа қабылданды.

Қабылдауда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 3 адамға отбасылық жағдайларына байланысты үй алуға несие берілді. Үйі апаттық жағдайда тұрған тұрғынның мәселесі шешімін тауып, уақытша үймен қамтамасыз етілді.
Ақшатау кентіне қарасты Жарылғап Батыр ауылының тұрғыны жол жөндеуге көмекке техника жіберуге сұраған өтініші қанағаттандырылды.

Қалған адамдарға қабылдау барысында заңдылықтар сәйкес тиісті түсініктемелер беріліп, өтініштері бақылауға алынды.



Құрметті мәслихат депутаттары!
2016 жылдың І жарты жылдығындағы ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуының арқасында облыстық рейтингілік көрсеткіште 18 орыннан 6 орынға көтерілгені, ол біздің сіздермен бірлесе отырып, атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі.

Еліміздің қарқындап дамуы жолында барлығымыз өз жауапкершілігімізді сезініп, бір кісідей жұмылып, аудан халқына игілікті қызмет атқарайық.


Назар қойып тындағандарыңызға рахмет! Баршаларыңыздың жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.




Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет