Шиелі аудандық білім бөлімі



жүктеу 79.83 Kb.
Дата28.04.2019
өлшемі79.83 Kb.

Шиелі аудандық білім бөлімі

№45 «Ақ Орда» мектеп-гимназия

Баяндама
Тақырыбы:Тәуелсіздігім тірегім

Автор: Құлтай Рабиға

Алыстан «Алаш» десе - аттанамын,

Қазақпын - «Қазақ» десе мақтанамын.

Болғанда әкем - қазақ, шешем - қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын

(Міржақып Дулатов)


Тәуелсіздік дегеніміз не? Менің көзқарасым бойынша тәуелсіздік аспанда күн сайын түнде шығатын жарық жұлдыз секілді.Себебі жұлдыздың шығуы табиғат құбылысы,оған шық,не шықпа деп айта алмаймыз,өз алдында дербес,ешкімге бағынбайтын құбылыс екенін білеміз.Тәуелсіздік деген сөзді күнделікті өмірмен байланыстыруымызға болады.Бұл біздің сапалы білім алуымыз,емін-еркін жүріп тұруымыз,төбемізде желбіреп тұрған көк туымыз,таңертең тұрып теледидарды қосқанда,азаматтық сезімді оятып,сенің қазақ екеніңді еске салып тұратын Әнұранымыз және ең бастысы ана тіліміз-қазақ тілінде емін еркін сөйлеуіміз.

Қазіргі Қазақстан тарихында жүрегіңді қан жылатып қана қоймай,сонымен қатар өз халқыңды мақтан тұтатын,Отаншылдық пен азаматтық сезіміңді оятатын ерекше бір күн бар,ол-желтоқсан.Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ойымен айтқанда: «Менің тарихқа ден қоюымның сыр-себебі бүгінгі күннің оқиғаларынан тарихтың «табын» сезінгендігімде деп білемін» [1] 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы- ең басты ұлттық мерекелеріміздің бірі 16 желтоқсанда -республика көлемінде тойланатын Тәуелсіздік күнінің алғышарты ,әрі тарихтың жаңа беті болды.Бірақ Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Елбасымыз айтқандай «Қазақстанның тәуелсіздік тарихы аппақ парақ бетіне күні кеше түсе қалған жоқ,оның көне дәстүрлері бар.Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де,болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек[2].Ал тарихқа көз жүгіртер болсақ,желтоқсан оқиғасы былай басталды.Қазақстан Компартиясының ОК ғимаратының алдындағы алаңда 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 7-8 кезінде ОК Пленумының республиканың бірінші басшылығы қызметіне Колбиннің тағайындалуы туралы шешіміне наразылық білдірген ұрандар көтерген,жалпы саны 200-300-ге тарта жастар жиналды.Республика жоғарғы басшылығының келісімімен милиция мен ішкі әскерлер күштері алаңды қоршап алды.Алматы гарнизоны бойынша №1 әскери дайындық жарияланды,темір жол вокзалдары, аэропорттар, халықаралық жолдар жабылды.Сағат 11-ден 30 минут өткенде алаң бос қалды, жастар қала қала көшелеріне ауысты.Сап түзеген жастар милиция күштерінің бақылауында болды.Кейінірек студенттер мен жұмысшы жастардың қалың тобы астананың Л.И.Брежнев атындағы бас алаңына жиналды.Олардың саны әртүрлі деректемелер бойынша 5 мыңнан 30 мың адамға дейін жеткен.Жиналғандар алдында партия ОК-ның хатшысы З.Камалиденов,Жоғарғы Кеңес төрағасы С.Мұқашев,Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев,Алматы облыстық партия комитетінің 1-хатшысы М.Меңдібаев және басқалар сөз сөйледі.Алаңды қоршап,ешкімді де кіргізбеуге және шығармауға бұйрық берілді.Толқу орталығына беттеген жастардың жаңа топтары шепті бұзып өтіп,қақтығыстар басталды.Қазақ КСР-і,Ішкі Істер министрі Г.Н.Князевтің бұйрығымен қалқан жамылып ,кеспелтек таяқтармен және саперлар күрегімен қаруланған солдаттар демонстрацияға жиналғандарды қуа бастады. Митингіге шыққандар мен тәртіп қорғау органдарының арасындағы қақтығыс кескілескен айқасқа айналды.Алаңдағы жастарды қуып шығу үшін өрт сөндіру машиналары мен арнаулы құралдар орнатылған машиналар пайдаланылды.Түн ортасы кезінде демонстрацияны қуып тарату аяқталды.»[3].Бұл көтеріліске қатысушыларың бірі,ату жазасына кесілген қазақтың қара-домалақ баласы, 1-курс студенті Қайрат Рысқылбеков ағамызды айта кетпесек жөн болмас. Өзі ату жазасына кесілген, үкімнің қашан орындаларын әр сәт сайын беймаза көңілмен күтіп жүр­ген Қайрат ағамыз тар қапаста тұншы­ғып отырса да, тас қа­бырғаның ішінде жа­бырқап жатқан “қа­ра­көз қарындастары мен жылы жүзді жеңгейлерін” ойлап, бір-екі ауыз жылы сөзімен болса да солардың көңілін көтеруді ойлапты-ау, сабаз!
Ойлап қара­ңыз­шы, сол кезде Қай­рат боздақ небәрі 22 жаста ғана екен. Сөздің шындығы, ердің ерінің ғана қолынан келетін тірлік қой бұл деге­ніңіз.

Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,

Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы.

-деп ақын жырлағандай, желтоқсанның мұзға жаққан алауы,1991ж 16 желтоқсанда тәуелсіздік таңын тудырды.

«Халқымыздың тарихы-соғыстардың,әскери жеңістер мен жеңілістердің тарихы ғана емес.Оның қашаннан да жасампаздық сипаты бар.Мемлекет құрып,оны нығайту -бәрі-бәрі жасампаздыққа жатады» деп Елбасымыз көрсеткендей мемлекеттілігімізді қайта қалпына келтірдік.[4]

Тәуелсіздік туын желбіреткенімізге,міне,биыл 25 жыл толып отыр.Осы 25 жыл ішінде Қазақстан көптеген белестерден өтті...

1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясы республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылғы 11 желтоқсанда Республика Әнұранының жаңа мәтіні қабылданды. 1992 жылы тамызда Республика Президенті әскери қызметшілер үшін әскери анттың жаңа мәтінін бекітті. 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі елдің Негізгі Заңын - тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдады.Қазақстан — 1995 жылғы 30 тамыздағы қабылданған Конституция бойынша – өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Қазақстан Республикасының 1994 жылдың 6 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулысы тәуелсіз мемлекетіміз астанасының тағдырын шешті.1997 жылдың 10 желтоксанында Президент Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен Парламент пен Үкіметтің біріккен мәжілісі өтті. Осы күннен бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды.1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы астанасының ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті.

Қазақстан-қазақ халқының ежелден келе жатқан атақонысы.Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес,ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Президентіміздің жүргізіп отырған саясатының арқасында еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі,көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы.артуда.Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынты-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттілігін қалпына келтіре алды және бейбітшілікті сақтай алды.Мұның дәлелі 2016ж 31 наурызда Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІҮ саммит аясында Президентім «Әлем.ХХІ ғасыр» атты манифесінде әлемді сақтап қалудың ең қажетті қадамдарын нұсқады ,сонымен қатар бұл «адамзаттың ертеңгі тағдырына алаңдаушылық білдіретіндердің көкейінен шыққан нағыз құнды құжат болды» .[5]

Менің негізгі армандарымның бірі-Қазақстанның даңқын аспандатқан, жүрегі «Отан-Туған жер» деп соққан батыр аға-әпкелеріміз секілді елдің лайықты азаматы болып өсу.Әлемдегі өркениетті 30 озық елдердің қатарына көп ұзамай қосылатынымызға деген сенімім мол.Өйткені,қазіргі жастарды болашақтың жарқын жұлдызы деп санаймын. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге парыздармыз.Әлі-ақ аспандағы күніміз қазақ жеріне ерекше сәулесін түсіреді.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің он жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде Елбасымыз былай деп еді: « Бүгінгі күні,кез-келген азамат Тәуелсіздік маған емес,бізге,менің еліме не берді,қолымызды неге жеткізді деген сауалды өзіне қоймай тұра алмайды»[6].Тәуелсіздік бізге не берді деген сұрақ қойылар болса,мен былай деп жауап берер едім:Тәуелсіздік бізге еркіндік пен бостандық,ынтымақ пен бірлік,туысқандық пен бауырластық берді,елдің көшін сақтайтын салиқалы да парасатты Елбасымызды берді. Елбасымыздың мынадай сөзін келтіргім келеді: Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы  осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт  өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар, салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Мен Тәуелсіздігімізге мынадай өлең шумағын арнадым:

Жазатұғын жырым бар,

Жалындатқан жанымды.

Өзімдік ой ұғымдар,

Түсінетін ағымды.

Тәуелсіздік нұрын шашып тұр жайнап,

Елім,елім деп соғады жан қайнап.

Тәуелсіздің белгісі боп аспанда,

Көк туымыз желбірейді баршаға.

Мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жыл еді,

Қазақ халқы Кеңестердің қолында.

Он бес елді бодандықтан айырып,

КСРО тұр елді жаншып қайырып.

Он бес елің шыдамады езгіге,

Бұрқ етіп көтерілді бір мезгілде.

Жанын қиып дербес болу жолында,

Қанша жастар қан төгісті барынша.

Қанша жандар Отан үшін тер төкті,

Тер төкті де бұрқыратты жер көкті.

Қанша жастар арқасында мәңгілік,

Тәуелсіздік туын тікті жаңғырып.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2014 ж 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ»атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін.Біз үшін болашағымызға бағдар ететін,ұлтты ұйыстырып,ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар.Ол-Мәңгілік Ел идеясы»деген тұжырыммен жалпыұлттық идеяны жариялады.[7].

Мен өз елімнің патриоты ретінде Өз Президентімнің түрлі бағыттардағы бастамаларына қуана қол соғамын,қолдаймын.Әлем елдерінің әр басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сияқты көзқарас ұстанса,бүгінде жаһанда бейбіт өмір қалыптасар еді.

«Біздің ортақ үйіміз бұл тек қана біздің еліміз емес,сонымен бірге біздің бүкіл жеріміз екені маңызды. »[8].Сондықтан Отанымызды қорғай білейік.Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғайІ


Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н.Ә.Назарбаев. «Тарих толқынында» «Атамұра» баспасы, ж.6-7 б

2. Н.Ә.Назарбаев. «Тәуелсіздік белестері» «Атамұра» баспасы,2003 ж.185 б

3. 1986 ж Желтоқсан оқиғасы.Форум.kladovka.forum. com.kz. «Желтоқсан оқиғасы кезінде ату жазасына кесілген батырлар»

4. Н.Ә.Назарбаев. «Тарих толқынында» «Атамұра» баспасы, ж.199-200 б

5. «Егемен Қазақстан» газеті 22.04.2016 ж,№76. 1 б

6. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің он жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі «Жүз жылға татитын он жыл». 2001 ж 16 желтоқсан.

7.«Егемен Қазақстан» газеті 23.04.2016 ж.3 б

8. «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезіндегі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сөзі.23-24 қыркүйек 2003 ж

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет