«Шығармашылық» шеберлер мектебінің «Жас қаламгер» бағыты бойынша ІІІ кезеңінің тапсырмалары Марат Қабанбаев (1948-2000)



жүктеу 130.41 Kb.
Дата20.04.2018
өлшемі130.41 Kb.

«Шығармашылық» шеберлер мектебінің

«Жас қаламгер» бағыты бойынша ІІІ кезеңінің тапсырмалары
Марат Қабанбаев (1948-2000)

Марат Қабанбай 1948 жылдың Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында туған. Шығармаларының көпшілігі балалар мен жасөспірімдерге арналған. Жазушы өз шығармаларында қоғам мен жастардың өмірін ала отырып, олардың көзқарастары мен ұстанымдары, орталары, сол ортамен қарым-қатынастарын суреттейді. Жастар бойындағы келешекке сенім өмірді сүю, адамдарды қадірлеу идеясын түйеді. Жазушының «Бақбақ басы толған күн» (1975), «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана» (1977), «Жиһанкез Тити» (1982), «Пысық болдым, мінеки» (1983), «Қала мен қыз бала» (1984), «Сурет салғым келмейді» (1995) атты балаларға арналған шығармалары бар. Жазушы шығармаларындағы балалар ешкімге ұқсамайтын даралығымен есте қалады. М.Қабанбаевтың көркем шығармалары украин, молдован, латын, неміс тілдеріне аударылған.



«Сурет салғым келмейді» повесі туралы. Повестің кейіпкері – Ержан деген бала. Ержан барлық балалар сияқты еркелігі де бар, жалқаулығы да бар, сонымен бірге қиялы да жетерлік. Анасының мейірімін, әкесінің қаталдау тәрбиесін көріп өскен баланың бойында жақсылыққа деген ұмтылыс қана бар. Сол ұмтылыс, талпыныс оны сурет салу өнеріне алып келеді. Сурет өнерінің бар қыр-сырын ашып, бояуын келістіріп сурет салуды үйрене алмағанымен де, өнер жанындағы туғандары мен жақындарының қадірін білуге үйретеді. Повестен алынған үзіндідегі милиция лейтенанты Пірімқұлов, Салауат мұғалімдердің бейнелері өзгеше. Ұлттың құндылықтарын, танымын ашады.

Сурет салғым келмейді (үзінді)

Есік шалқасынан ашық жатыр... Іздеу саламыз – кекілін маңдайына сепкен ақ сүр бала, он үш жас шамасында! Пірімқұлов қолын жайқай сілтеді. «-Орныңызға, орныңызға!» Сурет салатын болса, мұндай қылыққа бара ма? Темкеңнің жұқарған жүйкесі. Міне , қызық – балалар мотоциклге мінуден бас тартты. Есесіне екі дорба асық талап етті!

Ел аман, жұрт тынышта, күн тал түсте ауылдан бала жоғалды. Мәселе былай еді. Қарашаш апай аудан орталығынан артынып-тартынып қайтпай ма. Ауылға шаршап келсе, есік шалқасынан ашық жатыр дейді. Іште ешкім жоқ. « Е, ойын баласы, өзі құралпас жүгірмектермен бірге шабындықта бұзауға бас үйретіп жүрген шығар» дей салады. Кеш түседі. Ержан жоқ та жоқ. Көк сиырды апай өзі қарсы алып, жолай кездескен балалардан сыр тартып, іздеу салады. Ешкім көрмеген. Білмейді де... Жайлауға тұз алып кеткен Темірбек отағасы екінті кезінде қабағы қатып оралады. Қарашаш апай да есік алдында екі көзі төрт болып тосып отырған. – Әлгі бала саған ілеспеген бе? – деді үрдегейленіп. – Қай бала? – Ержан... – Ержан таудан не алады? Онысыз да қалқайып әрең отырған Қарашаш апай қабырға сипалап қалды. Темкең апайға сенбегендей үйге кіріп, қос бөлмені сүзіп қарап шығады. Жоқ... Сыртқа шығып, қызған бензин мен күйген май сасыған, суып үлгермеген моторы жалын шашқан машинаның тепкішегіне аяғын салып, әжептәуір ойланды. Ауыл сыртындағы зираттан ауық-ауық байғыз сұңқылдап шақырады. Бір бытпылдақ белгілі әнін бастай беріп, бейуақ екенін сезді ме, қоя қойды. Темкең: – НЗ-ыңнан бар ма? – деді қырылдап. Апай тіл қатпады. «НЗ-сы» –қорап шылым. Ай бұрын Темкең темекіні ада-күде тастап кеткен. Дегенмен апай: «заман қалай болып кетеді?» деп, соңғы қорапты шалының көзі түспейтін қуысқа жытырған. Темкең оны біледі екен. – Алып келші! Темкең шылымды қомағайлана сорып, шыдамсыздана бұрқылдатып-бұрқылдатып жібергесін тез жадырады. Мұрнын құрт жеп бара жатқандай, қолы қалтырап-дірілдеп екіншісін тұтатты. Бұл тұқылды да табанына салып, мыжып сөндірді, қақырынып-түкірінді, кабина есігін ашты. – Жаман неме маған өкпеліп, шөптегі Сейсенге қашып кеткен де. – Төмен қарап, басын шайқады. – Ит неме, өзім ғой, өзім... Қырсық... Артық кеттім-ау деп, күні бойы бармағымды шайнап ем. Сол, сол екен, апай күшейді. Зілді үнмен: – Не істеп едің? – Үйге қамап кеткенмін. ... Шөп бригадасынан бала табылмады. ...Темкең ертеңінде таң сәріден көзін тырнап ашып, елден бұрын совхоз кеңсесіне барды, жұмыстан сұранды. Ержан баланың жай-жағдаятынан жалпақ ел құлақтанып қалған екен, бастық сөзге келместен босатты. Темкең қайтсін, машинасын дөдеттетіп, ойдағы отыз, қырдағы қырық туысын аралады. Жоқ... Қарашаш апай да қарап жатпады, етегіне сүрініп-қабынып жүріп, Ержанның дос-жарандарын, кластастарын түгендеді. Бәрі де Ержанды көрмепті, білмепті... Екінші күні ауыл шетіндегі аңғал-саңғал ескі монша тінтілді. Ескі там, мектеп шатыры, клуб маңайы мұның сыртында. Түстен кейін кішкене өзеннің арғы-бергі жағасы сүзілді. Ауыл мен аудан арасына қатынайтын автобустың шоферіне сұрау салынды. «Кешелі-бүгін кекілін маңдайына сепкен ақ сұр бала мінді ме автобусқа? Он екі-он үш жас шамасында...! Мінбепті. Атам заманда аңдаусызда оппаға түсіп, майып болған бала, атам заманда құтырған ит талаған бала жайлы үрейлі әңгімелер өрттей қаулады. Кешке қарай жүрегі қысып Қарашаш апай жатып қалды. ...Темкең үшінші күн дегенде сағат нөл-нөл тоғызда учаскелік инспектор, милицияның аға лейтенанты Хамза Пірімқұловтың алдынан табылды. Алғашында ол Темкеңе анау айтқандай құнығып, құлақ аса қойған жоқ. Ерін ұшынан әлдебір әуенді үнсіз ысқырып, үстел астындағы қып-қысқа аяғын әрлі-берлі шолтаңдатып отырып алды. «Солай да солай, бала жоғалды...» дегенде барып, алдындағы қағаздан басын көтерді. – Қай бала? Мен білемін бе? Темкең айналасы екі күнде жағы қусырылып, жүдеп қалыпты, сөзі де шашырап шықты. – Білеміз... Баяғыда, жеті жыл бұрын сүндет тойына болғансыз. Ержан атты сүйкімсіз неме... Іздемеген тау-тасымыз жоқ. Терісі тым қалың ба, Пірімқұлов ағай саспады. «Бәрін бүлдіріп жүрген осы... өзің емес пе?» дегендей, астыңғы ерні салбырап, Темкеңе бақырайып ұзақ қарады. Сұрақ қоймады. Темкең әлденеге кінәлі жандай қозғалақтап, қыпылықтай бастады. Ауыл арасында: «Хамза ма, бұл Хамза жер астындағыны иіскемей біледі» деген дақпырт бар-тын. Тез жүрсе ырсылдап, демігіп қалады. Етжеңді. Әйтсе де Пірімқұлов демігіп жүріп-ақ небір алаяқты аттатпай ұстайды. Кинода милиционерлер қылмыскерді тарсылдаған наганның астына алып, каратэ қолданып, әрең қолға түсіреді. Прімқұлов үстелінің басында обиып отырып-ақ ойдағы-қырдағы бұзықтардың тірлігін жазбай біледі. Көріпкел инспектордан қылмыскер де сескене ме, Ақшатыр ауылы әзірге тыныш... «Хакең өмірді милиционерше емес, ауыл адамынша зерттейді» дейді білетін адамдар. Бұл жолы да Темкеңнің сөзін бөлмей, аяғына дейін байыптап тыңдады. Ең соңында кителінің жағасына қол орамалын сұғып жіберді де: – Темке, сонымен қалай өзі... былай... қолыңыз тиіп пе ед? Бала болғасын тентектік жасамай, бүлдірмей тұра ма? – деді. Темкең сәл кідірді. – Бұйырмасын. Әйткенмен... Пірімқұлов үстелге асыла мойнын созып, Темкеңе төніңкіреп қалды. – Ие, ие, бөгелмеңіз, бөгелмеңіз. – Жоғалған күні... кеппеген жас кірпіштерді бүлдірді. Одан бөтен сиырды қуып әкеліп... Соған ашуланып: «Үйден күні бойы шықпай қамалып отырасың» деп ем. Әлде соған егесті ме? Үстел суырмасынан әскердегі ағасына жазылған хаты табылды. Мұндай іске баратындай... – Темкең аузын жиып ала қойды, – тһе, тһе, тілі тасқа, ниетінің жаманын-ай, қайдағы істі айтып отыр өзі? – Әрине, енді... үй ішінде ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма, – деп, сөзін тиянақсыздау бітірді. – Немен айналысушы еді? – ?! – Қандай өнер бар? – Сурет салады. Пірімқұлов ойланды. Қасын керіп, басын шайқады. – Сурет салатын бала мұндай қылыққа бармаушы ед. Темкең астындағы орындығын көтере-мөтере жылжып, инспектордың үстеліне мінбеледі. Көзінде ашу оты жарқылдайды. – «Ондай қылыққа бармайды...» Сіз бе, сіз бәрін біліп отырсыз. Баланың қайда екенін – бәрін, бәрін! Еріккеннен ежіктеп, қайдағыны сұрап...адамды мазақ етесіз! Бүйте берсеңіз, бар ғой... – Темкең сөзге шашалып, үндемей қалды. Екі күннен бергі ойды-қырды шарлаған бос шабыс, тозған жүйке ақыры сыр білдірді. Ұят, ұят! Инспектордың не жазығы бар? Ежіктеп сұраса – міндеті. Ашу алдымен, ақыл соңымен. Темкең төмен қарап, саусақтарын біртіндеп буынынан сындырып, сытырлата берді. Инспектор жымиды. – Әй, Темке, Темке! «Мазақ етесіз...» Ержан ғой сізді де, мені де – бәрімізді мазақ етіп жүрген. – Тағы да газетпен бетін желпи жөнелді. – Жә, бара беріңіз. Кешке қарай хабар күтіңіз. Ержанның көкесі «жә, бара бермеді». – Не дейсіз? Хабар күт дедіңіз бе? – Иә, иә, – деді аға лейтенант сәл тыжырынып... – Алдымен Ержанның құрдастарын жиып беріңіз. Жоғалған күні өзі сурет салып па? – Үстел суырмасында жатыр. Шатпақ бірдеме. – Сол шатпақты маған әкеліп беріңіз. Бір сағат жете ме? ... Бір сағаттан соң алтыншы класс төрт көзі түгел инспектордың кабинетіне жиналды. Көбі «Заман қалай болып кетеді?» дегендей қып-қып етіп, бек мазасыз күй кешіп отыр. Аға лейтенант шақырмайды, шақырса – шатақ! Ойнақтап жүріп от басқаның заңның кәріне іліккенің. Әрқайсысы соңғы күндері не бүлдіріп еді, іштей сол мәселені жеке-жеке ойлап, мазасыз күй кешіп отыр. ...Инспектор әңгімені әріден бастады. Кім каникулда не істеп жүр, соны шұқшиып сұрап, қазбалай ыңыранып отырып алды... – Ал, батырлар, Ержан ердің жағдайына жақындайық, – деп, іске көшті. – Үш күннен бері таптырмай жүр. Байқаймын бала бізді аз-маз сынап, жасырынбақ ойнағысы бар. Оның қай қуысқа кіріп кеткенін мен мына суреттен –ақ біліп қойдым, – деп, – үстел үстіндегі ақ қағазды саусағының ұшымен шертіп қалып еді, балалар мойындарын құрықтай созып, жапа-тармағай ұмтылды. – Жә, сабыр, сабыр түбі – сары алтын. – Инспектор қағазды теріс қаратып аударды. – Ер екендеріңді көрейін, маған сол Ержанды тауып беріңдер! Қызық болсын. Іздеуге менің қолым тимейді. өзге ісім де жетерлік. Күнде қай-қай жерде жасырынбақ ойнаушы едіңдер? Аға лейтенантқа реті келіп тұрғанда жағынып қалғысы келгендер жарыса шулады. – Ескі моншада... – Мектеп шатырында... – Клуб бағына тығыламыз. – Астық қоймасы! – Жөн... Осы төчкілерді түске дейін түгел сүзіп шығыңдар. Қысқасы, асыра сілтеу болмасын, қаралмаған қалқа, жапсар қалмасын. Ержанды тауып әкелген балаға... – Пірімқұлов терезеден сары жолақ, жуан қарын көк мотоциклін иегімен нұсқады, – сол баланы мотоцикліме отырғызып алып, ауылды үш айналып шығамын. ... Бөлме бір минутта босап қалды.

Сурет те ұстап бере ме? Ер Пірімқұлов орысша сөйледі. Ержанның көзі емес, өзі дальтоник... Арамшөп отау жақсы ма, кірпіш құю жақсы ма? Қайдасың мама?! ...Екі сағаттан соң Ержан Пірімқұловтың кабинетінде ұнжырғасы түсіп, әншейін бейшара боп отырды. Масқара болғанда Ержанды өз үйінің, яғни жаңа үйінің шатырынан тұтықпа Төлеш тауып алды. Ескі күпәйкіні жастанып, қорылдап тұрып ұйқыны соғып жатыр дейді. Пірімқұлов екеш Пірімқұлов: «Мұндай қайғы-мұңсыз баланы алғаш көруім» деп таңдайын қақты. ...Ал Ержанның түрі түр емес: үрпиген шашы мен жейдесіне сабан қылтанағы, шлак үгіндісі жабысқан. Неше күннен сабын тимеген беті айғыз-айғыз. Тіл қатпай, сыры өше бастаған еденнен көз алмастан екі бүктеліп отыр. Темкең екінші орындыққа ие. Ұшынан түтін бұраңдап ұшқан шылымын бұжыр-бұжыр шойын бақаның – күл салғыштың арандай аузына нығарлап, мыжғылай береді: саусақтары әнтек дірілдей ме, қалай? – Ал, ағайынды қоңыр қаз, бірің таптың, екіншің табылдың. Менің міндетім осымен тәмам, – Пірімқұлов алақанын құшырлана ысқылап. Астыңғы ерні салбырай бір нүктеге қарап отырды да, бір рет қағазды Ержанның алдына ысырды. – Үш күн бұрын салған суретің! Қайда тығылып жатқаныңды осы сурет айтып берді бізге. Ержан бұққан күйі көз құйрығын қағазға тастады: шиферлі шатыр, шатыр жиегінде аузын ашқан ақ тамақ қарлығаш... Айна-қатесіз өзінің салған суреті... – Суретіңде кемшілік бар, бала. – Пірімқұлов жымиды. – Пропорцияны сақтамағансың. Қарлығашың тым үлкен... Жарайды, оны Салауат ағаң түсіндіре жатар. – Инспектор Темкеңе бар денесімен бұрылды. – Мана бұл батыр жоғалған күні сурет салып па еді деп әдейі сұрадым. Бала, әдетте, сол сағат, минөтінде нені ойлайды, қағаз бетіне соны айнытпай түсіреді. Көрдіңіз бе, Ержан Темірбекович сол күні шатырды нысанаға алған. Иначе говоря, вор находится у прокурора. – Ол кісі ашулана бастаса, орысшаға басатын. – Өз шатырынан мұны кім іздейді... Бұл қу соны ойлаған. Ана тұтықпа бала... е-е, Төлешке рахмет, жатқан жерінен сирағынан суырып алды. Ойын баласы кім қайда жасырынады, кімді қайдан іздеу керек, бес саусақтай біледі. Ержекеңді құрдастарына іздеткенде соған есеп құрғанмын. – Сәл бөсіңкіреп кеткенін сезді ме, сөз арнасын өзгертті. – Қаперіңде түк жоқ, сілең қатып, аузыңнан сілекейің ағып ұйықтап жатырсың... Соған қарағанда Ержеке, көзің емес, жан дүниең дальтоник пе деймін. Әке-шешең ойдан, қырдан шарқ ұрып іздеп, көрер таңды көзімен атқызды, ал, сен... Дәтің қалай шыдады, түсінсем бұйырмасын. – Мен күндіз ұйықтадым. – Сурет, сурет... Қай жеріңнен сурет саулап тұрғанын итім білсін. – Пірімқұлов сағатына қарады. – Ал, ағайынды қоңыр қаз, мен шай қайнатымнан соң келемін. Армансыз сырласып, әңгіме күйттеңіздер. – Бұл... не балам? Мең-зең Ержанның мұрны шу-шу етеді. Не болды, білсе бұйырмасын. Дұрыс дегені бұрыс шықты – соны анық біледі. Бір уақытта қолы көзіне барып қалды, бетін басып, қыстыға жылады. Темкең нән қарағайлар тиелген машинаны не қилы асу, кезеңнен бық дегізбей аман алып өтетін озат шофер еді. Сол озаттың өз баласын қалай жұбатуды білмейді екен. – Мама қайда? Темкеңнің ішіне түтін кетіп, шашалып қалды, алақанымен аузын көлегейлеп ұзақ жөтелді... Айтып-айтпа, әкесі үш күннің ішінде үш жылға қартайыпты. Темкең шылым қалдығын ашық терезеден сыртқа ытқытты. – Ауданға «Жедел жәрдем» алып кетті. Кеше... жүрегі ұстаған. Құлаққа ұрған танадай тыныштық... Көшеден құйын зыпылдап жүгіріп өтіп еді, терезе рамасы кәсекке сарт етті.

Эпилог немесе ағай өлеусіреген араға қарап ойға батты. өмір көрген түстей зырлап өтіп барады. Тас ғасыры, Ежелгі Мысыр, Леонардо да Винчи, Петров-Водкин, Телжанов. Ана! Ана! Кемшілік кімнен кетті? ...Жазғы демалыстың...өмірдің көрген түстей өтіп бара жатқанына ағай екеш ағай да өкінішті әрі сенбейді. әлден уақытта ұйқыдан оянғандай селт етіп, есін жиды. – Балалар, бүгін жаңа оқу жылы оқу жылы... Тағы да бір жасқа есейе түстіңдер... Халық «Он үште отау иесі» дейді. Бұл мәтелдің астарында терең мағына жатыр. Сендер енді азаматтыққа аяқ бастыңдар... – Азаматтықтың не екенін айтқысы келіп бір тұрды да, айнып қалды – оған бір сағат түгіл, бүкіл өмірің жетер ма екен? Мұғалім, амал жоқ, оңай жолмен кетті. – Бүгін сурет үйірмесінің алғашқы сабағы... Өткен оқу жылын еске түсірелік. Соңғы сабақта қай суретшіні өтіп ек? Кім еді? Қап, ұмытып тұрғанымды қарашы. Бұл ағайдың кішкене ғана педагогикалық қулығы. өздері еске түсірсін деп оқушыларға әдейі салмақ салып тұр. Егер сәті түсіп, суретшіні атап жіберсе, жыл бойы тәлімі мен тәрбиесінің еш кетпегені. Егер жеткіншектер сол соңғы сабақты ұмытпаса, бұл әлемде сурет деп аталатын қиын да қасиетті өнердің жолы ұзарып, жақсара түскені. Егер, егер... – О-рал Т-а-аңсықба-ев а-ағай... – деп, аңқылдай жөнелді арт жақтан біреу. Балалар жалт қараса, тұтықпа Төлеш. Мұғалімнің көзі шырадай жанды. Алақанын құлағына тосын, мойнын қудай созып: – Кім. Кім дедіңдер? – деді сондай бір жарқын дауыспен. Тағы да қулыққа көшіп, Төлештен гөрі оқушыларды сөзге тартып тұр. Алдын күреп алған Төлеш: – Ор-рал... – дей беріп еді, қосыла шыққан көп үн оны басып кетті. – Орал Таңсықбаев ағай... – «Аңсаған әнім» суреті. – «Алай жазығы». Табиғат пен адамның бір-біріне үн қатуы. – «Таудағы жол...» – Рахмет, балалар, көп рахмет! – Ағай басын изеп, шашын артқа көтере салады. Бет ұшына жұқа қызыл жүгірді. – жадырап кеттім ғой, тегі. – Пенжагының ең төменгі түймесін ағытып қойды. – Хош. Сабағымызға жақындайық. Бүгін сурет өнеріндегі ана бейнесін өтеміз... Айтпақшы кім кезекші? – Сәбира! Сәбира! – Бермен жақында, айналайын. Мына суреттерді парта, партаға таратып бере ғой. Балалар таныса берсін. Бұл жолы мұғалім бір емес, бірнеше альбом ала келіпті. Түрлі-түсті жылтыр қағаздар парта, парта бетіне күзгі жапырақтарша қалқып түсіп, шашылып жатты. Ағай әл жинағандай аз тоқталды да, сәттен соң серпіндей жөнелді. – Біз, әдетте, планетамызды Жер-ана деп қастерлейміз. Жер бетіндегі тіршілік атаулы Анадан басталады. Барлық жан-жәндік – адамзаттан бастап, қыбырлаған құмырсқаға дейін шеше алдына мәңгілік қарыздар. Түн ұйқысын төрт бөліп, емшек сүтін берген – Ана, баланың табанына кірген шөгір маңдайыма қадалсын дейтін – Ана... Ұлы ер ер жеткесін, қызы бой жеткесін ақ батасын беріп, үлкен өмір жолына аттандырып салатын да осы абзал Аналар. Сондықтан да Ана – біздің мәңгілік шырқап өтер әніміз, жалын жырымыз. Жылдар жылжып, ғасырлар өткен сайын Ана атты гимн әуелей бермекші. – «Тым жұмбақтап кеткен жоқпын ба?» дегендей Салауат сәл аялдады. Жоқ, бекер күдіктеніпті, оқушылар қойдан жуас, қозыдан қоңыр, қалт етпей құлақ қойып отыр. – Кәне, алдарыңыздағы суреттерге көз салайық. Аударылып-төңкерілген қағаз сусылы, балалардың сыбыр-күбірі... – Өнер әлемінде Ана тақырыбын әу деп, алғаш шырғай ән салғандар – Тас ғасырдың суретшілері. Олар сүйікті шеше мен әпке, қарындастарының сұлбасын жартасқа қына бояуымен бейнелеп салды, балбал тас қып қашады... Одан бергіде ертедегі мысырлық суретші ана мен жар бейнесін Нефертитидің әйгілі мүсініне дарытты... Алдарыңда жатқан «Мадонна Литта» ұлы Леонардо да Винчидің анаға арнаған ұлы гимні... Мынау Рафаэльдің «Мадоннасы...». Орыс суретшісі Петров-Водкин ұлы Октябрьдің мазмұнын «Ана» атты полотносына жинақтай білді... Суретші ағалардың Қанафия Телжановтың «Жамал» туындысына назар аударыңдар... Ол кісі өз анасының бейнесін салған. Қазақтың жас келіншегі маңдайын бастыра орамал тартып алып, ошақтағы отқа – тіршілік көзіне үңіліп, тізесін құшақтай ойға барып отыр. Жапан дала, ашық аспан... Жамал жүзінен қазақ аналарына тән байсалдылық, мейір нұры төгілді. Ойда жоқта әлдене тарс етті. Мұғалім амалсыз сөзін жұтып, қабағын шытты. Оқушылар жаппай бұрылса... Ержан еденге еңкейіп, шашылған акварельдерді жинастырып жатыр. Еңкейіп, күш түскеннен бе, ұялғаннан ба, беті – от. Салауат ағай мұндайда: «Неге өйттің, неге бүйттің?» деп қазбаламайды, байыппен тыныштық орнауын тосады. Алайда Ержан орнына қоймайды. Акварелінің қақпағын жауып, портфеліне салды да: – Аға, мен кетемін... – деді солбырайып. – Қайда? – Мұғалім айран-асыр. – Үйірмеден... – Неге? – Менің сурет салғым келмейді. Портфелін салғырт сүйретіп, есікке беттеді. Бүкіл класс төбелерінен жай түскендей тымпиып-тымпиып отыр. Ержан табалдырықты басып тұрып, кері бұрылды. – Менен суретші шықпайды, – деді әр сөзін нықтап. Парта, парта бетінде шашалып жатқан түрлі-түсті қағаздарды көзімен нұсқады. – Мен ана ағалардай сурет сала алмаймын. Шеше бейнесін салу қолымнан келмейді. Дегенше есік жабылды. Сырп-сырп сүйрете басқан аяқ дыбысы дәліз қуалай алыстап барады. Салауат ағай қыздай қызарып, орындықтың арқалығынан мыти ұстап тұр. Балаларға тура қарамай бүгежектеп: – Не болды өзі? Не жаздым? Қай жерден кемшілік кетті? – деп өз-өзіне сұрақ қойды. Жалғыз емес, класс алдында тұрғанын кеш аңғарса да, тез қалпына келді. Басын көтеріп, жаутаңдаған әр жанардан жауап іздеді. – Балалар, биыл жазда Ержанның басынан қандай ойға өтіп еді? Үн жоқ.

1. Шығарма неден басталады? 2. Алғашқы бөлімде Ержанның туралы не білдіңдер? 3. Ержан жоғалып кеткеде, ата-анасы қандай қиындықтарды бастан кешірді? 4. Ержан үйінен неге қашып кетіпті? 5. Әкесі көмек сұрап кімге барды? 6. Милиция лейтенанты баланы қалай тауып берді? 7. «Суретте ұстап бере ме?» Пірімқұловқа сурет қалай көмектесті? 8. Ержан мен әкесі не туралы сөйлесті? 9. Соңғы бөлім не туралы? 10. Сурет үйірмесіндегі сабақ тақырыбы қандай болды? 11. Ержан неге бояуларын шашып алды деп ойлайсыңдар? 12. Жазда Ержанның басында өзгеше оқиға болғандығын мұғалім қалай білді? 13. Ержан өзінен суретші неге шықпайды деп есептейді? 14. Ержан қандай бала? Мінездеме беріңдер. 15. Пірімқұлов қандай қасиеттерімен бейнеленген? Ержанның жоғалғандығын естігенде, Пірімқұловтың: «Сурет салатын бал бұндай қылыққа бармаушы ед» , – дегенінен не ұқтыңдар? Ол Ержанның суретіне қандай пікір берді? 16. Салауат мұғалім бейнесі қалай суреттелген? 17. Ержан «Менен суретші шықпайды» дегенде неге өзін кінәлі сезінді? Мұғалім Ержанға сурет салуды үйрете алмадым деп өзін кінәлады ма, әлде, Ержанның қиналған қалпын көріп, ықпал ете алмадым деп ойлады ма? 18. Шығармада аты аталған суретшілер туралы не білесіңдер? Олардың суреттерін көрдіңдер ме? 19. Үзіндідегі қай кейіпкер сендерге ерекше әсер етті? 19. Шығарманың үзінділерін тарауларға бөліңдер. Әр тарауға ат қойыңдар. 20. Жоспар құрып, сол жоспар бойынша әңгімелеңдер.

үрдегейленіп – үрейленіп, қорқып дақпырт – ел ішіндегі сөз, әңгіме әнтек – болар-болмас, сәл ғана әңгіме күйттеу – әңгіме іздеу

1. Сендер қандай үйірмеге қатысасыңдар? 2. Үйірмеге өнер үйрену үшін бара ма, әлде, өмірді ұғыну үшін бару керек пе? 3. Кестені толтырыңдар.



Шығармада аты аталатын суретшінің аты-жөні

Суретінің аты

Өздерің білетін суретшілер

Суретінің аты
















1. Ержанның ісі дұрыс болды ма? 2. Ержанды жазалаған әкесі өз ісі үшін неге өкінді? 3.Қ.Телжановтың «Жамал» суреті бойынша әңгіме құрастырыңдар.



Қ.Телжанов «Жамал» суреті

Орал Таңсықбаев (1904 –1974) – кескіндемеші, суретшісі. «Көш», «Ыстықкөл кеші», «Қайраққұм ГЭС-і таңы», «Өзбекстандағы март», «Таудағы кеш», «Анзоб асуы», «Менің әнім», «Алай жазығы», «Туған өлке» секілді үш мыңнан аса картинаның авторы. Қанапия Телжанов (1927) – қазақ суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер  қайраткері. Телжановтың қазақ халқының өмірі мен тұрмысы жайлы заман және тарихи тақырыптағы «Жамал», «Бейбітшілік оттары»,«Домбыра әуендері», «Ата мекен», «Көкпар» т.б.шығармалары бар.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет