Шығыс Қазақстан облысы – Қазақстан республикасының шығысында, Ертіс өзенінің жоғарғы алабында орналасқан



жүктеу 84.51 Kb.
Дата15.11.2017
өлшемі84.51 Kb.

Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсібінің даму болашағы
Қазмемқызпу география кафедрасының

профессоры, г.ғ.к. Н.Н.Карменова


Шығыс Қазақстан Республикасының шығысында, Ертіс өзенінің жоғарғы алабында орналасқан.

Солтүстігінде Ресей Федерациясымен, оңтүстік – шығысында Қытаймен, батысында Павлодар облысымен шектеседі. Жер көлемі 283,2 мың шаршы шақырым, халқы 1455,4 мың адам. Оның үлесіне республика территориясының 10%-і, халқының 12%-і ғана келгенімен, бүкіл өнеркәсіп өнімінің 18%-дан астамын шығарады.

Шығыс Қазақстан жеке облыс болып, 1932 жылы 10 наурызда құрылған. 1997 жылы Семей облысы қосылды.

Орталығы - Өскемен қаласы. Сонымен облыста 15аудан мен 9 қала, 27 кент, 857ауылдық және жергілікті елді-мекендері бар. Қала халқының саны 850535 адам (59,8%),ауыл халқының саны 573978 адам (40,2%).

Шығыс Қазақстанның экономикалық – географиялық жағдайы шаруашылық салаларын орналастыру мен дамытуға қолайлы. Бұл ауданның Қатонқарағай, Бұқтырма, Зайсан, Марқакөл және Алакөл сияқты аймақтары туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстан табиғатының алуан түрлілігі тек республиканың оңтүстік аудандарына ғана жол беріп, ал жер қойнауы байлығы жөнінен Ресейдің Орал ауданымен қатар тұр.

Қазақстандық Алтай Нарым өзені арқылы Кенді Алтай және Оңтүстік Алтай болып екіге бөлінеді. Кенді Алтай полиметалл кендерінің түрлері мен оның қоры жөнінен маңызды орын алады. Алтай мен Тарбағатай беткейлеріндегі таулы аймақпен Ертіс өзені бойындағы жазықты жайылымдар - ауданның ауыл шаруашылығы үшін таптырмас байлық. Атмосфералық жауын – шашынның молдығы, егіншілікті дамытуға мүмкіндік береді. Ертіс өзені аудан аумағын оңтүстік – шығыстан солтүстік – батысқа қарай кесіп өтіп, Шығыс Қазақстанды Солтүстік Қазақстанмен және Ресейдің мұнайлы – газды Батыс Сібір аудандарымен байланыстырады. Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсібінің дамуында жаңа технологияларды пайдаланып, индустриалды-инновациялық өнімдерді өңдіруге мүмкіндіктер бар.

Шығыс Қазақстан табиғи ресурстарының молдығы жөнінен елімізде алдыңғы орында. Мұнда полиметалл кені XVIII ғасырдан бері өндірілуде. Полиметаллдың негізгі құрамы – қорғасын, мырыш және мыс. Кенді Алтайда полметалдың Риддер, Зырян, Белоусов, Тишинск, Верхне-Березовск, Быструшинск, Андреев т.б. кен орындары бар. Кенді Алтай деп түсті және сирек кездесетін металдардың молдығына байланысты аталған. Полиметалдан басқа алтын, күміс, кадмий, сурьма, темір, күкірт, молибден, висмут, индий, талий, селен, телур, сынап, т.б. металдар да кездеседі. Оңтүстік Алтай мен Қалба жотасында қалайы, вольфрам, ванадий кен орындары бар. Алтын өндіруден Семей өңіріндегі Бақыршық, Боко, Октябрь кен орындары белгілі.

Шығыс Қазақстан - әлемнің кенге бай аймағының бірі. Аудан аумағында жалпы мемлекеттік қорғасын қорының 26,1%-ы, мырыштың 45,8%-ы, мыстың 47,9%-ы, алтынның 52,2%, титанның 37,1%-ы, танталь кенінің 59%-ы шоғырланған.

Шығыс Қазақстанның негізгі байлығының бірі – су энергетикалық ресурсы, республикадағы су қорының 50%-ы осы ауданның үлесіне тиеді. Энергетикалық ресурс ретінде Ертіс, оның таудан құлап ағатын Үлбі, Бұқтырма, Күршім салалары және Нарым өзендері көзге түседі. Ағысы қатты, тасқынды өзендер су энергетикасын алуға қолайлы. Аудан аумағында Зайсан, Марқакөл, Алакөл, Сасықкөл сияқты тұщы көлдер бар. Аталған көлдердің маңы халықтың демалатын орны – рекреациялық аумақ. Көлдердің балық аулау шаруашылығында да маңызы зор. Мұнда балықтың 20-дан астам түрлері: сүйрік, албырт, сазан, табан, аққайраң, алабұға, шортан т.б. кездеседі. Сондай – ақ бұл ауданда теңіз деңгейінен 1 449 м биіктіктен ауданы 449 км2, тереңдігі 30 м, табиғаты өте әсем Марқакөл орналасқан. Оның маңында құрамы жөнінен Грузияның Цхалтуба және Батыс Сібірдің Белокурихасына ұқсас радиоактивті бұлақ – Рахманов көлі бар. Ауданның солтүстік – батысындағы көлдер тұзды және онша терең емес, ал тау қазаншұңқырларындағы көлдер терең және тұщы болып келеді.

Орманның 40%-ы осы ауданда. Сондықтан да орман шаруашылығы бойынша республикада жетекші орында тұр. Шығыс Қазақстан құрылыс материалдарына да бай. Семей қаласы маңында Суықбұлақ станциясында цемент шикізаты әктас, ал Ауыл станциясы маңында гипс, құрылыста пайдаланылатын тастар кездеседі.

Шығыс Қазақстан еліміздегі түсті металл кен орындарын игерудің бастамасы XVIII ғасырда жүзеге аса бастады. Кен өнеркәсібімен бірге мұнда ХІХ ғасырдың соңында ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін салалар қалыптасты. Теміржол мен автомобиль жолының салынуы, пайдалы қазбаларды өндіру, су энергетикалық ресурсын және ауыл шаруашылығы жерін игеру қарқынды жүрді. Бұл Шығыс Қазақстанға еліміздің өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы дамыған ауданының біріне айналуына мүмкіндік береді.

Аудан шаруашылығында түсті металлургия өнеркәсібі жетекші орын алады. Мұнда түсті металдарды өндіру және байытудан бастап, оларды металлургиялық қорыту, қорғасын, мырыш, мыс, кадмий, т.б. таза металдары бөліп алу сатыларына дейін жүзеге асады. Шығыс Қазақстанда түсті металдардың 32 түрі өндіріліп, оның 17-сі өңделеді.

Түсті металлургияның, әсіресе қорғасын, мырыш, титан мен магний сияқты энергияны көп қажет ететін металдар өндіріс ауданның маманданған саласы. Түсті металлургияның осы бағытта мамандануы мұнда металдардың көптеген түрлерінің және энергетика базасының болуына, сондай – ақ олардың бір-біріне жақын орналасу ерекшелігіне байланысты.

Полиметалл өнеркәсібі – түсті металлургияның басты саласы. Полиметалдың құрамында әр түрлі қосындылары бар, олар жеке-жеке зауыттарда қорытылып алынады.

Өскемен қорғасын – мырыш, Риддер полиметалл комбинаттары сияқты ірі кәсіпорындар бар. Аудан кәсіпорындары өзіне қажетті шикізаттың 50-60%-мен қамтамасыз етілген.

Комбинаттың Өскеменде салынуы – мол шикізат базасының, арзан су электр энергетикасының, кәсіпорын салуға ыңғайлы жер бедерінің, сондай – ақ қолайлы байланыс жолдарының болуымен байланысты. Комбинат қорғасын және мырышпен бірге алтын, күміс, кадмий, талий т.б. металдар балқытады.

Зырян қорғасын комбинаты түсті металлургиясының ірі кәсіпорны болып табылады. Осы аудандағы қорғасын, мырыш және мыс өндірумен “Қазақмырыш” және “Қазақмыс” корпарациялары айналысады.

Шығыс Қазақстан – еліміздегі негізгі алтын өндіретін аудан. Қазақстандағы 141 алтын кен орындарының 62-сі осы аудан аумағында. Күршім өзенінің орта ағысында шашыранды алтын өндірумен “Алтай”, “Бунашам”, “Суздаль”, “Орталық Мұқыры”, “Алел”, “Андас - Алтын” кәсіпорындары айналысады. 1998 жылдан бері аудан аумағында жылына 887 кг-дай алтын өндіріледі. Ауданда Қаражыра, Алакөл, Сайхан көмір өндіру карьерлері жұмыс істейді.

Жалпы республика бойынша түсті және бағалы металл өндіру мен балқытудағы Шығыс Қазақстанның үлесі (2005-2008 жылдардағы көрсеткіш) мынандай: қорғасын өндіру - 66%, мырыш - 75%, мыс - 30%, алтын - 57%, күміс – 36%, концентратты мыс (балқытудың) - 27%, аффинажды алтын - 81%, аффинажды күміс - 33%, титан - 100%. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанға жер байлығын пайдаланудың мемлекеттік лицензиясы бойынша пайдалы қазбалар өндірудің 46%-ы, пайдалы қазбалар зерттеудің 25%-ы тиесілі болды. Мұндай көрсеткіштер Шығыс Қазақстанның еліміздің түсті металдар өндіру мен оны балқытудағы үлесінің жоғары екендігін көрсетеді.

Ауданның энергетика негізін жылу және су электр станциялары құрайды. Түсті металлургияның дамуы су электр энергиясымен байланысты. Соған қарамастан Ертіс өзені және оның салаларының су энергетикалық ресурсы 7 млн кВт, жылына 62 млрд кВт сағ электр энергиясын алуға мүмкіндік береді. Бірақ қазір мұндай қуаттың тек 15%-ы пайдаланылуда.

Шығыс Қазақстан еліміздің басқа аудандарымен салыстырғанда электр станцияларының жалпы энергетикалық қуаты жағынан (республика бойынша 20%-ы) және электр желісінің ұзындығы жөнінен жетекші орын алады.

Шығыс Қазақстанның бүкіл электр станциялары бір-бірімен байланысып, Алтай энергетикалық жүйесін құрап, Рубцовск арқылы Ресейдің Алтай өлкесімен, ал Ертіс бойы арқылы Павлодар және Ақсу электр станцияларымен жалғасқан.

Түсті металлургия, машина жасау және металл өңдеу өнеркәсіптері бір –бірімен байланысты дамиды. Өскеменнің “Шығысмаш” зауыты металлургия зауыттары мен кен байыту комбинаттары үшін бұрғылау және жүк тиейтін машиналар, кен қазатын құрал – жабдықтар шығарады. Бұл – ТМД елдеріндегі осы тұрғыда жұмыс істейтін ірі кәсіпорындарының бірі. Өскемен конденсатор зауытының өнімдері электр техникасы, теміржол көлігі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, медицина және машина жасау өнеркәсіптерінде пайдаланылады. Аспап жасау зауыты электр станциясына қажетті құрал-жабдықтар шығарады. Семейде арматура, “Қазақкабель”, Өскеменде арматура және полимерлік машина жасау зауыттары бар.

Жеңіл өнеркәсіптің басты орталығы – Семей қаласы, мұнда мақта жібін иіру, жүн жуу, шұлық, тігін трикотаж, шұға комбинаттары орналасқан. Шығыс Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің жүнді алғашқы өңдеу, жүн иіру, былғары, аяқкиім, тері-тон сияқты салалары ертеден дамыған. Жаңа станоктармен жабдықталған трикотаж, тігін комбинаттары Риддерде, Зырянда, ал жібек талшықтарын шығару комбинаты Өскеменде салынған.

Ауданда тамақ өнеркәсібінің алатын ролі жоғары. Тамақ өнеркәсібі жергілікті шикізатқа негізделген. Оның ішінде ет өнеркәсібі жетекші орын алады, оның комбинаттары Семей, Өскемен, Риддер, Аягөз, Зырян қалаларында және Приозерное қала типтес елді мекенінде орналасқан. Семей, Өскеменде жергілікті астық негізінде ұн тарту кәсіпорындары жұмыс істеп, елді мекендерде нан, макарон, кондитер өнімдері шығарылады. Ауданда өсірілетін күнбағыс егісі негізінде Өскеменде ірі күнбағыс майын айыру комбинаты жұмыс істейді. Қазіргі нарықтық экономикаға көшудің қиындықтары, яғни шикізаттың жетіспеуі, қаражаттың тапшылығы, энергия көздерінің қымбаттауы жеңіл және тамақ өнеркәсіптеріне де әсер етіп, олардың кей кәсіпорындары тоқтап немесе мерзімді қызметке көшуде. Осының салдарынан бұрынғы біртұтас Семей ет комбинатының цехтары жеке шаруашылық қожалықтарына бөлініп отыр.

Өсімдіктері мол өсетін Алтайдың бөктері мен Тарбағатайдың баурайында омарта шаруашылығымен айналысады. Омарта шаруашылығында хош иісті, дәмі мен шипалы қасиеті жоғары бал жиналады. Республика бойынша жиналатын балдың 50%-ы осы ауданның, яғни Шығыс Қазақстанның үлесіне тиеді. Аудан бал жинаудан бірінші орында.

Шығыс Қазақстанның биік таулы бөктерлерінде әсіресе Қатонқарағай ауданында бұғы – марал шаруашылығы дамыған. Марал мен шұбар бұғының мүйіздерінен панта алынады. Пантадан пантокрин дәрісі жасалынады.

Ал техникалық дақылдардың ішінде, май өндіретін дақыл – күнбағыс жетекші орын алады. Мұнда республикадағы күнбағыс егісінің 80%-дан астамы егіледі. Қала халқы басым шоғырланған өнеркәсіп орталықтары маңында картоп пен көкөніс шаруашылықтары дамыған.

Ауданда теміржол, автомобиль және өзен жолдары маңызды орын алады.

Теміржол жүк тасымалы бойынша бірінші орында. Аудан аумағында Түркісіб теміржолының Локоть - Өскемен – Риддер тармағы өтеді. Теміржол желісінің шаруашылық салаларын дамытуда маңызы зор.

Автомобиль көлігінің, оның ішінде Семей – Аягөз теміржолынан шығысқа қарай орналасқан “Шығыс” айналмалы жолының ішкі аудандарды байланыстырудағы және олардың шаруашылығын дамытудағы ролі ерекше.

Ертіс өзенінің бойында Өскемен және Бұқтырма су қоймалары салынғаннан кейін оның көлік қатынасындағы ролі арта түсті. Қазір ол Шығыс Қазақстанда ғана емес, бүкіл еліміз көлемінде негізгі өзен жолы болып отыр.

Шығыс Қазақстанның өнеркәсіп тараптары. Шығыс Қазақстан ауданында Өскемен, Семей, Риддер, Зырян, Аягөз т.б. өнеркәсіп тораптары қалыптасқан. Мұндай тораптардың қалыптасуына жергілікті табиғат жағдайлары мен табиғат ресурстары, еңбек ресурсы және қоғамдық өндірісті ұйымдастыру, мамандану және кооперациялау т.б. әсер етеді.

Шығыс Қазақстан облысының географиялық орны – табиғи жағдайлары мен табиғат ресурстарының жиынтығы – экономиканы дамыту тұрғысынан қарағанда, оның ерекше бай және алуан түрлі екендігін атап өткен жөн. Облыста бағалы пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің ірі қорлары, құнарлы жер көлемі кең байтақ жайылымдар мен шабындықтар бар. Оның үстіне табиғат ресурстары көбіне бірге кездеседі және көп салалары әр түрлі шаруашылықты дамытуға қажетті табиғи негізі бола алады. Кенді Алтай ең үлкен өнеркәсібі дамыған аймақтың бірі боп табылады.




Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Е.А. Ахметов, Г.Е Бердығұлова Қазақстан республикасының экономикалық және әлеуметтік географиясы. Алматы,2012ж.

  2. Е.Ахметов., Н.Карменова. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы. Алматы, 2013ж.

  3. М. Қожахмет Қазақстан республикасының экономикалық және әлеуметтік географиясы. Қарағанды,2006ж.

  4. С.Р.Ердаулетов Экономическая и социальная география Казахстана. Алматы, 1998

Резюме


В данной статье рассматривается развития промышлености и индустриально-инновационные направление Восточно-Казахстанской области.

Summer


This article discusses the development of industry and industrially-innovative direction of the East Kazakhstan region.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет