Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкіліне уақытша ұстау изоляторында отырған әйел хабарласқан. Екі баланың анасы ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық жасап келген күйеуін өлтіріп қойып, уақытша ұстау изоляторында жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: EAST NEWS

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілінің хабарлауынша, күдікті өзін зорлық-зомбылықтан қорғауды сұрап полицияға жүгінгенін, бірақ тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбағанын айтты. Күйеуінің кезекті агрессиясынан соң, тұрмыстық жанжалдың соңы кісі өлімімен аяқталған. 

“Енді әйелдің өтініші мынадай — қайғылы оқиғадан кейін оның екі кәмелетке толмаған баласы қайтыс болған күйеуінің туыстарының қамқорлығына берілген, ал олар жеткіншектердің туған анасымен не нағашыларымен сөйлесуіне тыйым салған”, – дейді өкіл.

Сондықтан арызданушы балаларымен шексіз сөйлесу құқығын қалпына келтіруді сұраған.

“Мән-жайды зерделеген Уәкіл өкілі жергілікті әкімдіктегі қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ полиция департаментіне балалардың құқықтарына қатысты бұзушылықтарды жою және лауазымды тұлғалардың кінәсі туралы мәселені қарау туралы ұсыныспен жүгінді. Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 61-бабына сәйкес, баланың ата-анасымен, атасы мен әжесімен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен және өзге де туыстарымен араласуына құқығы бар. Бүгінде балалардың анасының туыстарымен қарым-қатынасы толығымен қалпына келтірілді”, – дейді өкіл. 

Бұл ретте полиция департаментінің мәліметінше, департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасы тексеріс жүргізіп, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін бір полиция қызметкері құқық қорғау органдарынан шығарылса, тағы екі қызметкер қызметінен босатылды.

Сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың және олардың анасының алдағы тағдыры Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілінің назарында болатыны айтылды. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.