Жақында Астанада қала әкімдігінің отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақовқа сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сот үкімі шықты. Осыған байланысты осы саладағы қай басшы қызметінен кетуі керек? Астана әкімі отставкаға кетуі қажет пе? Осы сұраққа мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Мүксімов Салауат жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Салауат Сыйлыбайұлының айтуынша, қызметкерлері жемқорлық ісімен ұсталған басшылардың отставкаға кетуі бақыланады.

"Бізде қоластындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін жауапкершілік қарастырылғаны рас. Егер әңгіме әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің, яғни әкімшілік қызмет атқаратын мемлекеттік орган жетекшілеріне қатысты айтар болсақ, егер қоластындағы қызметкерге қатысты үкім шықса және оның әрекетсіздігі мен қылмыс арасындағы байланыс анықталса құқықтық жауапкершілік қарастырылған. 

Саяси мемлекеттік қызметкерлер де жауапқа тартылуы мүмкін. Мұнда тек құқықтық және саяси жауапкершілік қана жүктелмейді. Саяси қызметкердің қоластындағы адам сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, отставкаға кетуі керек", — деп түсіндірді. 
Сонымен қатар ол отставкаға кетудің арнайы талаптары бар екенін айтты. 

"Егер жемқорлыққа қатысты қылмыс тағайындалғанына үш ай болғаннан кейін жасалса жауапкершілік жүктеледі. Жалпы әр жағдай жеке қарастырылады. Себебі қылмыстық істің сипаты әртүрлі. Мәселен қылмыстық заңнамаға сәйкес қылмыс формалды және материалдық деп бөлінеді. Осы жағын, қайсысына жататынын анықтап аламыз, содан кейін ғана отставкаға кету керек пе деген мәселені қарастырамыз. Отставкаға кету туралы арызды қабылдау немесе қабылдамауды басшылық шешеді", — деп атап өтті Мүксімов. 

Ол осы сала жетекшісінің әрекетсіздігі мен қылмыстық іс арасында байланыс анықталмаса отставка қабылданбауы мүмкін екенін нақтылады. 

Айта кетейік, 2019 жылдың 20 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен өткен кездесуде президент бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орнынан түсу институтын енгізу керек екенін айтты.

Содан кейін "Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, саяси мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде, министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері егер олардың тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, міндетті түрде отставкаға кету туралы өтініш жазуы керек.

Бұған дейін қарамағындағы қызметкерге сот үкімі шыққанан кейін Түркістан облысын басқарған Өмірзақ Шөкеев отставкаға кеткен еді.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.