Семейдің 9 жастағы тұрғыны Асылжан Қаныбековтің сүйікті ісі – қыздарға арналған қазақи нақыштағы бұйымдар жасау. Анасына көмектесіп жүріп Асылжан зергелікке деген қызығушылығы оянған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Жеке мұрағаттан

4-сынып оқушысы бүгінде метал пластиналар мен сымдардан өз қолымен шашақ, шашбау, сырға, шолпы, білезік пен алқалар жасайды. Асылжанның жасаған бұйымдары қыз-келіншектер арасында сұранысқа ие. 

Асылжанның анасы Балауса 28 жаста, төрт баланың анасы. Асылжан – үйінің үлкені. 

“Өзім қазақ филологиясы мамандығын тәмамдағанмын. Бірақ тағдырдың жазуымен аутизм диагнозы қойылған балаларға арналған даму орталығында ұзақ уақыт жұмыс істедім. Менің бар міндетім –  оларды суретке, видеоға түсіру. Фотосуреттер мен бейнежазбаларға қарап мұғалімдер мен ата-аналар баланың қажырлы еңбекпен, үздіксіз жұмыстың арқасында аутизімді жеңуге болатынын бақылай алады. Бұл жұмыстың арқасында өзімді нағыз психолог ретінде сезіндім. Сондай-ақ өз әлемінде өмір сүретін аутист балалармен тіл табысуды үйрендім”, – дейді Балауса Қаныбекова.

“Күлшеқыздың өгей шешесі секілді болдым”

Ол атамыш диагнозды қандай әдістермен жеңілдетуге болатынын айтты. 

“Ұсақ моториканың аутист балаларға берері көп. Ақыл саусақтардың ұшында орналасқан. Ұсақ моторикасы жақсы дамыған баланың есте сақтау қабілеті жақсы, зейіні мен интеллектісі жоғары болады. Сол себепті мен Күлшеқыздың өгей шешесі секілді балаларыма қарақұмық пен бұршақты араластырып беріп, оларды бір-бірінен ажыратуға мәжбүрлейтінмін. Бұл әдіс ұсақ моториканы керемет дамытады. Балаларымды бір нәрсені құрастыруға, қиып, жабыстыруға баулитынмын. Асылжанның №8 көркем-эстетикалық тәрбие және тәрбие беру мектеп-кешеніне баруы да кездейсоқтық емес. Бірақ мен 9 жасында ұлымның зерген болатынын білген жоқпын”, – дейді Асылжанның анасы. 

Былтыр Балауса әлеуметтік желіде ашқан әйелдер клубының мүшелеріне ұлттық нақыштағы шаш қыстырғыштарға тапсырыс берген. Содан кейін ұлттық бұйымдар туралы сұрайтындар көбейген. Мұны байқаған Балауса әшекейлердің қалай жасалатынын өзі үйреніп алып, шағын кәсіп бастаған. Аз уақытта кәсібін дөңгелетіп әкеткен келіншек бұйымдарына деген сұраныстың қалай артқанын да байқамады.

“Тапсырыстарды жасауға жалғыз өзімнің үлгермейтінімді түсініп Асылжаннан көмек сұрадым. Кәшкентайынан оның ұсақ моторикасы жақсы дамыған. Бұйым жасай бастап еді бұл қабілетін одан әрі дамытты. Асылжан мектепте де сабырлы, мақсаткер. Ұстаздары оны жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Әшекей-бұйым жасау – жұмыс. Сәйкесінше, Асылжанға еңбегі үшін ақы төлеуім керек. Бір бұйым үшін Асылжан 500 теңге алады. Екеуіміз 1000-нан астам бұйым жасадық. Ағасына қарап Әкежан да бұйым жасайды. Әкежан сырға жасауды үйрегіп алды”, – дейді Балауса.

“Ақша жинап, отбасымызбен БАӘ-не барғымыз келеді”

Келіншектің айтуынша, қазір ұлдары ата-анасынан ақша сұрамайды. Қазір олар табысын арттыруды ойлап жүрген көрінеді. 

“Көбірек ақша табу үшін не істеу керек?" деп сұрайды. Күйеуім де қолөнер шебері. Көлік рульдерінің қаптарын жасайды. Асылжан мен Әкежан оған өрнек салады. Әр дайындалған материал үшін олар 100 теңгеден алады. Асылжанның телефоны ескі еді. Ол үш айдың ішінде тапқан ақшасына жаңа смартфон алды. Сондай-ақ інісі екеуі көптен бері армандап жүрген велосипедін де сатып алды. Енді отбасымызбен Біріккен Араб Әмірлігіне бару үшін ақша жинап жатырмыз. Бүкіл отбасымызбен шетелге шыққымыз келеді”, – дейді Асылжанның анасы.

Бүгінде олар бірігіп жарты миллион теңге жинап үлгерген. Қаражаттың қалғанын Наурыз кезінде әшекей-бұйымдар сатып, жинаймыз деген үмітте. Балауса мен Асылжанның Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрақты клиенттері бар. Білезік, шашқа тағатын бұйымдар мен алқалардан бөлек қыз-келіншектер шекелікке жиі тапсырыс беретін көрінеді. 

“Бұйым жасауға бір сағаттан артық уақыт бөлмеймін”

Асылжанның мектептегі сынытастары мен ұстаздары оның немен айналысатынын білгенде 8-наурыз мерекесіне қыздарға не сыйлаймыз деп бас ауыртпай, әшекей-бұйымға тапсырыс берген. 

“Сыныптағы қыздарға сыйылққа береміз деп Асылжанның бұйымдарына тапсырыс берді. Қыздардың бәрі риза. Ал Әкежан сүйікті мұғаліміне сырға жасап беретінін айтты. Әрине, балаларым көп жұмыс істеп, ақша тапқысы келеді. Бірақ күйеуіміз екеуіміз оларға барлығын тең ұстау керегін айтамыз. Балаларым оқуға да, жүзу, таэквондо, футбол сияқты басқа да нәрселерге уақыт бөлуі керек”, – дейді Балауса Қаныбекова.

Асылжан бұйым жасауға күніне бір-ақ сағат уақыт бөлетінін айтады.

“Бұйым жасауға бір сағаттан артық уақыт бөлмейміз. Ініммен іске кіріскен сәттен бастап секундомер қойып қоямыз. Кей бұйымдарды 5-10 минтта жасауға болады, ал кейбір күрделі әшекейлерді жасауға бір сағат уақыт кетеді”, – дейді Асылжанның өзі. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.