Семейде шатыр материалдарын шығаратын зауытта апат болып, салдарынан бес жұмысшы зардап шекті. Зауытта ыстық су құбыры жарылған. Аман қалу үшін жұмысшылар екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен. Олар ауыр жарақат алып, қазір ауруханада жатыр. Енді көмексіз қаламыз деп қорқып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Матаушы Дулат Кьюков сынық пен дене тілімдерінің кесірінен бір аптадан бері ауруханада жатыр. Ол жұмыста жарақат алғанын айтады. Оқыс оқиға жұмыс күнінің соңында болған. Ер адам ауысымнан кейін суға түсіп жатқан. Сол кезде ыстық су құбыры үзілген. Жұрт үрейлене қашуға тырысқанымен, ыстық будан ештеңе көрінбей қалыпты. Содан кейін жұмысшылар амалсыздан терезеден секірген.

Душқа кіріп кетсек, осындай жағдай болды. Су атылды! Енді қайтеміз, ыстық буға қарай жүгіреміз бе? 200-180 градус ыстық. Оған тірідей күйеміз. Үлкендер "Жүр, секірейік" деді. Барлығымыз секірдік”, – деді Дулат Кьюков.

Терезе астындағы мұзға құлаған бес ер адамды әріптестері тауып алған. Олар жедел жәрдем шақырды. Зардап шеккендер қозғала алмай, есін жоғалтқан. Бір жұмысшы жедел жәрдем бөлмесінде емделіп, үйіне жіберілді. Бірақ қалғандары ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

“Науқастар бас-ми жарақатын алды, аяқ-қолы сынған, көгерген және денелері шыныға кесілген. Қазір барлығының жағдайы тұрақты. Отаға дайындалып жатыр”, – деді Семей қалалық жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Дамир Сыдықов.

Кәсіпорын қызметкерлері бұған дейін жуынатын бөлмедегі суға қатысты басшыларына шағымданған. Бірақ ол жерде жөндеу ешқашан жүргізілмеген. Енді емделуге, сауығып кетуге ақша керек. Жәбірленушілерде ондай қаражат жоқ. Жұмыс беруші көмектесе ме, жоқ па, ештеңе айтпапты.

"Олар бірнеше рет хабарласып, душты жөндеуді сұрады. Ал немқұрайлылық неге әкелді? Бес отбасының асыраушысы қандай жағдайда? Болашақта олар қалай жұмыс істейді, жұмыс істей алады ма, жоқ па? Енді ертең аяққа тұрып, жүре алса екен деп дұға жасап жатырмыз. Біз әділдік пен тиісті тергеу жүргізуді сұраймыз”, – деді жәбірленушінің туысы Динара Әбділқайыр.

“Директор бізге өтемақы берілмейтінін айтты. Енді тергеу жүргізіледі. Сатып алатын дәрі-дәрмектер отбасымыздың қаржысынан алынып жатыр. Ал біздің үш баламыз бар”, – деді жәбірленушінің әйелі Сандуғаш Баймағамбетова.

Еңбек инспекциясы зауыттағы оқыс оқиғаға қатысты тергеуді бастады. Арнайы комиссия жауаптыларды анықтауы керек. Бұл ретте шенеуніктер зардап шеккендерді көмексіз қалдырмайтындарына уәде берді.

“Тергеу кезеңінде қызметкердің емделуіне кеткен шығынды жұмыс беруші өтеуі керек. Шығын сомасын өтейді. Қызметкерлерге уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы төленеді. 100% толық төлем болады. Ал алдағы уақытта тергеу нәтижесін қараймыз”, – деп мәлімдеді ТАбай аудандық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау басқармасының басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев.

Қазір мамандар оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, апат ыстық су құбырларын жалғайтын адаптердің жарылуы салдарынан орын алған. Олар тергеу нәтижесін 10 күннен кейін жариялауға уәде берді.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.