Оңтүстік кореялық азамат О Санг Хо бүгінде Алматыда Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ұстаздық етеді. Ел мәдениетіне әбден сіңіскен азамат Жезқазған мен Петропавлдан басқа республиканың барлық ірі қалаларын аралаған. Тіпті Берік Тәңірберген деген қазақша атқа да ие болыпты. Қазақ тілінде сөйлейтін азамат қазақтың тойы, ұлттық тағамы мен халқының қонақжайлылығын ерекше ұнататынын айтады. О Санг Хо Stan.kz тілшісіне 130-ға жуық этнос өкілдері тату өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың отансүйгіштігі мен мұндағы өмірі туралы баяндап берді.

Фото О Санг Хо-ның жеке архиві

Санг Хо Оңтүстік Кореяның екінші үлкен қаласы Пусанда дүниеге келген. Азамат Кореяда оқып жүрген кезінде университетте және аспирантурада қазақ халқының тарихын зерттей бастаған. 

“20 жасымнан бері Сеул қаласында жалғыз тұрдым. Студент кезімде қазақ халқын, соның ішінде қазақ зиялыларын зерттедім. Осылайша 2012 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқу бойынша алмасу бағдарламасымен алғаш рет келдім. Ол кезде қазіргідей смартфон қолданбайтынбыз. Сондықтан Алматының жолдарын жатқа білу маңызды болды. Дегенмен мен бұл елдің табиғатына ғашық болдым. Кейін оқу біткесін қайта отаныма оралуыма тура келді. Алайда Қазақстанда үйреніп қалғандықтан қайта келуге ниетім болды. Бақытыма орай, бұл жақта корейтанудан сабақ беретін орын ашылып, мені сол жерге шақырды. Қазақстанға қайта келетінімді естіп қатты қуандым”, – деді азамат. 

Фото О Санг Хо-ның жеке архиві

Санг Хоның Алматы қаласына қайта келіп жұмыс істеп жүргеніне осымен үш жылдай уақыт өтіпті. Ол Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің шығыстану кафедрасында дәріс береді.  

“Қазақстанда 130-ға жуық этнос өкілдерінің бір-бірімен тату өмір сүруі мені таңғалдырды. Бізде Кореяда керісінше, көп ұлттар бір-бірімен араласпайды. Қазақстанның кең байтақ жері, табиғаты мен қасиетті халқы оның ең бірінші ерекшелігі деп айтсам болады. Қазақстан – 21 ғасырдағы жаңа әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Бұған тек технология ғана емес, ұлттық сана, патриоттық сезім де кіреді. Ал республиканың бай табиғаты мен экожүйесіне қарап бұл елдің болашағы зор деп есептеймін”, – деп қосты Санг Хо. 

Фото О Санг Хо-ның жеке архиві

Кореялық азаматтың қазақы ортаға сіңіскені сонша мұнда оған тіпті қазақша ат та қойылған екен. Университет қабырғасында ұстазы оны Берік деп атап кеткен. Cондай-ақ корейше атының “тәңірдің бергені” деген қазақша баламасын білген соң тегін Тәңірберген деп таныстыруды шешкен. Осылайша О Санг Хо өзін қазақша Берік Тәңірберген деген есіммен атайды.

“Қазақ тілін үйрену себебім, бізде қазақша сөйлейтін кәрістер жоқ. Сол үшін орыс тілін таңдамадым. Қазақ тілін кәрістердің арасында бірінші болып үйренемін деген оймен 4 жыл оқыдым. Айтпақшы, мен Қазақстанға алғаш келген кезде Алматы тұрғындарының көбісі орысша сөйлейтін. Дүкенде немесе мейрамханада тапсырыс бергенде қазақтарды іздейтінмін. Ал қазір, әрине, ана тіліне деген қызығушылық артып келеді. Тіпті қазақша сөйлеу трендке айналуда. Өзіме келер болсам, қазақ тілінде жетік сөйлеймін деп айта алмаймын. Дегенмен күнделікті өмірде қазақ тілін еш ыңғайсызданбай қолданамын. Достарыммен, таныстарымның сұрақтарына қазақша жауап беремін”, – деді Берік атанған азамат. 

Фото О Санг Хо-ның жеке архиві

Санг Хо осы үш жыл ішінде Жезқазған мен Петропавлдан басқа Қазақстанның барлық ірі қалаларын аралап шыққан.

“Түрлі қалаларды аралау арқылы мен түрлі ортамен танысып, онда тұратын қазақстандықтардың ерекшеліктерін көрдім. Әсіресе, қазақ халқының "үш жүз" секілді дүниелері мені ерекше қызықтырды. Осы тұста қазақтар мен кәрістердің ұқсастығы көп деп ойлаймын. Ең алдымен, олардың сырт келбеттері ұқсас көрінеді. Ал қазақтардың үлкендерді сыйлау, адамдардың бір-біріне жылы сезім сыйлауы, көмектесіп, жанашырлық танытуы Кореяға қарағанда жақсырақ деп ойлаймын. Себебі қазіргі Кореяда индивидуализм көп, басқаларға жылы лебіз білдіре қоймайды”, – деп қосты ол. 

Кореялық азамат қазақ тағамдарын да сүйсініп жейтінін алға тартты. Ал дәстүрлерден қазақтың тойына таңғалысын жасырмады.

Фото О Санг Хо-ның жеке архиві

“Теңіз жағасындағы қалада дүниеге келсем де, балықты ұнатпаймын. Неге екенін білмеймін, бірақ маған ет ұнайды. Сондықтан қазақ тағамдарының көбін жақсы көремін. Әсіресе, картоп қосылған сірне, қуырдақ өте дәмді тағамдар. Ақтауда болғанымда балықтан жасалған бесбармақты ұсынған болатын. Алайда бәрібір етке жетпейді екен. 

Қазақтың неке тойына тәнті болып, таңғалдым. Кореяда үйлену тойы әдетте бір сағатқа созылады. Ал Қазақстанда үйлену тойлары ұзақ уақыт өтеді екен. Тойдың өзінің бірнеше түрлері барын білдім. Мәселен қыз ұзату, сырға салу сияқты әр түрлі үйлену тойларында жасалатын ғұрыптар маған өте қызық”, – деп қоса кетті Санг Хо. 

Кореялық азамат тәуелсіз Қазақстанды өзге елдерге таныта түсу керек деп есептейтінін де тілге тиек етті. 

“Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет. Алайда бұл ел туралы білмейтіндер көп сияқты. Сондықтан әсіресе өзге ұлттар тәуелсіз, ерекше, табиғаты бай ел туралы білсе деймін. Достығымыз нығайып алға дами берейік”, – деп қорытты Санг Хо. 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.