Ақтауда 21 жастағы Валерия Шальнованың өліміне қатысты зардап шеккен тараптың адвокаты Ажар Әбділ полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ажар Әбділдің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр және процесс әлі аяқталмаған.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын департамент бастығының орынбасары Дастан Сахариев басқаратын тәжірибелі мамандардан құрылған тергеу-жедел тобы өңдеуде. Қазіргі уақытта нақты фактілерді анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қорытындысы бойыншазаңды процессуалдық шешім қабылданады", – деді Ажар Әбділ.

Ол қылмыстық іс Валерия Шальнованың өлімін тергеген полицейлерге емес, тергеуге еш қатысы жоқ және тергеу тобының құрамына кірмейтін қызметкерлерге қатысты қозғалғанын атап өтті.

"Алайда, олар бұл іске араласқан. Айта кетейік, Рима Лобян бастаған Ақтау қалалық ІІБ тергеу-жедел тобының қызметкерлері күдіктінің айғақтары бойынша жеткілікті дәлелдемелік базаны жинау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаған. Кейін іс сотққа жіберілген. Қазіргі уақытта сотталушыға қатысты сот процесі әлі аяқталған жоқ", –деп қорытындылады Ажар Әбділ.

Еске салсақ, осыған дейін Ақтауда 21 жастағы Валерия Шальнованың өлімін тергеген полицейлерге қатысты қылмыстық іс тоқтатылғаны туралы жазған болатынбыз. 

30 қазанда Маңғыстау полициясы өз қызметкерлерінің кінәсіздігін алға тартқан мәлімдеме таратқан болатын. Алайда жәбірленушілер мұнымен келіспейді. Марқұмның әпкесі полицияның спортшының өлтірілгенін прокуратураның араласуынан кейін және қоғамның наразылығынан кейін ғана мойындағанын айтты.

2 шілде күні МАЭК су алатын каналының маңынан ақтаулық 21 жастағы спортшының денесі табылған болатын. Полиция алдымен "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, кейін "Қауіпті жағдайда қалдыру" бабы бойынша істі қайта саралады.

Туыстары қыздың өлтірілгеніне сенімді. Қоғамдық наразылықтан кейін полиция бұл істі "Кісі өлтіру" деп өзгертті. 13 қазанда іс материалдары сотқа жіберілді. Басты күдікті – қыздың бұрынғы жігіті. Туыстары ол кісі өлтіруді қызғаныштан жасады деп есептейді.


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.