Құсни таймуллина, СҚму оқытушысы Мәңгiлiк ел ұлт мұраты Биылғы Қр президентiнiң Қазақстан халқына арнаған: «Қазақстан 2050: бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ»



жүктеу 55.48 Kb.
Дата05.08.2018
өлшемі55.48 Kb.

Құсни ТАЙМУЛЛИНА, СҚМУ оқытушысы

Мәңгiлiк ел - ұлт мұраты


Биылғы ҚР Президентiнiң Қазақстан халқына арнаған: «Қазақстан - 2050: бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» Жолдауы осы жылдың негiзгi бас құжаты болып табылады. Жолдауда ел өмiрiндегi елдiк арман - мұраттар сөз болады. Сондықтан да барша қазақстандықтардың өмiрiне, болашағына қатысты ертеңiне бағыт беретiн, жүретiн тура жолын көрсететiн мәндi де қажеттi тарихи құжаттағы алға қойылған әр мiндеттiң өзiндiк атқарар жүгi, маңызы зор.

Бұл Елбасының Қазақстан халқына арнаған рет саны бойынша он сегiзiншi Жолдауы. Әрi «Қазақстан-2050» Стратегиясының жалғасы, сол арман-мақсаттарға жету жолының бiр арнасы iспеттес.

Жылқы жылында жарияланған «Қазақстан - 2050» Стратегиясы - елдiң жарқын болашағының кепiлi, дамуымыздың даңғыл жолы. Осы стратегиялық құжатта Қазақстан тарихына енетiн 10 креативтi идея анықталған: қазақстандық қоғамның шешушi құндылықтары патриотизм, мобильдi, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, роботты техника, гендiк инженериялық инновациялар, Қазақстан геологиялық барлау саласында әлемдiк рынокқа ену бойынша геология саласын дамыту, аграрлық ғылым, соның iшiнде гендiк жаңғыртылған дақылдар дайындау бойынша ауыл шаруашылығын экспорттау, шетелдiк инвестицияларды бiздiң елiмiзге бiлiмдер мен жаңа технологияларды трансферттеу үшiн пайдалану арқылы ғылымды дамыта түсу, Қазақстанның iрi қалаларында қазiргi заманғы орталықтарға айналдыру бойынша аумақтық даму, көлiк саласында жүктердi тасымалдау үшiн, соның iшiнде болашақты теңiзге шығатын елдерде орталықтар құру, энергетика бойынша ЭКСПО-2017-ге дайындық барысында энергия мен жасыл экономиканы құру, елiмiздегi шағын және орта бизнестi жаңа инновациялық кәсiпорындар төңiрегiнде дамыту, болашақта экономикамызға қазақстандық экспорттық әлеуетте шикiзаттық емес өнiмнiң үлесi 70 пайызға дейiн ұлғайтуға жағдай жасайтын экономиканың ғылымды қажет ететiн моделi енгiзiлмек.

Мемлекет басшысының халқына арнаған Жолдауы арқылы тәуелсiздiгiмiздiң тұғырын биiктету, елдiгiмiздiң бiрлiгiн нығайту, халқымыздың әл-ахуалын жақсарту, ұлттық құндылықтарымызды, ел мәртебесiн арттыру үшiн қазақстандықтарды ортақ iске шақырып, бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ жолында ел үшiн аянбай қызмет етуге үндейдi.

Үстiмiздегi жылдың 17- шi қаңтар күнi Ұлт көшбасшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елiмiздiң өркендеп дамуына әсер ететiн барлық салалар бойынша жеткен жетiстiктер сараланып, алдағы күндерде стратегиялық негiзде орындалатын нақты тапсырмалар да берiлдi.

Жолдауда мемлекеттiк тiлге қатысты нақты ойлар айтылды. «Қазақ тiлi бүгiнде ғылым мен бiлiмнiң, интернеттiң тiлiне айналды. Қазақ тiлiнде бiлiм алатындардың саны жыл өткен сайын көбейiп келедi»,- дедi Н.Ә.Назарбаев. Шынында да қазiрдiң өзiнде елiмiздегi оқушылардың 60 пайызы мемлекеттiк тiлде оқиды. Мемлекеттiк тiл Қазақстанның барлық мектептерiнде, орта арнаулы оқу орындарында, жоғары оқу орындарында, барлық мемлекеттiк және мемлекеттiк емес мекемелерде оқытылады. Мемлекет басшысы жастармен кездесулерде олардың қазақ тiлiн меңгеруiне үлкен мән беруiнiң өзi де негiзсiз емес. Сондай-ақ өткен жылғы Жолдаудағы Елбасының: «Қазақ тiлi 2025 жылға қарай өмiрдiң барлық саласында үстемдiк етiп, кез келген ортада күнделiктi қатынас тiлiне айналады» дегенi де күн тәртiбiндегi мәселе, сол мiндеттiң орындалар күнiнiң ауылы да алыс емес. Елдегi статистикалық деректер, демографиялық көрсеткiштер, миграциялық жағдайлар, тағы басқа да жағдайлардан қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде өзге тәуелсiз елдердегiдей барынша қанат жаятынына, қоғам өмiрiнiң бар саласында толықтай өз дәрежесiнде қолданыс табатынына, сөйтiп, бәсекеге қабiлеттi басым тiл болатындығына сенiм мол. Ұлттық тiлi мен дiнi бар елдiң рухы, тәуелсiздiгi, азаттығы асқақ, болашағы кемел сипатқа ие болмақ.

Жалпы алғанда, биылғы Жолдауды «Қазақстан-2050» Стратегиясын әрi қарай дамыта, толықтыра түсетiн Жолдау ретiнде қабылдауға болады. Бiрақ, бұл Жолдаудың басқаларынан өзгеше өзiндiк қыры, ерекшелiгi бар. Ол - Мәңгiлiк Ел идеясын қазақ Елiнiң Ұлттық Идеясы деп жариялануымен айрықша бағалы. «Бiз үшiн болашағымызға бағдар ететiн, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтiн идея бар. Ол - Мәңгiлiк Ел идеясы… Ендi ешкiм өзгерте алмайтын бiр ақиқат бар. Ана тiлiмiз Мәңгiлiк елiмiзбен бiрге Мәңгiлiк тiл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете бiлгенiмiз жөн».

Елбасының осындай сөзiнен кейiн туған ана тiлiмiздiң мәртебесi артып, ендi тұғырына қонатын кезi туады дегенге нық сенiм бар. Ұлттық мәдениетiмiздiң басты көрсеткiшi ана тiлге қатысты айтылған жетелi ой астарында ұлт руханиятының бiраз мәселелерi қамтылмақ, тiл, дiл, әдебиет, мәдениеттiң дамуына игiлiктi жол ашылатындығы жатыр. Олай болса, халқымыздың ұлт ретiнде ұтатыны айдан анық.

Елбасының байыпты бағдар беретiн Жолдауы қоғамдағы әр салаға жоғары мiндеттер жүктеп отыр. Елбасының елiмiзде бiлiм беру саласын дамыту туралы көтерген мәселелерi негiзiнен педагог мамандарға жүктеледi. Өйткенi ұстаз елдiң ертеңгi тiзгiнiн ұстайтын ұрпақ тәрбиелейдi. Бiлiм негiзi мектепте берiледi, жоғары оқу орнында одан әрi мамандық бағытында қалана түседi.

Жоғары оқу орындарының басты мақсаты - болашақ мамандарды терең бiлiм берумен қатар қазiргi заман ағымына сай бiлiктi, жоғары интеллектуалды, мемлекеттiк тiлге жетiк маман даярлау. Сонымен қатар Жолдауда көрсетiлгендей студент оқыту нәтижесiнде сындарлы ойлау, өзiндiк iзденiспен ақпаратты терең талдау машығын игере бiлуi тиiс. Университет қабырғасында жүргiзiлетiн орыс аудиториясына арналған қазақ тiлi пәнiнiң негiзгi мiндеттерiнiң бiрi - мемлекеттiк тiлдi студент жастарға сөйлеу құралы ретiнде емiн-еркiн меңгерту. Сол себептен де қазақ тiлi кафедрасының оқу жұмыс бағдарламасы қазақ тiлiнiң грамматикалық заңдылықтары бойынша теориялық материалдарды қажеттi деңгейде бере отыра, студенттердiң сөйлеу деңгейiн, сөздiк қорларын барынша дамытуды көздейдi. Яғни, жоғары оқу орнында мемлекеттiк тiл А1А2 қарапайым пайдалануды, В1В дербес пайдалануды және С1С2 деңгейлерiнде iскерлiкпен пайдалану жүйесi негiзiнде оқытылады. Сабақ барысында студенттер белгiлi тақырып көлемiнде ғылыми жоба, баяндама дайындауға, әр түрлi тақырыпта мақала жазуға машықтанады. Олардың жазған жұмыстары, мақалалары университеттiң «Парасат», облыстық «Молодежная-Жастар» газетiнде жарияланып отырады. Өзгетiлдi студенттердiң сөйлеу мәдениетiн дамыту сабақтан тыс уақытта да жүргiзiледi. «Бiр ел — бiр кiтап» аясында Абайдың қарасөздерi, М.Әуезовтың «Қилы заман», М.Жұмабаев лирикасы, Ж.Аймауытовтың «Ақбiлек» романы, Ж.Молдағалиевтiң «Мен - қазақпын», О.Бөкейдiң «Қайдасың, қасқа құлыным», Ф.Оңғарсынованың «Дауа» сияқты көркем шығармалары оқылып, жан-жақты талданды, жалпы алғанда, жастарды атақты жерлес ұлы тұлғалармен таныстыру, сөйлеу қорларын, ой-өрiсiн дамыту мақсатында ақын, жазушы, ғалым, тарихшы, қазақ әдебиетiнiң классигi, қоғам қайраткерлерiнiң өмiр жолы, шығармашылығы, еңбектерi туралы құнды мәлiмет, дерек беру негiзiнде студенттердiң ғылыми-зерттеу конференциялары өткiзiлiп тұрады. Сонымен қатар кафедра университет көлемiнде түрлi шаралар ұйымдастырады, оған әр факультеттен студенттердi қатыстыра отыра, жастар бойына ұлтжандылықты сiңiре түсу үшiн «Мемлекеттiк тiл-менiң тiлiм», «Қазақстаным-шаңырағым» атты акциялар, сауаттылықты арттыруға бағытталған қазақ студенттерi мен өзгетiлдi студенттер арасында қазақ тiлiнен олимпиадалар, шығармалар байқауын дәстүрлi түрде өткiзiп тұрады. Кафедрамыз осындай ауқымды iстердi атқару арқылы жастардың қазақша сөйлеу мәдениетiн дамытып, ұлтжандылық, отаншылдық сезiмге баулуда. Сонымен қатар университет бағдарламасында 3 курс студенттерiне практикалық қазақ тiлiнiң жалғасы iспеттi кәсiби қазақ тiлi оқытылады. Онда студенттердiң қазақша сөйлеу тiлiн, сауатты жаза бiлуiн, ойды жеткiзе баяндауын кәсiптiк мамандықтарына қатысты термин сөздердi пайдалана отыра, аңдатпа, жобалар, тiл дамыту жұмыстарын жаздырту, сөйлету арқылы жетiлдiре түсу басты мақсат болып табылады. Сондықтан да кәсiби қазақ тiлiн оқыту тiл маманының қатысуымен ғана iске асырылғанда ғана нақты нәтиже беретiндiгi сөзсiз.



Орыс тiлдi студент жастардың қазақ тiлiне деген дұрыс көзқарасын қалыптастырып, болашақта мемлекеттiк қызмет саласында, бiлiм беру жүйесiнде болсын жұмыс iстей алатындай маман болуына жол ашу, мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгерген, ел, ұлт мүддесiн қорғайтындай азамат етiп тәрбиелеу - ұстаздардың парызы болып қала бермек. Сондықтан да ұстаздар қауымы әр жастың санасына «Тiлге деген құрмет, елге деген көзқарасты бiлдiретiндiгiн» саналы түрде жеткiзiп, Жолдаудағы «Мәңгiлiк ел, мәңгiлiк тiл» аясында қазақстандық патриотизмге тәрбиелей түсуi қажет.

// Молодежная - Жастар. - 2014. - 24 сәуір

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет