Ғаламторда кәмелетке толмаған балалардың суретін рұқсатсыз жариялап, көңіл айтқан алаяқтың жазбасы тарады. Күдікті желі арқылы жеткіншектерді көз жұмды деп жалған ақпарат таратып,  жаназасына ақша жинаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеодан алынды

Баласының суретін желіде көрген ата-ана есеңгіреп отыр. 

Парақшада алаяқтар бірнеше жеткіншектің суреті жарияланған. Тіпті, оны көргендер ақша салып та үлгерген. Қазалы хабар балалардың ата-анасына да жеткен. Алдымен таныстары 6-сынып оқушысының анасына хабарласып, көңіл айтыпты. Есеңгіреп қалған ана алғашында түсінбей, кейін ол алаяқтардың әрекеті екенін ұққан. 

"Қызыңыздың арты қайырлы болсын, иманды болсын деп жан-жақтан көңіл айтып жатқан ел көп. Бірақ менің қызым тірі. Бұл видеоны шығармасқа болмады. Өте қиын жағдай. Бірінші видеоны тик-токқа салған. Сол жерден мен өзім көріп қалып, шок болдым. Қызым көріп, жылап жүр. Баланың психологиясын бұзып жатыр”, – дейді қыздың анасы.

Желідегі бұл хабар біраз адамды дүрліктірді. Пікір екіге бөлінген. Бірі – алаяқты маньякқа теңесе, енді бірі бұл оқиғаға ата-ананың өзін кінәлайды. 

"Бұл ауру адам ғой. Бұны тауып алып психологиялық емханаға жатқызу керек. Менің де фотомды алып салған ғой. Маған инстаграмнан келіп тұр. Өзім шок болдым. Адамдар не болып барады? Желіге баласын жарысып салып жатыр. Ата-аналар ойланыңдар”, – деп жазды желідегілер.

Ата-ананың көбі балдырғанының фотосын өздері желіге жариялайды. Күдікті оны ашық дереккөзден алған. Белсенділер сақтықта қорлықтың жоқ екенін айтады. Отбасылық суреттерді барынша желіге жарияламауға кеңес береді. 

"Әлеуметтік желідеге контенттер заңда қабылданып жатыр ғой. Осының бәрі қадағалаудан өтсе… Соларға жауапкершілік белгіленсе… Әсіресе балалардың фотосын қоюға байланысты. Онсызт да фотоны қоюға байланысты талаптар бар ғой. Бірақ өз балаларының фотосын қоюға ешкім шектемейді ғой”, – дейді қоғам белсендісі Айша Құрманғали.

Ата-аналар полицияға арыз жазған. Әзірге тек парақша иесінің суреттерді Семейден салып отырғаны анықталды. Ол табылған күннің өзінде, қандай да бір жауапкершілікке тартылуы екіталай. 

"Суретті салып отырған азаматқа егер де мына ақшасынан айырылып отқан адамдар арыз жазбаса қылмыстық жауапкершіліктен құтылып келуі мүмкін. Тек қана азаматтық болады. Азаматтық деген ол ешқандай қылмыстық жауапкершілікке жатпайды. Жеңіл дәрежедегі, яғни моральдық зиянын төлей салады ақшамен. Болды”, – дейді заңгер Жандос Тұқов.

Балалалар құқығы қорғалуы тиіс. Бұл туралы біраздан бері айтылып келеді. Жаңа заң да қабылданды. Бірақ алаяқтар айылын тияр емес. Ақша табудың тәсілі болса болды, қалғанына бас ауыртып жатпайды. Қазір желідегі белсенділер мәселені дереу қадағалауға алу керегін жазып жатыр.

Еске салсақ, бүған дейін қазақстандық әйелге әлеуметтік желідегі видеосы үшін 664 мың теңге айыппұл салынғаны туралы жазған едік.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.