Желіде экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді кішкентай қызды зорламақ болды деген ақпарат тарады. Бұған адвокат Жанна Мұхамади пікір білдіріп, ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Елена Семенова есімді Facebook қолданушысы Айтбек Амангелді айыпталушы Қуандық Бишімбаевтың 10 жасар қызын зорламақ болғанын айтып, президентке мәселені назарға алуын сұрады. Айтуынша, Айтбек түн ортасында шабуылдаған, Бишімбаевтың ұлы қорыққанынан шкафқа тығылған. Сөзінше, әкім болған ағасының арқасында іс тыныш жабылып, тергеу жүргізілмеген. 

Салтанат Нүкенованың адвокаты жағдайға бірден жауап беріп, бұл пост үшін ақша төленген болуы мүмкін екенін және ақпарат мүлдем шындыққа жанастпайтынын айтты. 

“Мына нәрсе мүлдем қисынға келмейді. Расымен осындай болса, баланың анасы мен әкесі, атасы мен әжесі үнсіз отырар ма еді? Бишімбаевтың бұрынғы әйелі (баланың анасы) мұны жазасыз қалдырар ма еді? Бұрын жұбайының мүддесі үшін жолбарыстай күрескен сауатты, білімді әйел, қызын зорламақ болған кезде үндемей қалады деп ойлайсыз ба??? Неліктен мұндай жағдайда онда оларды ата-ана құқығынан айырмайды?”, – деді құқық қорғаушы. 

Мұхамади расында Салтанаттың ағасы мен Бишімбаев арасында жанжал болғанын, сол кезде балалар қорқып қалғанын жасырмады. Айтуынша, осы кезде Айтбек өзі полиция шақырған. 

Қуандық Бишімбаевтың экс-зайыбы Назым Қаһарман да зорлау фактісін жоққа шығарды.

“Жала жаппауыңызды сұраймын. Мен – сол қыздың анасымын. Онда осы құжаттарды көрсетсеңіз, өзіме де қызық болып кетті. Рас болса, менің зорлау фактісі бойынша жазған арызымды да көрсетіңіз. Балалар шынында қорқып қалған еді, себебі әкелері оларды түн ортасында қауіпті жағдайда жалғыз тастап кетті. Артынша істі өзі жауып, арызданбауымды өтінді”, – деді айыпталушының бұрынғы әйелі.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.