Былтыр елімізде интернет алаяқтардың қарапайым тұрғындарға келтірген шығыны 11 миллиард теңгеден асқан. Бұлардың ішінде “пәтер көресетеміз” деп алыс аймақтан келетін студенттер мен тұрғындарды сан соқтырған жалған риелторлар да бар. Желідегі хабарландыруға арзан бағадағы әдемі пәтерлерді салатын олар үлкен қалаға енді келген қыз-жігіттер мен баспана іздеген шарасыз тұрғындарды құрығына оңай түсіреді. Stan.kz тілшісі желі арқылы алданғандар оқиғаларының тізбегін теріп, мұндай жағдайда не істеу керегін маманнан сұрап білді. 

Фото: жасанды интеллект жасаған

Пәтерді тиімді бағада қояды, уақыт созады

Тараздық ару Жангүл 3 жыл бұрын Алматыға студент болып келген. Айтуынша, ол желідегі хабарландырулардың арасынан әдемі әрі кең пәтерді көрген. Ал бағасы болса студент үшін қолжетімді болған.

“Пәтерді көру үшін 15 мың теңге ақша аудардым. Риелтордың айтқан мекен-жайына барсам “бұл пәтер өтіп кетті” деп бейтаныс адамдар мені кіргізбей қойды. Сол кезде өзім де ақшадан тарылып жүрген едім. Қиын жағдайға қалдым. Әлгі адам қоңырауыма жауап бермей, жоқ болып кетті. Бұл алаяқтар осындай жолмен ақша алу үшін кейде 2-3 күн созып, пәтерді көрсетпей жүріп алады”, — деді Жангүл. 

Арудың айтуынша, алаяқтардың құрығына, әсіресе, ауыл-аймақтан үлкен шаһарға енді келіп, тұратын баспана іздеген студенттер түседі екен. 

“Себебі үлкен қалаға келе сала олар бірінші баспана іздейді. Әрі шаһарда әлі оң солын танымайтындықтан арбауға оңай түседі. Мұндай жағдай менің ғана емес сол кезде бірге оқыған достарымның да басынан өтіпті. Тіпті қайта менің берген сомам олардың қасында түк емес екен”, – деп қосты Жангүл.  

Семейлік Бауыржан болса, осы алаяқтардың кесірінен достарының алдында қатты ұялғанын айтады. 

“Оқу жылы аяқталып қалған соң жатақханадан шығуға тура келді. Сөйтіп достарыммен Алматыда қалып жұмыс істейміз деген шешімге келдік. Алайда баратын жеріміз жоқ, ал жатахнадағы бөлмелерді босатуға тек екі күн уақыт берді. Жан-жақтан жабылып, іздей бастадық. Сөйтіп мен желідегі хабарландырудан бағасы да арзан, іші де керемет пәтер таптым. Жанымдағы жігіттер де қаланың шет жағынан тапқан екен. Алайда мен қоймай орталықтағы осы пәтерді көрейік деп хабарландырудағы номерге хабарластым. Сөйтіп риелтор пәтерді көру үшін алдын ала төлем жіберу керек екенін айтты. Тіпті ол бұл баспанаға сұраныстың көп екенін жеткізіп, “алатын болсаңдар тездетіп ақша жіберіңдер, әйтпесе сұрап жатқандар көп” деді. Мен достарымды көндіріп, 15 мың теңге ақша жинап, шотына ойланбастан аудара салдым”, – деді жігіт. 

Бауыржан қаражатты жіберген соң хабарласып пәтерді көріп, көшетін күнді айтқысы келген. Алайда риелтор қалада жоқ екенін айтып, күте тұруын сұраған екен.

“Мен оған сеніп бір күн бойы күттім. Келесі күні телефонына қоңырау бармай қойды. Сол кезде қатты шошыдым. Себебі жатақханадан шығатын уақыт таяды. Жігіттер болса маған сеніп отыр. Олардың тапқан пәтерлерін мен қарамай қойған едім. Тіпті риелторға берген ақшаны да солардан алып жинап бергенмін. Өзімді достарымның алдында кінәлі сезіндім”, – деп қосты ол. 

Нәтижесінде алданғанын түсінген Бауыржан достарына шындықты айтып, кейін бірге қаланың шеткі ауданынан табылған пәтерге көшкен. 

Сатып алу кезінде алдын ала төлем сұрайды

Ал Раушан есімді алматылық ару болса, мұндай алаяқтардың тіпті үлкен қаражат алып та сан соқтырып жүргенін алға тартты. Айтуынша, олар әпкесі үлкен үй алмақ болған кезінде желідегі жарнамалардан жақсы нұсқа тапқан. Өзін риелтор деп таныстырған адам алдын ала төлем ретінде 5 миллион теңге сұраған.

“Әпкем үйді ұзақ іздеді. Бағасы мен ішкі жағдайы жақсысын енді таптық ау дегенде, риелторлар алдын ала төлем жасау керек екенін айтты. Үйді іздеуге көп уақытымыз кеткен соң, табылған жақсы нұсқадан айрылғымыз келмеді. Содан олар да жақын арада рәсімдейтіндерін айтып 5 миллион теңге ақшаны алып алды. Осыдан кейін екі-үш күндей қоңырауларға жауап бермей, кейінге шегеріп жүрді. Шыдамы таусылған әпкем алғысы келген үйдің мекен-жайына барса, ол басқа біреуге сатылып кеткен екен. Ал алаяқтар сол күйі қашқақтап жүріп, жоқ болды”, – деп қосты Раушан. 

Бойжеткен осы жағдайдан соң оларды табу қиынға соққанын жеткізді.

“Әпкем сол кезден бастап алданғанын түсініп, арыз жазды. Алайда іс ұзаққа созылды”, – деп қосты ол.

Осы тұста құзырлы органдар да мұндай алаяқтарды құрықтау қиынға соғатынын жасырмады. Олар желіде анонимизация қызметтерін ұсынатын шетелдік сайттардың көмегімен тіркелгендіктен тергеу кезінде жеке бас деректерін анықтау кейде мүмкін болмайтынын жеткізді. 

Желідегі алаяқтардан қалай қорғануға болады?

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ашжанов Қаныш елімізде мұндай жағдайлардың жиілегенін жасырмады. 

“Әдетте, мұндай жарнамалар, парақшалар анықталып, бұғатталады. Ал жауапкершілік ретінде ҚР ҚК 190 бабы (алаяқтық) бойынша жазаланады. Ал олардың арбауына түспес үшін ел азаматтары төлемді ешқашан алдын ала жасамауы қажет. Бастысы пәтердің бар екеніне нақты көз жеткізіп, заңды түрде келісім шарт жасасуы керек және пәтердің барлық құжаттарын тексерген жөн. Айтып кеткенімдей бұл жарнамалар барынша антықталып, бұғатталады. Дегенмен заматтарымыз да мұқият болып, сауда платформаладағы жалған хабарламаларға шағымданып, дизлайк қалдыра алады”, – деді Ашжанов Қаныш.

ҚР Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті де осыған дейін алаяқтардың ел азаматтарын қандай әдіспен алдайтынын жеткізген еді. 

  • Олар бірінші жалдамалы пәтер деп төмен бағада желіге хабарландырулар таратады;
  • Ал тұтынушы олардың номерлеріне тікелей хабарласа алмайды. Себебі бұл жерде тек хабарлама жазуға ғана мүмкіндік бар;
  • Олар өздерінің шетелде немесе өзге қалада екенін айтады;
  • Осылайша белгілі бір шот номерін жіберіп, алдын ала төлемді соған жіберуді сұрайды;
  • Кейде чектегі төлем нөмірі арқылы, деректерді тауып тұтынушы атынан несие алуы мүмкін. 

Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.