Ұстаз тәжірибесі Теңдік таймасова, Павлодар облысы, Ақсу каласындағы



жүктеу 32.82 Kb.
Дата08.05.2019
өлшемі32.82 Kb.

Ұстаз тәжірибесі
Теңдік ТАЙМАСОВА,

Павлодар облысы,

Ақсу каласындағы

1 қазақ орта мектебінің



бастауыш сынып мұғалімі

Таным тақпақтан басталады
Кез келген кішкентай балаға «Тақпақ айтып бере қойшы» десең,

«Аю отыр партада,

Екі қолы қалтада.

«Бір» мен «екі» алады,

Жиналысқа салады» деп зуылдата жөнеледі. Бұл тақпақты білмейтін бала жоқ. Неге десеңіз, бұл тақпақ жаттауға өте жеңіл, баланың ұғым-түсінігіне, қабылдауына лайықты. Және ұйқастары да жаттап алуға оңай. Екінші жағынан алғанда, балалар аюды көзімен көрмесе де, кішкентайынан ойыншық аю ұстап, оның түрін таниды. Өздері ойыншықтан және мультфильмнен көріп жүрген хайуан болғандықтан, көз алдарына бірден аюдың келбеті елестеп, бала зейіні мұндай тақпақты бірден қағып алады.

Тақпақ – тәрбие түрі. Оны жаттай-жаттай бала жақсы мен жаманды айыра алатын болады. Мәселен, мына бір тақпақты алайық.

«Нан қоқымын шашпаңдар,

Жерде жатса, баспаңдар.

Теріп алып қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар».

Байыбына бара білсеңіз, осы бір шумақ тақпақта көп дүние жатыр. Біріншіден, нан қоқымын шашпау дегеніміздің өзі баланы тазалыққа тәрбиелейді. Екіншіден, үнемшілдікке баулып, ысырапшылдықтан сақтандырады. Тақпақтың «жерде жатса, баспаңдар» деген жолы арқылы бала нанды шашып, басудың обал екенін білетін болады. Тақпақ арқылы бала нанды босқа далаға тастағаннан гөрі торғайларға беретін болса, өзінің жақсылық жасайтынын біледі. Яғни, ол экологиялық тәрбие алады, торғайларға да қамқорлық керектігін ұғынады.

Негізі, тақпақтар бастауыш сыныпта балаларға жаттауға үй тапсырмасы ретінде беріледі. Сондай-ақ, балабақша қабырғасында және мектепте мерекелік шаралар мен тәрбие сағаттарында балалар тақпақ жаттайды. Өкінішке қарай, көптеген ұстаздар осы тақпақ жаттату дегенге жете мән бермейді. Кітапханадан әдейі барып балалар жазушылары мен ақындарының шығармаларын алуға ерініп, өлең жазатын адамдарға қолқа салып жаздыртып жатады. Кейде балабақшалардағы тәрбие сағаттарына қатыссаң, балалар өздері де мағынасын жете ұқпайтын ауыр-ауыр өлеңдерді жатқа айтып тұрады.

Балабақша балаларына берілетін тақпақтарда, негізінен, жоғарыда айтылғандай, құстардың, аңдардың аттары бар сөздер болғаны жақсы. Бала жаттауға қиналмайды. Мәселен мына бір тақпақ (әнімен айтылатын) қандай тамаша!

«Бізде де бар қуыршақ,

Бұзау, қозы, құлыншақ.

Қуыршақтар ұйықтайды,

Емес олар ұрыншақ.

Қуыршақтар ұйықтайды,

Айтқаныңнан шықпайды.

Бұзау, қозы, құлыншақ

«Ұйықта» десең, ұқпайды» (Жалғасы бар).

Мұндай өлеңдер бір-екі жаттағаннан-ақ балалардың жадында өз-өзінен қалып қояды. Өйткені олардың көретіні-білетіні – қуыршақ. Өздері сияқты «балалар» – құлыншақ, қозы, бұзау. Балалар төлдерді жақсы көретіндіктен, олар туралы тақпақты қуана-қуана айтар еді.

Ал бастауыш сыныптарда бала ұғымына қуыршақтан гөрі құндырақ дүние – кітаппен, соның ішінде ардақты «Әліппемен танысады».

Кез келген бала «Әліппемен» қоштасу» сабағын асыға күтеді. Сондай сәтте балаларға:

«Менің атым – Әліппе,

Мені анаңдай дәріпте.

Мені оқып ержеткен

Бауыржан да, Мәлік те».

Қандай тамаша тақпақ! «Мені анаңдай дәріпте» дегенде кітапты да құрметтеу қажеті, онда көп байлық бары туралы ойлар жатыр. «Анаңдай дәріпте» деген тіркесте адам баласының өмірінде ана деген жанның әрқашан ардақталуы қажеттігі де аталып өткен. Сонымен қатар, баланың ойында «Бауыржан, Мәлік деген кім сонда?» деген сұрақ тумай ма? Байқайсыздар ма, бастауыш сыныпта осылай бір тақпақты жаттатып, балаға бірнеше салалы тәрбие беруге болады екен!

Өкініштісі, кейбір мұғалімдер мен тәрбиешілер «Күз» тақырыбын өткенде, кішкентай балаларға Абайдың «Күз» өлеңін жаттатады. Абайды ерте танығаны жақсы шығар, бірақ өлеңнің мағынасын бала ұға ма?

Бұл табиғат лирикасы болғанымен, әлеуметтік поэзия ғой. Бала оны ауыр қабылдайды. Сондықтан балаға

«Кітабыңды құрметте, 

Күтіп ұста кірлетпе. 

Кішілерге табыс ет, 

Дақ түсірмей бір бетке» деген сияқты өзінің қабылдауына сай, жан дүниесіне жақын тақпақ беру керек. Тақпақ бала танымының кілті екенін естен шығармайық!


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет