Тақырыбы: «Еліме қуат, халқыма шуақ бер, әз Наурыз!» Мақсаты



жүктеу 118.17 Kb.
Дата26.02.2018
өлшемі118.17 Kb.

Тақырыбы: «Еліме қуат, халқыма шуақ бер, әз Наурыз!»
Мақсаты:

  1. Наурыз мейрамының пайда болу тарихымен таныстыру, қазақ халқының салт – дәстүрімен таныстыра отырып, халқымыздың әдет – ғұрпын, мәдениетін түсініп, құрметтеуге тәрбиелеу;

  2. Оқушыларды халқымыздың дәстүріне, әдет – ғұрпына, салт санасына арналған жақсылық пен ақ ниетке толы бабалар жолын жалғастыруға баулу;

  3. Оқушылардың ізденушілік, танымдық қабілеттерін дамыта отырып, психологиялық іс - әрекеті арқылы жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Сахна төрі мерекеге сай безендірілген. «Жаңа жыл – Наурыз құтты болсын» көрме. Нақыл сөздер. Наурыз талы.

Мерекенің жүру барысы:

Кіріспе.

  1. Мерекенің ашылуы.

Мектеп директорының құттықтау сөзі.

Құрметті ұстаздар, ата –аналар! Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Көктем айы мен қатар даламызға жаңа жыл келді. Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады.




  1. «Ұлыс оң болсын», «Наурыз мейрамы бірлікті, келісім мен бейбітішілікті нығайта берсін!».

Ортаға ұлттық киім киген оқушылар шығады.

Наурыз тойы – ұлыстың ұлы тойы.
1 – оқушы: Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып ұлыстың ұлы күні келді, достар! Той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ жол болсын!
2 – оқушы: Наурыз парсы тілінде жаңа күн деген сөз. Яғни, бұл күн – біздің ата –бабаларымыз, арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы. Бұл күні күн мен түн теңеліп, бұдан былай күн түннен ұзара береді. Жақсы күн жасыл көктемді жайната нұрлануда, енді жадыраған жаз келеді.
3 – оқушы: Ұлыстың ұлы күні түнгі сағат бірде соға бастағаннан ел елжірей қуанып, есік ашып, дастарқан жайып, бірін – бірі құшақтаса құттықтайды. Бұл күні ешқандай реніш болмау керек. Әрбір адам иманжүзділік көрсетіп, қуанышын білдіріп, күлімдей сүйеніп, бар жақсылығын жайып салып, жадырап жүруге міндетті.

4 – оқушы: Ұлыстың ұлы күні – жаңа күн болғандықтан көп жаңалық, қуаныш игілік осы күннен басталуға тиіс: жас баланың тұсау кесері, баланы атқа мінгізу, жас жұбайлардың шаңырақ көтеруі, жас диқанның қос бастауы, әрбір адамның жас тал отырғызуы, талапкерлердің игі – істі бастауы т.б. толып жатқан жаңалықтар осы жаңа күнде, яғни жыл басында көрінеді. Ол бастамаларды ел – жұрт қуаттай құптап, қуанышқа ортақ болады.
5 – оқушы: Наурыз тойында әрбір адам өз шамасына қарай өнер көрсетеді: ән айтады, күй тартады, тақпақ, жыр, күлдіргі сөздер айтып, жұрттың көңілін көтереді. Өнер көрсетуге әрбір адам міндеттеі болғандықтан тойшылар өнер көрсету үшін өздері сұрануға міндетті. Мұндайда ұжымдасып, ұйымдасып өнер көрсетудің мәні зор. Халық өнерпаздардың талаптығы мен шеберлігін, дарынын жоғары бағалап, оларға ризашылығын айтып, сый – сияпат көрсетіледі.
6 – оқушы: Ұлыстың ұлы күні әрбір адам бұрынғы реніш, өкпе, наразылары болса, бәрін кешіп, бірін – бірі мейман етеді. Той үстінде әзіл – оспақ, қалжың, күлдіргі, өсиет сөздер ғана айтылу керек. Сыйласым үстінде әрбір тойшыға лайықты сыбаға беріліп, сый – сияпаттың жаңаша түрлері көрсетілуі қажет.
7 – оқушы: Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – Наурыз көже. Наурыз көже жеті түрлі дәмді астың құрамынан жасалады. Оның мәні – жаңа жылда тойымшылдық, молшылық, мәнді де дәмді, татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш ету. Наурыз тойындағы тағамдарды, көбінесе ақ жағы, /айран, қаймақ, қатық, құрт, ірімшік, малта/ басым болады. Өйткені бұл кезде төрт түлік төлдеп, ақ молайған кез. Сондықтан да тойшылар бір – біріне: «ақ мол болсын», «сауар көбейсін» деп тілек айтады.
8 – оқушы: Наурыз тойында әрбір адам өнермен қатар инабаттылық, имандылық, әдептілік көрсетіп, өз міндеттерін атқара алмаса, ол – үлкен айып болады. Өйткені, бүкіл адамзаттың қуанышты күнінде өз үлесін қоса алмаған адам, басқа достарының да намысын келтіреді. Ал ар – намысын қорғай алмау - әрбір адамның кесірлі кемістігі болып табылады.
9 – оқушы: Ұлыстың ұлы күнінде өзінің игілікті істерін көрсетіп, жастар қариялардан бата алады. Халық аңызы бойынша бұл күні Қыдыр баба барлық босағаны аттап, төрге шығып, бақыт, мерей, қуаныш әкеледі, жақсылық нұрын шашады. Қыдыр баба – елге тек жақсылық әкелетін, жақсылыққа бастап, қолдап жүретін Ұлы бейне.
Ән «Наурыз» оқушының орындауында
І жүргізуші:

«Алаш! Алаш!» деп айбатын асырған ер қазақ. «Абылайлап» ел шақырған өр қазақ, «қара қазан, сары бала қамы үшін» деп ұран салған нар қазақ, кейінгі кеңес дәуірінде кетуі кетіп, бүкіл барынан да, нарынан да айырылып жадап – жүдеген, жарлы қазақ енді қайтіп амалдаймын, аман қалам ба, қалмаймын ба, ел қатарына қалай қосылам, мені жарылқап жебейтін жарық әлемде кім бар деп қамыққанда, талпынғанда қармаған талының бір бұтағы Ұлыстың ұлы күні, тіршілік басы, исі түркі халықтарына ортақ әрі төл мейрамымыз Наурыз боды емес пе? Ендеше Наурыз бізге сонысымен де нұрлы, шуақты, ыстық. Ол тарихта табан тірер бұдыры, тереңге тартар түбірі, тамыры бар ұлт, шежірелі халық екенімізді білдіретін айғақты мейрам.


ІІ жүргізуші:

Мұсылман қауымы жыл басы деп мәртебе берген бұл күннің ұлылығы сонда, ол көктемгі жасарған табиғат құбылысымен, тіршіліктің оянуымен үндес, төл өргізіп, егін егуге кірісер уақыттағы бейбіт еңбекпен мәндес достыққа, бірлікке, елдікке шақыратын уағыздарымызбен де мағыналас. Наурыз мейрамының тағы бір қасиеті – түркі халықтарының, жалпы мұсылман қауымының туыстығын еске салып, түп тарихымызды жадымызда жаңғыртып, жердің алыс – жақындығына қарамай арадағы шекара белдеулерін де елемей, Ұлыстың ұлы күнін пір тұтқан елдерде, жерлерде үлкен той думан аталып өтілетіндігінде. Бұл тарапта қазаққа жат ешнәрсе жоқ, оның бауырмашылдығы, жомарттығы, дархандығы, құшағының айқара ашықтығы әлемге аян.


І жүргізуші:

Қырдан бүгін бу ықты,

Қуды жерден суықты.

Құтты болсын мерекең,

Наурыз айы туыпты.

Әне, Наурыз келеді,

Құлпырады жер енді.
Шаттық биін билеп наурыз ортаға шығады.

Меркенің нышаны «Наурызшешекті» ортамызға шақырайық.

Наурыз.

Көкпеңбек дала, туындай аспан көгілдір,

Көк кілем төсеп, көк көйлек киген өңір дүр.

Бәйшешек гүлге қылтиған жанын елітіп,

Жадырап қалар көңілді күндей көңіл бір.

Кел, наурызға, пейілін көр қазақтың,

Бұл күні, біле білгенге, ғажап тым!

Ақ ұсынған ақ шәлілі әжелер,

Наурыз күні, біле білгенге, ғажап тым!

Осылайша ойнап – күліп жыл басын мерекелеген жұрт ақшам түсе бір – біріне алғыстарын айтып, батасын беріп тарасып жатады.



  1. «Сарыарқа» күйі ойнайды. Күй бәсеңдеген кезде, көрермендер залының екі жақ бүйіріндегі есіктен бозбалалар мен бойжеткендер шығып, сахнаға қарай жүреді. Бәрі де жарқын жүзді, көңілді.

Той басталды!

Наурыз тойы басталды!

Наурыз тойы құтты болсын!

Бүгін той ауылда, ағайын! – деп сөздер айтады.

Музыка күшейеді.

Сахна шымылдығы ашылады, сахна төріне ауыл ақсақалдары мен бәйбішелері шығады. Сахнаға көтерілген жастар арасынан екі жігіт, екі қыз бөлініп шығып, тойға шақыру жырын айтады.

Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!

Босқа қарап тұрмаңыздар!

Наурыз тойы басталды.

Көргендер де арманда,

Көрмегендер де арманда,

Қызықтан тыс қалмаңдар!

Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!

Ұлыс тойы басталды.

Наурыз тойын көтеріп,

Жар салайық әлемге.

Көрмегендер көріңдер,

Естімегендер естіңдер.

Дабылын Наурыздың қағайық,

Шақырамыз бәріңді

Ұлысытың ұлы күніне!

Жедел жүріп алаңға жетіңіздер,

Наурызға адал ниет етіңіздер!

Қарсы алып, жылдың басын, той тойлайық,

Ән шырқап, би билейік қауым болып.

Музыка күшейеді.

Екі оқушының орындауында ән: «Той бастар»

Киіз үйдің есігінен жеті ақ жаулықты келіншек шығады. Қолдарында тостаған. Оларға қарама –қарсы жақтан жеті бәйбіше шығады, қолдарында шарааяқ, келіншектер бәйбішелерге сәлем беріп, қолдарындағы тостағандарға ақ құйғызады.

(Ақты залға ауыз тигізіп үйлестіреді. Барша көрермен ақты тегіс ішеді).

Барлық оқушылардың орындауында: «Қазақы дастарханым».




  1. Күн көтеру рәсімі.

Сахнада тұрғындардың барлығы да күнге қарап, тәу етеді.

Армысың қайырымды Күн – Ана!

Атар таңға, шығар күнге

Тәу – тәу!!!

Басымызға амандық,

Малымызға береке дарыта көр

Тәу – тәу!!!

Музыка күшейеді.

Сахнада тұрған жас, кіші барлығы бірі – біріне құшақ жайып, төс қағыстырып, амандасады. Топ ішінен екі жас бөлектеніп микрофонға келеді.

Бүгін шаттық, бүгін той,

Жаңарған дәстүр, жарқын ой.

Қыздырған Наурыз мейрамын

Жиналған жастар сауыққой.

Ән мен күйді төгілтіп,

Інжу – маржан шашайық!

Жиналған жұрт таң қалсын

Өнерден шашу шашайық!

Музыка күшейеді.

Музыка ойналып, «Қазақ биі» орындалады.
Сахнада жастар: Той бастар айтатын жігіт қайда? Тойды бастайық – деген сөздер айтылады.


  1. Тойбастар жыры айтылады. Көпшіліктің ішінен бәйбішелер шығып, шашу шашады.

Қашанда құт береке орнасын деп,

Тойларды шашу –шашу салты елімнің.

Уа, халайық теріп ал несібеңді,

Қабыл қылсын халқымның ақ тілегін.

Шашу! Шашу! Көп шашайық шашуды,

Жауғандай көк аспаннан нөсер жаңбыр.

Уа жамағат, жинап ал нөсеріңді,

Ризығың болсын көл – көсір!

Шашу! Шашу! Шашу!

Тойларда шашу – шашу салты елімнің,

Көңілім дархан,

Несібем мол болсын деп,

Дәм тат мынау шашылған көп шашудан.

Бәйбішелерге келіншектер шашу табақтарын ұсынады, бәйбішелер көрермендер залына түседі де, көпшілікке шашу шашады.

Өздеріңе құт мекен болған бүгінгі даланың, сол далада мекен еткен үрім – бұтағының тіршілігін көрмек. Зәулім шаһарларға беттеп бара жатқан көштен жырылып, сендерге соға кеткелі келемін.

Оқушылар: - Апыр – ай, сізден өзге ешкім келмес пе екен бізге?

Тазша бала /жымың етіп/: - Асаларына таянып үш абыз емпеңдеп келе жатыр еді артымнан, ендігі табалдырыққа жеткен шығар ...
Есікті Үйсін Төле би, арғын Қаз дауысты Қазыбек, алшын Әйтеке би ашып кіріп келеді. Оқушылар мәз болып, қол қусырып қарсы алады. Амандық – саулықтан кейін балалар өнерін көрсетеді. Соңынан үш жүзге билігін жүргізген көнекөз билер кетуге рұқсат сұрайды.

1 – бастаушы. – Ақылы дария, көңілі көл бабалар! Сәтті жол сіздерге де тілейміз. Мына ұрпақтарыңызға ғибрат боларлықтай бірер ауыз өсиет айтпас па екенсіздер.

Төле би.

Жаңбыр жаумаса жер жетім,

Басшысы болмаса ел жетім,

Ұқпасқа айтқан сөз жетім.

Атың жақсы болса,

Ержігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы ....

Өгізді өрге салма, қанатың талар. Наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа қаба деп, жабыдан айғыр салма, жаугершілік болғанда жағдайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар. Қару жисаң, мылтық жи, жаяу жүрсең – таяғың, қарның ашса – тамағың. Менен ақыл сұрасаңдар, айтарым осы.

Қаз дауысты Қазбек.

Ілкі заманда қартайған Бұқар жыраудың көңілін сұрай барып едім, балаларым. Төсекте жатқан Бұқар жырау:



  • Бірден оңға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады. Қазбек, сен айтып берші? – деп сұрады. Мен былай деп жауап бердім.

  • Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман. Екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман. Үш дегеніңіз – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман. Төрт дегеніңіз – төскейге шыға алмаған кәрілік жаман. Бес дегеніңіз – белсеніп шапқан жау жаман. Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған адам жаман. Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатына жете алмаған жаман. Сегіз дегеніңіз – серкесіз бастаған қой жаман. Тоғыз дегеніңіз – толғаныңыз. Он дегеніңіз - өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз, - дедім. Қарт жырау риза болып қалып еді. Бұл айтылған нақыл сөз – тыңдай білгеннің адастырмас темірқазығы.

Әйтеке би.

Бабаларың тыңдап, кесіміне құлдық ұрған ғибратты сөздердің бірсыпырасын айтам, сендерге жаттығы болмас.

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауға найзаң тисін. Бай болып елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін.

Суалмайтын суат жоқ,

Таралмайтын бұлақ жоқ.

Құйрығы суда тұрса да,

Уақтысы жеткенде,

Қурамайтын құрақ жоқ.

Дүниеге деген фәни бұл,

Баласы жоқта мият жоқ.

Бәрінен қиын сол екен,

Артында жанған шырақ жоқ ...

Қазақтың заңғар үш биі ұрпақтарын Наурыз мейрамымен тағы да құттықтап, ақ баталарын береді.

Бізде Наурыз мерекесіне арналып, наурыз көже дайындалды. Оған 7 түрлі тағамның түрін салады. Ет, қатық, арпа, тұз, су, қамыр, сүт жатады. Наурыз көже ішкен адам жақсылыққа кенеліп, бәле жаладан алыс жүреді екен.

Дана халқымыз «Батамен ел, жаңбырмен жер көгереді» деп бекерге айтпаған ғой. Қанекей, Наурыз тойының ақ батасын сұрайық.



Қош, келіпсің, аманмын!

Арман тойы ананың

Қуанышы ғаламның

Құтты болсын қадамың!

/Қол жайып бата береді/

Ардақтаңдар атаны,

Тойсаңдар тасып, бөспеңдер,

Ал, тыңдаңдар батамды,

Топастық істі кешпеңдер.

Ананың сүтін ақтаңдар.

Ар – ұятты сақтаңдар.

Жалқаулық жаудан жаманды

Аңқау қып бұзар наданды.

Жеңіңдер оны күреспен,

Жеңіске жетер бірлескен.

Кең пейіл, дархан халқымыз,

Кеңейсін дәстүр – салтымыз.

  1. Ақ киім киген 7 қыз 7 шырақпен сахнадан түсіп, көрермендер арасымен жоғары көтеріледі. Сахнада шамшырақтар жанады. Аластау жыры сахна сыртында оқылады:

Алас, алас, пәледен қалас!

Алас, алас, пәледен қалас!

Алас, алас, пәледен қалас!

Жаңа жыл жарылқа,

Ескі жыл есірке!

Пәле жаладан сақтай гөр,

Жамандық әрі кет, әрі кет!

Ескі жыл кетті, жаңа жыл жетті

Айдан аман,

Жылдан есен болайық.

Алас, алас, пәледен қалас!

Алас, алас, пәледен қалас!

Алас, алас, пәледен қалас!

Сахна сыртындағы сөз:

- Аластау – халқымыздың ғұрпы бойынша өткен күндердегі ауырлық, реніш, сырқат бәрі ескі жылда, басқан ізде, жанған отта қалсын, жаңа жылда көңілдегі көркем ой, асыл арман, ақ тілектеріміз қабыл болсын деген ниетпен орындалатын мейрамның басты рәсімі.

6. Оқушылар тақпақтарын аяқтай бергенде есік ашылып, өңі алау – далау, алқынып бір бала кіреді. Басында кепе, үстінде жамау – жасқаулы ескі шапан, аяғында қазақы шоқайма етік.

- Ау, амансыңдар ма, балалар, қадірменді аға, әпкелер. Ұлыстарың оң болсын, қуаныштарың мол болсын.



1 – бастаушы: -Айтсын. Рахмет, тілегіңе. Бірақ, кім екніңді танымай тұрғанымыз. «Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген бар, құрдас. Ныспыңды айт, қайдан келесің ...

Тазша бала: - Алда айналайын – ай! Баяғыда Әйтеке би:

Әкемді сұрасаңыз – жетесіз,

Шешемді сұрасаңыз – некесіз.

Туа салған бір баламын,

Тегімді сұрап нетесіз? – деген екен. Сол айтқандай, түптеп келсек бәріңе таныс Тазшаның дәл өзі боламын. Кәдімгі, есер ханды мүдірмей қырық өтірік айтып, тәубесіне келтіріп, жарты патшалығын алып байып, қызын алып, күйеу болған шонжарың мен. Жас қусақ, сендердің аталарыңның аталары маған іні болып келеді. Халқымыз наурызды тойлап жатыр деген соң тарих қойнауында шыдап жата алмай жеткенім ғой бұл. Бай қалпымда келсем танымай қалар деп өзімнің сүйікті киімдерімді киіп шығып едім.

2 – бастаушы. – Оу, Тазша бала, жо – жоқ баба, жорытқанда жолыңыз болсын, жолдасыңыз Қыдыр болсын. Әйтсе де сұрауға рұқсат ет, жалғыз келемісіз?

Тазша бала: - Қайдан жалғыз шығайын. Халқыма асыққан мен ғана емес екенмін. Ел билеген хандар байрақ ұстаған батырлар, аузы дуалы билер, ертегілер еліндегі өздеріңе таныс кейіпкерлер бірігіп жолға шығыпты.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша Ұлыстың ұлы күні даланы Қыдыр баба аралайды. Қыдыр баба – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял – ғажайып бейне.

Сахнаға ауыл үлкендері шығады. Қыдыр баба келеді, батасын береді.
Қыдыр Баба:

Ал тыңдаңдар, батамды,

Ардақтаңдар атаны.

Тойсаңдар тасып, бөспеңдер,

Топастық істі кешпеңдер

Ананың сүтін ақтаңдар

Арларыңды сатпаңдар.

Жалқаулық жаудан жаманды

Аңқаулық бұзар наданды.

Жеңіңдер оны күреспен,

Жеңіске жетер бірлескен.

Кең пейіл, дархан халқымыз,

Кеңейсін дәстүр – салтымыз.

Дәстүрін елдің сыйлаңдар!

Дәстүрлі салтты тойлаңдар!

Орындалсын ойларың,

Тойға ұлассын тойларың!

Қорытынды:

Дәстүрлі Ұлы Наурыз тойымыз жылдан – жылға жалғаса берсін. Әр наурызды тек аманшылықпен қарсы алайық. Наурыз елімізге құт береке әкелсін!



Береке күннен – күнге таса берсін,

Халқымның үстемдігі аса берсін.

Күш қосып, ұйымдасып, қоғам болып,

Ер өрлеп, ілгері аяқ баса берсін!..

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет