Швейцария Конфедерациясына ресми сапары аясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бернде Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Эрик Нузбаумермен және Швейцария Конфедерациясының федералды кеңесшісі, Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесті.

Суретті түсірген  Ж.Жұмабеков

Федералды жиналыстың Ұлттық Кеңесінің төрағасымен кездесуде Ерлан Қошанов Эрик Нузбаумерге Швейцарияға ресми сапармен шақырғаны үшін алғыс айтты. Мәжіліс спикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті.

“Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға 2021 жылғы қарашадағы алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа тарауын ашты. 2021 жылғы тамызда Қазақстанға Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы ресми сапармен келді. Біздің бүгінгі сапарымыз екі ел арасындағы парламентаралық диалогты нығайтуға септігін тигізеді деп ойлаймыз”, – деді Мәжіліс төрағасы. 

Суретті түсірген  Ж.Жұмабеков

Ерлан Қошанов өз әріптесіне Президент реформалары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ VIII шақырылымдағы көп партиялы мәжіліс жұмысы, оның ішінде қабылданған жаңа заңдар туралы мәлімет берді.

Мәжіліс спикері қазақстандық тараптың Швейцариямен құқықтық саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниеті туралы айтты.

Тараптар достық топтары, комитеттер мен партиялық фракциялар арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономика, көлік-логистика, экология, білім беру мен ғылым салаларында серіктестікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Өз кезегінде Эрик Нузбаумер Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар парламентаралық байланыстарды тереңдетуге дайын екенін жеткізіп, достық топтарының жұмысын белсене жалғастыруға мүдделі екенін айтты.

Суретті түсірген  Ж.Жұмабеков

Сондай-ақ Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін одан әрі дамытуға депутаттардың атсалысатынына назар аударды.

Кездесу соңында Ерлан Қошанов швейцариялық швинген балуандарын ("қазақ күресіне" ұқсас күрестің ұлттық түрі) Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.

Швейцария Конфедерациясының Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесуде Мәжіліс төрағасы Қазақстан мен Швейцарияның әріптестігі өзара құрмет, достық және сенім рухында, оның ішінде парламенттер бағыты бойынша нығаятынына сенім білдірді.

Тараптар елдер арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту жайын да талқылады.

“Қазақстандық нарық – бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тиімді бастапқы алаң. Біз Швейцариямен ерекше жетістікке жеткен салаларда тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Ол – энергетика, қазба байлықтарын қайта өңдеу, фармацевтика, машина және аспап жасау, туризм және қаржылық қызмет көрсету салалары. Қазақстан бизнес жүргізу үшін оңтайлы жағдаймен қамтамасыз етуге дайын”, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Швейцария тарапының халықаралық аренадағы Қазақстанның бастамаларын қолдауын жоғары бағалайтынын және БҰҰ алаңында кандидатураларды өзара қолдау бойынша ынтымақтасудың жоғары деңгейін атап өтті. 

Тараптар Қазақстан азаматтары үшін Шенген аймағының визалық режимін жеңілдету және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы өзара түсіністік жөнінде меморандум жасасу мәселелері бойынша да пікір алмасты.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.