Тараз қазақстан менің отаным



жүктеу 265.21 Kb.
Дата17.11.2018
өлшемі265.21 Kb.
түріМазмұндама

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІ



9- 11 СЫНЫПТАРҒА АРНАЛҒАН МАЗМҰНДАМАЛАР ЖИНАҒЫ

Құрастырған: жоғары санатты қазақ

тілі мен әдебиеті мұғалімі

Жанкулова М.Б.



ТАРАЗ
ҚАЗАҚСТАН - МЕНІҢ ОТАНЫМ.
Дәурен бүгін таңертең ерте оянды. Басқа балалар әлі ұйықтап жатыр екен.Бұларды күнде ағайлары келіп оятатын.

Дәурен ваннаға барып жуынды да, сүлгімен немқұрайлы сүртіне бастады. Ішкі бөлмеге барып киінді де, айнаның алдына келіп таранды. Кенет ойланып кетті. Кеше аяқталған жарыс есіне түсіп, қатты ызаланды. Бір жақтан қатты намыстанды. Сол кезде көзінен жас көрінді. «Енді елге қайтып барамын? Туған елімнің, Қазақстанның сенімін ақтай алмадым-ау! Қазақ елінің атын шығара алмадым-ау! Жеңісті қолдан бердім ғой»,- деп, көзіндегі жасты қолымен сүртті.

Сол кезде балаларды оятуға келген Сәтбек ағай Дәуренді көріп қасына келді.

-Дәуренжан, қатты қайғыра берме!Сен қолыңнан келгенін істедің. Қазақстан үшін бірінші орын ала алмадым деген өкінішіңе ортақпын. Алайда мұндай халықаралық білім олимпиадасына 2-орын алу да оңай шаруа емес. Осының өзінде Қазақстанның атын әлемге әйгілі еттің. Амандық болса, келесі жарыста жолың болар. Маңызды болғаны: туған жерге деген махаббатың ешқашан өшпесін. Кәне, жолға дайындал. Бір сағаттан кейін әуежайда болуымыз керек,- деп балаларды оятуға кетті.

Дәурен үстелдің үстіндегі күміс медальды сөмкеге салып тұрып: « Келесі жарыста Қазақстанның намысы үшін қалай да алтын медаль аламын!»,- деп өз-өзіне ант етті. Сонда ғана өзін жеңіл сезінгендей болды.

_____________________________

Таңертең.

Аяқталған жарыс.

Сәтбек ағайдың сөзі.

Дәуреннің анты.


Түсінік. Немқұрайлық- көңіл бөлмеу

Жеңісті қолдан бердім ғой- ұтылып қалу





ОТАН ҮШІН....

Менің әкемнің екі ағасы болыпты. Екеуі де өте жас кезінде қайтыс болыпты. Мен оларды көре алмадым. Бірақ әкем олар туралы маған үнемі айтып отыратын. Сондықтан көкелерім туралы көп нәрсе білемін. Екі көкем де туған жеріміздің тез дамуына көп үлес қосыпты. Үлкен көкем қазақ жерінде бірнеше мектеп ашуды ұйымдастырыпты. Өзі сол мектептердің бірінде сабақ беріпті. Сол мектепті бітіргендердің көбісі қазір үлкен ғалым атаныпты.

Кіші көкем еліміздің тұңғыш кен өндіру зауытының негізін қалапты. Ұлы Отан соғысындағы қару-жарақтың бір бөлігі сонда дайындалыпты.

1945 жылы немістер Отанымызға басып кіреді. Екі көкем де алғашқылардың бірі болып соғысқа баруға өтініш білдіріпті. Басшылар олардан елде қалып, қызмет етуді өтінеді. Алайда екеуі де өз ойларынан тайынбайды. Әкем әскер қатарына жасы жетпей, майданның қара жұмысына жазылады.

Олардан бір-ақ хат- хабар келеді. Онда Мәскеу түбінде жауды жеңіп, қарсы шабуылға көшкендері туралы жазыпты. Артынша қара хабар келеді. Екеуі де бауырластар қабірінде жерленіпті. Соғыс аяқталған соң екеуіне

« Кеңес Одағының батыры» атағы беріледі.

Мен осындай көкелерімнің болғанын мақтаныш етемін. Мен де солардай туған жеріме қызмет етуді армандаймын. Өйткені ата-бабаларымыз найзаның ұшымен , білектің күшімен Отанымызды қорғады. Мен де қаламның ұшымен еліміздің дамуына өз үлесімді қосамын.

_____________________________


Әкемнің ағалары.

Соғысқа баруға өтініш.

Бір хабар.

«Кеңес Одағының батыры»

Менің үлесім.
Түсінік. Найзаның ұшымен, білектің күшімен-барлық мүмкіндікті қолданып.

Қаламның ұшымен-өз шығармаларым арқылы халықтың рухын

көтеру.


ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ҚАУІПСІЗДІК.
Ертеректе бір адам болыпты. Ол өзіне қарамайтын, денсаулығын ойламайтын ақымақ болыпты.

Бір күні күн қатты ысып, ол шөлдейді.

Құдықтан мұздай су алып, шелегімен қотарып іше салады. Артынша тұмау тиіп, тамағы іседі де, мазасы кете бастайды. Тамағы қырылдап, сөйлей алмай қалады. Мұрнынан су ағып, түшкіре береді. Көзі жасаурап, құлағы да естімей қалады. Тәбеті болмай, тамақ жей алмайды. Сонда да дәрігерге бармайды. Көп ұзамай қызуы көтеріліп,басы айнала бастайды. Денесі дірілдеп, күш-қуатынан айырылады. Алайда емделуді еш ойламайды. Тұмаудың соңы жөтелге айналды. Ал жөтелі асқынып, өкпеге әсер етеді. Сөйтіп, төсек тартып жатып қалады. Ақырында өкпесі іріңдеп, денесі ісіп кетеді де қайтыс болады.

Кім біледі, абайлап әрекет еткенде ауырмас еді. Ауырған соң да дер кезінде емделгенде , жазылып кетер еді. Ақымақтығы үшін денсаулығынан айырылды, өмірі де қысқа болды.

Қоғам да адамға ұқсайды. Оның да ағзалары бар және күтімді қажет етеді. Ішкі және сыртқы жаулардан келген қауіп- қатерді дер кезінде анықтап жою керек. Әйтпесе уақыт өткен сайын күшейіп, әл бермей кетеді. Сондықтан қоғамның қауіпсіздігі үшін ойланып әрекет ету керек. Сонда ғана ол қоғамның ағзалары салауатты өмір сүреді де, өмірі ұзақ болады.

Мынаны ешқашан естен шығармау керек: денсаулығы мықты, күш-қуаты бар ақылды адам ғана қоғамды қорғай алады.

_________________________________
Ақымақ адам.

Құдықтың мұздай суы.

Ақымақтығы денсаулығынан айырды.

Қоғам және адам.


Түсінік. Төсек тартып жатып қалады- қатты ауырып,

орнынан тұра алмай қалу.






БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ.
Бір қалада ағайынды үш жігіт өмір сүріпті. Олардың әрқайсысының өз шеберханасы болыпты. Үшеуі де темір тостақ жасаумен айналысыпты.

Бір күні олар бірге ақылдасады. « Біз үшеуміз де бір кәсіппен айналысамыз. Бұдан кейін біздің бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Үш «бір» бөлек тұрса , «бір» саны болып тұра береді. Ал үш «бір»-ді бірге қойса, «жүз он бір» болады. Бір адамның істеген жұмысы мен жүз он бір адамның жұмысын салыстыруға бола ма? Сол үшін күнделікті жұмысымызды үшке бөлуіміз керек. Сонда ғана жұмысымыз өнеді,- дейді де,үшеуі бір шеберханада жұмыс істеуге кіріседі. Біреуі от жағу және темір ерітумен шұғылданады. Екіншісі темірді балғамен соғып, тостақ жасауды өз мойнына алады. Дайын болған тостақтың бетіне әр түрлі сурет салу, ою жасау үшіншісіне тиеді. Сөйтіп олардың жұмыстары жеңілдеп, өнімдері көбейеді. Бұрын әрқайсысы бір күнде он тостақ жасайтын. Енді үшеуі бір күнде жүз тостақтан көп жасайтын болды. Сатып алушылар да тостақтың жақсы болғанын айтып, көптеп сатып ала бастайды.

____________________________________
Ағайынды үш жігіт.

Ағайындылардың ақылдасуы.

Шешімдері.

Өнімдерінің көбейуі.


Түсінік. Өз мойнына алады- өзі істейді.




БАЛА ТӘРБИЕСІ

Қазақ халқының өте әрідегі ата-бабаларының өмір сүрген кезінен бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рұхани мұраларының бірі-ұлттық тәлім-тәрбие жүйесі. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіңдеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдары бар. Мәселен, қазақ халқының тәрбиелік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлар жырында, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні адамгершілік, имандылық, ақыл ой, мінез-құлық, еңбек, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп

тіреледі.

Қазақ халқының арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындары болмаған. Өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала жүре бастаған кезде қоршаған ортаны терең сезініп білмесе де, жапан дүзде жолсыз жерлермен жұлдызға, түрлі белгілерге қарап жол тапқан. Кішкентайымнан-ақ есту, көру сезімдері шынығып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды табатын, түймедейді атып түсіретін мерген болған.

Ең негізгісі, қазақ халқы жас ұрпақты сөзбен емес, көбінесе өзінің өнегелі істерімен, табиғи болмысымен үлгі бола отырып тәрбиелеген. Тәрбиедегі басты қағида осы болып саналады.

________________________________

Рухани мұра.

Ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні.

Өнегелі іс.


Түсінік. Жапан дүзде жолсыз жерлер- қиындыққа толы жол

Басты қағида- негізгі шындық, мәселе






АТА-БАБА ӨСИЕТІ.

Бір қария кісі қартайған шағында балаларын шақырып соңғы өсиетін айтады:

-Балаларым, менің бұ дүниеде көретін көп күнім қалмады. Бәлкім, қазір айтатын сөздерім менің соңғы өсиетім болатын шығар. Менің айтатын бір ғана өсиетім: ынтымақты болыңдар,- деп, әрқайсысына бір- бірден шыбық берді. Ал енді осыны сындырыңдар,- дейді. Бәрі лезде сындырып тастайды. Сосын бірнеше шыбықты қосады да: - ал енді сындырыңдаршы,- дейді. Ешбірі сындыра алмайды.

-Міне, араларыңда бірлік болса, әрқашанда мықтысыңдар. Егер бірліктерің жоғалса, ешқандай жауға қарсы тұра алмайсыңдар. Аталарымыз « Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі түседі» деп тегін айтпаған. Әрдайым бір-біріңе қамқор болыңдар. Егер біреуіңде сіріңке, біреуіңде май, біреуіңде шам, біреуіңде мақта білте болса және әрбірің әр жақта болсаңдар, ешқашан жарықтан пайдалана алмайсыңдар. Егер біріксеңдер, онда шамның жарығынан бәрің де пайдаланасыңдар. Сондықтан әрдайым тату- тәтті өмір сүріңдер. Осы өсиетімді ешқашан ұмытпаңдар.

_______________________________

Әке өсиеті.

Бірлік- мықтылықтың кепілі.

Тату өмір сүріңдер.





Түсінік. бұ дүниеде көретін көп күнім қалмады- өмір сүруге аз күнім қалды

ШӘКЕН АЙМАНОВ

КСРО халық әртісі Шәкен Айманов 1914 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Шәкен бала кезінен домбырамен ән айтқан, үлкендерден ертегі, аңыз- әңгімелер тыңдауды жақсы көрген. Кейін өзі де өлең шығаратын болған. Мектепте көркем өнерпаздар үйірмесіне қатысады. Театрда өнер көрсетуді осы кезде бастайды. Оның әртістік қабілеті Семей педагогикалық училищесінде шыңдалады. Шәкен 1933 жылы қазақ драма театрында әуесқой өнер жолын бастайды. Оның алғашқы ұстаздары қазақ театр өнерінің майталмандары Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов болған. Сөйтіп оның өмірінің 20 жылы осы театр сахнасында өтеді. 1964 жылы Лондонға барады. Осында «Отелло» трагедиясында Отеллоның рөлін ойнайды. Ағылшындар оған риза болып, оны сахнадан жібермей қояды.

Шәкен Айманов кино өнер саласында да еңбік етті. Қазақфильм киностудиясында жүріп, «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Алдар көсе», «Атамекен», «Атаманның ақыры» сияқты кинолар түсірді. Өзі де фильмдерде рөлдерде ойнайды. Алдар көсе, Жамбылдың рөлдерінде ойнап, әлемге танымал болды. Ол 1970 жылы қайтыс болды. Қазір «Қазақфильм» киностудиясына оның аты берілді.
____________________________________

Дүниеге келу.

Семей педагогикалық училищесі.

Алғашқы ұстаздары.

«Қазақфильм» киностудиясы.
Түсінік. Әлемге танымал болды- әйгілі, атақты болу.




БАЛА АБАЙ ЖӘНЕ КІТАП.
Абай Қарқаралыдан қайтқан соң, атқа мініп ел аралаған жоқ. Көбінесе Жидебайдағы ауылда шешелерінің қасында болды. Көктемге шейін күндіз-түні кітап оқуға салынды. Медреседен қайтқалы кітапқа анықтап оқталғаны осы еді. Араб, парсы тілін, бірталай сөздерін ұмытыңқырап, қарайып қалған екен. Алғашқы бір жұмадай Ғабитханның тәпсіріне қарап, бұрынғы білген тілдерін қайта құрастырып алды. Содан ары мұның қолына түскен әрбір қалың кітап соншалық бір қатты сағынып жолыққан ыстық қымбат досы тәрізді болды. Ғабитхан да кітап оқығыш болатын. Соның кітаптарының ішінен өзін қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Аздан соң, кешкі шайдан асқа шейінгі мезгілде Абай кейбір оқып шыққан кітаптарын үй ішіне әдемі әңгіме қып айтып беріп отыратын әдет тапты. Бұған әжесі себеп болды.

Зере Абайдың кітапқа берген ықыласын байқап, бір күні кешке:



  • Қарағым, осының ақыл. Ішкен менен жегенге мәз боп, мойны-басы былқылдап, ақылдан да, өнерден де кенде боп жүрген бай баласы аз ба? Осы ала қағазыңнан айырылма! Ұқсама аналарға!...- деген.

Әжесі кітап қадірін жақсы айтқанға Абай риза болып, жаңағы сөзден соң күн сайын бір тамаша әңгіме айтатын болды.

( « Абай жолы » романынан)

__________________________________

Түсінік. Кітапқа анықтап оқталғаны осы- шын көңілімен оқу.

Қарайып қалған еді-ұмыту, естен шығару.






БАЛАЛАРЫМ ҮШІН.
Бір күні хан саяхатқа шығады. Бір егістік даласына келгенде, қария кісіні көреді. Қасына барғанда, жасы жүзге таянған ақсақал жер қазып жатыр екен.

  • Ассалаумағалейкум, ата! Не істеп жатырсыз? – деді хан. Қария кісі

ханның сәлемін алып, былай деп жауап берді:

  • Е, балам, ағаш егіп жатырмын. Бәлкім, бұл ағаштың жемісін жей

алмаспын. Бірақ менің балаларым мен немерелерім жейді. Мен де бұ дүниеге келгенде, аталарымның қалдырған жемістерін пайдаландым. Әрбір адам күші жеткенше көп ағаш егуі керек. Қалайша ата-бабаларымыз біз үшін ағаш еккені сияқты, біз де ұрпағымыз үшін ағаш егуіміз керек.

Хан ақсақалдың айтқанына риза болып, онымен қоштасты. Арада екі-үш жыл өткенде, хан бір саяхатында әлгі қария кісіні кездестіреді. Хан қарияны көріп, таң қалды. Ол кісі қолына ыдыс алып, бала-шағасымен бірге жеміс теріп жүр екен. Қария кісі ханды көріп амандасты да , былай деді:



  • Ия, бұл менмін. Үш жыл бұрын осында ағаш егіп жатқан шал менмін.

Міне, көрдің бе бұл ағаштың жемісінен мен де, бала-шағам да пайдаланып жатыр. Мінеки, сен де ауыз ти, деп қолындағы әр түрлі жеміске толы ыдысты ханға берді. Хан бұл кісінің ісіне риза болды, қасындағы уәзірлеріне қарап:

Уәзірлер оның айтқанын орындады. Хан ыдысты қария кісіге беріп, былай деді:

-Ата, жемістен ауыз тигізгеніңіз үшін мына сыйлығымды алыңыз. Алдағы уақытта балаларыңыз, немерелеріңіз үшін әлі көп ағаш егіңіз және бала- шағаңызбен бірге оның рахатын көріңіз. Келесі жүздескенше аман-сау болыңыз.


___________________________________

Кездесу.


Ханның ризалығы.

Бір тостаған алтын.


Түсінік. Ауыз тигізгеніңіз үшін- дәм татқызғаныңыз үшін.

бұ дүниеге келгенде- туылғанда, дүниеге келгенде



Келесі жүздескенше- қайта кездескенше, көріскенше

ТОРҒАЙ.


Бақша арасындағы жолмен аңнан келемін. Итім алдымда жүгіріп бара жатқан. Ол кенет жүрісін тежеп,құстың иісін сезгендей-ақ төрт тағандап бұға бастады.

Мен ілгері,жол бойына қарадым.Торғайдың сары жағал, ақ үрпек балапанын көрдім.Ол ұясынан құлап түсіпті.Жел жол жағалауындағы қайыңдардың басын теңселтіп тұр еді.Балапан жаңа ғана өсіп келе жатқан сүйрік қанатын дәрменсіз жайып, қимылсыз отыр.

Ит балапанға ептеп жақындай бергенде, кенет қара тамақ үлкен торғай ағаш басынан зу етіп иттің дәл қасында кеп қонды. Байғұстың зәресі ұшып, түсі бұзылып кеткен, жунін үрпитіп пырылдап жүр. Иттің ақсиған тістері мен арандай аузына қарай бір-екі рет тап берді.

Ол жан ұшырып, өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды.Ол бал бөбегі балапанын өз денесімен бүркемек болды.Титтей денесі қорыққанынан дірілдеп, даусы шыр-шыр етеді. Ол балапаны үшін өзін-өзі құрбан еткелі безектеп жүр.

Оның көзіне ит қандай дәу болып көрінді десеңші.Бірақ балапаны отқа түскенде, ол бас сауғалап бұтқта отырып қала алмады.Оны өз ықтиярынан, өз еркінен басым бір күш жерге ұшырып түсірді.

Менің итім төбеге ұрғандай тоқтап, кейін шегінді. Ол да әлгі күшті мойындаған тәрізді.

Мен итімді тез өзіме шақырдым. Кішкене ғана торғайдың ұлы аналық жүрегінің күші мені таң қалдырды, мен жөніме кеттім.

_______


1.Тоғай ішіндегі көрініс.

2. Торғайдың балапаны.

3.Балапанын қорғау.

4.Иттің әрекеті.

5.Аңшының ойы.
Түсінік. Жүрсін тежеп-ақырын жүрді, төрт тағандап-қозһғалмай жатты, дәрменсіз-әлсіз,зәресі ұшып-қорқып, арандай ауыз-ашылған ауыз,тап берді-ұмтылды, жан ұшырып-мазасызданып, құрбан еткелі-өлгелі, сауғалап-қорғанып, жөніме кеттім-кетіп қалдым деген мағынаны білдіреді.


10-сынып

Байұлы
Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар: біреу тайына, біреу атына мінгенде, бір бала жыламсырап қарап тұрып қалды. Мұны көріп, Байұлы қасына барып:
- Сен неге атыңа мінбейсің? - деді.
Бала қамығып:
- Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, - деді.
Сонда Байұлы аттан түсіп, жаяу әкесіне барып:
- Мен атқа мінгенде, ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем сіз ұрыспайсыз ба? - деді.
Әкесі:
- Кімге бересің? - деді.
Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті. Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп:
- Тайыңды кімге берсең де, ерік өзіңде,- деді.
Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды да, шауып кеп, көп балаға қосылды. Сол уакытта бір аксақал жақсы кісі қонақ болып жатыр екен, Байұлынын әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата берді:
- Ей, құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер, - деп. Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру сонан болды деседі.

(Ыбырай Алтынсарин)



  1. Ел көшу.

  2. Байұлының әкесіне өтініші

  3. Әкесінің рұқсаты

  4. Ақсақалдың батасы


Айуанның естесі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ
Ит адамға шын дос жануар. Дүние жүзінде иттің неше атасының ұлы бар: біреуі қора, біреуі үй күзетеді, біреуі малшы орнына мал бағады, біреуі аң, құс алып береді, біреулері, тіпті, ат орнына жегіліп те жүріледі; бұлардың бәрін де екінші кітапта уақытымен айтармыз. Англия жұртының ең үлкен Лондон деген қаласында өрт болған уақытта, күйіп жатқан үйдің ішінде қалған балаларды алып шығуға үйретілген иттер бар. Соның біреуі Боб деген ит он екі баланы өрттен алып шығыпты. Бір күні бір үй жанып, өрт сөндіргіш адамдар келген уақытта, бір қатын жылап тұрды, балам жанып жатқан үйде қалды деп. Өртшілер әлгі Бобты жіберді: Боб баспалдақпен үйге кіріп, түтін ішінде жоқ боп кетіп, біраздан соң баланы көйлегінен тістеп қана алып келді. Шешесі қуанып баласын алды, өртшілер иттің өрт шалған жері жоқ па деп қарап тұрғанда, Боб өршеленіп жанған үйге қарай тағы ұмтыла беріпті. Өртшілер ойлады шамасы үйде тағы бір бала бар шығар деп; сонымен Бобты және қоя берді. Біраздан соң Боб, ауызында бір тістегені бар, үйден жүгіріп шыға келді. Қараса, әкелгені бір үлкен қуыршақ екен.

(Ыбырай Алтынсарин)

________________________


  1. Адамның шын дос жануары.

  2. Лондон қаласындағы өрт.

  3. Боб деген иттің ерлігі.


Абайдың сыны
Әбіш Абайдың баласы. Абай Әбіштің болашағынан үлкен үміт күтеді. Баласын тоғыз жасында Семейге оқуға жібереді. Оны бітірген соң, Петерборға оқуға жібереді. Әбіш өте зерек болды. Жақсы оқыды. Ақылды жігіт болып өсті.

Бір күні Абай баласының ақылын сынайын деп, оған сұрақ қояды:

- Әбіш, балам, дүниеде ақ түсті зат асыл ма, қара түсті зат асыл ма? - дейді.

- Әрине, ақ түсті зат асыл, - деп жауап береді Әбіш.

Абай баласының айтқанына қарсы:

- Жоқ, балам, қара түсті зат асыл, - дейді.

Әбіш әкесіне күліп қарап:

- Әке, неге қара түсті асыл дейсіз? - дейді.

Абай біраз ойланып былай дейді:

- Адам барлық нәрсені көзбен көреді. Көздің ішіндегі ақ ештеңені көре алмайды, көздің ішіндегі қара көреді. Тағы бір дәлелім бар: қағаз ақ болады. Бірақ одан ешкім ештеңе оқи алмайды. Ал ақ қағазға қара жазу болса, адам оны оқиды, білім алады. Білім сенің болашағың. Тағы айтарым: адамның жас кезінде шашы қара болады. Ал қартайғанда шашы ақ болады. Жас кездегі күш, білім қартайғанда азаяды. Сондықтан ақтан қараны асыл деп ойлаймын, балам, - дейді.

Сонда Әбіш:

- Әке, осының бәрін қалай ойлап білдіңіз? - дейді.

- Ақылмен ойлап білдім, - дейді Абай.
Шырылдауық құс
Дауысы шіңкілдеген кішкентай бір құс жалғыз өзі өмір сүріпті. Оны «бұл менікі» атапты. Өйткені ол ұлан-байтақ даладан, өзендердің үстінен ұшып бара жатқан сәтінде әрдайым: «Бұл менікі!»- деп шіңкілдей беріпті.

Бірде ол жемісі жартылай пісіп жетілмеген жеміс ағашына кезігеді. Жемісінің мол болғандығы соншалық, әлгі құс оларды бір жыл бойы шоқыса да, тауыса алмайтындай еді. Ағаш маңында бірде-бір құс болмайды.

Құс тапқан осыншалық олжасына шаттанып, ағашқа келіп қонады. Бұтақтарына секендеп, біресе анасын, біресе мынасын шұқылап, ілезде тойып қалады. Бірақ өзі басқа құстар бұл ағашты тауып алып, тәтті жемістерін жеп қояды-ау деп қатты қорқады. Сөйтіп ол: «Бұл менікі, бұл менікі, бұл менікі!»- деп ашына шықылықтайды. Оның шықылықтағаны соншалық, барлық құс оның дауысын естіп, бұған не болды деп, жан-жақтан ұшып келеді. Олар тамаша, шырынды жемістерді көрісімен-ақ шоқып, қылғып жұтады да, ұшып кетеді.

Ал сорлы кішкентай құс ағашты шыр айналып: «Бұл менікі, бұл менікі!»- деп шырылдай беріпті.


Бай баласы мен жарлы баласы
Асан деген - бай баласы. Үсен - жарлы баласы, екеуі құрдас екен. Бір күні ел көшкенде, қыр ойнап жүріп, ескерілмей, екеуі жұртта қалыпты. Бір мезгілде, үйге барайық деп келсе, ауыл жоқ, құр жұрты жатыр. Асан айқайды бастады. Үсен ойланып тұрды да айтты:

- Жылағанмен, еш нәрсе өнбес. Көшкен ауылды іздеп табамыз.

- Елді қайдан табамыз, қай жаққа кеткенін де көргеніміз жоқ, - деді Асан.

Үсен үндемеді, Асанды ертіп, көшкен жұртқа келді. Жұртта көзі сынған бір ине жатыр екен, оны алды және бір пышақтың сынығын, бір-екі уыстай қыл тауып, оны да алды. Сонан соң, ауылдың жұртын айналып жүгіріп жүріп, көштің кеткен сүрлеуін (жол) тауып, сол сүрлеуге түсіп жүре берді.

Біраз жер өткен соң, сүрлеу екі айырылды. Мұны көріп, Асан жылай бастады.

- Енді қайсысына түсеміз, - деп. Үсен қарап тұрып біреуіне түсті:

- Мынау жол бүгін жүрген көштің сүрлеуі екен,- деді Үсен.

Біраз жер жүрген соң Асан: «Қарным ашты»,- деп жылады. Үсен үндемей келе жатты. Екеуінің алдынан бір үйрек ұшып, ұзамай қасына қонды. Асанның онымен ісі болмай, жүре берді. Үсен жүгіріп барып, сипалап жүріп, үйректің орнынан алты жұмыртқа тапты.



Білім – кітапта
Әбу Насыр әл-Фараби жас кезінен бастап кітап оқығанды жақсы көрді. Қолынан кітап түспеуші еді. Әр түрлі кітаптарды оқиды. Кітап оқып болғаннан кейін, көп ойланатын әдеті бар болатын.

Бір күні жолаушылап бара жатқан жолдасы Әбу Насырға:

- Менің мына кітаптарымды сақтап қой. Қайтып келген соң алармын, - деп, бір бума кітапты Әбу Насырдың қолына ұстатады. Әбу Насыр оны үйіне апарып, сақтап қояды. Бос уақытында Әбу Насыр кітаптың біреуін алып, оқи бастайды. Кітап сөздері ұнап қалады да, аяғына дейін оқып шығады. Бірақ бірден түсіне қоймайды. Қайта оқиды. Тағы да қанағаттанбайды.

Төртінші рет оқиды. Бесінші рет оқиды. Ақыры кітаптағы ойды толық түсініп алғанша, кітапты қайта-қайта оқи береді. Сонда ғана жазылған жайлардың мағынасын айқын ұғып, анық түсінеді.

Осы табандылығының арқасында Әбу Насыр әл-Фараби асқан білікті философ болып жетілген екен.


Ежелгі қалалар

Ежелгі қалалардың бірі- Отырар. Ол 6-8 ғасырларда Сырдария өзенінің орта тұсындағы ірі мемлекеттің астанасы болған.16-17 ғасырларда Отырар саяси шаруашылық және мәдени орталық болған. Отырар алғашқы кезде Фараб деп аталды. Отырарда медресе, мешіт,базар,монша, басқа да ғимараттар болған.

7 ғасырдан бастап Тараз деген  тағы бір әйгілі қала Ұлы жібек жолы бойындағы ірі қалалардың біріне айналған. Бұл қалада сәулет өнерінің тамаша ескерткіштері болған. Олар Айша бибі кесеңесі мен Бабаша қатың кесеңесі. Әйгілі Тараз моншасы – Орта Азия мен Қазақстандағы ең алғашқы моншалардың бірі. 10-12 ғасырларда- қаланың ең гүлденген кезі. 17 ғасырдан бастап бірте-бірте халқы азайып, шағын елді мекенге айналды.

Қазақ жеріндегі ежелгі қалалардың бірі – Түркістан қаласы. Түркістан қаласы қазіргі Оңтүстік Қ-н облысындағы Түркістан ауданының орталығы, Шымкент қаласынан 225 шақырым жерде. Бұл қаланың орнында 6-10 ғасырларда Шабғар деген үлкен қала болған. 9-10 ғасырлар бұл қала ерекше гүлденіп, Йасы деп аталады. 15 ғасырдан бастап Түркістан деп аталады. Бұл қалада осы уақытқа дейін жақсы сақталған Ахмет Йасауи кесенесі бар.



Асыл шөп
Зылиқа мен Бәтима деген біреудің екі қызы төбелеріне бір-бір жәшік жеміс көтеріп, қалаға сатуға келе жатыпты. Зылиқа аһлап, уһлеп шаршадым деп жүре алмапты, оған Бәтима күліп, әзілдеп келе жатыпты. Сонда Зылиқа Бәтимаға былай депті:

- Сен қалай мәз болып, сонша қуанып келесің? Төбеңдегі жәшіктің ауырлығы менің басымдағыдан кем емес, өзің де менен күшті емессің.

- Мен жәшігімнің ішіне ауырды жеңілдететін бір асыл шөп салдым,- депті Бәтима.

- Ай, ондай болса, шөбіңнің атын айтшы, мен де ауырды жеңілдетейін,- дейді Зылиқа.

- Ол шөп сенің қолыңа түспес деп қорқамын, ал іздегің келсе, ол шөптің аты - қажырлы еңбек деген шөп,- депті Бәтима.
Өмір сүру
Өмір сүру табиғаттың ең күрделі заңы. Оны мектеп қабырғасында оқытпайды,қалай өмір сүру туралы арнайы рецепт әркімге жеке берілмейді. Тек өмірдің өзі, одан алған тәжірибе адамды алға жетелеп, кейбір қателерден аман алып қалып, тіршіліктің тірегі бола алады. Өз өмірін бақытты етуге мүмкіндік тұғызады.

Кейбір адамдар дүниенің бәрін үлгірмекші болып, тек өзін ғана білімпаз сезініп, өмір бойы асығумен өтеді. Ондай адамдар айналасындағылардың бәрін асықтырып, берекесін алумен болады.

Ал осындай арпалыста ең негізгі нәрсе- өмірдің қуанышынаңғармай қалады. Олар өмір жүйесін білмейді, өзінеде, өзгеге де бақыт сыйлау үшін саналы сезім, саралы ой қажет екендігіне мән бермейді.

«Өмірге жылы жүзбен қарасаң, ол да саған күлімдейді» деген мәтел тегін айтылмаса керек.


ӘЛ-ФАРАБИ ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Әбу Насыр әл Фараби – орта ғасырда өмір сүрген данышпан бабаларымыздың бірі. Ол өз заманында өнер-білім үйрену мақсатымен Ирак, Сирия, Мысыр өлкелеріне барған, бұл елдердегі ғұламалардан тәлім алған. Өмірінің ақырына дейін Шам шаһарында тұрып, асқан данышпандық ғылыми ойларын қорытындылаған.

Әл-Фараби философия, медицина, математика, музыка салаларында жан-жақты ғылыми талдаулар жасаған. XIII ғасырдағы ғалымдар әл-Фарабидің 112 шығармасының атын атайды. Соңғы жылдары әл-Фараби творчествосын зерттеп жүрген ғалымдардың есебі бойынша, оның 160-тан астам кітап жазғаны мәлім болып отыр.

Әл- Фараби шығармаларының біздің заманымызға жеткені қырық шамалы. Бұл туындылар әлемдегі әр түрлі елдің үлкен кітапаналарында сақталған және талай тілдерге аударылған. Осы бір асқан ғұлама данышпан адам туралы аңыз да көп.
9- сынып
Туған жерім-сағынышым
Менің туған жерім- Алматы қаласы.Менің шыр етіп өмірге келген, былдырлап тілім шыққан, аяғымды апыл- тапыл басқан атамекенім-көрікті де келбетті, сұлу да сымбатты- Алматы.

Бұл қала мен үшін бар қаладан да әдемі. Әсіресе, түнгі Алматы келбетіне көз тоймайды.

Мен жазда көптеген басқа қалаларға, тіпті шет елге де демалуға бардым. Сол кезде Алматыда бір қымбат затым қалғандай, тезірек қайтуға асықтым. Алматымды өз ата-анамды сағынғандай болдым. Құс болсам, барлық қызықты тастап, сол сәтте-ақ Алматыма ұшып кетер едім...

Мен Қаламды мақтан тұтам.Менің арманым көп. Соның бірі-туған қаламның одан әрі көркеюі .



Қазақ тілі туралы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл – қазақ тіл. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Ол түркі тілдері тобына жатады. Қазақ тілі сияқты түркі тілдерінің тобынын тараған қазіргі қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, ұйғыр, чуваш, тува, саха, т.б. тілдерінде сөйлейтін халықтар бір-бірімен еркін түсінісе алады. 

Қазақ тілі өзенің көп ғасырлық дамуы барасында рулық тіл дәуірін де , тайпалық тіл дәуірін де, халықтық тіл дәуірін де басынан кешірді.

1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданды.



Төле би
Төле би орта бойлы, нұрлы жүзді кемеңгер кісі болған. Жасынан әділдігімен, тапқырлығымен көзге түседі. Тоғыз жасында билік айтады. Он үш жасында белгілі билермен ауыл арасындағы дау-шарды шешеді. Ол халық қамы үшін қазақ даласын аралайды. Қазақ батырларының басын біріктіреді. Оларды жоңғар басқыншыларына қарсы күреске бастайды.

Қазақтың атақты батырлары:Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, әкелі-балалы Хангелді мен Райымбек. Қазір астанамыздағы көшелер сол батырлар мен билердің атымен аталады.




Алматы апорты
Алматы апортының өзіндік тарихы бар. Өткен ғасырдың орта шамасында Алматыға Орал уезінен Редько деген орыс шаруасы көшіп келеді. Ол ат-арбасымен Алматыға бір жыл жол жүріп жеткен екен.

Ол Оралда апорт алмасын өсірген. Соның бір жас бұтағын құмыраға отырғызып, баптап күтіп, ала келеді. Алматы жеріне отырғызады. Әлгі бұтақ аз жыл ішінде үлкен алма ағашқа айналып, жеміс береді. Бір ғажабы жаңа қонысында бұл апорт көлемі мен дәмі жағынан өзінің Атамекеніндегі күйінен әлдеқайда асып түседі.

Сөйтіп, ойда жоқта апорттың жаңа сорты пайда болып, көбейтілді. Жер шарында Алматыдан басқа жерде мұндай апорт түрі өспейді.
Киіз үй

Киіз үй көшпелі халықтардың баспанасы. Ол өте қолайлы және төзімді баспана. Киіз үй көлеміне және сыртқы кейпіне қарай әр түрлі болып келеді. Киіз үйдің негізгі қанқасын киіз сүйегі деп атайды. Оған кереге, уық, шаңырақ, есік жатады. Киіз үйді шебер үйші жасайды. Киіз үй 4, 6, 8, 12 қанатты болады. Киіз үйдегі сәндік жиһздарға ағаш төсек, жүк аяқ, абдыра, кебеже, аяқ  қап тағы басқалар. Қазақстан Республикасының Елтаң басында шаңырақ  бейнеленген. Қазақта: «Шаңырағың, биіқ, керегең кең, босағаң берік болсын!» деген сөз бар.



Ахмет Байтұрсынұлы

Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937). Көрнекті тілші ғалым, әдебиет зерттеуші, дарынды аудармашы, ағартушы және оқу құралдарының авторы А.Б. қазіргі Торғай облысындағы Сартүбек деген жерде туған. Әкесі оны Торғайдағы орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. 1891 жылы мектепті бітірген соң, Орынборға келеді. Мұнда мұғалімдер даярлайтын мектепке оқуға түседі. Оқуды бітірген соң Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралыда балаларға сабақ береді. Әдебиетпен айналысады, өлең-жырлар жазады. Ол тұңғыш рет қазақ тілінде әліппе, басқа да оқу құралдарын жазды. «Тіл құрал» деп аталатын оқулығы 1914-1928 жылдар аралығында 6-7 рет басылып шықты. А.Б. 1913 жылы Орынборда «Қазақ» газетін шығарды.



Шоқан Уәлиханов

Шоқан Уәлиханов(1835-1865) 1835 жылы қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде дүниеге келген. Жасында ауыл мектебінен мұсылманша хат таныған ол кейін Омбыдағы кадет корпусында оқиды. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей                  географиясы мен тарихы, батыс философиясы, физика негіздері, шетел тілдері оқытылған.  Шоқан үздік оқиды. Жазғы демалыс кездерінде ол ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді, халықтық жырларды жазып алумен айналысады. Шоқан қазақ тарихын зерттеуге ерекше деп қойды. Шоқанның тамаша еңбектерінің бірі – «Алты шаһардың жайы туралы» деген шығармасы. Шоқан 1865 жылдың сәуір айында қайтыс болды.



Нұрғиса Тілендиев

Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев Алматы облысы Іле ауданына қарасты Шилікемер деген жерінде дүниеге келген. Ол қазақ композиторы, дирижер, додмбырашы, Қазақстанның халы әртісі, халық қаһарманы. Тілендиев Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының дирижерлік факультетін бітірген. «Қазақ фильмі» киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы болды. Ол төрт жүзге тарта ән мен романстардың «Достық жолымен» бөлетінін, «Алтын таулар» операсының және т.б. көптеген шығармалардың авторы.



Абай Құнанбаев

Абай Құнанбаев – ұлы қазақ халқының ақыны, Семей облысы, Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Ол жас кезінен-ақ өлең-жыр, әңгіме, аңыз-ертегілерді құмарта тыңдап өскен. Абай Семей қаласындағы медреседе оқып жүргенде көп уақытын кітап оқуға өздігінен ізденуге жұмсайды. Шығыстың классик ақыдарының ертегі, дастан, хисса сияқты әдеби шығармалармен Абай осы кезде танысып, оларды қызыға оқыған. Осы медреседе оқуымен қатар ол өз бетінше орыстың приходтық мектебінен сабақ алып, орыс тілін үйренеді.



«Жеті» саны туралы

Жеті қазына – қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы 7 қазынаны ер жігітінің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады: 1. Жүйрік ат; 2.Қыран бүркіт; 3. Құмай тазы; 4. Берен мылтық; 5. Қанды ауыз қақпан; 6. Майланғыш ау; 7. Өткір кездік.

Жеті ырысқа мыналарды жатқызады: 1. Адамның ақылы, ой- санасы; 2. Денсаулық; 3. Ақ жаулық, 4. Бала; 5. Көңіл; 6. Жер; 7. Ит.

8- сынып

Қабанбай батыр.

Қабандайдың шын аты – Ерасыл. Оның Қабанбай аталуы ды қызық. Ол 1724 жала Түркестанды қорғау соғысына қолбасшылық еткен. Бөгенбай батыр. Бөгенбай 1680 жылы дүниеге келіп, 1775 жылы қайтыс болған. Ол сарбаздар мектебінде оқыған. Бөгенбай 18 ғасырда болған шайқастарға қатысқан. Ол 1708 жылы 30 мың жасаққа қолбасшы болған. Бөгенбай 1725-1727 жылдары болған соғыста қазақ жасақтарын басқарған.



Қазақстан

Қазақстан – көп ұлтты, егеменді мемлекет. Халқының саны – 17 млн. 1991 жылы 1 желтоқсанда Президент сайлауы болды. Тұңғыш Президент болып Н. Ә. Назарбаев сайланды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз болып жарияланды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Елтаңбасын, мемлекеттік туын және әнұранын бекітті.Қазақстанның бас қаласы және астанасы – Астана. Қазақстанда көптеген өзен, көл мен су қоймалары бар. Қазақ жері – пайдалы кендерге өте бай. Қазақстан табиғаты өте әдемі.



Домбыра

Домбыра - қазақ халқының көне музыка аспабының бірі. Домбырамен күй тартады, халық әндерін сүйемелдейді. Қазақ халқының атақты күйшілері: Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина өздерінің күйлерін осы домбырамен шығарған.

Бұл жөнінде көрнекті ақын Мұқағали Мақатаев былай деген:

Домбыра, жүрегіммен үндес едің,

Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,

Өнердің не екенін де білмес едім.

Біздің заманымызға қазақ халқының ән-күйлері, жыр дастандары осы домбыра арқылы жеткен. Домбыраны әрбір қазақ қастерлеп, үйінің төріне іліп қояды.


Аралға көмек

Бұрын Арал теңізі ең үлкен көлдердің бірі екен. Мұнда кемелер жүзіпті. Тұз зауыты, көптеген балық аулайтын мекемелері болыпты. Бұған Әмудария мен Сырдария өзендері құяды. Қазір бұл өзендердің де суы тым аз. Себебі судың көбі Өзбекстандағы мақта шаруашылығына, Қызылорда облысындағы күріш егісіне бөлінеді. Солардан қалғаны ғана Аралға құяды. Теңіздің деңгейі күн санап төмендеп барады. Соған қарай ауа райы өзгерген. Адамдар түрлі аурумен ауырып, өмірлеріне қауіп төнуде. Әсіресе, кішкентай балаларға қиын-ақ. Ел Арал маңынан басқа жаққа көшіп жатыр.



Аурудан аяған күштірек

Сейіт жол үстінде келе жатып, бір арбаға келіп, аңғарусыз соғып кетіп, аяғын сындырып алыпты. Ойбайлап жылап жатқан баласын көріп, шошынғаннан шешесі есінен танып қалыпты. Мұны көрген соң Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып, таңып жатқанда да, дыбысын шығармапты, қабағын да шытпапты. Сонда сынықшы кісі:

-Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың,- деп сұрапты.

Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап:

- Ауырмық түгіл, жаным көзіме көрініп жатыр, бірақ менің жанымның қиналатынын көрсе, шешемнің жаны онан жаман қинала ма деп, сабырлылық қылып шыдап жатырмын,- депті.
Жамбыл Жабаев

Ұлы ақын Ж. Жабаев – халқымыздың мақтанышы. Ол 1846 жылы Жамбыл тауының баурайында туған. Жасынан домбырамен өлең айтуға құмар болады.

Жамбыл атақты ақын Сүйінбай Аронұлына барып, бата сұрайды. Сүйінбай:

«Ақын болудан асқан өнер жоқ. Алған бетіңнен қайтпа! Халқымыздың қорғаны болған батырларды жырла! Әрқашан шындықты айт», - дейді бала Жамбылға.

Сүйінбай өзінің домбырасын Жамбылға сыйлайды. Бұл кездесу болашақ ұлы ақын үшін алғашқы мектеп болады. Жамбыл Сүйінбайды өмір бойы ұстаз тұтып өтеді.
Жомарт деп кімді айтамыз?
Ертеде Атымтай деген жомарт адам өмір сүріпті. Осы кісіден біреулер: “Өзіңізден асқан жомарт адамды көрдіңіз бе?”- деп сұраған екен.

- Бір күні жол жүріп, шаршап келе жаттым. Шөл далада тігулі тұрған күрке көрдім. Онда бір кемпір баласымен тұрады екен. Кеш батып қалған кез. Әлгі күркеге аялдауға тура келді. Үй иелері іргеде байлаулы тұрған ешкісін мейманасыға сойды. Күркенің ағашын отқа жағып, ет пісірді. Сөйтіп, мені сыйлады. Сөйтсем, бұлардың жалғыз ешкісі мен күркесінен басқа еш нәрсесі жоқ екен. Соның өзін аямады. Міне, жомарттық деп осыны айт, - депті ол.



Зеректік
Англия жұртында Броун деген білімді ұста судың үстіне бір қолайлы көпір салу керек деп келе жатып, жолдың үстінде өрмекшінің өрмегіне көзі түсті. ”Бұл өрмекші мынау жол арқылы көпір салыпты, астында тіреуі жоқ, осындай көпір қолайлы болар еді”, - депті. Сонымен, келді де, су үстіне екі ұзын шынжыр тартып, ортасына тақтай салып, екі жақ басын құрғақ жерден биік, нық бағаналарға бекітіп, көпір істеді. Шынжырдан көпір салу содан қалған үлгі екен.
Қаныш аға
«Қаныш Имантайұлы Сәтбаев - жаны жайсаң адам. Екеуміз ақбөкен аулауға шыққанбыз. Маған алты аңды ғана атуға рұқсат берілген еді. Ақбөкенді машинамен қуып бердік. Табыннан бір текені бөліп алдық. Мылтығымды Қаныш Имантайұлына беріп, атыңыз дедім. Ол мылтықты кері итеріп: «Ақбөкен көріксіз аң дейді жұрт. Сөз емес! Ақбөкен сүйкімді. Қарашы, әне қалай орғиды. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын біздің жерімізде мамонттар жайылып жүрген. Олар жойылып кетті. Ол кезде ақбөкендер де өмір сүрді. Әлі күнге дейін тіршілік етіп келеді. Осы сұлу аңға қалай ғана қол көтере алам? Жайыла берсін,» - деді. Содан кейін мен де атуды тоқтаттым. Теке жайына кетті, бірақ ажалдан кім арашалап қалғанын білмей кетті.
Кітапты сүю
Персиялық ғалым Уәзір Сахиб – кітапты ерекше сүйген адам. Оның кітапханасында 1170 мыңдай кітап болған. Ол мемлекеттік қайраткер әрі әскери адам болыпты. Өзі жорықтарда жүргенде кітапханасын бірге алып жүреді екен. Кітапты 400 түйеге артыпты,түйелер каталог сияқты алфавит тәртібімен тізіліп жүрген. Кітапханашы адамдар Сахибқа керекті кітапты тауып беретін болған.
Құсмұрын
Қостанайда Құсмұрын деген жер бар. Мұнда қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов туған. Қостанай дегенде мидай жазық дала көзге елестейді. Құсмұрын табиғаты мүлде өзгеше. Сылдыраған бұлақтары менайна көлдері бар шоқылы тау мен қыраттар. Солардың бірі алыстан құс тұмсығына ұқсап көрінеді. Сондықтан ол өңір Құсмұрын атанған. Қыраттың қапталы қайысқан қайың, көкорай шалғын. Бұл қайыңдарды ертеде Шоқан әкесі екеуі отырғызған.

Ежелгі қалалар

Ежелгі қалалардың бірі- Отырар. Ол 6-8 ғасырларда Сырдария өзенінің орта тұсындағы ірі мемлекеттің астанасы болған.16-17 ғасырларда Отырар саяси шаруашылық және мәдени орталық болған. Отырар алғашқы кезде Фараб деп аталды. Отырарда медресе, мешіт,базар,монша, басқа да ғимараттар болған. 7 ғасырдан бастап Тараз деген  тағы бір әйгілі қала Ұлы жібек жолы бойындағы ірі қалалардың біріне айналған. Бұл қалада сәулет өнерінің тамаша ескерткіштері болған. Олар Айша бибі кесеңесі мен Бабаша қатың кесеңесі. Әйгілі Тараз моншасы – Орта Азия мен Қазақстандағы ең алғашқы моншалардың бірі. 10-12 ғасырларда- қаланың ең гүлденген кезі. 17 ғасырдан бастап бірте-бірте халқы азайып, шағын елді мекенге айналды.



Қожанасырдың айды аспанға шығаруы

Бір күні Қожа ымырт жабылған кезде құдықтан су алып жатып, құдықтың түбіндегі айды көреді.Дереу айды тартып шығармақ болып, арқанға ілмек темір байлап, құдыққа тастайды. Ілмек темір барып тастың арасына қыстырылып қалса керек,Қожа бар күшін салып, шірене тартқанда, ілмек темір шығып кетіп, ол шалқасынан түседі. Көзін ашып, жоғары қараса, әлгіңдегі айдың аспанда тұрғанын көреді.

Сонда Қожа :

-Бәрекелді, машақатым да аз болған жоқ, бірақ, әйтеуір, айды аспанға бір шығардым-ау!-депті.



Орындалған арман
Талғат пен Қуанышбек жолдас болатын. Сабақтан соң екеуі әуежайға барадв. Ұшақтың жанына барып көріп қайтады. Олар көргендерін сыныптағы жолдастарына айтады. Содан кейін Талғат аэроклубтағы үйірмеге қатысып жүрді. Ол өз ойын әкесіне айтты. Әкесі баласының ұшақты білуге құмарлығын аңғарды. Талғат үйірмеден қол үзбей, ұшақты жүргізуді, аспанға ұшуды армандады. Ол он сегіз жасында ұшақтың каьинасына отырды. Жас бала арманына осылай жетті. Батыр атағын екі мәрте алған Талғат Бигелдиновты қазір бүкіл еліміз біледі.
Каталог: wp-content -> uploads -> lessons
lessons -> Қалалық көркемсурет лицейі – юнеско клубы «Графика және оның түрлері»
lessons -> Сабақтың тақырыбы : Кинотеатрға барамыз. Сабақтың мақсаты
lessons -> Сабақтың тақырыбы: Түбінде адам болатын бала "Менің атым Қожа"
lessons -> Сабақ№ Сыныбы Күні
lessons -> Сабаќ жоспары бекітемі
lessons -> Сабақтың тақырыбы: Есептер шығару. Сабақтың мақсаты: Білімділігі
lessons -> Ќайырбек Оразов атындаѓы
lessons -> «Мектепке дейінгі және бастауыш оқыту теориясы мен әдістемесі» кафедрасы
lessons -> Диктант 5 сынып


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет