«тарих-и рашиди» ЕҢбегіндегі XVI ғасырдағЫ Қазақ хандығының Әскери-саяси жағдайы дүйсенова Д. Н



жүктеу 88.64 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі88.64 Kb.
түріСабақ

ӘОЖ:821.512.122:82-312. 6
«ТАРИХ-И РАШИДИ» ЕҢБЕГІНДЕГІ XVI ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ӘСКЕРИ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ
Дүйсенова Д. Н.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынында » атты кітабында: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Тарих сабақтарын ұдайы, ұрпақтан ұрпаққа игере беру керек екеніне менің сенімім кәміл», – деп тұжырым жасайды [1,273 б.].

Тәуелсіз Қазақстан – кешегі заманда бүкіл дүниені сілкінткен, салт атты әскери өркениетімен салтанат құрған айбынды көшпелілердің заңды ұрпағы. Дүние жүзінің ұлы даласын тұлпар тұяғымен дүбірлеткен баһадүр бабаларымыздың соғыс тәжірибесі мен заңдарын әлем елдерінің қарулы күштері қабылдап, әскери жүйесін жасақтағаны – біз үшін зор мақтаныш. Сондықтан Қарулы Күштеріміздің әскери рухын шыңдауда даңқты әскери тарихымыз жауынгерлік дәстүріміздің өнегесі мен тәлім-тәрбиесі өлшеусіз рөл атқарады.

Қазақ Геродоты атанған тарихшы, ірі мемлекет қайраткері, қолбасшы, ақын әрі дипломат Мұхаммед Хайдар Дулати еді. Ол қазақ, қырғыз, өзбек секілді түркі халықтары ұлт болып қалыптаса бастаған кезде ғұмыр кешті. Бұл дәуір феодалдық соғыстардың жиілей түскен шағы болғандықтан, оның өмірінің көпшілік бөлігі Орта Азия мен Ауғанстан, Қашғария мен Тибет, Бадахшан мен Үндістан арасында ат үстінде, жорықта өтті.

Мұхаммед Хайдар Дулати Орталық Азия халықтарының XIII-XVI ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, кәсібі мен шаруашылығы, әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен білімі, мемлекет басқару жүйесі мен соғыс жүргізу өнері, дипломатиялық және экономикалық қатынастары жайлы «Тарих-и Рашиди» атты классикалық шығармасын жазды. Еңбек екі дәптерден тұрады. Осы еңбекте қазақ хандығының құрылуына, қалыптасуына, дамуына бар күш жігерін жұмсаған, қазақтың ел билеу саясаты мен әскери соғыс тактикасының жетілдіруіне үлес қосқан, қазақ қолбасшы батырлар болды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қазіргі шекаралық жерін ғасырлар бойы ат тұяғының дүбірімен, найзаның ұшымен, семсердің жүзімен қорғаған атақты Қасым ханның еңбегі қазақ тарихында өте жоғары бағаланды. Себебі, ортағасырлық кезеңде Жәнібектің баласы Қасым ханның білікті қолбасшылық қабілетімен бірге, ел билеудегі көреген саясаткерлігі қазақ хандығын басқарған кезде айқын көрінді.

Алғашқы қазақ хандығынның негізін салушы Керей хан мен Жәнібек ханнан кейін ел тағына Керей ханның баласы Бұрындық хан отырады, одан кейін – Жәнібек ханның баласы атақты Қасым хан келеді. Осындай батыр тұлға қатарына Қасым ханды жатқызып, «Қасым хан салған қасқа жол» деген ұлағатты сөздің мән-мағынасын терең түсінуіміз керек.

XVI ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ халқының атын жер жүзіне таратқан Қасым хан есімі , ауызша тарихы бар қазақ халқының есінде ғасырлар бойы сақталып келе жатыр. Қасым ханның жауынгерлері ержүректілігімен, батылдығымен, ерік жігер рухы мен атағы шыққан.

Қасым ханның стратегиялық және тактикалық ұсыныстары барлық әскери жорықтардың баспалдағы болып қаланған. Мемлекет басқару шеберлігі мен әскери қолбасшылық қасиеті үшін оны ерекше жоғары бағалаған. Қолбасшы Қасым ханның сол кездері құрыла бастаған қазақ хандығының күш-қуатын ерен тұлғалардың, аса қабілетті басшылардың қадір-қасиеттеріне қарай таразылайды. Оның ойынша, білікті ел басшысы – мемлекет билігінің тұтқасы, ірі саяси тұлға, ақылды саясаткер етіп көрсетеді. Қасым барлық Дешті Қыпшақты билеген құдыретті хан болған, оның әскерінің саны бір милионнан (он лектен немесе жүз түменнен) асқан екен. Қасым хан негізінен Жетісуды (Қаратал), Шуды Сайрам мен Түркістанды мекендеген. Қазақ хандығын Қасым хан өзінің әскери таланты және зор ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді, хандық билікті нығайтты [ 2,306 б.].

Қасым хан билік құрған кезде Қазақ хандығы өзінің саяси - әлеуметтік қуатымен бүкіл дүние жүзі жұртына мәлім болғаны белгілі. Орыс князі Василий ІІІ бірінші болып онымен дипломатиялық байланыс орнатқан. Хандықтың территориясы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауынан басталып, оңтүстік батысы Түркістанға дейін жетіп, оңтүстік-шығыста Жетісудың солтүстік бөлігіндегі таулы алқаптарды қамтыған.

Қасым ханның атақ-даңқы шартарапқа тарап, ортағасырлық авторлар ол туралы әртүрлі мақтаулар жазып қалдырады. Зерттеуші Бабыр ғалымның: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мыңға жуық адам бар еді» – десе, Мұхаммед Хайдар Дулати «ол Дешті қыпшаққа билігін таратты, оның әскерінде милионнан аса адам болды. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл ондай күшті хан ұлдары жоқ», – деп жазады [2,306 б.].

Ал Қадырғали Жалайыри болса, «Жәнібек ханның тоғыз ұлының арасында аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысына патшалық етті. Ол билік жүргізген кез қазақ хандығының дәуірленген тарихи кезеңі болды, Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды, 1515-16 жылы Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның әскерінің саны миллионға дейін жетті» [3,112 б.], – деп хабар береді.

Қасым хан мемлекеттік және әскери істі тұрақты жүргізе білді. Қасым хан әскери өнерге жауынгерлерді өзі даярлаумен айналысты. Қазақ әскеріне соғыс әскери тактикасын жақсы меңгеруіне және шайқаса беруге үйретті. Біріншіден қазақ елінің нығаюына және ел қорғау дайындығына ерекше көңіл бөлді. Екіншіден ұйымдастырушылық ерлігінің нәтижесінде, өзінің ақылы мен ерік жігері арқылы соғыста көптеген жеңістерге жетті.Үшіншіден қолбасшы өз қарамағына 1 милионнан астам әскер басын жинап, мемлекеттік билікте саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті, өзіне жүктелген ел билеу міндетінде қазақтың әдет-ғұрып заңдарының ережелері жасалған күшті мемлекетті құрды. Бұл заңда көтерілген мәселелер: 1) жер, мал-мүлікті иемдену мәселесі; 2) ұрлық, кісі өлтіру, ойран салған кісілерді жазалау тәртібі; 3) әскери заң; 4) елшілік мәселесі; 5) жұрттың заңы. Қасым салған қасқа жолдың заңдары ешбір өзгеріссіз ХVII ғасырларға жетіп, Есім ханның (1595-1693) кезінде ол «Есім салған ескі жолға» жалғасты [4,75 б.].

Қасым хан сарбаздарын өз еліне деген сүйіспеншілікке және Отан қорғауға тәрбиеледі. Қолбасшы Қасымның ең негізгі мақсаты – сыртқы жаудан елді қорғау және біртұтас жерді сақтап қалу еді.

Қазақ хандығын нығайтудағы күш-жігері мен атақ-абыройы қолбасшылық шеберлігі, ел билеушілік дәрежесі, хан әулетінің өкілі болуы Қасым ханды қиын-қыстау жағдайда қазақ елінің ең ірі мемлекет қайраткеріне айналдырды. Қасым ханның шайбандармен болған соғысы тарихта белгілі. «1510ж.ж. басында шайбандар қазақтарға қарсы жорық жасады. Бұл жорықтың мақсаты қазақ сұлтандарының билігіне қарсы болды. Тимур сұлтан мен Ұбайдұлла сұлтанның әскерін басқарған Мұхаммед Шайбани Ұлы-Тау баурайларында орналасқан Қасым ханның ұлысын жаулап алды. Қасым ханның әскерінің жарты бөлігі жорыққа шыққанын, ал көрші ұлыс Қасым ханнан алыс орналасқанын ескеріп, қарсылас топ барлау жұмысын жүзеге асырып, шабуыл жасады. Шабуылға ұшыраған Қасым ханның әскері қарсыластың шабуылына төтеп беріп, Хазар баурайларына бірігіп шегінді. Қасым хан Хазар тауларына қорғанысын күшейтті. Бұл уақытта шайбандар Қасым ханның жеңілісін бірнеше күн қаннен қаперсіз тойлап жатқан жау Қасым ханның барлау жұмысын жүргізіп жатқандығын тіпті сезбейді. Қасым хан өз тыңшылары арқылы мән жайды біліп, Бүиун Пір Хасан басшылығымен атты әскерді шайбандардың лагеріне жіберіп, бейғам жатқан әскерге шабуыл жасайды. Бүиун Пір Хасан дер кезінде өзіне жүктелген тапсырмаларды адал орындап отырды. Қазақ жауынгерлерінің кенеттен тыс жаулап алуы, шайбан жауынгерлерінің үрейін ұшыртты. Нәтижесінде жаулары жеңіліске ұшырап, бұл соғыста үлкен бек Қанбар-мырза қаза тапты. Үрейі қашқан шайбан әскері артқа шегініп, қаша жөнелді. Өзбек сұлтандары жараланған әскерімен Шаһибек ханға қашты. Көк –Кесене аймағында орналасқан хан енді артқа қарай шегініп, қашты. Бұл уақытта Қасым хан олардың әскерін аңдып, артқа шегінген өзбек сұлтандарына үлкен шығын алып келді. Бұған дейін ешбір жеңілістің дәмін татпаған Шаһибек хан әскері Қасым хан әскерінен 1510 жылдың қысы мен көктемінде осылай масқара болып жеңіліс табады» [2,270б.]. Қасым ханның Шаһибек ханды жеңуі оның беделін одан әрі өсіреді, сонымен бірге ол билеген қазақ хандығының халықаралық жағдайы арта түседі. Жалпы алғанда, Шаһибек хан жорықтарына қарсы күресі, оны талқандауы Қасым ханның қазақ халқы алдында сіңірген үлкен еңбегінің бірі болып саналады.

Жоғарыда сипатталған шайқас таулы аймақтарда табиғаттың – климаттық жағдайларына байланысты соғысты жүргізу үшін жаулап алу операциялары күзде басталғанын білуге болады. Көшпенді тайпаларға шабуыл қыста немесе көктемде жасалатын. Қарсыласы қарсы шабуыл жасауына әскер жинап үлгермеуі үшін, жау өз шабуылын аяқ астынан жасайтын. Қазақ әскері садақ, қылыш, семсер соғысқа арналған балталар сияқты қару-жарақты қолданғанын білеміз.

«Өмірі ат үстінде өтетіндіктен көшпелілердің басты әскери күшінің негізін құраған Қасым ханның атты жауынгер жасақтары еді. Бірақ жауынгерлер ат үстінде ғана емес, жаяу соғысу әдістеріне де машықтандырылып, үйретілген. Елді жау шапқан кезде тұрақты кәсіби әскерлермен бірге халық жасақтары да құрылған. Ханның атты әскері қарудың әр түрімен жақсы жабдықталды. Жауынгерлердің дөңгелек былғары сауыттары мыс пен темірден жыртқыш аңдардың және құстардың бейнесімен бейнеленіп, кең белдіктерінде жарқыраған аспалы семсері мен қисық айбалта тұратын» [2,309б.].

Қасым хан армиясының негізгі тактикасы барлық көшпенділер сияқты ашық майдандағы жау әскерімен кездескенде соғысты, әдетте, жеңіл қаруланған садақшылар бастаған. Алыстан атыс жүргізу арқылы олар дұшпан жауынгерлерін, аттарын шығынға ұшыратуға, шебін бұзуға, сөйтіп қоян-қолтық айқасты жеңілдетуге тырысқан. Сонымен қатар шашылған саптың шабуылға ұмтылуы, жауды қапталдан қоршап алу және жалған шегіну сияқты әдістер де қолданылды. Көшпенді жауынгерлер қан майданда ер жүрек батылдығымен, қайсарлығымен танылды. Казақ батырларының садақ ату шеберлігі отырықшы халықтарды қатты таң қалдырды, олардың соғыс тактикасында алыстан атысу ерекше рөл атқарғандықтан әскердің маңызды бөлігі садақшылар саналған. Садақшылардың ішіндегі ең мергендерінен «мергендер тобы» құрылған. Оларға жаудың қолбасшыларын, басты батырларын жою жүктелді, бұл да Қасым ханның стратегиялық жоспарының ерекшелігі еді.

Қасым хан жаудың әрекеттері жайындағы нақты мәліметтерді білуі үшін қатаң талап қойды. Нақты мәліметтерді ол елшілер мен көпестерден жинады. Сонымен қатар жаудың ішкі әскери күші мен жағдайы жайында да мәліметтер жинақтады. Соғыс кезінде барлау жұмыстарына көп көңіл бөлінген. Оның әскери мектебінде сарбаздардан құралған ең мықты барлаушылар мен контрбарлаушылар дайындықтан өтті. Қасым ханның әскери барлау қызметі жауынгерлердің саны, соғысушы мемлекеттердің одағы жайында көптеген мәліметтер берді.

Арнайы жасақталған отрядтар: дұшпанның амалын асырып кету үшін, кенеттен шабуыл жасау, торуылдау, алдап түсіру операцияларын қолданды. Қасым хан әр тергеуді мұқият тексеруді талап етті. «Өйткені дұшпан қу, шебер әрі айласы көп және де әрқашанда оның жауыздығын болжап болмайтындықтан, ол жаудың айла әрекетін алдын ала шебер таба білетін» [2.280б.].

Дабыл күтіп отырған садақшы-жауынгерлердің арнайы жасақтары баданаға толы жебелерімен хан сарайына басып кіруге батылы жеткен бөтен адамдарға алыстан оқ жаудыруға дайын отырды. Өздерінің өткір жебелерімен жауларына оқ жаудыратын. Жасақтың алдында ашық, жарқыраған сауыт киген батыр сарбаздар шығып тұрды. Армияның ең негізгі тапшылығы әскери құрамада отпен атылатын қарудың жоқтығы болатын. Әскердің қайта қаруландыруын ескере отырып, тұрақты жасақтардың құрылуын, қорғаныс бекініс құрылыстарының салынуын, жауынгерлердің толық қарулануына зор мән берілді.Ел экономикасы мен шаруашылығын соғыс жағдайына байланысты көшіріп, ресурстарды халықтың әскери керек жарақтарына жұмылдырылды.

Қасым хан қазақ әскерінің жау жүректілігі мен батырлығына ерекше мән берді. «Ортағасырлар заманында қазақтың ер-азаматтары өз ауылынан шығарда, өзімен бірге әрдайым қылыш, садақ алып жүрді. Қазақтың қару алып жүруі заңды құқығы ғана емес, сонымен қатар міндеті де болып саналатын. Хандар мен сұлтандар өткізетін құрылтайларда әрбір ер жігіт өз қаруымен келуі тиіс болатын. Егер кімде-кім қарусыз келген жағдайда ол өзінің дауыс беру құқығынан және де өзінен кішілердің сый құрметінен айырылатын. Қазақ сарбаздар арасында үнемі садақтан ату, бәйге, қылыштасу, сайыс өнерінен әскери жаттығулар өткізіліп отырды»[2.250б.]. Әскерді ұлыс басшысы басқарды. Ең жоғарғы басшы қазақ ханы болатын. Елді қорғау – ер азаматтарының басты борышы деп әскери тәртіпті ережеге енгізіп, белгілеген осы Қасым хан болатын.

XVI ғасырда Қасым хан әскери істің өркендеу шыңына жетіп, жаңа жоспарларды шыңдап, көрші тайпаларды біріктірді. Қасым хан біріккен, біріңғай сенімі бар орталықтандырылған және күшті әскері бар хандықты құруға талпынған батыл, даңғой, өктем, жауынгер болатын. Қасым ханның тұсында экономиканың, мәдениеттің, сауданың, халықаралық байланыстың өркендеуі хандықтың қуаттылығын арттырды. Сарыарқаны, Ұлы Даланы мекен еткен этникалық жағынан жақын тайпалар мен рулардың бір мемлекет шеңберіндегі тұрақтылығын қазақ хандығы сақтап қалды.

Өз халқына және туған еліне деген сүйіспеншілік тарихта әр уақытта татулық пен бейбітшілікке жол ашады. Қорыта келе, Қасым хан кезеңіндегі әскери соғыс өнерінің жетілгендігі, қазақ батырларының ерлігі мен қайсарлығы келешек ұрпаққа үлгі өнеге болып қалып, өз туған жерін қорғай алатындығы бізге үлкен сабақ болады.



Қазақ халқының өткен тарихында қазақ хандары мен әскери қолбасшылардың батырлық тұлғасы, жасаған ерліктері жазылған. Дулати заманындағы әскери тарихымызды оқып зерделейтін болсақ, атақты қолбасшы, әрі шебер шабандоз Қасым хан әскери тарихымызда ең басты, негізгі орынды иеленді.

Әдебиет


  1. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынында», Алматы, 1999ж. – 273б.

  2. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди», Алматы, 2003ж – 530б.

  3. Кадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы, Алматы, 1997ж – 112б.

  4. Ақиқат журналы №3,2006ж. –75б.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет