Тарихи-мәдени ескерткіштер туризмді дамыту объектісі ретінде



жүктеу 129.87 Kb.
Дата17.11.2017
өлшемі129.87 Kb.

Тарихи-мәдени ескерткіштер туризмді дамыту объектісі ретінде

(Атырау облысы негізінде)
Туризм – ел экономикасының, мемлекет пен қоғам дамуының маңызды факторы болып табылады. Қазақстанның туризмін экономиканың басымдылыққа ие саласы ретінде қарастыруға болады. Қазіргі таңда елімізде туризм саласын дамытуда бірқатар бағдарламалар жасалып, жүзеге асырылып жатыр. Туризм саласын дұрыс жолға қоя білу көп пайда табуға жол ашады.

Атырау облысы қазіргі туристердің сұраныстардың қанағаттандыра алатын, ерекше туристік мүмкіншілігі бар орталық ретінде дамып, жетіле алады. Өйткені облыстың басқа аймақтармен салыстырғанда мынадай өзіндік ерекшеліктері бар: экономика салаларының жақсы дамуы; тарихи-мәдени ескерткіштердің ерекшеліктері; мұражайлар, мәдени-көңіл көтеру орындарының болуы және т.б. Осылардың барлығы облыста туризм саласының қарқынды дамуына өте үлкен ықпал етеді.

Облыстың туристік жағдайы даму үстінде деп айтуға болады. Облыста туризмнің дамуына көптеген мүмкіншіліктер бар. Олардың бірі әлеуметтік-экономикалық (тарихи-мәдени ескерткіштер) ресурстардың болуы.

Ж. Алиева бойынша «Әлеуметтік-экономикалық рекреациялық ресурстарға» тарихи-мәдени объектілер (ескерткіштер, белгілі жерлер, мұражайлар т.б.) және құбылыстар (этнографиялық, саяси, өндірістік т.б.) жатқызамыз [1].

Атырау облысының территориясы негізінен Каспий маңы ойпатын дерлік алып жатыр. Облыс терииториясы 118,6 мың шаршы шақырымды (Қазақстан территориясының 4,35% -ы) алып жатыр.

Атырау облысының әкімшілік-территориялық бөлінісі (01.01.2010ж.) 7 аудан (Жылыой, Индер, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат, Махамбет) мен Атырау қалалық әкімшілігі құрамына қарайтын 2 қала ( 1 облыстық мәні бар, 1 аудандық мәні бар), 6 поселке, 170 cелодан тұрады [2].

Сонау 17 ғ-да ежелгі Атырауға зорлықпен танылған Гурьев атауы еліміздің егемендікке қолы жетуінің нәтижесінде 1992ж. өзгертіліп, бұрынғы тарихи қалыптасқан аты қайтарылды [3].

Бұл байтақ дала бойында көп халық өткен және олардың әрқайсысы өз мәдениетін, өнерін, шығармашылығын қалдырған, әлі де қалдыра береді. Бірақ олар бір-бірін басып тастамайды, жоққа шығармайды, керісінше өзара бір-бірін байытады. Сондықтан да мұнда осы өлкені мекендеген бұрынғы тайпалар мен халықтардың архитектуралық құрылыстары сақталған. Бұлар аймақтың тарихи-мәдени мұралары ретінде ерекше мәнге ие.

Облыс территориясындағы туристік мүмкіншілігі бар әлеуметтік-экономикалық (тарихи-мәдени) ресурстарға тоқталып өтер болсақ.

Архитектуралық (діни – мемиоралдық ) ескерткіштер

Бар тірлігі малға негізделіп, үнемі жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүрген ата – бабамыз басқа жұрттай артына топтап ескерткіштер қалдырмағаны белгілі. Бірақ мешіттер мен ғибадатханаларды және қайтыс болған адам аруағын қастерлей білетін халқымыз қорымдар мен бейіттерді аймақтық ерекшеліктерге толы архитектуралық өнермен нақыштаған. Сондықтан да осы саладағы, әлі де толық зерттеле қоймаған халықтық (діни-мемиоралдық) архитектураны түсіндіріп, бүгінгі ұрпаққа талдап берудің үлкен мәні бар.

Солтүстік каспий өңіріндегі халықтық архитектуралық ескерткіштер бүкіл Батыс Қазақстандағы (Арал-Каспий аралығы) діни-мемиоралдық ескерткіштердің ажырамас бір бөлігі болып есептеледі. Бұл ескерткіштер көптеген (бір мыңнан аса) діни кешендердің, қорымдар мен бейіттердің (IХ–X ғ. басы) жанында шоғырланған. Қазіргі Атырау облысында көшпелілердің халықтық сәулет өнері мен тас қашау шеберлігін айқын бейнелейтін ескерткіштерінің біразы кездеседі, олардың көпшілігі орта ғасырдың соңы мен жаңа дәуірге (XV және XX ғ. басы ) тән.

Сақталған мемориалдық-діни архитектура ескерткіштерінің басым шоғырланған жері облыстың оңтүстік-шығыс (Қайнар, Тасастау, Желтау) және Доңызтаулық (Солтүстік Үстірт) тобына енеді. Бұлардың ішінде Қайнар кешені аса маңызды, ол Маңғыстау облысымен шекарада Тасастау сайының сағасында орналасқан. Бұрынғы кезде бұл арада белігілі Қайнар көгалы болған екен, онда XIX ғ. ортасында XX ғ. басында болған табындардың елді қонысының қалдықтары, белгілері жіне үлкен қорымы жақсы сақталған. Қайнар кешенінде мешіті болған елді мекен ізі, оңтүстік-шығысқа қарай көлемі 200x300 м-лік үлкен қорым жатыр. Мешіттің құрылысы да өте күрделі, XIX ғ. 3-ширегінде салынған, оның құрылысын басқарған Батыс Қазақстанға аты әйгілі, табын руынан шыққан Досжан ишан. XIX ғ. ортасында Дүйсеке ишан Нұрпейіс ишанмен бірге Меккеге қаржылыққа барып, мешіт салдыруға тиісті қаражат бөлген. Дүйсеке ишан қажылыққа барып келгеннен кейін қазіргі Құлсары кенті маңында, Ақтөбе облысының Шұбарқұдық кентіне жақын жердегі Ишаната кешенінде және Қайнарда мешіттер салдырған. Атырау облысының шығысындағы халықтың сәулет ескерткіштерінің көпшілігі Жем – Сағыз мемориалды-діни кешендер тобына енеді [4].

Белгілі Ұшқаната қорымы (әулие Ұшқан) Жем ескерткіштерінің ішіндегі ең көнесі (XIV – XX ғ. басы ). Ол Мұнайлы кәсіпшілігенен оңтүстікке қарай 20 км жерде орналасқан. Зират Алтын Орда кезіндегі елді мекен жанында пайда болған. Ұшқан қорымы Үстірт пен Жемнің төменгі ағысы бойындағы ең ірі және көне жерлеу – діни кешені болып табылады.

Атырау және Ақтөбе облыстарының шекарасында Сағыз өзенінің бойында жерлеу діни сәулет өнерінің бір топ өзіндік ескерткіштері XVIII ғ. мен XX ғ – дың басында пайда болған. Бұл арадағы қорымдар мен бейіттерде мемориалдық архитектураның тас қашау шеберлігінің негізгі ерекшеліктері байқалады, бұл дәстүр жаңа дәуірде оңтүстік аймақтардан (Маңғыстау, Үстірт) таралған. Бұл арадағы ең ірісі - Алыпана қорымы.



Алыпана қорымыXVIII – XX ғ-да ірге көтерген діни-мемориалдық ескерткіштер кешені. Сағыз стансасының оңтүстік-шығысынан 10 км жерде. Аңыз бойынша бейіттің «негіздеушісі» Алыпана болып есептеледі, оның моласы бейіттің батыс жағында шырақ және қадамен белгіленеді. Қорым негізінен әк – құмды тастан жасалған ескерткіштер құраған тақталы күмбездерден тұрады. Олардың құрылысы осы типті ескерткіштерге тән: қабырғалары сыртқы жағынан бөлшектермен қапталса, ішінен тақталардың сынықтары балшықпен толтырылған. Төбесі күмбезделіп жабылған, дулыға сияқты ұзын сүмбісі бар. Алыпана қорымының сағана тамдар сияқты құрылыс ерекшелігі де, әсемдігі де қарапайым.

Ең қызықты ескерткіштер деп Индер – Қарабау жолының бойында кездесетін Ақшадыр, Қарабала – Қантемір, Сұлтанәлі, Тағай бейіттерін, Төребай тамын есептеуге болады. Мысалы, Ақшадырда мұнара типтес сегіз қырлы қабырғалы шикі кірпіштен салынған кесене ерекше. Оның қасында пирамида тәрізді там орналасқан. Қарабала – Қантемір бейітіндегі шошақ дулығалы кесене көңіл бөлуге тұрарлық. Еділдің сағасында Арал – Каспий мемориалды – діни архитектураның ең батыс ескерткіштері есебінде кейбір бейіттер көңіл аударуға тұрарлық. Жергілікті қазақ халқы ерекше құрметтейтін XIX ғ – дың аяғы XX ғ – дың басына тән Сейіт баба бейіті. Астрахань облысы Володар ауданының Алтынжар аулында 1879 ж. дүние салған қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының бейіті орналасқан. Орыс архитектурасының бір қызықты ескерткішін атауға болады, ол – Теңіз ауданының Жыланды кентінен 10 км жерде XIXғ – да салынған шіркеу. Жергілікті жұрт оны бұл арада ертеректе болған базардың атымен «Қырдуан шіркеуі» деп атайды.



Алтын қорымыXIXғ. – XX ғ. бас кезінде ірге көтерген діни – мемориалдық ескерткіштер кешені. Алтын қорымы Махамбет ауданында Ортақшыл кентінен 4 км жерде 200 – дей көзге түсетін дәстүрлі құрылыстар бар, олар зираттың орталық және батыс бөлігіне шоғырланған. Мұнымен қоса, бейіттің оңтүстік – батыс, шығыс және солтүстік шетінде қазіргі ескерткіш үлгілері де кездеседі. Солтүстік Каспий жағасындағы мемориалды – діни кешендердің ішінде Алтын қорымы – ең ірісі және әр түрлі үлгідегі қорым. Қорымдағы кесенелер Батыс Қазақстан өңіріне көп тараған «үйтам» үлгісінде салынған. Ескерткіштердің арасында құлпытастардың әр түрлі үлгілері бар, олардың кейбіреулері өте сирек кездесетін түрлер.

Аралтөбесарматтар дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш. Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылынан шығысқа қарай Ақмешіт ғибадатханасының бейітіне таман орналасқан. Оны 1989 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы ашқан. 1999 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Аралтөбе қорғанына Ә.Марғұлан атындағы археологиялық экспедициясы кезекті қазба жұмыстарын жасады. Аралтөбе қорғанынан негізінен үш зират қазылып, оның алғашқысынан адамдардың қаңқалары мен олар қолданған шыны моншақтар, жебе ұштарының сынықтары табылды. Екіншісінен басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра, темір қылыш кездесті. Қазылған үшінші зираттан тарихымыздың тереңдігін, түп - тамырымыздың тектілігін жария еткен асыл қазынамыз – Алтын киімді адам табылды. Әйел және ер адам мүрделерімен бірге олардың аяқ жағында екі жылқы және қыран құс қаңқалары жерленген. Ер адам киімі әшекейлі алтын бұйымдармен безендірілген, тіпті шашын түйген байламшасы, жанындағы қару - жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталып, әшекейленген. Ғалымдардың тұжырымдауы бойынша бұл алтын киімді адамның өмір сүру кезеңі осыдан 2 мың жыл бұрынғы сарматтар дәуіріне жатады.

Бақсай каналы - Махамбет, Исатай аудандары жеріндегі 1952 ж. іске қосылған суару – суландыру жүйесі. Суы Жалғансай ауылы тұсынан «Сорап» стансасы арқылы Жайықтан алынады. Бас каналының ұзындығы 90 км, оған қосымша Бақсай өзенінің арнасы пайдаланылатын каналдар тарамының ұзындығы 32 км. Су жүйесімен кезінде жылына 3271 га егістік суарылып отырды. 11,3 мың га шабындық және 70 мың га жайылым суландырылады.

Дүйсеке мешітіЖылыой ауданының орталығы Құлсарының солтүстігінде 12 км жерде орналасқан, күйдірілмеген шикі кірпіштен салынған архитектуралық ескерткіш. Мешітті 1888 – 1893 ж. Дүйсенбай қажы салдырған. Кейін мешіт - медресе ретінде де пайдаланылған. Мешіт тік бұрышты етіп салынған. Әр қырының ені 2 м болып келетін күйдірілген кірпіштен тұрғызылған 2 бағана мешіт үйін екіге бөледі, төбесінде шикі кірпіштен тұрғызылған конус пішінді 6 күмбез бар. Мешітке кіре – беріс 2 қатарлы, сол жерде жоғары көтерілетін баспалдақ бар. Екінші қатардағы бөлмеде кітапхана, үшінші қатардағы айналасы әйнекті қоңырау бөлмесі, одан жоғарырақ төбесінде айы бар күмбез болған. Кіреберістегі бөлменің сол жағында кебіс тастайтын дәліз, оң жағында үлкен зал, оған жалғас бөлме орналасқан. Әр бөлменің төбесінде бір-бір күмбез және бір-бір терезе болған. Қабырғасының қалыңдығы 1,5 м. Бастапқыда биіктігі 2 м болып келетін дуалмен қоршалған. Дуалдың оңтүстігінде дарбаза қақпа болған. 1928 ж. жөндеуден өткен, бірақ қазір мүлде тозығы жеткен. Дүйсеке мешіті ислам дінін кеңінен уағыздады, онда бас имамдықты Дүйсенбай кейін баласы Нәби атқарды.

Жайық – Каспий теңіз каналыЖайықтың атыраулық бөлігіндегі су жолы. Жалпы ұзындығы 56 км, оның 20 км – йі Каспий теңізінің солтүстік таяз бөлігімен өтеді. Орташа тереңдігі 4,4 м, ені 90 м. Атырау қаласына теңіз кемерінің еркін қатынауына мүмкіндік береді. Жағасында Тасқала, Жаңаталап, Атырау, Дамба елді мекендері орналасқан.

Жұбан тамыЖылыой ауданы аймағындағы көрнекті, сәулетті мұра. Адай руының Құдайке – Қосай –Тіней аталығынан шыққан Жұбан байдың жайлауынан өз өсиеті бойынша салынған. Жемнің солтүстігінде, Иманғара тауының оңтүстік – шығысын ала орналасқан. Жұбан 1894 ж. дүние салған. Бұл сәулетті күмбезді Нұғымен ұста басшылығымен бір топ шеберлер тұрғызған. Күмбез жұмысы 1895 ж аяқталған. Жұбан күмбезінің биіктігі 7,7 м, ішкі кеңдігі 5,8х6,65 м. Күмбез Жем өзенінің ор басындағы Қабыланды жоталарындағы ұлутастан салынған [4].

Облыстық тарихи – өлкетану мұражайы1939 ж. мектеп мұражайы базасында құрылған. Ол ұзақ жылдар бойы ескі дәстүрдегі шағын ғана шіркеу ғимаратында археология, этнография, табиғат, ерлік, батырлық, облыс экономикасы және мәдениеті, экспозициялар бойынша көрермендеріне қызмет көрсетіп келді. Мұражайдың жеке өз қорында 19774 экспонат бар. Олардың ішінде Гурьев қамалында - 1810 жылға дейін болған зеңбірек, 1909 ж. Сарайшық қаласы орнынан табылған, бүйірінде көне қыпшақ тілінде Баласағұн өлеңдері жазылған қыш құмыра, мүсін өнерінің ғажайып үлгісі XVII – XVIII ғ – дағы тас мүсін – қойтастар, түрлі зергерлік әшекей бұйымдар ерекше назар аудартады. Бұдан басқа облыстың барлық аудандарында осы мұражайдың бөлімшелері және Атырау қаласында жауынгерлік даңқ – өнер мұражайлары бар.

Қазақ халқының қолөнерінің көрнекті туындысы қазақ ағаш үйі болып табылады. Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында барлық сыртқы және құралдармен қамтылған ағаш үй құрылып көрсетілген.

Сонымен қатар ағаштан жасалған бұйымдар да үлкен қызығушылықты тудырады.

Зергерлік коллекциялар да (түрлі әшекейлер: сырға, шолпы, түйме, бойтұмар, т.б.) ұлттық мәдениетімізде ерекше орын алады.

Бұлардан басқа облыстың жалпы айтқанда «бренд» болып есептелетін мұнай-газ саласының өнімдері мен балық өнімдерінің түрлі сувинерлері мен макеттері мұражай залынан орын алады.

Сарайшық қаласы - қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі. Сарайшық қалашығы 100 га көлемі бар. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан Шығыс пен Батыстың ортағасырлық өркениетті орталықтармен сауда-экономикалық және мәдени байланысы туралы ақпарат беретін және Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылды. Тарихшы ғалымдар оның пайда болуын XIII ғасырда, яғни Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан басталады да, оларда Сарайшық гүлденген қолөнері мен сауда қаласы болғандығы айтылады.

Тарихи – мемориалдық кешен құрылысы 1999 жылы 2 мамыр күні басталып, сол жылы 3 қыркүйекте ашылу салтанаты болды. Құрылыс бүкілхалықтық құрылыс болып саналды. Құрылыс жұмысына жергілікті халық түгелге жуық қатынасып, облыс, аудан әкімшілігі құрылыс жұмысына тікелей араласып, басшылық жасады. Кешен құрамына:

1. Хандар Пантеоны кіреді. Архитекторы, сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Мұның биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға, қара мраморға жазылған хандардың аттары мен хандық құрған жылдары жазылған.

2. Мешіт. Мешіттің ұзындығы 13 метр, ені 6метр 50см. Мешіттің іші толықтай жасақталып Михраб, Мінбарлар қойылған. Мешіт ішінде Құран, тағы басқа діни кітаптар қойылған. Әрбір жұма намазы өтіледі. Келушілер әуелі мешіт үйіне кіріп Құран оқытып, дұға етеді. Мешітке азан шақырылатын техникалық құралдар қойылған.

3.Мұражай. Мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылған. 14 ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған. Мұражайдағы естелік кітабына жазып қалдырған қоғам қайраткерлері, алымдар,өнер шеберлері, шетел азаматтары мен қарапайым халықтың түрлі ой пікірлерін оқуға болады.

Қазіргі уақытта қалашық жер бетінен тым тез жоғалып барады. Бұл процесс Жайық өзенінің арнасының ауытқуына байланысты болып отыр. Судың асау ағысының мәдени қабаттарын күн сайын және жылдам шайып жатыр. Сарайшық қазіргі мәдени қабаттары - бақытты, махаббат пен күндестікті, қалалықтардың рахаты мен уайымын, ауыруы мен қайғысы, табан ет, маңдай термен жиналған әрбір жәдігерлік сол бір дәуірдің дерегін сыйлайды.

Жеті ханның мүрдесі жатқан киелі аймаққа зиярат ете келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1999 жылы «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешенінің ашылу салтанатында болды.

Тек қана Каспий атырабы аймағындағы ғана емес, тұтас Шығыс пен Батыс елдерінің геосаяси мүддесінің осы жерде тоғысуы, оның ерекше байланыстырушы ролі, экономикалық, мәдени, саяси қарым-қатынастарды қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру көне Сарайшықтың қираған орнына жақын орналасқан Атырау қаласына ауысты. Ата бабаларымыздың қажырлы еңбегінің арқасында осынау шұрайлы жерге орныққан мұнайға бай Атырау қаласының жарқын, әрі ұзақ болашағы бар.



Успен соборыЖайықтың оң жағында, Атырау қаласының Самара бетінде, Исатай Тайманов атындағы көшеде орналасқан. 1883 ж. салынған. Собордың авторы, әрі салдырушысы – көпестер Федот пен Ирина Тудаковтар. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Басына крест орнатылған 7 күмбезі бар, орталық күмбез бәрінен енселі, биіктігі 70 м, ал қалған 6 күмбез негізгі күмбезден 10 м төмен орналасқан. Христиан дінін уағыздайды. 1981 ж архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекеттік Қорғауға алынды.

«Иманғали» мешіті - 1999-2001 жж. 5 мамырда пайдалануға берілді. Жалпы ауданы - 1328,3 шаршы метр. Пайдалы көлемі - 1093,1 шаршы метр, 600 адамға арналған. Ғимараты 2 қабаттан тұрады, екі үлкен залы бар. Мешіт қабырғасының биіктігі - 15 метр. Есік маңдайшаларының жоғарғы жағы батырлар дулығасы іспетті. Мешіттің екі мұнарасы бар. Бас мұнарасының биіктігі - 20,7 метр. Мінбенің биіктігі - 3 метр. Ол жоғарғы сапалы ағаштан жасалған. Үлкен күмбездің диаметрі - 5 метр, қалған 6 кіші күмбездерінің диаметрлері - 1метр. Мешіттің сыртында - 235,2 шаршы метр қосымша ғимарат бар. Онда имам және шаруашылық қызметкерлерінің бөлмелері орналасқан [5].

Атырау облысы халқының сәулетшілігі, мемориалды тас өңдеу өнерінің тарихы мол, негізінен зираттық – діни үлгідегі әртүрлі архитектуралық құрылыстарға ерекше бай өлке. Ортағасыр соңында және жаңа дәуірде (XVI-XX ғғ.) халықтық сәулет өнері Маңғыстау – Үстірт аймағына, Солтүстік Каспий, одан батысқа қарай Еділдің сағасына дейін таралған. Атырау тобына жататын ескерткіштер өзінің ерекшелігімен көзге түседі, өзгеше мемориалды үлгілері – ағаш құрылыстар, эпиграфиялық құлпытастар еліміздің басқа жерлерінде кездеспейді.

Аталған ескерткіштер облыс бойынша негізінде танымдық туризмді дамыту үшін негізгі даму бағыттарын жасау, жетілдіру маңызды орын алады.

Атырау облысында республиканың басқа аймақтарына қарағанда (мысалы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және т.б.) туристік қатынастар салыстырмалы төмендеу дамыған. Табиғи-ландшафтылығының туристік тартымдылығы дәрежесі бойынша Атырау облысын республика бойынша орташа деңгейге жатқызуға болады. Қолайлы географиялық жағдайы, аумағының кеңдігі, бай тарихи-мәдени мұрасы, рекреациялық қоры бағасының салыстырмалы жоғары болуы аймақта туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Туризмді дамытудың негізгі бағыттарына мыналарды жатқызуға болады:

-туристік қызметті реттеуде аймақтық әкімшіліктің ролін жоғарылату;

-туризмнің инфрақұрылымын, оның ішінде жол бойында қызмет көрсетуді өркендету;

-аймақтың туристік бет-бейнесін қалыптастыру;

Қазіргі уақытта облыс территориясында ішкі және кіру туризмін дамытуға мүмкіндік беретін 3 туристік нысан жұмыс жасайды: Махамбет ауданындағы «Сарайшық мемиоралдық кешені», Құрманғазы ауданындағы «Қиғаш» демалыс базасы және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты.

Атырау облысының бойынша қазіргі уақыттағы ұйымдастырылатын туристік маршруттар мен экскурсиялар:

1. Атырау – Сарайшық – Атырау (автокөлік бағыты, жыл бойы, ұзақтығы -1 күн, ересектер, мектеп оқушылары мен студенттер үшін, танымдық мақсатта);

2. Атырау қаласы бойынша экскурсия (облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсия бөлімі ұйымдастырады).

Атырау облысында болашақта қарастырылуы мүмкін туристік маршруттар мен экскурсияларға арнайы тарихи-археологиялық ескерткіштерге арналған туристік маршруттар мен экскурсияларды жатқызуымызға болады.

Сонымен қатар облыс территориясы бойынша виртуалды экскурсиялар да жасақталған. Оның интернет желісінде арнайы сайты рәсімделген.



Атырау облысы болашақта ел іші мен сырттағы туристерді баурайтын туристік орталыққа айналу үшін туристік инфрақұрылымды, қызмет көрсету деңгейін жетілдіру қажет. Мысалы, туризм саласында инвестициялық саясат қалыптастырып, облыстағы туризм инфрақұрылымының нашар дамығанын және қаржының шектеулілігін ескере отырып инвестициялар және жеке капитал тарту есебінен саланы қаржыландыру мәселесін шешу керек және де облыс ішінде кәсіптік маман даярлау қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Алиева Ж.Н. Туризмология негіздері. А., 2004.

  2. Атырау (бұрынғы Гурьев) облысының әкімшілік-аймақтық бөліну тарихы туралы анықтамалық (1920-2000 жж).- Алматы: Асем-Систем.

  3. Атырау: Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 2000.

  4. Атырау өңірінің археологиялық ескерткіштері. Жауапты Ғ.А. Искаков.- Атырау, 2010.

  5. Атырау облысы тарихи-өлкетану археологиялық және этнографиялық коллекциясы. Атырау: «Ағатай» баспасы.- 2009.

Интернет ресурстар:

  1. www. atyrau-ds.kz Атырау облыстық әкімдігінің ресми порталы

  2. http://atyrauhistorykz.weebly.com/ Атырау қаласына виртуалды экскурсия сайты





Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет