Техникалық реттеу туралы



жүктеу 0.53 Mb.
бет1/4
Дата24.04.2019
өлшемі0.53 Mb.
  1   2   3   4

Техникалық реттеу туралы
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы N 603 Заңы
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) аккредиттеу - аккредиттеу жөнiндегi орган заңды тұлғаның белгiлi бiр салада техникалық реттеу объектiлерiнiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жөнiндегi жұмыстарды орындауға құзыреттi және құқылы екенiн ресми танитын рәсiм;

2) аккредиттеу аттестаты - сәйкестiктi растау және аккредиттеу саласында жұмыс жүргiзу ережелерiне сәйкес берiлетiн, сәйкестiктi растау жөнiндегi органның және (немесе) сынақ зертханаларының (орталықтарының) белгiлi бiр салада белгiленген талаптарға сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындау құқығын куәландыратын құжат;

3) аккредиттеу жөнiндегi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және аккредиттеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;

4) аккредиттеу саласы - сәйкестiктi растау жөнiндегi аккредиттелген органдарға және (немесе) сәйкестiктi растау саласындағы жұмысты жүзеге асыратын зертханаларға техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн анықтау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу үшiн бекiтiлiп берiлген объектiлердiң тiзбесi;

5) аудит (сәйкестiктi растау саласындағы) - сәйкестiктi растау жөнiндегi аккредиттелген органдардың және (немесе) сынақ зертханаларының (орталықтарының) қызметiн жүйелi, тәуелсiз құжатталған талдау, сондай-ақ өтiнiм берушiнiң бастамасы бойынша жүргiзiлетiн сертификатталған өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң, сапа менеджментi жүйелерiнiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн бақылау;

6) берушi - өнiм беретiн, қызмет көрсететiн жеке немесе заңды тұлға;

7) дайындаушы (орындаушы) - өнiмдi кейiннен иелiктен шығару немесе өндiрiстiк мақсаттарда өзi тұтыну үшiн өндiретiн, сондай-ақ өтеулi және (немесе) өтеусiз шарт бойынша жұмыстарды орындайтын немесе қызметтер көрсететiн жеке немесе заңды тұлғалар;

8) инспекциялық бақылау - сертификатталған өнiмнiң, процестiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жөнiндегi аккредиттелген органның уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асыратын тексеруi;

9) инспекциялық тексеру - аккредиттеу жөнiндегi орган сәйкестiктi растау жөнiндегi органдардың және зертханалардың аккредиттеу шарттарын сақтауына жүргiзетiн тексеру;

10) көрсетiлетiн қызмет - берушi мен тұтынушының тiкелей өзара iс-қимылының және берушiнiң тұтынушы қажеттiктерiн қанағаттандыру жөнiндегi iшкi қызметiнiң қорытындылары;

11) қауiп-қатер - зардаптарының ауырлық деңгейi ескерiле отырып, адамның өмiрiне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, оның iшiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiне зиян келтiру ықтималдығы;

12) мемлекеттiк стандарт - уәкiлеттi орган бекiткен және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiне қолжетiмдi стандарт;

13) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесi - өз құзыретi шегiнде техникалық реттеу саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлердiң, стандарттардың жиынтығы;

14) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң тiзiлiмi - техникалық регламенттердi, стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн, сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарды, сынақ зертханаларын, стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердi, сарапшы-аудиторларды және сәйкестiктi растау саласында берiлген құжаттарды есепке алу құжаты;

15) мүдделi тараптар - қызметi техникалық регламенттердi әзiрлеумен тiкелей байланысты жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың қауымдастықтары, одақтары, сондай-ақ қатысуы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де тұлғалар;

16) мiндеттi сертификаттау - сәйкестiктi растау жөнiндегi органдардың қатысуымен өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау нысаны;

17) негiзге алынатын стандарт - қолданылу саласы кең немесе техникалық реттеудiң белгiлi бiр саласына арналған жалпы ережелерi бар стандарт;

18) өнiм - процестiң немесе қызметтiң нәтижесi;

19) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi бiрдейлендiру - белгiлi бiр өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi ерекшелейтiн белгiлерi бойынша бiржақты тануды қамтамасыз ететiн рәсiм;

20) өнiмнiң және процестердiң қауiпсiздiгi (бұдан әрi - қауiпсiздiк) - қауiптi фактордың iске асу ықтималдығы мен оның зардаптарының ауырлық деңгейiнiң ұштасуын ескере отырып, адамның өмiрiне, денсаулығына, қоршаған ортаға, оның iшiнде өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне зиян келтiруiне байланысты жол берiлмейтiн қауiп-қатердiң болмауы;

21) өнiмнiң өмiрлiк циклi - өнiмдi жобалау, өндiру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткiзу, жою және кәдеге жарату процестерi;

22) өңiрлiк стандарт - стандарттау жөнiндегi өңiрлiк ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт;

23) өтiнiм берушi - сәйкестiгiн растау үшiн өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi, процестердi ұсынған жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ аккредиттеуге және аудитке (сәйкестiктi растау саласында) өтiнiм берген заңды тұлғалар;

24) процесс - өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң процестерiн қоса алғанда, қандай да бiр тапсырылған нәтижеге жету жөнiндегi өзара байланысты және дәйектi iс-қимылдар (жұмыстар) жиынтығы;

25) сәйкестiк белгiсi - өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде, стандарттар мен өзге де құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау рәсiмiнен өткенi туралы сатып алушыларды хабардар етуге арналған белгi;

26) сәйкестiк сертификаты - өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға, стандарттардың немесе өзге де құжаттардың ережелерiне сәйкестiгiн куәландыратын құжат;

27) сәйкестiктi бағалау - өнiмге, процеске, тұлғаға немесе органға қойылған талаптардың орындалғанының дәлелдемесi;

28) сәйкестiк туралы декларация - дайындаушы (орындаушы) айналысқа шығарылатын өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн куәландыратын құжат;

29) сәйкестiктi ерiктi растау - дайындаушының (орындаушының) немесе сатушының бастамасы бойынша жүргiзiлiп, өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң стандартқа, өзге де құжатқа немесе өтiнiм берушiнiң арнайы талаптарына сәйкестiгiн растау жүзеге асырылатын рәсiм;

30) сәйкестiктi мiндеттi растау - өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жүзеге асырылатын рәсiм;

31) сәйкестiктi растау - нәтижесi объектiнiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн құжаттамалық куәландыру (сәйкестiк туралы декларация немесе сәйкестiк сертификаты түрiнде) болып табылатын сәйкестiктi бағалау рәсiмi;

32) сәйкестiктi растау жөнiндегi орган - сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн белгiленген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;

33) сәйкестiктi растау нысаны - нәтижелерi өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiнiң дәлелi ретiнде қаралатын iс-қимылдардың жиынтығы;

34) сәйкестiктi растау саласындағы құжат - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiктi растау жөнiндегi аккредиттелген орган берген сәйкестiк сертификаты немесе сәйкестiк туралы декларация;

35) сәйкестiктi растау схемасы - объектiнiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн осы жұмысты жүргiзудiң нақты кезеңдерiн (сынау, өндiрiстi бағалау, сапа менеджментi жүйесiн бағалау, нормативтiк және техникалық құжаттаманы талдау және басқалар) сипаттай отырып айқындау тәсiлдерi;

36) сәйкестiктi растау, тауар шығарылатын мемлекеттi анықтау, аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудитор - уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестатталған маман;

37) сертификаттау - сәйкестiктi растау жөнiндегi орган өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн жазбаша куәландыратын рәсiм;

38) стандарт - уәкiлеттi орган көздеген тәртiппен бекiтiлген, көп мәрте және ерiктi пайдалану мақсатында техникалық реттеу объектiлерiне ережелердi, жалпы принциптер мен сипаттамаларды белгiлейтiн құжат;

39) стандарттау - нақты қойылып отырған және ықтимал мiндеттерге қатысты көпшiлiкке ортақ, көп мәрте және ерiктi пайдалану үшiн ережелер белгiлеу арқылы өнiмге, көрсетiлетiн қызметке және процестерге қойылатын талаптарды ретке келтiрудiң оңтайлы деңгейiне қол жеткiзуге бағытталған қызмет;

40) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжат - стандарттау жөнiндегi қызметтiң әр түрiне немесе оның нәтижелерiне қатысты нормаларды, ережелердi, сипаттамаларды, принциптердi белгiлейтiн құжат;

41) стандарттау жөнiндегi өңiрлiк ұйым - географиялық немесе экономикалық бiр ғана өңiрдiң стандарттау жөнiндегi тиiстi органдары қызметiне қатысу үшiн ашық болатын стандарттау жөнiндегi ұйым;

42) стандарттау жөнiндегi техникалық комитет - бекiтiлген стандарттау объектiлерi немесе қызмет бағыттары бойынша стандарттарды әзiрлеу және мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн құруға қатысу үшiн ерiктi негiзде экономика салаларында құрылатын консультациялық-кеңесшi орган;

43) сынақ зертханасы (орталығы) (бұдан әрi - зертхана) - өнiмнiң стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiне сынақ жүргiзетiн зертхана, соның iшiнде мемлекеттiк органдар зертханасы;

44) техникалық кедергi - техникалық регламенттерде және стандарттарда қамтылатын талаптардың әр түрлiлiгi немесе өзгермелiлiгi салдарынан туындайтын кедергi;

45) техникалық регламент - өнiмдерге және (немесе) олардың өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзiрленетiн және қолданылатын нормативтiк құқықтық акт;

46) техникалық реттеу - санитарлық және фитосанитарлық шараларды қоспағанда, сәйкестiктi растау, аккредиттеу және белгiленген талаптардың сақталуын мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жөнiндегi қызметтi қоса алғанда, өнiмге, көрсетiлетiн қызметке, процестерге қойылатын мiндеттi және ерiктi талаптарды анықтауға, белгiлеуге, қолдануға және орындауға байланысты қатынастарды құқықтық және нормативтiк реттеу;

47) техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттiк қоры - мемлекеттiк органдардың техникалық регламенттерiнiң, стандарттарының және өз құзыреттерi шегiнде қалыптастыратын өзге де құжаттарының мамандандырылған қорларының жиынтығы;

48) техникалық сарапшы - сәйкестiгi расталатын объектiге қатысты арнаулы бiлiмi немесе тәжiрибесi бар жеке тұлға;

49) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктеуiшi - техникалық-экономикалық ақпарат объектiлерiнiң жiктеу топтарының кодтары мен атауларының жүйеленген жиынтығын бiлдiретiн құжат;

50) уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық реттеу саласындағы жұмыстарды басқаруға, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға және стандарттау, сәйкестiктi растау мен аккредиттеу мәселелерi бойынша халықаралық және өңiрлiк ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк етуге уәкiлеттi мемлекеттiк орган;

51) ұлттық стандарт - шет мемлекеттiң стандарттау жөнiндегi уәкiлеттi органы қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт;

52) ұйым стандарты - ұйым бекiткен стандарт;

53) үйлестiрiлген стандарт - техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ететiн стандарт;

54) халықаралық стандарт - стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт.

Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.


2-бап. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.


3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
1. Осы Заң өнiмге, көрсетiлетiн қызметке, өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң процестерiне (бұдан әрi - процестер) қойылатын мiндеттi және ерiктi талаптарды айқындау, белгiлеу, қолдану және орындау, олардың сәйкестігін растау, аккредиттеу және техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жөнiндегi қоғамдық қатынастарды реттейдi.

2. Өнiм, көрсетiлетiн қызмет, процестер техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.

3. Мемлекеттiк органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес техникалық реттеу объектiлерiне қатысты пайдалану құқығын иеленетiн жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектiлерi болып табылады.
4-бап. Техникалық реттеудiң негiзгi мақсаттары мен принциптерi
1. Техникалық реттеудiң негiзгi мақсаттары:

1) мiндеттi регламенттеу саласында:

- өнiмнiң, процестердiң адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта, оның iшiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

- ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;

- өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң қауiпсiздiгiне және сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын iс-әрекеттердiң алдын алу;

- саудадағы техникалық кедергiлердi жою;

2) стандарттау саласында:

- отандық өнiмнiң бәсекеге-қабiлеттiлiгiн арттыру;

- табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу болып табылады.

2. Техникалық реттеу:

1) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң бiрлiгi мен тұтастығы;

2) бiрыңғай терминологияны, өнiмге, көрсетiлетiн қызметке, процестерге қойылатын талаптарды белгiлеу ережелерiн қолдану;

3) техникалық реттеу мақсаттарының орындылығы мен қолжетiмдi болуы, техникалық реттеу процестерiне қатысу үшiн тең мүмкiндiктердi, мемлекет пен мүдделi тараптар мүдделерінің теңгерімiн қамтамасыз ету;

4) отандық және импортталатын өнiмге, көрсетiлетiн қызметке және олардың белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау рәсiмдерiне қойылатын талаптардың бiрдей болуы;

5) техникалық регламенттер мен стандарттарды әзiрлеу кезiнде ғылым мен техника жетiстiктерiн, халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың стандарттарын басым пайдалану;

6) техникалық регламенттер талаптарының мемлекет экономикасының дамуы, оның материалдық-техникалық базасы деңгейiне және ғылыми-техникалық даму деңгейiне сәйкестігі;

7) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, техникалық регламенттердiң, стандарттардың және олар туралы, оларды әзiрлеу, бекiту, жариялау тәртiбi туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;

8) стандарттарды қолдану мақсатында оларды ерiктi түрде таңдау;

9) сәйкестiктi растаудың бiрыңғай жүйесi мен ережелерi;

10) бiр органның аккредиттеу және сәйкестiктi растау жөнiндегi өкiлеттiктердi қоса атқаруын болдырмау;

11) бiр мемлекеттiк органда мемлекеттiк бақылау мен қадағалау және сәйкестiктi растау функцияларының үйлеспеушiлiгi;

12) сәйкестiктi растау жөнiндегi органдардың дайындаушылардан (орындаушылардан), сатушылардан және сатып алушылардан тәуелсiздiгi;

13) сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарда бәсекелестiктiң шектелуiн болдырмау принциптерiне негiзделедi.

Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.


5-бап. Мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң құрылымы
Мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң құрылымын:

1) Қазақстан Республикасының Үкiметi;

2) уәкiлетті орган;

3) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк органдар;

3-1) аккредиттеу жөнiндегi орган;

4) мемлекеттiк органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер;

5) Саудадағы техникалық кедергiлер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөнiндегi ақпарат орталығы (бұдан әрi - Ақпарат орталығы);

6) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер;

7) сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар, зертханалар;

8) сәйкестiктi растау, тауар шығарылатын елдi анықтау және аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-ayдиторлар;

9) техникалық техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттiк қоры құрайды.

Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.


6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң техникалық реттеу саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң техникалық реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:

1) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;

2) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн құру;

3) техникалық реттеу саласында құқықтық реформаны қамтамасыз ету;

4) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн дамыту бағдарламасын бекiту;

5) қорғау технологияларын қолдану ережелерiн және мiндеттi қорғалуға жататын құжаттар мен объектiлер тiзбесiн бекiту;

6) техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiнiң депозитарийiн құру және жүргiзу ережелерiн бекiту;

7) өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесi үшiн консультациялық-кеңесшi органдар құру;

8) техникалық регламенттердi бекiту;

8-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және күшiн жою тәртiбiн белгiлеу;

9) аккредиттеу жөнiндегi органды айқындау;

10) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды атқару;

10-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарды бекiту.

Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.


7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган мынадай функцияларды орындайды:

Техникалық реттеу саласында:

1) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн құруға қатысады;

2) техникалық реттеу саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асырады;

3) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметiн салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

4) мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып, мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiн дамыту бағдарламасын әзiрлейдi және олардың орындалуын үйлестiредi;

4-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарды әзiрлейдi;

5) техникалық реттеу саласындағы жобалардың және нормативтiк құқықтық актiлердiң техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк саясатқа және осы Заңның 4-бабы 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкестiгiне талдауды және сараптама жүргiзудi ұйымдастырады;

6) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттермен, жеке және заңды тұлғалармен техникалық реттеу мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайды;

7) стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк етедi, халықаралық және өңiрлiк стандарттау, сәйкестiктi растау нәтижелерiн өзара тану жөнiндегi жұмыстарға қатысады;

8) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң тiзiлiмiн жүргiзудi ұйымдастырады;

9) техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттiк қорының жұмысын ұйымдастырады және үйлестіреді;

10) Ақпарат орталығының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;

11) сәйкестiктi растау, тауар шығарылатын елдi анықтау, аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудиторларды аттестаттау тәртiбiн айқындайды және оны ұйымдастырады, сондай-ақ оларды кәсiби даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастырады;

11-1) тауар шығарылатын елдi анықтау жөнiнде сертификат бередi және оның тәртiбiн белгiлейдi;

12) техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылау мен қадағалау жүргізу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады және үйлестiредi;

13) алып тасталды

Аккредиттеу аттестатының қолданылуын тоқтата тұрудың себептерi жойылмаған жағдайда немесе аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзiмi iшiнде техникалық регламенттерде белгiленген талаптар қайталап бұзылғаны анықталған жағдайда аккредиттеу аттестатының күшiн уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша сот қана жоя алады.

Стандарттау саласында:

1) мемлекеттiк стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпараттың жiктеуiштерiн әзiрлеудiң, келiсудiң, есепке алудың, бекiтудiң, сараптаудың, өзгертудiң, жоюдың және қолданысқа енгiзудiң тәртiбiн белгiлейдi;

2) техникалық регламенттермен үйлестiрiлген стандарттарды талдауды және әзiрлеудi ұйымдастырады;

3) халықаралық, өңiрлiк және ұлттық стандарттарды, шет мемлекеттердiң техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн, стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөнiндегi ұсынымдарын Қазақстан Республикасының аумағында есепке алу және қолдану тәртiбiн белгiлейдi;

4) мемлекеттік, халықаралық және өңiрлiк стандарттардың, шет мемлекеттер стандарттарының ресми басылымдарын, стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөнiндегi ережелер мен ұсынымдарды басып шығаруды және таратуды ұйымдастырады, олар туралы ақпаратты жариялайды;

5) мемлекеттiк стандарттаудың жоспарларын әзiрлеу тәртiбiн белгiлейдi;

6) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармаларын растауды ұйымдастырады;

7) өнiмдi таңбалау тәртiбiн белгiлейдi және оларды бақылауды жүзеге асырады;

Сәйкестiктi растау және аккредиттеу саласында:

1) сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарды және зертханаларды аккредиттеу тәртiбiн белгiлейдi;

2) заңды тұлғаларды аккредиттеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды жүзеге асырады;

3) сәйкестiк сертификатының, сәйкестiк туралы декларацияның, аккредиттеу аттестатының, тауар шығарылатын елдi анықтау жөнiнде сертификаттың нысандарын белгiлейдi және оларды шығаруды ұйымдастырады;

4) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң ережелерiн әзiрлейдi;

5) шағымдарды (апелляцияларды) қарау үшiн апелляциялық комиссия құрады;

6) егер басқа ұйымдар шығарған сәйкестiктi растау мәселелерi жөнiндегi құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң талаптарына сай болмаса, олардың күшiн жою туралы ұсыныстар дайындайды;

7) зертханааралық салыстыру сынақтары (салыстырмалар) бойынша жұмыстарды ұйымдастырады.

Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындайды.

Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.


8-бап. Мемлекеттiк органдардың техникалық реттеу саласындағы құзыретi
Мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде техникалық реттеу саласында:

1) техникалық регламенттердiң және олармен өзара байланысты стандарттардың ғылыми-техникалық деңгейiн талдауды;

2) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен техникалық регламенттердi әзiрлеу немесе техникалық регламенттерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар әзiрлеу, стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға өзектi сипат беру және оларды бiр iзге салу туралы ұсыныстар дайындау мен енгiзудi;

3) Қазақстан Республикасында қабылданатын жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес техникалық регламенттердi және мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды;

4) техникалық регламенттердiң жобаларын әзiрлеу, мемлекеттiк органдардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау үшiн сарапшылық кеңестер құруды;

5) өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша техникалық регламенттердiң, стандарттардың және өзге де құжаттардың қорларын басқаруды;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың орындалуын мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды;

7) стандарттар мен өзге де құжаттарды әзiрлеу және оларды халықаралық нормалармен және талаптармен үйлестiру жөнiндегi жоспарлар мен бағдарламаларды дайындауды және iске асыруды;

8) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердi, сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарды және сәйкестiгi мiндеттi расталуға тиiстi өнiм жөнiндегi зертханаларды құру бойынша ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет