Асау жылқыны ауыздықтап, алып түйені үйрететін Аружан Амангелдіқызы 19 жаста екен. Ол қаршадайынан ат құлағында ойнап өскен қыз. Ерекше қабілетімен ел назарына іліккен шабандоз Stan.kz ақпарат порталының тілшісіне сұхбат берді.  

Аружан Амангелдіқызы Тараз өңірінің тумасы. Ол мал шаруашылығымен айналысатын отбасында туып-өскен. Қазіргі таңда ҚызПУ-дың "Дене шынықтыру және спорт" мамандығында біліп алып жүр. Қолы қалт етсе Алматының шетіндегі "Топжарған" этно-өнер орталығында асау жылқы мен түйелерді үйретіп, бүркіт баптаумен айналысады.

"Асау түйені жуас қылу үшін ең бірінші шөктіріп үйретеміз. Олар асау кезінде шөгуді де білмейді. Яғни біз арнайы тәсілдермен аяғын буып, түйелерді жатқызып, мұрнына мұрындық саламыз. Ең қиыны – түйеге мұрындық салу. Асау түйені қалай жуас қылуды өзімнің туған атам үйретті. Түйені аттың тақымына қысып біраз жүрдік, олар мінезін көрсетті, біраз тулады. Түйеден құладық, жарақаттар болды, соңында еріттеп міндік. Жалпы, түйені үйретудегі мақсатым – қазақтың ұлттық өнерін жаңғырту", – дейді Аружан Амангелдіқызы.    

Асауды қолға үйреткен шабандоз ару тұңғыш рет түйемен жамбы атқан қазақ қызы ретінде КиНЭС рекордтар кітабына енген. Ол 100 метрді 12 секундта бағындырып, нысанаға дөп тигізген екен. Алайда бұл бұрымдының болмысы мен ұстанымына бірі қызығушылық танытса, енді бірі жатырқай қарайтын көрінеді. 

"Көбісі қолдамайды. "Қыз баласысың, ол тірліктің не керегі бар?" дейді. Ал екінші тарап "Қазақтың қызы, мақтан тұтамыз" деп айтып жатады. Жаман ойларға көңіл бөлмеуге тырысамыз. Өзіміздің ұлттық спортымыз, ұлттық нақышты дәріптеуге барынша тырысамыз. Ал күнделікті өмірде қазақы образбен жүруге тырысамын. Қаланың өзінде де тымақпен, етікпен жүруге ұялмаймын. Қазақы киімге көбісі қызыға қарайды. Бірақ көпшілігі қазақы киімді күнделікті өмірде киюге ұялып жатады. Менің ойымша, ол өте өкінішті жағдай. Күнделікті өмірде қазақы нақышта киініп жүру іштегі рухани сезімді оятады. Қазақы ою-өрнек кисең делебемізді қоздырады ғой. Сол себепті көшеде кетіп бар жатқан адамды қазақылыққа жақындату үшін қазақы киім киіп жүрмін. Қазіргі қыз-жігіттерге айтарым, шет елге еліктемей, қазақтың дүниесіне жақын болу керек", – дейді шабандоз қыз.

Аружан Амангелдіқызының ұлттық спортты дәріптеу жолындағы жоспары көп. Ол биыл Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер жарысына қатысуды жоспарлап жүр.

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 


Автор: Гульжан Оразбаева

Гульжан — исследовательница жизни и достижений знаменитых личностей Казахстана. Ее статьи позволяют читателям взглянуть на страну через призму вкладов ее ярких представителей.