Актриса, продюсер Баян Мақсатқызы екінші жолдасымен некелесетін кезде қандай қиындыққа тап болғанын есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мамский әңгіме” подкастына сілтеме жасап хабарлайды.  

Баян Мақсатқызы мен Тұрсын Алагөзовтың шаңырақ көтергендеріне биыл 8 жыл.

“Тұрсынмен өмірім жаңа арнаға бұрыла бастағанда балаларыммен келіспеушілік болғаны рас. Айсәулеге ауыр соққы болды. Ол Тұрсынды қабылдамай жүрді. Бірақ ол кезеңнен қиындықсыз өтіп кеттік. Өйткені қызым мені түсініп, қолдайтынын айтты. Бір күні ашық сөйлестім. “Айсәуле, бұл – менің өмірім және менің таңдауым. Сен мені отбасылық өмірге қадам басқанда түсінесің. Мен сені ешқашанда біреудің жеке шекарасына кірме, оның таңдауын сыйла деп тәрбиеледім. Сен ересек адам ретінде мені түсінуге тырысып, қолдағаныңды қалаймын. Бойжетіп тұрмысқа шыққанда сенің таңдауыңды мен қолдаймын және қасыңнан табыламын” дедім. Содан кейін ол түсініп, Тұрсынмен қарым-қатынасын жақсартты. Ол кезде Айсәуленің жасы 20-да болатын. Ересек адам ретінде менің таңдауыма кедергі болмады. Тұрсын да қыздарымды жақсы көріп, сыйлады. Содан кейін Айсәуле екеуміз бұл тақырыпқа оралған емеспіз”, – дейді продюсер.  

Өнер иесінің айтуынша, биыл екінші рет тұрмыс құрғанына 8 жыл толыпты. Отбасы беріктігінің құпиясын да жасырмады. 

“Мен шатасып 7 жыл деп жүрсем, 2024 жылы 8 жыл толады екен. Өміріміз айтарлықтай өзгерген жоқ. Біздің арамызда үлкен махаббат қана бар. Сол нәрсе біздің отбасын сақтап тұр. Ол да, мен де үлкен сабыр мен шыдамдылықтың арқасында осы күнге жеттік. Басымыздан өте қиын кезеңдер өтті. Біз ешқашан бір-бірімізді тастап кетуді ойламаймыз. Әрине, келіспей, пікіріміз бір жерден шықпай қалатын кездер болады. Бірақ ондай жағдайда татуласып, бітімгершілік жасаймыз. Егер бір адамды құлай сүйсең болды, айналадағы мәселелер ұсақ-түйекке айналады. Мен үшін отбасы деген – махаббат. Ол жоқ болса, шаңырақ шайқалады”, – деп түсіндіреді актриса. 

Еске салайық, Баян Мақсатқызы алғашқы жүктілігі туралы айтқанын жазған болатынбыз. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.