Тоқсан би мен Құнанбай



жүктеу 380.61 Kb.
бет1/3
Дата19.09.2017
өлшемі380.61 Kb.
  1   2   3

Сын жұмысы жинақтары



Ақсақ киік


Басқалардан оқшау қала бастаған жаралы киік оқ тигеніне қарамастан, шоқақтап келеді. Құс сияқты қанаты болмаса да, жерден биік көтеріле алмаса да, жас киік әлі ширақ көрінеді. Бірақ киік пен шапқан аттар аралығындағы қашықтық бірте-бірте қысқара түсті.

Кедей ауылдың сыртында ойнап жүрген топ бала бұл көрініске таңырқай қалыпты. Киіктер көзден таса болып, қуғыншылар әбден көрінбей кеткенше, топ бала аттылар соңында қалған бозғылт шаңның сүреңіне қарады да тұрды.

Әсіресе, топ ішіндегі баланың жасы онға жаңа келген қыз бала әлгі көріністерге зер сала қарады. Жас болғанмен, оның жүрегінде әлдебір аяныштың ізі қалып қойғандай еді. (90 сөз)


Тоқсан би мен Құнанбай

Құнанбай аға сұлтан кезінде Бөжей, Байдалымен араздасып, Омбы қаласына айдалып бара жатқанда, Керей елінің атақты биі Тоқсанның үйіне қоныпты. Қонақасы жеп, бимен түні бойы әңгімелесіп, ертеңіне атқа қонып Құнанбай жолға түсіп кетіп бара жатқанда, Тоқсан би Құнанбайдың артынан айқайлап, «Құнанжан, аттың басын қайта бұрма, өзің мойныңды бұр», - деп, былай депті:

Тұманның арты жұт болар,

Тұмаудың арты құрт болар.

Заңдасып босқа қайтесің,

Заңшылдың түбі сот болар. 

дегенде, Құнанбай: 

Тұманның арты жұт болып қайтер дейсің, 

Қопадан қоныс алған соң.

Тұмаудың арты құрт болып не қылар дейсің,

Тәңірім шипа салған соң.

Заңшылдың түбі сот болып қайтер дейсің,

Алтынды пұттап алған соң, - деп жүріп кетіпті. (100 сөз)


Бала Шоқан

Қыс ортасынан былай Шоқан орыс тіліндегі әдебиет кітаптарын құныға оқитын болып алды. Бірақ ондай кітаптар Шоқан қолына көп түсе бермейді. Әсіресе корпус кітапханасында әдебиет кітаптары жоқтың қасы. Ал аздаған кітаптар рота балаларының қолынан босамайды. Оның өзін де кезек күтіп, әрең дегенде қолдарына түсіреді. Осы кітаптардың әсерінен болар. Шоқан мен Григорийдің ізденгіш ойшыл мінездері өздерінің сыныптарындағы көп балаларға әсерін тигізіп, кітап оқу, ілім іздену балалар арасында жақсы өрістеді. Соның арқасында Шоқан бастаған сыныптың балалары озық, тәртіпті сыныпқа, үлгілі оқушылар атына ие бола берді. (82 сөз)

(С.Бегалин)

Сәбит Мұқанов


Сәбит Мұқанов - атақты жазушы. Ол Орынбордағы рабфакты 1926 жылы бітіреді. Сәбит 1935 жылы Мәскеудегі Қызыл профессура институтының әдебиет бөлімін бітіргеннен кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып істейді.

С.Мұқановтың өлеңдері 1922 жылдан бастап жариялана бастайды. Оның «Сұлушаш» поэмасы, «Ботагөз» романы, «Өмір мектебі» трилогиясы, «Шоқан Уәлиханов» пьесасы тағы басқа көптеген шығармалары бар. Сәбит шығармалары әлемнің 50 шақты тіліне аударылды.

Алматыда С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай үйі, жазушының атымен аталатын көше бар. (70 сөз)


Аға сұлтан – Құнанбай

Аға сұлтан болып тұрған жылдары Құнанбай Қарқаралы қаласына мешіт-медресе тұрғызады. Өзінің қол астындағы ауылдардың үлкен-кішісін сол мешіт-медресеге тартады. Жас балаларды оқытып, мұсылмандыққа, имандылыққа баулиды. Жасы жетпістен аса бастағанда ел басқару, билікті балаларына тапсырып, өзі Меккеге қажылыққа барады. Қазақ елінен өзге мұсылман жұртынан түсіп, қонып тұрсын деп, өз қаражатына Меккеден «Тақия» деген тұрғын үй салдырады. Сөйтіп, сол кезден бастап көптеген келім-кетім мұсылмандардың сауабын алады. (67 сөз)


Мұң

Өткен он айдың ішінде мен бірнеше шабуылда болдым. Өлімді тіпті көп көрдім. Жақын жолдасыңның қиналып барып жан тапсыруын көруден ауыр не болады дейсің. Ол-жаныңа жаны қосылған досыңның өлімі, ол-тізе қосып бірге алысқан жолдасыңның өлімі.

Жауды мен аямаймын, оның өліміне ішім қынжылмайды: өйткені, мен адамды емес, адам бейнелі айуанды қырып жүргенімді жақсы білемін. Ал енді қасында ғана қызыл әскерше киінген қыршын жас өліп жатқанда жүрегің қатгы ауырады, құрбылар! Осы ғажап қырғын, сұрапыл алыс үстінде жаныңа сүйеу болатын нәрсе: біздің жігіттер ерлерше өліп жатыр деген берік сенім. Олардың өлімінде де өмір бар! (99 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)


Арпалыс

Аңылжыған айдала. Терістіктен темірдей қарып ызғырық жел еседі. Жападан-жалғыз. Шалқасынан жатыр. Бүкіл ту сырты тұтаса мұздап, тұрайын десе, тұра алмайды. Өзіне не болғанын білмейді. Аттан жығылған деуге сынған, мертіккен ештеңесі жоқ сияқты. Бірақ, тұла бойы ап-ауыр.

Жып-жылы бірдеңе маңдайын қайта-қайта сипалайды. Бұл не болды екен? Жүгенін сылдырлатып, қасына кеп, жылқы қайыратын шара көз шабдар айғыры жұп-жұмсақ еріндерімен мандайын ұйпалап, иіскеп тұрғаннан сау ма? Жоқ, әлде... Бірақ, олай болуы мүмкін емес. Ол ешқашан бұның маңайына бүйтіп жақындап көрген жоқ. Тек анадайдан анда-санда ғана бір жылжып қоятын. Ал, қазір... Қасына келгендей... Маңдайынан сипағандай. Құлағына бірдеңе деп күбірлегендей. (100 сөз)

(Ә.Кекілбаев)


Жолда

Күн шайдай, ашық, жылы еді. Аспанда бұлт жоқ. Жел де жоқ. Хамит жалғыз, бір ескілеу жолмен келеді. Айнала қалың иірім-иірім орман. Бойлап, таласа, жарыса шыққан қайың мен қарағай және әредік қалың қайың, қарағаймен жарыса шыққан теректер де көрінеді. Қайың мен терек ағаштардың жапырақтары сарғылт тартып, сарғая бастаған.

Хамит төңірекке қарап, қалың жылқысын түстеп түгендеген жылқышыша, ағаштарды аралап келеді. Иірім-иірім орманның ара-арасы - далаң-далаңқай ашық. Далаңқай жердің шөптері бурыл тартып бозарған. Кейбір шөбі, шалғыны қалың жерлер шабылған. Әр жерде, анда-санда үюлі тұрған шошақтар көрінеді. Кей жерлерде қыстаулар бар. Қыстау маңында жайылып жүрген мал. (95 сөз)

(С.Сейфуллин)

Алтын күз

Содан бері бір жылға тарта уақыт өтті. Тағы да міне, күз келіп қалды.

Жомарт күз! Береген күз. Алтын күз деп жылдың осы тамаша мерзіміне қастерлеп тағылмаған ат бар ма? Дарқан күзді тіліне тиек етіп жырламаған ақын-жазушы, күз бейнесі жүрегін толқытпаған суретші бар ма?

Күз тынысы, күз өңі, күз әуезі шабытына шабыт қосып, шалқытпаған нәзік жанды музыкант бар ма?

Жоқ, шынайы талант иелерінің арасында ондай көрбала соқырлардың болуы мүмкін емес.

Күз келгенін далада телегей-теңіз астық дариясының сары ала тартқан дидарына қарап білесің. Ал қалада да күзге салым жаппай сарғая бастайтын нәрселер бар. Күз келгенін қалада осыдан да байқауға болады. (100 сөз)


Жолда туған ойлар

Кешкі мезгіл. Түнерген аспан оқтын-оқтын жауып кетеді. Жаз шықса да күн жөнді жылынбаған. Вокзал басында сапырылысқан жұрттың ішінде жақ жүні үрпигендер көп. Қоңырау қағылды. Паровоз үні естілді. Вагонға кірдік. Самолетпен ұшуға дағдыланып, поезбен жүрмегелі бірсыпыра уақыт өткен. Кәрі тарланның таныс дүрсілін сағынсақ керек, құлаққа жағымды тиеді. Теңселе отырып, терезеге үңілудеміз... Аңқиып жататын екі Алматының арасы лық толы. Айсыз, бұлтсыз түндері аспанды безеген сансыз көп жұлдыздардай талай заманнан бергі қараңғы қаланы қараңғы түнде жыпырлаған электр шамдары жайнатып тұр. Көз қазіргіге түскенде, көңіл сонау алыстағыны елестетті... (85 сөз)

(Ғ.Мұстафин)


Данияр


Ертеде Данияр деген бір бала болыпты. Қалалы жерде өмірге келген оның денсаулығы нашар екен. Жиі-жиі сырқаттанып, ауруханаға түсе беріпті. Бір қызығы - дімкәстігі оны онша қынжылта қоймапты. «Бала болғаннан кейін, өстіп науқастану керек шығар», - деп ойлапты. Сөйтіп жүріп, әр түрлі ем алуға, дәрі-дәрмекке еті үйреніп кетіпті.

Даниярдың көзін аша салып көргені - қабат-қабат биік үйлер, асфальт төселген кең көшелер, жарқылдаған жарықтар, арлы-берлі ағылған қалың машина. Солардың арасында жасыл желекті ағаштар мен қызыл ала гүлдер кездесіп қалады. Данияр енді сол гүлдерді көру үшін көшеге шығатын болды. Ол әлгі гүлдерді өзіне ұқсатты. (90 сөз)


Әпкем

Күн райы да менің көңілім сияқты. Аспанды қалың бұлт торлаған. Анда-санда тырс-тырс тамшылар тамып қояды. Күз айы ғой бұл. Әпкемді ойлап сағынып келемін. Жаңа клубтың алдынан өтіп бара жатқанда, көз алдым бұлдырап кеткен. Сөмкем ап-ауыр. Әпкем осыны алдын-ала ойласа керек, арқама асып қоятын сөмкі әперіпті. Сонда да зілдей. Анау тұрған қызыл шатырлы кішкене үй әпкемнің үйі. Мен сонда беттедім. Асығу керек. Мені атам мен әжем күтіп отыр. Әнеки, үйдің алдына атам шықты. Маған қолын бұлғады. «Бұрын бүйтпейтін еді, не боп қалды екен? Әлде әпкем келді ме? Келсе, неге менің алдымнан шықпайды?» Осындай сауалдар мазалаған мен асығып келемін. (100 сөз)


Әлем жеңіскері - Дәулет Тұрлыханов

Классикалық күрестің шебері. Дәулет Тұрлыхановтың есімі дүние жүзіне жақсы таныс. Ол - әлем және құрлық жеңіскері, Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері және қатарынан 5 рет бұрынғы ҚСРО біріншілігінің жеңіскері болды.

1991 жылғы мамырдың 13-14-інде астанадағы Спорт Сарайында Дәулеттей атақты палуанның құрметіне Қазақ теледидарының спорт редакциясындағы журналистер той өткізді. Бұл салтанатқа ел намысын қорғап жүрген әлем және Еуропа жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпаздары: А.Игнатенко, Г.Атмакин, К.Маджетов келіп, командалас әріптестерінің қуанышын бірге бөлісті.

Мерекеге туған аулынан ата-анасы, аға-інілері, қарындастары келді. Бір үйдегі он баланың сегізі - ұл.

Бәрі әкелері Болат Тұрлыхановтың (бұрынғы ҚСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы) арқасында классикалық күреспен айналысады. (101 сөз)

(«Алматы ақшамы» газетінен)


Мейірім

Мұз сұп-суық еді. Күн ұзақ шатырға ілініп ап, міз бақпай тұра беруден жалықпайтын. Балалар қызығып ұстағысы келсе, өзінің сұп-суық денесімен қарып алатын. Оған адамдардың мейірімі жетпейтін еді. Ол өткен-кеткендерден мейірім күтіп, ұзақ тұрды. Мейірім үшін өзін құрбан етуге, еріп су боп ағып кетуге бар еді.

Көктем келді. Күн шықты. Күн жер бетіндегі тіршіліктің бәрін бірдей көретін. Кенет мұзға көзі түсті. Сол-ақ екен, күлімдеді.

- Неткен сұлу едің? - деді Күн. 

- Сен де, - деді мұз. Мұздың тұла-бойы балқып, бірте-бірте еріп бара жатты... (90 сөз) 


Көксерек

Қыс қатты. Қар қалың. Қасқырды қар көтереді. Атты көтере алмайды. Сондықтан талай рет ат жаратып, шоқпар қамдап, қуамын деген жігіттер болса да, еш нәрсе қыла алмады.

Бір рет қана белгілі бәйге жирен атымен Арыстанбек шығып, соңдарынан түсіп еді. Оны адырдан-адырға салып, адастырып кетті.

Маңайлатпайтын жерден, алыстан мылтық атып қорқытпақ болғандар да бар еді. Одан да жасқанбады. У салғандардың уларын да жемеді. Ол улардан иттер жеп, қырылып қалған уақыттар да болды.

Мұның бәрі әккі қасқыр жайындағы Қараадыр елінің аңыз-әңгімесі еді. Соңғы бірер айдай бір ауылдың кісісі бір ауылға қатынасса, жиын болып көпшілік бас қосса, көп әңгімелері әккі қасқыр жайында болатын. (101 сөз)

(М.Әуезов)


Жауынгер аға

Отанға, сол Отанның жүрегі - Москваға, қатерлі, қатал жау суық қолын созған кезде, сіздің атыңыз қараңғы түнде тұнық аспанға атылған жай оғындай жарқ ете қалды. Майдандағы әскерлерге нұрын шашты.

Ол - мың басы. Мың қолды бастаған отыз бір жастағы Момышұлы - Намысұлы боп шыға келді. Отанның әрбір адым жері үшін табан тіреп, қайсарланып, өжеттеніп тұрып алды. Қоршаудың өзін ерлікпен, өжеттікпен қаймықпай бұзып өтті.

Сол шақта астананы қорғаған мыңдар мен миллиондар арасынан «Момышұлының батальоны» өзгеше аталды, ерекше көзге түсті.

Оны генерал И.В.Панфилов мақтады. Газеттер жазып жатты. Ер еліне еткен еңбегін ерекшелігім демей, еліріп мақтан етпей, сол бір табиғи қалыпта қала білді. Мұнда ерлікке тән азаматтық көрінді. Сөйтіп, Бауыржан бастаған батальон Москва түбіндегі шайқаста асқан ерлік көрсетті. (113 сөз)


Менің атым - Қожа 

(үзінді)

Жұпар атқан кең жазықтың төсіне жұмсақ қара жолмен жүрдек машина барынша зырлап келе жатқанда, ұшқыр қиял шіркін де тығырында тоқырап қала алмайды-ау. Қанатын қағып-қағып жіберіп, дауылпаздай шарқ ұрып, ол да самғап ұшады. О атамекенім, қазақ жері! Сенің шет-шегіңе қиялдан өзге не жетіп үлгереді. Сол алып өлкеңнің бір пұшпағын ыстық көзбен, бар адал сезіміммен аймалап, елеусіз бір перзентің келе жатырмын. Мынау асқар тау. Жасыл жазық, мөлдір өзен, қалықтаған анау ақша бұлттар, тұнық аспан - осының бәр-бәрін егер құшағым жетсе, ең қымбат, аяулы анамдай аймалап құшар едім. Япыр-ай, неге сонша ыстық болдың, туған жер! (93 сөз)

(Б.Соқпақбаев)


Тіршілік


Дән! Ол өнеді, өседі, піседі, жерге түскен соң, тағы да өнеді, тағы да өседі, тағы да піседі, тағы да жерге түседі. Оның өмір бойғы әдеті осылай.

Көгеріп есу, гүлденіп кемелге келу, жер бетіне тағы-тағы өсетін тұқым себу. Сөйтіп, жерді, өмірді молшылыққа, сұлулыққа, сән-салтанат, қуанышқа бөлеу. Осыдан игі, осыдан асыл арманды бұл дүниеден тапшы! Дәнге біткен дағды, мінез-құлық, қасиет, міне, осындай.

Ал тастың аты - тас. Оның өзімен қоса жаралған қасиеті - мәңгі-бақи қатып жату. Өсу, өну-оған жат нәрсе. Қозғалу, өзгеру дегенді ол жек көреді. Оның мінезі өте тоң, майысу орнына сынады, иілу орнына құлайды. Тас сазаруды – сәндік, тоңдықты - паңдық деп біледі. (104 сөз)


Қозыкүрең

Бұл кезде шығыстан құлан иектен таң атып келе жатқан. Саяқбай белбеуін алып, айғырдың мойнына салды да, ауылға қарай жетеледі. Түн де ұзақ, суыт жүрістен кейін ісініп тұрған кезінде аңғармаған екенбіз. Таңертең тұрып қарасақ, Қозыкүреңнің, шынында да, ыңыршағы айналған құр сүлдері ғана қалыпты. «Ер арыса-аруақ, ат арыса-тулақ» дегенді бұрынғылар осындай деп айтқан болар, есіл жануар жал құйрығының өзін ауырсынғандай, қабырғасы ырсиып, тірсегі майысып зорға тұр. Құндыздай жылтырап тұратын қан жирен түсі де әбден күн қақты болып, оңып, ұйпа-тұйпа бірдеңеге айналып кеткен. Төрт аяғындағы болат тағалар тозып бітіп, жұқанасы ғана қалған. (90 сөз)

(Қабдеш Жұмаділов)

Бозторғай

Бозторғай өзінің туысы қараторғаймен көрші тұрады. Ертелі-кеш ән салып, көңілін көтеретін-ді. Торғайдың да шықылдап бірсыдырғы ыңылдайтын «әндері» болатын. Бозторғайдың әнінен кейін, торғайдың шиқылы аяқ асты болып ескерусіз қалды.

Өзін әншілердің санатына қосып жүрген қараторғайды күншілдік жеңді. Бозторғай әндете бастаса, қабағын түйіп, ашуын шақырып:

- Сен-ақ шиқылдауға жалықпайды екенсің? Не дауыс, не әуен жоқ, сенің әнінді кім тыңдасын,- деп жақтырмайтын.

Енді бозторғай жазық далаға кетіп, әндететінді шығарды. Оның әнін жалпақ дала мен ондағы тіршілік тыңдады.

Кең аспанда салған ән бұрынғыдан да әуенді естілетін. 

- Тым биік көтерілмесеңші. Мерт боларсың, - деп аяған болады торғай.

«Жақыннан тістескенше, алыстан кісінескен артық» деген емес пе, алыстан әуендірек естіледі, - деді бозторғай. (105 сөз)

Үмені көргенім

Қалқай - қартайған адам. Ержеткен балалары жоқ. Пішен мезгілі еді. Жұртпен қатар Қалқай да пішенін шаба бастады. Қайраты кеміген адам. Өзі шауып өндіре алмады. «Үме салып өндіріп алмасам болмайды екен» - деді. Өзі ауылға, өзге маңайындағы ауылдарға барып, бір күнге қолдарын сұрады.

Ертеңіне Қалқай арбаға қойын салып, екі мес сусын алып, пішен басына барды. Мақашпен екеуміз де үмені көруге бардық. Шабатын жерін келген адамдарға Қалқай көрсетіп берді.

Көп адам қатар түзеп шыққанда шыдатпайды екен. Әрқайсысы қатардан қалмасқа тырысып, жарысқан сияқты болады екен. Бесінге дейін бар шөбін шауып берді. Бір қойдың етін жеп, екі мес сусын ішіп, орақшылар ауылдарына тарады. Қалқай бәріне алғыс айтып, ырза болып, үйіне қайтты. (98 сөз)


Қыс

Жаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуартып, жапырақты сарғайтып, елді әбігер қылып, ала сапырандатып күз өтті. Үсті-басы қырауытып, қылышын сүйретіп, шықыр-шықыр етіп қыс келді.

Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға қосты. Боран ашылса, шартылдаған сар шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең, малдың аяғын қызыл жосын қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр-қараймастан, күн батыстан шатынап шыққан, жалғыз көзді жаналғыштай жаман жарық жұлдыз шығады да, күннен күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай, ызғырады да тұрады. (104 сөз)

(«Қартқожа». Ж.Аймауытов)

Алып күш

Әлгі келе жатқан кеме болып шықты. Темір сауыты күн нұрына шағылысып, төбесіндегі дөңгелек темірден қара түтіні будақтап, өрге қарай жүзіп барады. Оның бас жағында дүрбі салып, бері қарап тұр. Үстіңгі жақта әрі-бері жүгіріп жүрген кісілер көзге шалынды. Мына қалпында кеме дарияның қатты ағысын, шығуы қиын өрін мүлік дері жоқ. Осы өрлегенім өрлеген дегендей тартып барады. 

Кеме ілгері қарай өте берді. Сәлден кейін бұрылыстан, көрінбей кетті. Жәнібек дариядан аттарын жалдап өтті. Жаңағы жағдай қайта-қайта ойға орала берді. Мынадай кемесі, сайлы қару-жарағы бар Қоқан мен Хиуа хандарының сарбаздары кез келген жауға қарсы тұра алады деген ойға келді. (96 сөз)

(Бекділдә Алдамжар)

Көк тал

Оянып кеттім. Жел есік-терезені сабалап тұр екен. Ішін тартып екілене соққанда, бейне үйдің шатырын көтеріп, не есік-терезені жұлып әкететіндей. Уілдеген үніне құлақ түріп, елегізіп, біраз жаттым. Көзім ілініп кеткен екен, қайта ояндым. Тағы да сол желдің әлегі, басылар емес.

Таңертең орнымнан тұрып тысқа шықтым. Айнала төңірек тым-тырыс. Жынын алған бақсыдай мең-зең, алқа-салқа. Түндегі жел емес, кәдімгідей дауыл екен. Түнімен емін-еркін ойнақ салып, ойранын шығарып, қирататынын қиратып, бүлдірерін бүлдіріп кетіпті. Бір жамбастан қисайған бағана, жерде шұбатылған сым, жапырақтар мен бұтақтарды үйіріп-үйіріп тастаған шөп-шаламдар. Қысқасы, дала көшкен жұрттың орнындай. Алғаш көзіме түскені көк тал болды. Тамыры төңкеріліп, жел сабалап, сұлап жатыр. (98 сөз)


Жолда туған ойлар


Жері мол, пейілі мол меймандос елді біз бір сыпыра аралаған соң, Алматыға бет бұрдық. Кең далаға көз салып, тар жолмен келеміз. Айналамызда құртша қыбырлаған қойлар қалып барады. Алдымызды ерегісе кесіп, киіктер орғып барады. Көп жауындардан кейін ашылған күн нұрын аямастан құйып тұр. Нұрға, суға тойған жер гүл жайнай күлімдеп тұр. Зымыраған машинадан жан-жаққа қызыға қараймыз. Көргенімізді өзімізше ойға салып екшейміз.

Осынау ұсақ колхоздарды ірі совхозға айналдырса, бір «Алғабастың» жеріне екі үлкен совхоз еркін сияр еді. Егін жайы, шабыны, суы қандай тамаша! Қарағандыға баратын темір жол Шұбартауға соға жүрсе, мынау бай өлкені баурау оңайланар еді. Ақшатау кенін де өркендетер еді деген ойларға малти бердік. (102 сөз)

(Ғ.Мұстафин)

Бала би


Бала бидің атасы азан шақырып қойған аты - Бименбет. Бала би - лақап аты. Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалады. Әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келген үш даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, Бала би атанып кетеді.

Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға жібереді. Және де сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойса керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі «Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да шүберек байлаған ақсақ аяқ», - деп ауру аяқтың иесін айыпты қып шығарады. (110 сөз)

(«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан)


Жайықта

Көктемде Жайық өңірінде аққулар қос-қостан ұшып келеді. Талқайраңдағы көк шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртта тұрып, сыбызғының үніндей сұлқылдаған аққулар даусын тыңдадым. Тобымен орман ішінде қонды.

Таңертең ерте оянып, тысқа шықты. Шығыс жақ - қызыл шақпақ. Сүрлеумен өзенге қарай жүгірдім. Кешкісін қармақ аяғына кіріп кетіпті.

Жалма-жан көйлегімді шешіп тастап, аққудың қасына жүзіп жеттім. Аққу су сабалап сыңсыды. Ауызын ашып, айбат шекті. Аяғынан ұстадым да, қармақтан босаттым. Рақмет айтқандай, бір сұңқ етті де, арғы беттегі жасыл құрақ ішінде қиқу салып, мұны тосып жүрген тобына барып қосылды. Өзен жағасын әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді. (97 сөз)


Шоқан Шыңғысұлы

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Ол қазіргі Қостанай облысында 1835 жылы туған. Балалық шағы Сырымбет тауының бауырында өткен. Өз әкесі-Шыңғыс, ұлы атасы - Уәлихан. Арғы атасы - Абылай.

Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Ол жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен.

Ол Құсмұрын бекетінде "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырын жазып алған. Сырымбетте аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған.

Шоқан табиғатынан алғыр, зерек болған. Ол қазақ мектебінде оқып арабша хат таниды. Содан кейін орта Азияның түркі тілдерін меңгерген.

Ол Омбыда кадет корпусында оқыған. Шоқанның ісі өлмейді. (100 сөз)


Менің атам


Мен атамды көрген емеспін. Папам да оның бейнесін көз алдында елестете алмайды.

- Атаң жайсаң жан еді. Соғыс басталғанда жиырма бір жаста болатын. Өзі сұранып майданға аттанды, - дейді әжем.

Бір күні «Ауылымыздың ардагерлері» деген тәрбие сағаты етті. Сынып жетекшіміз, Зәуреш апай, балаларға менің атам туралы да айтып берді.

- Нұғыман атай не бары жиырма бес жасында біздің жарқын өміріміз үшін жанын пида еткен. Батыр атаның бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Есімі ел есінде мәңгі сақталады! - деді ол. Сол кезде мені мақтаныш сезімі кернеді. Екі қолымды партаның астына тыға қойдым.

«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «Ел намысы - ер намысы». (93 сөз)


Аю және бөрене

Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекейі шұбырып, оны жегісі келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Ары серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда аюдың басына сарт ете қалады. Қара күшке сенген ожар аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итереді. Өз салмағымен қайта оралған бөрене аюдың басына тағы да сарт етеді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсіріпті. (100 сөз)


Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> 1 қыркүйек – Білім күніне арналған Сыңғырла, күміс қоңырау
attachment -> «А. Имановтың жастарды патриоттық және азаматтық тәрбиелеу негізі ретіндегі рөлі» Карашинова Алмагүл Серікбайқызы
attachment -> Б. С. Батешова, Т. Н. Малдыбаев
attachment -> Сабақтың тақырыбы: «Қауіпсіз ғаламтор»
attachment -> Сабақтың түрі: Жаңа білімді хабарлау Уақыты: 90 мин Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақтың тақырыбы: ежелгі тас дәуірі Сабақтың мақсаты
attachment -> Сабақтың атауы XX ғасырдағы қазақ әдебиеті жалпы шолу Мақсаты Күтілетін нәтиже
attachment -> Туєан жер, алтын бесіік
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ибрагим Бегімхан Керімханұлы Қазақ әдебиеті, 9-сынып Тақырыбы: Қожа Ахмет Йасауи «Диуани хикмет»


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет