Тұрар Рысқұлов 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу облысының Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында өмірі теңдік пен бостандық жолында тайсалмай күреспен өткен көшпелі қазақ шаруасының шаңырағында дүниеге келді



жүктеу 194.36 Kb.
Дата11.01.2018
өлшемі194.36 Kb.

Тұрар Рысқұлов
Тұрар Рысқұлов 1894 жылы 26 желтоқсанда Жетісу облысының Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында өмірі теңдік пен бостандық жолында тайсалмай күреспен өткен көшпелі қазақ шаруасының шаңырағында дүниеге келді. Онын әкесі Рысқұл Жылкыайдарұлы өткен ғасырдың сексенінші жылдары патша әкімшілігінің озбырлығына шыдамай Сырдария облысының Черняев уезінен (қазіргі Түлкібас ауданынан) осында қоныс аударып келген болатын. Жаңа қонысында да әділетсіздік көрген Рысқұл 1904 жылы желтоқсанда халыққа тізесі батқан жергілікті болысты атып өлтіріп, Сібірге айдалады. Қорғансыз қалған Тұрар туыстарының көмегімен 1907 жылы Меркедегі орыс-түздік бастауыш мектепке түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Мұндай аралас мектептер белсенді миссионерлік мақсат ұстанған болатын. Әкесімен бірге Верный қаласының түрмесінде болган кезінде түрме бастығы Приходько бала Тұрарды шоқындыруға әрекеттенсе, Меркедегі шәкірт кезінде де осындай әрекет онын алдынан тағы да шығады.

1910 жылы Тұрар Пішпектегі 1-ші дәрежелі ауыл шаруашылық мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша бітіріп шығады. Мектепті бітіріп шыққандығы туралы куәлігінде барлық пәндер бойынша жоғары баға қойылған. Қаршадай жасынан әділетсіздіктің, озбырлыктың, теңсіздік пен үлттық кемсітушіліктің ащы дәмін татып өскен Тұрар тез есейді. Мектепті бітіруге жақын қалғанда Тұрардың орыс тілінде мектеп директорына жазған өтінішін оқи отырып, шәкірт баланың табиғи қабілеті мен зейінділігіне еріксіз қызығасың. ,,Мен өте үздік оқи алар едім,— деп жазады ол,— өйткені өзімде табиғи ақыл-ой мен дарын барын сеземін, әйтсе де адам ғүмырында сәтті шақтар мен кесе-көлденең кесепаттар бақталас болғандай ғой, сол бір кесепаттың салдарынан оқуым тығырыққа тіреліп, заңды өсіп-жетілуім күйрен жаздады. Бірақ өзімнің табандылығымның арқасында төбеме төнген бұлтты серліп тастап, III кластан бастап іске шындап кірістім‘‘. Одан әрі Тұрар өзінің әкеден панасыз қалған қара шаруа қазақтың баласы екенін, арпалыспен білім алғанын, ауыртпалықтан езіліп кетпей бой түзерліктей тіректі білімнен тапқанын, сондықтан да білім алуды одан әрі жалғастыруға көмектесуін өтінеді. Осы өтінішпен қатар архив құжаттарынын арасында Тұрардың математика пәнінен жазған бақылау жұмыстары мен орыс әдебиетінен жазған шығармалары да сақталып тұр.

Тұрардың өтініші қанағаттаңдырылып, оған Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училишесіне түсу үшін арнайы жолдама беріледі, бірак училище директоры: ,,қазақ — номад, оған жер өңдеуді оқудын кажеті жоқ‘‘,— деп қабылдамай қояды. Тауы шағылған Тұрар 1915 жылы Ташкентте жаңадан ашылған мұғалімдер институтына түсуге тырысады, бірақ оны мұнда да ,,бұратана‘‘ деген сылтаумен қабылдамайды. Ақыры ол оқу министріне арыздана жүріп, арнайы рұқсатпен емтихан тапсырады да, оқуға қабылданады. Күн көру үшін оқумен қатар Ташкент қаласының іргесіндегі Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып істеді.

Студент кезінен бастап-ақ ол ұлт-азаттық, революциялық қозгалыстарға қатысып, жасырын саяси үйірмелердің жұмысына араласа бастады. Саяси әдебиеттерге барынша зейін қойып, зерттейді. Табиғатынан зерек жас теңдіктің күрессіз келмейтінін, азаттыққа апарар жол жеңіл болмайтынын терең ұғына білді.

1916 жылы жазда қазақ даласында патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ ете түсті. Көтеріліс патша өкіметінің отарлау саясатының табиғи нәтижесі болатын. 25 маусымдағы майданның қара жұмысына жұмысшы алу туралы патша жарлығы көтеріліс отының тұтануына сылтау ғана болды. Жарлық өлкеде 8 шілде күні жарияланды. Алынатындар тізіміне іліну каупі төнген, әрі Ташкент қаласында басталған толқуларды көрген Т. Рысқұлов институттағы оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Мерке селосына аттанады .

Патша өкіметі орыс жұмысшыларына қарағаңда түздіктерді еркін пайдалануға болатын көнбіс, ,,тегін‘‘ күш деп санады. ,,Орыс қаруының алдында түздіктерді қауқарсыздығына сенімді болған патша әкімшілігі жұмысшыларды жинауға шұғыл түрде кірісіп кетті‘‘,— деп еске алады Т. Рысқұлов көтеріліс тарихы туралы енбегінде. Бірақ жер-жерде патша жарлығына наразылық басталады.

Түркістан өлкесінен қара жұмысқа алынуы тиісті 220. 000 адамды генерал-губернатор Н. А. Куропаткин өз әмірімен облыстар бойынша былайша бөлді: Сырдария облысынан – 60. 000, Самарқант – 32. 407, Фергана – 51. 233, Жетісу – 43. 000 және Закаспий – 13. 830. ,, Мақта өсіретін аудандардың мүддесін қорғау‘‘ мақсатында артынан Самарқант пен Сырдария облыстарынан алынатын адам санын 40.000-ға қысқартып, бұл адамдар мақта өсірумен шұғылданбайтын көшпелі халық мекендейтін жерлерден қосымша алынуы тиіс деп белгіленді. Міне сондықтан да көтеріліс негізінен көшпелі аудандарды қамтып, мұнда кескілескен сипат алды.

Әулиеата уезінен 22. 675 жұмысшы алынуы тиіс болатын. Нұсқау бойынша тыл жұмысынан: болыстық, селолық және ауылдық басқармалардың қызметкерлері, түздіктерден шыққан төменгі полиция шенеуніктері, имамдар, молдалар мен медресе шәкірттері, орта қызметтегі түздіктер, дворян құқын пайдаланушы түздіктер және ауқатты тұқымның құрметті азаматтары, сондай-ақ өзі құрметті азамат лауазымын пайдаланушылар босатылды. Әулиеата уезінің уезд бастығы полковник Суплатовтың басшылығымен уезде жұмысшы жинастырыла бастады. Патша өкіметінің қара халықты зорлықпен майдандағы қара жұмысқа жинау әрекетіне қатты ашынған халық арасында толқулар басталып, ел қарулана бастады. Өлкеде Түркістан генерал-губернатрының бұйрығымен әскери жағдай енгізілді. Халық толқуы қаруланған көтеріліске ұласты. Қазақ жасақтары Мерке селосы мен болыстағы басқа да орыс елді мекендеріне шабуыл жасап, қарулы кақтығыстар өрши түсті. Шошынған уезд бастығының нұсқауымен поселкелердің орыс шаруаларына қару үлестіріліп берілді.

Т. Рысқұлов Меркеге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Көтеріліске шыққан халықтың нашар қаруланып, жүйелі түрде ұйымдасқан іс-кимыл көрсете алмауы олардың қарсыласу мүмкіндігін шектеп, ұрыс даласында орасан зор құрбандықтарға ұшырауына алып келді. ұйымдастырушылық қабілеті зор, саяси сауатты Т. Рысқұлов көтерілісшілер арасында тез бедел мен сенімге ие бола бастады да көп үзамай ол көтерілісшілердің саяси басшысына айналады. Көтерілістілердің патша үкіметінің жазалаушы бөлімдерімен болмай қоймас қақтығыстарын сезе білген Т. Рысқұлов оларды ұйымдасқан іс-қимыл жасауға, ұсақ топтармен әрекет істемеуге уағыздайды, негізінен патша әкімшілігіне қарсылык көрсетіп, орыс шаруаларына тиіспеуге кеңес береді. Менің қатты қауіптенген нәрсем, деп жазады кейін өз естелігінде Т. Рысқұлов, патша әкімшілігінің орыс шаруаларын қазақ жасақтарына қарсы айдап салар арандатушылығы болды, ал мұндай жағдайда көтерілісшілердың жағдайы тіпті шиеленісіп кетер еді". Ол көтерілісшілер көп шоғырланған жерлерде жиын өткізіп, империалистік елдер арасында жүріп жатқан соғыстың әділетсіздігін айыптайды, патша өкіметінің, жергілікті әкімдердің саясатын әшкерелеп, халықты түрліше арандатушы тыңшылардан сақтандырады. Т. Рысқұлов осы ауданда әрекет етіп жүрген халық батыры Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтеді.

Меркедегі көтерілістің өршіген кеэінде Т.Рысқұловты патша әкімшілігі тұткындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болады. Саяси қызметпен айналысуға қатаң тыйым салады. Түрмеден босаған Тұрар бір айдай қатты науқастанып, көтерілісшілерге қол ұшын бере алмай қалады. Бұл кезде патша әскері көтерілісшілерді талқандап, жер-жерде жазалаушы отрядтар халықты қуғын-сүргінге түсіріп, қатты жазалауға кіріскеи болатын. Т. Рысқұловтың саяси күреске қайта кіріскенін сезген полиция оны тұткындау мақсатымен тінту жүргізе бастаған кезде, ол жасырын түрде Ташкентке кетуге мәжбүр болады.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Т. Рысқұловқа ащы болмыстың бар қыр-сырын ашып берді, оны туған халқының тағдыры налытты, азаттық жолындағы күреске белді бекем байлап кірісу қажеттігін ой-санасына ұялат-ты. Ол үшін зор даярлық, ұйымдасқан күш қажет еді. Енді Тұрар бар күш-жігерімен отарлық бұғаудағы туған халқының саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайын, мәдени өмірін зерттеп білуге, патшаның отарлау саясатының қыр-сырын тереңірек тануға құлшына кіріседі.

Россияда патша өкіметін жойған 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық революциясынан кейін құрылған Уақытша үкімет Түркістан өлкесін уақытша басқару ісін сол жылы 6 сәуірде ұйымдастырылған Түркістан Комитетіне тапсырды. КомитеттІң алғашқы құрамына: Н. Н. Шепкин (төрағасы), Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев, С. Мақсұтов, В. С. Елпатьевский, А. Л. Липовский, П. И. Преображенский, О. А. Шкапский және Ә. Дәулетшин кірді. Комитет құрамы артынан біршама толықтырылды.

Уақытша үкімет патша үкіметінің қолынан отарлау мен езудің, саяси көлгірсу мен жалған ұрандардың туын қабылдап алған саяси мұрагер болып шықты. Түркістан Комитеті өлкені басқару жүйесінде айтарлықтай өзгеріс жасай алмай, тек мардымсыз шаралармен ғана шектелді. Мысалы, Сырдария облысының әскери губернаторының орнына жаңадан облыстық комиссар болып бұрынғы уезд бастығы подполковник Тризнаны тағайындады. Уезд комиссарлары болып негізінен ескі патша шенеуніктері мен бұрынғы приставтар бекітілді. Қышлақтар мен аудандарда билік бұрынғы болыстық басқармалар мен ақсақалдардың қолында қалды. Алайда Түркістан Ко-митетінің кейбір мүшелері, атап айтқанда, Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев және О. Шкапский 1916 жылы қырғынға ұшыраған халықтың жағдайларын жеңілдету үшін айтарлықтай енбек етті.

Т. Рысқұлов пен Түркістан Комитетінің ара қатынасы ерекше зер қоя қарастыратын мәселе. Сақталынып калған архив материалдарының арасынан Тұрардың Түркістан Комитетімен қарым-қатынасын көрсететін құжаттар табыла қоймады, ал жанама құжат деректері нақты пікір айтуға негіз бола алмайды. Солай болса да саяси оқиғалар барысынан оның шет қала ал-мағаны айқын. Бұл мәселе бойынша мынадай тұжырым жасауға болады: 1917 жылы жазда Т. Рысқұлов Түркістан Комитетінің құрамындағы жергілікті ұлт өкілдерімен байланыс жасап, оған сенім білдіріліп, Т. Рыс-құловты Сырдария облысына жетекші өкіл етіп тағайындау туралы сөз болады. Артынан Т. Рысқұлов бұл Комитеттен мүлдем қол үзіп, большевиктерге қосылады, оған түрткі болған көптеген обьективті себептің бірі — Түркістан Комитетінің өлкеде орын алып отырған саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарысты, шиеленіскен ұлт мәселесін шешуге кабілетсіздігі болса керек. Т. Рысқүлов Уақытша үкіметтің табиғатын тез түсінді, бұл үкіметтің езгідегі туған халқына теңдік те, бостандық та алып келмесіне көзі жетті

Қазақ халқының бостандығы үшін күрес жолына түскен Т. Рысқұлов 1917 жылы көктемде Меркеге оралып, онда ,,Қазақ жастарының революциялық одағын‘ құрады. ,,1916 жылғы көтерілістен күйзелген қазақ халқының ішінде кулак террорының, байлардың сатқындығы тоқталмай тұрған уақытта қазақ бұқарасын дұрыс революциялық жолмен алып жүру үшін біз ,,Қазақ жастарының революциялық одағын‘ құрдық‘‘,— деп жазды Т. Рысқұлов. Одаққа 1916 жылғы ұлт–азаттық қозғалыстың от-жалынынан өткен, саяси сауатты, революциялық ниеттегі 30-ға тарта қазақ, қырғыз және орыс жастары бірікті. Одақтың саяси басшысы Т. Рысқұлов болды. Олар көп ұзамай Әулиеата гарнизоны мен Мерке әскери бөлімшесінің революциялық пиғылдағы солдаттарымен байланыс жасады. Бұл гарнизондарда большевиктердің ықпалы күшті болатын. ,,Сол уақытта,— дейді Т. Рысқұлов,— Меркеге Ташкент кеңесінің өкілі (большевик) келді және бізге большевиктердің бағдарламасының мәнін түсіндіріп берді. Сөйтіп, біз 1917 жылдың ортасынада большевиктердің идеясына жақын болдық‘‘. Т. Рысқүлов Әулиеата уезіңдегі белгілі большевиктер — Н. И. Чернышев, С. К. Хмелевский, С. А. Федоров — Завадскийлермен тығыз байланыс жасап, олардың көмегімен уездегі қазақ еңбекшілерінің арасында революциялық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

,,Қазақ жастарының революциялық одағы‘‘ Түркістан мен Қазақстан аймағында құрылған осындай одақтардан елеулі айырмашылығымен ерекшеленеді. Бұл одақ — бағдарламасы мен жарғысы бар, күрес жолы анық саяси ұйым ретінде құрылған болатын. ,,Сол уақытта, жергілікті жерлерде әлі де болса белгілі революциялық партиялар пайда бола қоймаған кезде... қазақ жастарының нақты бағдарламаның негізінде ұйымдасуға тырысуы үлкен революциялық ілгерілеу болды‘‘,— деп атап көрсетті Т. Рысқұлов. Бағдарлама мен жарғыдан одақ мүшелерінің Ақпан революциясының сипаты мен мән-мағынасын, әлеуметтік қайшылығын айқын түсіне білгендігі көрінеді. Орыс отаршылары мен жергілікті үстем тап екілдерінің халыққа қарсы іс-әрекеттерін сынай келе және қарапайым еңбекші бұқараның мұң-мұқтажын, талап-тілегін қорғайтынын білдіре отырып, ,,Одақ‘‘ мүшелері өздерінің іс-әрекеттерінің басты мақсаты ретінде: ,,...Уақытша үкіметтің жергілікті комитеттері мен орыс кулактарының озбырлығына қарсы күресу‘‘ жолын талдап алғандарың ашық мәлімдейді. ,,Одақ‘‘ бағдарламасында Ақпан революциясының әлеуметтік теңсіздікті, ұлттық езгіні жоюға қабілетсіз екеңдігі, керісінше бұл күндері орыс отаршыларымен ауыз жаласқан жергілікті үстем тап өкілдерінің өз халқын ,,...бұрынғыдан да бетер езе түскені‘‘ ашына айыпталған ,,Қазақ жастарының революциялық одағы‘‘ – Т. Рысқұлов үшін саяси шыңдалу мектебі болды.

1917 жылы жазда Ташкент қаласында қазақ депуттарының Түркістан өлкелік кеңесі құрылды. Ол кеңестің жетекшілерінің бірі Т. Рысқұлов болды. Сол жылы 30 тамызда шаруа депуттары кеңестері мен қазақ депуттары кеңестері бірігіп ортақ атқару комитетіне 6 адам орыс 6 адам қазақ мүше болып сайланды. Бұл комитеттің құрамында Т. Рысқұлов та болды.

1917 жылы Түркістан өлкесінде 7668 мың адам тұрған болса, оның 2 155 мыңы – Сырдария облысында, 2 433 мыңы – Ферғана, 975 мыңы Самарқант, 605 мыңы — Закаспий, 1.500 мыңы — Жетісу облысында мекендеді. Өлке халқының 44,36 процентін — қазақтар мен қырғыздар, 35,77 процентін — өзбектер, б, 73 процентін — тәжіктер, 4,98 процентін — түрікмендер, 3,75 процентін — европалықтар (негізінен: орыстар, украиндар, белорустар), 2,26 процентін — қарақалпақтар және 2,15 процентін басқа да халықтардың өкілдері құрады. Осылайша, Түркістан өлкесін мекендеген халықтардың дені осы аймақтың байырғы тұрғындары болатын. Жергілікті халықтардың бірде-бір өкілі кірмеген, ,,...халықтың сан жағынан елеусіз ғана тобын біріктірген кеңестерге өкімет билігінің өтуі — Түркістан өлкесінің жағдайында жол беруге болмайтын жағдай; шаруа, жұмысшы және солдат депутаттары кеңестері Ташкент атқару комитетінің өкіметті күшпен басып алуы — көпшілігі мұсылмандар болып табылатын өлкедегі халық еркін тізгіндегендік деп есептеледі‘‘,— деп жазды жергілікті газетте. Бұл жергілікті халықтардың жалпы кеңес өкіметі мен большевиктік идеяға қарсылығын емес, негізінен осы идея астарында жүргізіліп отырған саясатқа, яғни өкіметтің түр-сипатының өзгергенімен де, ішкі мәнінің жергілікті халықтар үшін әлі де жат күйінде қалып, орыстық-шовинистік, ұлыдержавалық астамшыл пиғылда құрылғандығына деген наразылығын білдіреді.

Ташкенттегі саяси оқиғалардың ықпалымен 1917 жылы 6 қарашада (ескіше) Әулиеата уезі мен қаласындағы саяси билік уездік солдат және жұмысшы депутаттары кеңестерінің қолына өтті. Бірақ ұзақ уақыт бойы уездік кеңестің негізгі қызметінің ауқымы қала мен уездің европалық тұрғындары мекендеген болыстарды ғана қамтыды. Ал, уездің мұсылман халқының өмір салты, тіршілігі олар үшін жат, түсініксіз күйінде қалып, негізгі қарым-қатынас тек қарудың күшімен ғана жүргізіле берді.

Қалыптасқан саяси жағдайда Т. Рысқұлов жергілікті халықтардың саяси-әлеуметтік жағдайын жеңілдетіп, мүдделерін қорғау үшін бірден-бір тактикалық дұрыс жолды таңдай білді, ол жол — өз маңына топтаскан саяси қайраткерлерді ұйымдастыра отырып, саяси билік пен әскери күшке ие болып отырған уездік кеңестің құрамына өту және оның қызметіне ықпал жасау жолы болатын. ,,Еңбекшілердің қолдауымен,— дейді Т. Рысқұлов,— мен уездік атқару комитетіне сайландым. Белсенділігімнің арқасында көп ұзамай орыс солдаттары мен жұмысшылардың да сеніміне ие болдым... Сол үшін солдат бұқарасы мен орыс жолдастар мені ұдайы бірауыздан қолдап отырды‘‘.

1917—1918 жылдардың қысы аса ауыр жағдайда өтті. 1917 жылдың күзіне таман басталып, 1918 жылдың қыс айларында үдей түскен ашаршылыққа ең алдымен уездің көшпелі халқы ұшырады, ал уездің отырықшы орыс шаруалары мұндай ауыртпалықты. басынан кешірген жоқ. Мысалы, уездің бір ғана Гродеково селосындағы орыс шаруаларының қамбаларындағы астықты тексергенде мынадай жағдай анықталды: 84 отбасында (653 адам) 5.185 пұт бидай, 533 пұт ұн сақталған, яғни жан басына шаққанда шамамен 9 пұт шамасында астық болған. Көптеген орыс шаруаларының артық астықтарын базарда үстеме бағаға сатуға мүмкіндіктері бар еді. 1917 жылдың соңында Әулиеата уездік кеңесінің өкілдері — Хоменко мен Жужин уездін халқы үшін Ақмола облысынан 100 мың пұт астық сатып алады, бірақ бұл астық уездегі ашыққан көшпелі халыққа берілмей, негізінен орыс жұртшылығы мен әскери бөлімдерге таратылды.

Әулиеата уезіндегі көшпелі халық арасында аштық қатты етек ала бастады. Түрліше жұқпалы аурулар — сүзек, іш аурулары, тырысқақ, құрқұлақ, оба, тері аурулары тез тарап жатты. Аш-жалаңаштықтан, індеттен қырылған адамдардың өлігі ит-құсқа жем болып дала-далада шашылып қалды, оларды жинап, жерлеуге үкімет мекемелерінің күш-қуаты жетпеді, қырсыздық мүмкіндік бермеді.

Саяси белсенді іс-әрекетімен таныла бастаған Т. Рысқұлов депутаттардың ұсынуымен 1918 жылы сәуірде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып сайланады. Саяси билікке қол жеткізген Т. Рысқұлов өз күш-жігерін ашыққан халықты төніп тұрған ажал тырнағынан арашалап қалуға, орыстар мен қазақтардың арасындағы қарым-қатынасты реттеуге, кеңестерде жергілікті басшылардың көбеюіне жұмсады. Бүкіл Түркістан елкесінде алғаш рет уездік төтенше комиссия ұйымдастырып, қарулы отрядпен бірге уезді аралап, орыстар мен қазақтардың өзара қырқысын тиюға, контрибуция ретінде тартып алынған қазақтардың бұйымдарын, малдарын өздеріне қайтарып бергізуге тырысты. ,,Дәл осы сәттен бастап,— деп еске алады Т. Рысқұлов,— уездегі 200 мың қазақ халқына, әсіресе кембағалдарға, мен және менің қызметкерлерім езілгендерді құтқарушылардың нағыз өздері болып көріндік‘‘.

Т. Рысқүловтың ықпалымен Әулиеата уездік кеңесінің құрамы мен жұмыс тәсілі тез өзгере бастады. 1918 жылы 21 сәуірде уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен Әулиеата қаласында Т. Рысқұлов ұйымдастырған қазақ жұмысшыларының үлкен жиыны болып өтті. Ашық дауысқа түскен 9 адамның арасынан кеңестің мүшелігіне 4 адам өтті. Осылайша, 1918 жылдың сәуір айының аяғыңда Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і, ал атқару комитетінің 14 мүшесінің 3-і жергілікті халық өкілдері болуына қол жеткізді. Құрамына жергілікті халықтардың әлеуметтік жағдайын жақсы білетін мүшелердің көптеп енуіне байланысты, Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті дұрыс бағытта жұмыс істей бастады.

Күн өткен сайын асқына түскен ашаршылық пен жұқпалы ауруларға қарсы күреске Т. Рысқұлов қатты күш-жігер жүмсады. Науқастарды емдеу, ауруханалар ашу және жұқпалы аурулардан сақтандыру өте қиынға түсті. Қалада не бәрі 4-ақ маман дәрігер ғана бар еді. Уездік кеңес 1918 жылы 23 сәуірде жұқпалы аурулармен күрес шараларын белгілеп, жұмысты үйлестіру үшін санитарлық комиссия тағайындады. Әулиеата қаласының маңында қоғамдық тамақтаңдыру орындары ұйымдастырылып, онда 20. 000 адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтаңдырылды.

Аштықты ауыздықтау үшін басқа да шаралармен қатар, көктемде егіс жұмыстарын ұйымдастыру, ауыл еңбекшілерін тұқыммен, құрал-сайманмен қамтамасыз ету сияқты кезек күттірмейтін аса қиын проблемаларды шешуге тура келді. Өлкелік үкіметтің Әулиеата уезіне бөлген түқымдық астығын қабылдап алу, оларды әділетті түрде бөлу ісі де оңайға соқпады. Бұл істе де мемлекеттік мекемелердің шалағайлығы мен қазақ жұртшылығының егіншілікпен таныс еместігі көп қолбайлау болды. Сондықтан, 1918 жылы 29 сәуірде Т. Рысқұловтың үйымдастыруымен өткен уездің қазақ түрғындары өкілдерінің жиыны егіс мәселесін кең түрде талқылап, жеткізілген түқымды қазақтар мен орыстар арасыңда әділетті түрде теңдей бөлу ісін қадағалау үшін арнайы комиссия тағайындайды. Комиссия 30 сәуірдегі қаулысында тұқымдық астықты талан-таражға ұшыратпау үшін оны жеке адамдарға емес, ауыл тұрғындарының бірлестіктеріне, ұйымдарына бөліп беру туралы шешім шығарады. Бұл шаралар көктемгі егістік жұмыстарының ұйымдасқан түрде өтуіне үлкен қолғабыс жасады.

1918 жылы 7 мамырда Т. Рысқұлов Әулиеата уездік комиссары мен уездік кеңестің төрағасымен бірге, Үлкен Алмалық болысында орналасқан № 41-ші қоғамдық тамақтаңдыру орнын тексеріп, жағдаймен танысады. Тексе-ру барысында комиссия орын алып отырған түрліше кемшіліктердің сырын ашып, жағдайды сауықтандыру үшін нақты шаралар белгілейді. Асхананың орыс басшылары аштарға бөлінген азық-түлікті талан-таражға түсіріп, аш-ауру адамдарды ұрып-соққаны анықталынды . Қоғамдық тамақтандыру орнында бұрын қазақ азық-түлік секциясы басшылық жасап келген болса, соңғы кезде басқару жергілікті орыс комитетінің қолына беріліп, олар аштарды тамақтандырудың орнына, ойларына келгенін жасаған. Т. Рысқұлов асхана меңгерушісін орнынан алып, қолынан іс келетін басқа адам тағайындайды. Комиссияның арнайы тапсырмасымен аурулар үшін қосымша тағы да 10 киіз үй тіктіріліп, әр үш адамға тәулігіне 1 бөлке нан беріле бастады. Тексеру барысы Т. Рысқұловты аса ауыр өмір шындығымен етене таныстыра түсті.

Қазақ жастарын саяси-мемлекеттік істерге белсене араластыру мақсатымен 1918 жылы 11 мамырда Әулиеата қаласында Т. Рысқұлов пен Федоров-Завадский ұйымдастырған қазақ өкілдерінің уездік съезі ашылады. Съезде Т. Рысқұлов төрағалық етеді. Бұрынғы кенестік таратылуына байланысты, құрамына төралқаны қоса есептегенде 28 мүше кірген жаңа қазақ депутаттарының уездік кеңесі құрылады. Төралқа тұрақты жұмыс істейтін болып шешілді, ал кеңестің сьездерін ай сайын, Әулиеата уездік солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттарының кеңесі сьездерімен бір мезгілде өткізіп отыру көзделді. Съезде қазіргі саяси жағдай, конституция мәселелері, қазақ-орыс шаруаларының ара-қатынасы, ашаршылықпен күрес шаралары талқыланды.

Осылайша, Т. Рысқұловтың Әулиеатадағы саяси қызметі аяқталып,оның өмірінде жаңа бір белес басталды. Әулиеата кезеңі – Т. Рысқұловтың ірі мемлекет қайраткері болып қалыптасу жолында орасан зор ықпал еткен алғашқы баспалдық, саяси өмір мектебі болды. Әулиеата уездік кеңесінің мүшесі, соңғы айларда атқару комитеттерінің төрағасы ретінде Т. Рысқұлов өзіне жүктелген аса ауыр міндеттерді абыройымен атқарып шықты.Зор саяси ұйымдастырушы ретіндегі Т. Рысқұловтың орны ол Әулиеатадан Ташкентке ауысқан алғашқы апталарда-ақ айқын көрінеді. Бұл уақытта Т. Рысқұловтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылып, жұмыс істеп жатқан қоғамдық тамақтандыру орындарында сан мыңдаған аш-жалаңаш босқындар күнелтуде болатын. Асханалардың ырғақты және ұйымдасқан түрде жүмыс істеуіне Т. Рысқұлов көп күш-жігер жұмсаған еді. Бұл асханалардың 1918 жылғы тамыз айындағы жағдайы туралы Әулиеата уездік комиссарының есебінде былай деп көрсетілген: ,,...аштарға құнарлы тамақ берілуде, сондықтан да олардың жүріс-тұрысы ширақ. Тамақтандыру орындарындағы аштарға деген жақсы күтімнің арқасында соңғы кезде өлім-жітім едәуір азайды‘‘. Бұл дерек, егер жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп, қамқорлық жасалса, онда аштан қырылып жатқан адамдардың өмірін арашалап қалуға мүмкіндіктердің болғанын көрсетеді. Ал, Т. Рысқұловтың Ташкентке қызметке ауысуына байланысты, аштарға көмектесу туралы талап босаңсып, жағдай қайтадан шиеленісіп кетеді. Мысалы, аштарға көмек ісі бойынша тағайындалған эмиссардың 1918 жылы 22 қазанда Әулиеата атқару комитетіне жазған мәліметінде, уездік кеңестің бұл істі бетімен жіберуіне байланысты, тамақтандыру органдарының тығырықка тірелгені атап көрсетілген.

Т. Рысқүловтың беделі тек уездік кеңесте ғана емес, сондай-ақ жергілікті партия ұйымында да жоғары болатын. Принципшіл, адамдарды ұлттық белгілеріне қарай емес, іскерлік қабілеттеріне қарай іріктейтін Т. Рысқұлов - уездік кеңесте де, жергілікті партия үйымында да адамдарды топтастырушы, біріктіруші, мақсатты іске жұмылдырушы қайраткер ретінде саналды. Т. Рысқұловтың Ташкент қаласына қызметке ауысуына байланысты уездік кеңестің атқару комитетінде ұлтаралық ала ауыздық басталып, мүшелері бірге қызмет істеу мүмкіндігінен айырылады. 1918 жылы 2 қарашада уездік партия ұйымының большевиктер фракциясының мәжілісінде осы мәселе арнайы талқыланып, атқару комитетінің мүшесі Бегеевтің баяндамасы тыңдалды. Қорытындысында Бегеев ала ауыздық шарпыған атқару комитетінде жұмыс істеуден бас тартады. Ала ауыздыққа негізінен атқару комитетінің құрамындағы орыстардың жаңадан қабылданылған қазақ жастарына менсінбей, кемсіте қарауы мен сенімсіздік танытуы басты себеп болған.

Т. Рысқүловтың Әулиеата уезіндегі қоғамдық-саяси қызметі мынадай негізгі бағыттарды қамтыған еді:

– уезде кеңес өкіметін нығайтып, оны жергілікті халықтардың төл өкіметіне айналдыру үшін күрес;

– жергілікті халықтарды саяси-әлеуметтік және экономикалық істерге топтастырып, сауатты жастарды басқару ісіне тарту;

– негізінен көшпелі халықты қамтыған сұрапыл ашаршылықпен күрес;

– асқына шиеленіскен қазақ және орыс тұрғындары арасындағы ұлтаралық ала ауыздықты бәсеңдету;

– уездің халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету бағытыңда атқарылған шаралар және т. б.

Осындай сан қырлы мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп Т. Рысқұловтың өзі де бай саяси тәжірибе жинап, 1918 жылдың өзінде-ақ мемлекеттік басқару ісінің қыр-сырын жақсы меңгерген саяси қайраткер деңгейіне көтерілген еді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Бүкіл өмірін жалшылық пен жоқшылықта, езгілік пен құлдық еңбекпен өткізген, бірақ намысын аяққа таптатпаған өр мінезді қазақ кедейінің баласы болған Түрардың табиғи таланты мен қабілетінің арқасында жиырманың бел ортасында-ақ ірі саясаткер ретінде танылуы — дүние жүзі мемлекет қайраткерлері өмірбаян тарихында тым сирек кездесетін ерекше құбылыс. Жасы 21-ден 22-ге қарағанда ол Оңтүстік Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліске басшылық жасады; 1917—1918 жылдары Әулиеатада белсенді саяси қызметімен көріне білді; 1918 жылы Түркістан Республикасында құрылған Аштықпен күресетін Орталық Комиссияның төрағасы болып сайланғанда ол не бәрі 24 жаста еді; Жасы 24-тен 25-ке қарағанда Т. Рысқүлов Мұсылман Бюросын ұйымдастырып, оны Түркістанның жергілікті халықтарының құқын қорғаушы ұйым (мемлекеттік құрылым) дәрежесіне дейін көтере білді; 25 жасында Түрікаткомның жергілікті халықтан шыққаи тұңғыш төрағасы ретінде республиканың саяси-мемлекеттік егемендігі жолында табанды күрес жүргізді; 26—27 жасында ол РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатында қызмет атқарып, осы комиссариаттың төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Комиссариатта жүріп бүкіл елдегі (РСФСР) жоғарғы оқу орындары (университеттер) жүйесіне басшылық жасады. Бұл жылдары оған болашақ диктатор — И. В. Сталинмен қызметтес болуға тура келген еді; 1922 жылы күзде, яғни 27-ден 28-ге қараған шағында Т. Рысқұлов Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ал, Түркістаннан біржола кетіп, 1924 жылы күзде Коминтерннің өкілі етіп Монғолияға жіберілген кезде ол әлі 30-ға да тола қоймаған болатын. Қазіргі өлшеммен алғанда бұл, жас – жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке енді ғана араласа бастаған жас маманнын жасы. Т. Рысқұлов осы жаста-ақ саяси күрес пен мемлекеттік басқарудың сан қырлы баспалдағынан өтіп үлгерді. Сонау 20-шы жылдарда-ақ оның есімі "Түркістан" ұғымының баламасы ретінде айтыла бастаған еді. Оның есімі – ұлт мәселесі бойынша жүргізілген ерлік күрестін туы болды.

Т. Рысқұлов үнемі өсу үстіңде болды, бірақ оның осы жылдардағы атқарған қызметтері жәй қызмет алмастыру немесе қызмет бабындағы қарапайым өсу емес еді. Қай саланы басқармасын, кай жерде жүрмесін, Рысқұлов — Рысқұлов күйінде қалды. Оның ой-пікірі мен қажыр-қайраты ешқашан да халыққа қарсы бағытталған жоқ, ол туған халқының арман-тілегімен, мұң-мұқтажымен өмір сүріп, күрес жүргізді.

Т. Рысқұлов – ұлт жанашыры болды, оның бүкіл саналы өмірі ұлт мүддесі жолындағы жалынды күреспен өтті. Ал, 20-30 жылдары ұлт мүддесі үшін күресу оңай емес еді. Сталин оның әр қадамына аңду ұйымдастырды. Ол елдің батыс аудандарын басқаруды орынбасары С. С. Пестковскийге тапсырып, ал өзі елдің шығыстағы аудандарын, мұсылман түріктері мекендеген республикаларды қырағы бақылауына алған болатын.



Т. Рысқұловтың арман-тілегінің орындалғанына бүгінде тарих куә, ол бұл бақытты күнді көре алмаса да, оның туатынына сенген еді.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет