Тураева Айгүл Тасболатқызы Қазақ тіліндегі белгілілік пен белгісіздіктің функционалды-семантикалық категориясы



жүктеу 454.36 Kb.
бет1/3
Дата30.10.2017
өлшемі454.36 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3

ӘОЖ 811. 512. 122`36 Қолжазба құқығында

Тураева Айгүл Тасболатқызы


Қазақ тіліндегі белгілілік пен белгісіздіктің

функционалды-семантикалық категориясы

Мамандығы 10.02.02 - қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды
Ғылыми жетекшілер: филология ғылымдарының докторы, профессор

Е.Жанпейісов, филология ғылымдарының

кандидаты Б.Қапалбеков

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы А.Омарова
филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Танабаев

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық

институты

Диссертация 2008 жылы "25" сәуір сағат 14.00-де ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 - түркі тілдері және 10.02.02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2008 жылы "25" наурызда таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева



ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеудің өзектілігі. Тілдік категорияларды мағыналық жағынан қарастыру соңғы кезде тіл теориясында да, практикасында да жаңа қарқын алып келеді. Бұл орайда әсіресе функционалды-семантикалық категорияларды егжей-тегжейлі сипаттауға бағытталған функционалды грамматикаға ерекше мән беріліп отыр. Жалпы тіл білімінде функционалды грамматика (лингвистикалық функционология) мәселелерінің қолға алынғанына көп уақыт өткенмен, қазақ тіл білімінде бұл сала енді-енді сөз бола бастады.

Қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік категориясы осы кезге дейін арнайы зерттеу нысаны болмаған. Оның парадигмалық ұйымдасуы, тілдің түрлі деңгейлеріндегі берілу жолдары анықталмаған болатын. Алайда мұндай зерттеудің қажеттілігі функционалды грамматика, типология, тіл тарихы, аударма теориясы мен тәжірибесі, қазақ тілін оқыту әдістемесін сабақтастыра қарастырудан туындап отырған қазақ тіл біліміндегі қазіргі таңдағы кешенді бағытпен байланысты. Осымен байланысты жұмыстың өзектілігі мен мақсатын белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясын қалыптастыратын тілдік құралдарды анықтап, талдау, оларды семантикалық қызметінің ортақтығы негізінде бір өріске біріктіруден көруге болады.

Соған сәйкес бір грамматикалық-лексикалық өріс компоненттерінің мәндерін айқындай отырып, өрістің құрылымын, элементтерінің арасындағы қатынасты сипаттау да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып табылады. Себебі грамматикалық бірліктердің қызметін талдау тілдің түрлі деңгейлерінің элементтерін талдауды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, белгілілік/белгісіздік категориясын прагматика мен референция мәселелерімен байланысты сөз етудің маңызы ерекше. Осы мақсатта жұмыста белгісіздік/белгісіздік мәндерінің грамматикалық және лексикалық жолдармен берілуі де арнайы сөз болып, соның нәтижесінде қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік фунционалды-семантикалық категориясының тұтас сипаты мен оның ішкі құрылымын көрсетуге тырыстық.

Соңғы кездегі қазақ тілін зерттеуден ғылым жетістіктері қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік категориясын да жан-жақты талдауға мүмкіндік береді, атап айтқанда, нысанына сәйкес зерттеу тіл құбылыстары жүйелі талдауға негізделеді. Бұл ұстаным қазіргі таңда жеке тілдік категорияларды функционалды тұрғыдан зерттеуде ерекше маңызға ие болып келеді.



Жұмыстың мақсаты. Белгілілік/белгісіздік категориясын функционалды-семантикалық категория ретінде қарастырып, оның мәндерінің әртүрлі тілдік жағдаяттардағы берілу жолдары мен қызметін талдау. Осы мақсатқа жету жолында бірнеше нақты міндеттерді орындау көзделді. Атап айтқанда:

- белгілілік/белгісіздік категориясын функционалды-семантикалық аспектіде қарастыру;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының тұрпат межесі мен мазмұн межесіндегі инварианттары мен варианттарын анықтау;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының жекелеген мәндерінің тілдің түрлі деңгейлеріндегі берілу сипатын көрсету;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясын функционалды-семантикалық макроөрістер негізінде сипаттап, өзіндік ерекшеліктерін айқындау;

- шағын (микро) өрістерді анықтап, олардың өзара әсерін және соның нәтижесінде қалыптасатын осы категорияның жекелеген мәндерінің арасындағы қатынасты сипаттау.



Зерттеу нысандары. Жұмыстың зерттеуіне белгілі көркем әдебиет мәтіндері негіз болған. Жекелеген көркем шығармалардың өзіндік ерекшеліктері, автордың стилистикалық қолданыстары әртүрлі болғанмен, белгілілік/белгісіздік категориясының түрлі құралдармен берілуінің жан-жақты функционалды қолданысын бейнелей алады.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Белгілілік/белгісіздік категориясы функционалды-семантикалық категория ретінде қазақ тіл білімінде алғаш рет арнайы сөз болып отыр. Аталған категорияның ішкі құрылымы, инварианттар мен варианттардың парадигматикалық қатынаста берілуі, нақты жағдаяттардың қолданысы мен макро-, микроөрістердегі мәндері де зерттеу жұмысында тұңғыш рет арнайы қарастырылады.

Жұмыстың теориялық құндылығы. Зерттеу нәтижесінде тілдік жүйенің түрлі деңгейлеріндегі белгілілік/белгісіздік категориясының қызметінің жан-жақты қарастырылуы қазақ тілінің функционалды грамматика мәселелеріне арналған еңбектерге өз дәрежесінде теориялық үлес қоса алды. Жұмыс нәтижелерін лексикалық семантика, синтаксис, мәтін лингвистикасы бойынша жазылған еңбектерде, прагмалингвистика, коммуникативті лингвистика мәселелерінің түрлі салаларының өзара байланысын сипаттайтын еңбектерде пайдалануға болады.

Жұмыстың практикалық құндылығы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар мен әдістемелік жұмыстарда, жоғары оқу орындарына функционалды грамматика, аударманың теориясы мен тәжірибесі, әдеби тіл, тіл мәдениеті, морфология, синтаксиске арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда пайдалануға болады. Сондай-ақ қазақ тілі теориясы мен типологиясына арналған арнайы курстар мен арнайы семинарларды жүргізуде пайдалануға болады.

Зерттеу әдістері. Жұмыста қолданылған әдістер белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының жекелеген конституенттерінің өзіндік ерекшелігінен туындайды. Зерттеу барысында тілдің түрлі деңгейлері, белгілілік/белгісіздік категориясының морфологиялық, синтаксистік, лексикалық жолдармен берілу жолдары талдануына байланысты тілді жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін сипаттама әдісі қолданылды.

Сонымен қатар белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясын жан-жақты толық ашу үшін, нақты айтқанда, шағын өрістер арасындағы шекараны айқындау үшін трансформация әдісі, дистрибуция және белгілілік/белгісіздік мәндерінің семантикалық компоненттерін айқындау үшін компонентті талдау әдістері қолданылды. Сондай-ақ белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы өрісінің ортақ құрылымы мен жекелеген семантикалық белгілерін анықтау мақсатында "өріс" әдісі қолданылды. Талдау барысында өріс талдауын сандық талдаумен байланыстыратын кешенді талдау қолданылды. Белгілілік/белгісіздік жағдаяттарын, белгілілік/белгісіздік мәнінің берілу жолдарын айқындап, сипаттауда, белгілілік және белгісіздік мәндерінің семантикалық варианттарын анықтауда тұтас контекстер пайдаланылды.



Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:

- қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік категориясы - функционалды-семантикалық категория болып табылады. Оның ұғымдық статусы тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс табатын көптеген семантикалық варианттардан құралады.

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы лексикалық, морфологиялық, синтаксистік деңгейлерде нақты көрініс табады;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы тілдік қолданыста, контексте анық көрінеді;

- қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы - ұғымдық категория болып табылады;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының инвариант мәні тыңдаушыға заттың таныс не бейтаныс болуына негізделеді;



Жұмыстың талқылануы. Зерттеу жұмысының негізгі түйіндері мен тұжырымдары республикалық басылымдарда 9 мақала түрінде жарияланып, 6 халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды.

Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Диссертацияның "Белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының негізгі белгілері" атты бірінші тарауында белгілілік/белгісіздік категориясының танымдық сипаты, референция теориясымен байланысы, тіл прагматикасына қатысы, қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік функционалдық-семантикалық категориясының парадигмалық жүйесі, оларға негіз болатын критерийлер, қызметі, белгілілік және белгісіздік мәнін білдіретін жағдаяттар көрсетілді.

Тілді функционалдық тұрғыдан зерттегенде, сөйлеу барысындағы грамматикалық бірліктердің қызметіне баса назар аударылады. Яғни ұғымдар мен олардың тілдегі көрінісі сарапталады, сөйлеуші санасындағы коммуникативті маңызды категориялар тексеріледі. Олардың тіл құрылымында өзіндік орны болады. Сөз етіп отырған белгілілік/белгісіздік категориясы да ұғымдық категорияға жатады. Белгілілік/белгісіздік категориясы тілдік категория ретінде өте күрделі құбылыс болып табылады. Функционалды-семантикалық категория ретінде ол басқа категориялармен тығыз байланыста қарастырылып, сана жұмысына байланысты тұрғысынан сөз болуы керек. Тілдік категория ретінде ол тілдік семантика, ұйымдасу тәсілдері, берілу жолдары тұрғысынан сипатталуы керек.

Белгілілік/белгісіздік категориясын тануда ғалымдар арасында бірқатар пікірталастар да кездеседі. Рылов Ю.А. оны грамматикалық категорияға жатқызса [1], Крушельницкая К.Г. коммуникативті-синтаксистік категорияға [2], Алехина М.И. контекстуалды категорияға жатқызса [3], Ревзин И.И. оны "жасырын синтаксистік категория" деп атайды [4]. Тілдік семантикаға деген қызығушылықтың артуы, ғылымдардың байланысы тілді де тұтас жүйе ретінде қарастырып, белгілілік/белгісіздік категориясы мәндерін сан қырлы сипатын анықтауға жол ашып отыр. Белгілілік/белгісіздік категориясының мәні жағдаят сипатымен тығыз байланысты. Мұнда сөйлеуші позициясына ерекше мән беріледі, себебі оның нысанға қатысы, тыңдаушыға әсері т.б. байланысты сөйленістің белгілілік деңгейі анықталады. Белгілілік/белгісіздік мәндерінің жиынтығы тілдік бірліктердің көптүрлілігімен ерекшеленеді.

Қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының құрылымы өте күрделі. Ол имплицитті (морфологиялық, синтаксистік, лексикалық құралдар арқылы) және эксплицитті түрде көрініс табады. Тіл фактілерін функционалдық тұрғыдан қарастырғанда ғана тілдің түрлі деңгейлеріндегі құралдарды бір категория (белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы) шеңберінде сөз етуге болады.

Белгілілік/белгісіздік категориясын референтті категория ретінде қарастыру есімдердің мәніне ғана емес, тілдік емес нысандарға, сөйленіс пресуппозициясына, тілдік және тілдік емес контекстерге, сөйлеуші мен тыңдаушының орнына, олардың аялық білімдеріне назар аударуды қажет етеді. Белгілілік/белгісіздік категориясының логика-семантикалық және прагматикалық сипатын тексеру белгілілік/белгісіздік сияқты инвариантты мәнді анықтауға да мүмкіндік береді. Белгілілік мәні анафора, дейксис немесе сөйлесушілердің аялық білімінің нәтижесінде туындауы да мүмкін. Белгілілік/белгісіздік категориясы өз ішінен оппозиция құрайды, соған байланысты оларды бір-бірінсіз қарастыру дұрыс нәтиже бере алмайды. Жалпы есімдер заттық мәнде жұмсалып, нақты зат атауларымен референтті қатынаста болған жағдайда ғана белгілілік/белгісіздік оппозициясын бере алады. Жалқы есімдер негізінен нақтылық мәнде жұмсалады.

Бірінші рет қолданылған белгісіз зат есімнің коммуникативті жүгі мол болып, ол сөйленістің ремасына жатады. Тема мен рема барлық сөздерге түгелдей қатысты болса, белгілілік/белгісіздік зат есімге ғана қатысты болады. Ремалық жалпы есім интродуктивті сөйленісте алғаш сөз болған семантикалық компонент ретінде сипат алады. Рема құрамында белгісіз зат есімнің қолданылуы жүйелі сипат алады. Белгілілік/белгісіздік семантикалық категориясының негізгі белгісі адамның сөйлеу қызметімен, нақты коммуникация актімен байланысты. Белгілілік/белгісіздік оппозициясы бір зат не құбылыс туралы сөйлесушілердің, коммуникация мүшелерінің хабардар болуы негізінде көрініс табады. Кацнельсон С.Д. белгілілік/белгісіздік мәндерін "сөйлеу барысында жаңа, бұрын айтылмаған заттар" туралы сөз болуымен байланыстырады [5]. Мәтінде алғаш рет сөз болған нәрсеге қатысты белгісіздік мән көрінсе, бұрын айтылған, белгілі нәрсе туралы сөз болғанда, белгілілік мән көрінеді. Сөйлеуші кез келген нәрсе туралы сөз еткенде, оның тыңдаушыға таныс не таныс еместігін міндетті түрде ескеріп отырады. Зат не сөйлеуге негіз болған адам тыңдаушыға бейтаныс болған жағдайда сөйлеуші белгісіздік мән қолданады. Ал сөйлеуші мен тыңдаушыға таныс жайттар сөз болса, есім сөз белгілілік мәнде жұмсалады. Заттың таныс не бейтаныс болуы сөйлеуші мен тыңдаушы позициясына байланысты, яғни сөйлеуші тыңдаушыға заттың қаншалық дәрежеде таныс екенін ескереді.

Кейде адресатқа референт белгісіз болғанымен, есім тобы белгілілік мәнде жұмсалуы мүмкін. Мәселен, менің әке-шешем деген тіркес әрқашан да белгілілік мәнде жұмсалғанмен, олар туралы адресант таныс болмауы да мүмкін. Белгілілік логикалық тұрғыдан қарастырылғанда, негізінен заттың не адамның жекешелік тұлғасымен байланыстырылады. Адамның әке-шешесі жалғыз болғандықтан, менің бір әкем немесе менің бір анам деп қолданылмайды.

Белгілілік/белгісіздік семантикалық категориясы тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс тауып, белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық өрісін түзеді. Белгілілік және белгісіздік мәндерінің берілу жолдарын айқындауда даралау, жинақтау, жалпылау, нақтылау, тұтастық жағдаяттары айқындалды. Жұмыста зерттеу айтылым деңгейінде жүргізілді. Белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының жекелеген мәндері - белгілілік те, белгісіздік те түрлі деңгейдегі құралдар арқылы көрініс табады. Алайда оларды өзара бірлікте, байланыста қарастыру қажет. Себебі олар бірінсіз-бірі тілдік жүйе құрай алмайды. Себебі олар біртұтас жүйе құрауы үшін коррелятының болуы шарт. Осыған байланысты белгілілік/белгісіздік категориясының ертедегі жазбалардағы көрінісін арнайы зерттеген ғалым Сабитова З.К. былай дейді: "...Определенность и неопределенность как частные значения функционально-семантической категории определенности/ неопределенности выражаются разноуровневыми средствами, которые находят свое ококнчантельное воплощение в предложении. При этом существенным и необходимым является рассмотрение языковых единиц, выражающих значения определенности и неопределенности во взаимосвязи, в системе, поскольку подход к любой единице языка как изолированной исключает появление у нее той или иной формы, если она не вписана языковую систему" [6, 4-б.].

Референция теориясы белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы сөйлеу актімен, сөйлеушімен байланыстыра қарастырылады. Бұл дәстүрлі тіл білімінің шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Белгілілік/белгісіздік функционалдық-семантикалық категориясы есімдердің референттігіне, яғни ақиқат шындықпен сәйкес келуіне негізделеді. Сондай-ақ коммуникация процесі сөйлемнің грамматизациялануына, яғни референция актінің сөйлеушінің коммуникативті ниетіне байланысты анықталады.

Белгілілік/белгісіздік категориясын сөйлеу прагматикасымен тығыз байланыста қарастырудың мәні зор. Сөйлеу барысында сөз болған заттың сөйлеуші мен тыңдаушыға таныс, белгілі болуы коммуникация қызметі үшін қажетті талаптардың бірі болып табылады. Ал зат тыңдаушыға таныс болмаса, сөйлеуші оны сипаттау үшін оған ұқсас басқа заттармен салыстыра отырып, түсіндіруі керек болады. Функционалдық бағыттағы зерттеулерде грамматикалық тұлғалардың тілдегі қолданыстарының мазмұндық жағына, сондай-ақ нақты семантикалық аяға қатысты жағдаяттар түріне ерекше назар аударылады. Белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының ерекшелігі сөйлеу актінде көрініс тауып, коммуникациямен тығыз байланыста болады. Қандай да бір мағына контексте, тілдік жағдаятта көрініс табады. Контекст түрлері грамматикалық тұлғалардың нақты белгілі бір қызметте қолданылу мүмкіндігін сипаттайды. Контекст тілдік бірліктердің грамматикалық мағыналарының негізгі шарты болып табылады.



"Қазақ тіліндегі белгілілік функционалдық-семантикалық категориясының құрылымы" деп аталатын екінші тарау белгілілік мәнінің имплицитті, эксплицитті берілу жолдарын талдай отырып, белгілілік мәнінің семантикалық инвариантын анықтауға арналған.

Белгілілік/белгісіздік категориясының арнаулы көрсеткіштері (артикль) болмағанмен, ол тілдің бірнеше деңгейлеріндегі құралдар арқылы көрініс табады. Белгілілік/белгісіздік категориясын білдіретін лексикалық құралдар ретінде белгісіздік, сілтеу, жіктеу есімдіктерін, морфологиялық құралдар ретінде табыс септігі мен ілік септік жалғауларының түсіп қалуы, синтаксистік құралдар ретінде интонация, сөздердің орын тәртібі, сөйлемнің актуалды мүшеленуі т.б. атауға болады. Белгілілік/белгісіздік категориясы тілдің бірнеше қабатындағы құралдар арқылы берілгенмен, мағынасының ортақ болуына байланысты бір функционалды-семантикалық өріс аясына біріктіріледі [7].

Функционалды грамматика принциптеріне сәйкес белгілілік/белгісіздік категориясы мынадай белгілерден құралуы керек:

1) оның семантикалық инварианты болуы керек, ол варианттар жүйесінде қызмет етуі керек;

2) оның тілдік жүйенің ең болмағанда екі деңгейін қамтыған өзіндік берілу жолдары болуы тиіс;

3) семантикалық даралау белгілері тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс табуы керек.

Белгілілік/белгісіздік категориясы - темпоралдылық, аспектуалдылық т.б. категориялармен салыстырғанда, өзіндік ерекшеліктерге бай функционалды-семантикалық категория болып табылады. Ол шақ, жақ мәндері де қамтиды.

Қазақ тілінде нақтылы-жақты сөйлемдер 1 және 2-жақ тұлғасындағы есімдіктер арқылы көрініс табады. Мен, сен, біз, сіз есімдіктері бастауыш қызметінде жұмсалған сөйлемдер әрдайым белгілілік мәнінде жұмсалады, себебі аталған есімдіктер сөйлеу актіне қатысушыларды білдіріп, ең анық, нақты, белгілі болып табылады. Бірінші жақ тұлғалы есімдік сөйлемде белсенді субъект болады, сол себепті мұндай жіктеу есімдіктер белгілілік мәнінде ғана жұмсалады: Мынадай сұрапыл кезде бұл қалада тұрып болар емес, мен кеттім, бұл топан басылған күні сатармын (Ә.Кекілбайұлы, Кек. 69-б.). Мен өз еркіммен сенің етегіңнен ұстауға ырзамын, мырзам, мен сенен қалмаймын, мені алып кет, әйтпесе мен өлемін! - деп безектеді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 221-бет.).

Екінші жақтық жіктеу есімдіктерімен салыстырғанда, бірінші жақ тұлғалы есімдіктер жиі түсіп қалатынын байқауға болады. Бұл 1-жақ тұлғаларының мағынасының тұрақтылығына, белгілілік мәнінің күштілігіне, прагматикалық ерекшеліктеріне байланысты болса керек. Себебі олар түсіп қалса да, олардың нақтылы-жақтық мәні өзгермейді. Мысалы:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім.

Адамның бір қызығы - бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім, - деп келетін өлең жолдарында "мен" есімдігі жасырын келгенімен, өлең жолдарының соңындағы бірінші жақ тұлғалы етістік арқылы "мен" есімдігінің мәні беріліп тұр. Сол арқылы тұтас сөйлем, сөйленімдер белгілілік мәнінде, нақтылы-жақтық мәнде қолданылған.

Көпше тұлғалы 1-жақ етістік тұлғаларының мәні жекеше тұлғалы 1-жақ тұлғаларымен салыстырғанда, біршама жалпы да күрделі болып келеді. Сол себепті оларда нақтылық, даралық жоқ.

Екінші жақ тұлғалы есімдіктердің белсенділігі сөйлеуші тарапынан берілетіндіктен, ол нақтылауды қажет етеді. Сол себепті сен, сендер, сіз, сіздер есімдіктері жиі қолданылады. "Местоимение ты - это не только специальный показатель адресата речевого акта, но и опосредованный выразитель субъективности повествования, который отреженно свидетельствует о самом говорящем, о его эксплицитном присутствии в данной речевой ситуации. Местоимение ты выступает в обязательной коммуникативной связи с я, так или иначе представленном в высказывании или за его пределами - в ответных репликах адресата [8, 52-с.].

Ал 3-жақтық жіктеу есімдіктеріне келсек, олардың өзіндік ерекшеліктері байқалады. Атап айтқанда, 1, 2-жақтық жіктеу есімдіктері нақты адамға қатысты қолданылып, сөйлеу актіне қатысушыларды нақты көрсетсе, 3-жақ жіктеу есімдігі белгілілік мәнінде де (нақты, белгілі адам), белгісіздік мәнінде де (нақты емес, бейтаныс адам) қолданылуы мүмкін.



Бірақ Өрбике басын кекжең еткізіп: - Мен оның қатыны болғым келмейді. Ол тым кәрі, маған күйеу болғаннан әке болуға ылайық. Сәнді Сүлеймен әрі жас, әрі көркем, ол бұдан да көп береді. Оған тек мен бір ауыз сөз айтсам болғаны, - деді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 211-б.).

1, 2-жақ тұлғалы есімдіктер негізінен адамдарға қатысты болса (персонификация құбылысынан басқа), 3-жақты есімдіктер адамдарға да, заттарға да қатысты болуы мүмкін. Сол себепті 3-жақ тұлғалы етістіктері бар сөйлемдер субъектінің адам не зат болуына байланысты өзара ажыратылады (субъект-адам немесе субъект-зат). Мысалы:



Ол шын қазанаттың тұқымы тәрізді шәлкес, бірақ біздің қолымыз осы, мұндай асауды үйрету - қаниб (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 213-б.).

Сиыр дегенің, түйе дегенің қара құрттай қаптап жыртылып айырылушы еді... Олар қайда? (Ж. Аймауытов. 2-том. 159-б.).

3-жақ жіктеу есімдіктерінің 1, 2-жақ жіктеу есімдіктерінен тағы бір ерекшелігі - олар сілтеу мәнін білдіру үшін де жұмсала алады. Мысалы:



Ол дәурен басымнан ұшқанға ұқсайды (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 73-б.). Ол күнде Күнікейдің бала кезі, Сүю мен жек көруден таза кезі (Ж.Аймауытов. 2-том. 8-б.).

3-жақ жіктеу есімдіктері де контексте түсіп қалуы мүмкін. Бұл ерекшелік 3-жақ тұлғаларына ғана емес, 1, 2-жақ тұлғаларына да тән. Бұл сөйлемнің актуалды мүшелену, актуалдану, актуалсыздану құбылысымен тікелей байланысты. Белгілі нәрсе, алдыңғы контекст немесе сөйлеу әрекетіне қатысушылардың аялық білімдеріне сәйкес сөйлемде айтылмаса да, түсікті болатын лексема үнемдеу принциптеріне сәйкес түсіп қалады. Алайда ол сөйлемнің мәні, баяндауыш тұлғасы арқылы анықтала алады.

Белгілілік мәні анафора, дейксис немесе сөйлесушілердің аялық білімінің нәтижесінде туындауы да мүмкін. Осыған байланысты белгіліліктің өзі әр түрлі деңгейде болуы мүмкін. Мәселен, алдыңғы контексте осы зат туралы сөз болуы мүмкін (анафоралық белгілілік), саусақпен көрсетуге болатындай, зат сөйлесушілердің алдында тұруы мүмкін (дейктикалық белгілілік) немесе сөйлеуші мен тыңдаушының жалпы аялық біліміне сәйкес келетін апперцепциялық белгілілік болуы мүмкін. Анафоралық белгілілікті Ж.Аймауытовтың "Қартқожа" романынан да кездестіреміз:

Сол кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта - астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай… Екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Сол баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай оңдап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа…

Жазушы Қартқожаны алғаш таныстырған кезде бір бала деген тіркес арқылы, яғни бала сөзін бір сан есімімен тіркестірсе, екінші рет атағанда, бала сөзін сол сілтеу есімдігімен тіркестірген. Жіктеу есімдіктері сияқты сілтеу есімдіктері де референттілігі жоғары тұлғалар қатарына жатады.

Белгілілік/белгісіздік категориясында есімдіктер өз алдына өріс орталығын құрайды. Есімдіктер белгілілік және белгісіздік мәнін білдіруде өіндік ерекшелігі мол, әлеуеті күшті лексикалық құралдар қатарына жатады.

Есімдіктер мағыналық ерекшеліктеріне қарай бірнеше түрге жіктелгенмен, белгілілік және белгісіздік мәнді білдіруде әрқайсысының өзіндік орны бар. Мәселен, есімдіктердің бір тобы белгілілік мәнді білдіру үшін жұмсалса, енді бір тобы белгісіздік мәнді білдіру үшін қолданылады. Мысалы:

Әрбiр пәннiң програмы әр жылға арналып‚ бөлек-бөлек жасалатын‚ оның үстiне бастауыш мектептердiң програмы бiрнеше түрлi‚ екiншi басқыштығы тағы неше алуан боп жасалып‚ әр мектептiң өзi бiр бөлек ауыл боп өмiр сүретiн‚ түрлi мектепке түрлi ат қойылатын... (Аймауытов Ж. Шығармалар жинағы. 5-том‚ 11-б.).

Өзі бір саудыраған, ақ көңіл, бала сияқты адам. Не десең соған нанады. Ағатайымның бар-жоғын білдірмейді. Келген кісімен еркекше сөйлеседі. Менің көзімді ашқан со жеңгем ғой, әйтпесе... (Аймауытов Ж. Шығ. І том 291-б.).

Бiрақ ескiлiк сөздер батырдың батырлығын‚ бидiң шешендiгiн‚ ханның хандығын‚ салтанатын жетiлдiртiп‚ ескектетiп айтқанына келiсушi едi‚ ол кездегi халықтың рухы да‚ тұрмысы да ескек‚ асқақ сөзге лайық келушi едi. Халықтың мiнезiн суреттеп‚ мiнiн айтып‚ терең пәлсәпа сөздердi желдiртiп‚ ескектетiп айту бұл заманда артық‚ ұнаспайды (Аймауытов Ж. Шығ. 5-том‚ 131-бет).

Бұл орайда өздік есімдіктері мен әр сөзінің қатысуымен жасалған жалпылау есімдіктері негізінен белгілілік мәнді білдіру үшін қолданылатынын көреміз. Ал болымсыздық, белгісіздік есімдіктері, сұрау есімдіктері белгісіздік мәнді білдіру үшін жұмсалады екен. Мысалы:



- Қалабек келсе бұ кісілерді еріктірмес еді, - дейді біреуі. - Сол ма? Ол жындының жүрген жері думан ғой, - дейді тағы біреуі. (Аймауытов Ж. Шығ. 5-том‚ 256-бет).

Жазғы курста оқыған ауыл мұғалiмдерiнiң оқыту жөнiнен кейбiр нәрселердi сұрағаны болды. Сұрауларына сол кезде жауап берiлiп өтсе де‚ кейбiрi жалпыға естiртерлiк‚ өмiр жүзiнде таңдайына тиiп жүрген сұрау болғандықтан‚ жаңа комплекске де қатысы барлықтан‚ бұл жерде көрсете кетудi лайық көрдiк. (Аймауытов Ж. Шығ. 5-том‚ 92-бет).

Қазіргі қазақ тіл білімінде жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, жалпылау, белгісіздік, болымсыздық есімдіктері деп жіктеліп жүрген есімдіктердің мағыналық топтары А.Байтұрсынұлы еңбектерінде мүлде басқаша сипатта берілген. А.Байтұрсынұлы есімдіктерді жіктеу, сілтеу, сұрау, шектеу, танықтау деп 5 түрге жіктейді де өздік, жалпылау, есімдіктерін шектеу (анықтау) есімдігінің ішінде сөз етеді [9]. Шектеу (анықтау) есімдігіне танықтау есімдігін қарсы қойып, анықтау есімдігі - жеке адамды немесе топты, танықтау есімдігі - нәрсенің жоқтығын (ешкім, ештеңе, ешбір), белгілі еместігін (әлдекім, әлдене), түгел еместігін (кейбір, қайсыбір) көрсететінін айтады. А.Байтұрсынұлы әркім, әрқайсысы, бәрі, барша т.б. есімдіктерін де анықтау есімдіктері қатарында атайды. Осы орайда ғалым есімдіктердің атауы ретінде "анықтау есімдігі" дегенді ұсынады да, оған "танықтау есімдігін" қарсы қояды. Яғни "анықтау есімдігі" - жеке адамды немесе топты көрсетсе, "танықтау есімдігі" - нәрсенің жоқтығын, белгілі еместігін немесе түгел еместігін білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, бүгінгі таңдағы өздік есімдігі, жалпылау есімдігі деп танылып жүрген есімдіктердің басын қосып, "анықтау есімдігі" деп атайды да, белгісіздік есімдігін "танықтау есімдігі" дейді. Бұл орайда ғалымның белгілілік және белгісіздік категориясының өзіндік ерекшеліктерін терең түсінгені, оларды ортақ мағынаны, яғни белгілілік пен білгісіздікті білдіруіне қарай топтастырғаны байқалады.

Қазақ тіліндегі зат есімдердің белгілілігі бірнеше тәсілмен беріледі. Мәселен, Абайда:

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз.

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз,

деген шумақтың алғашқы жолындағы ғалым сөзі нақты ғалымды емес, кез келген ғалымды, ғалымдар тобын білдіріп, белгісіздік мәнде жұмсалып тұр. Сол сияқты бір ғалымды көрсеңіз деген жолдағы ғалым сөзі әйтеуір, бір ғалымды көрсетіп, жекелік мәнде қолданылып тұр. Ал "ғалымның тіл білімінің қалыптасып, дамуына қосқан үлесі өте зор" деген сөйлемді алсақ, мұнда кез келген ғалым емес, нақты бір ғалым туралы сөз болып тұр, мұндағы ғалым сөзі белгілілік мәнде жұмсалған.

Табыс септігі мен ілік септігінің бұлайша түсіп қалуын профессор А.Омарова ауыспалы нөлдік морфемаға жатқызып, табыс септігі мен ілік септіктерінің түсіп қалуын атау септікке қарсы қояды. Ғалым табыс септігі мен ілік септік қосымшаларының уақытша түсіп қалуының өзіндік себептері бар екенін айта келіп, оны атау септік тұлғасымен шатастыруға болмайтынын айтады: "Атау септіктің нөлдік морфемасы тұрақты, ал ілік пен табыс септіктің нөлдік морфемасы ауыспалы. Демек атау септік -тұрақты нөлдік морфемалы, тұрақты нөлдік тұлғалы септік. Ал ілік, табыс септіктері - ауыспалы нөлдік морфемалы, ауыспалы нөлдік тұлғалы септіктер [10, 102].

Ал табыс септік пен ілік септік жалғауларының түсірілмей, ашық келуі заттың, денотаттың белгілілігінен хабардар етеді. Мысалы:



Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен, күлімдеген қызыл жақұт күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай боп адырдан суырылып, келе жатыр екен (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 18-бет.).

Өлеңнің ішіне балық жеушілер - Құдайдың сүйген құлы, олардан алапатты адамды Құдай жаратқан жоқ - деп қыстырды (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 235-бет.).

Ендеше, ілік, табыс септіктерінің ашық/жасырын келуі белгілілік/ белгісіздік категориясының морфологиялық көрсеткіші деуге негіз бар.

Түркі тіл білімінде белгілілік/белгісіздік категориясы туралы алғаш пікір А.Казембектің грамматикасында, "Алтай тілі грамматикасында" да зерттеушілер белгілілік/белгісіздік категориясын табыс септігі мен ілік септіктерінің ашық не жасырын келуімен байланыстырады. Мысалы, А.Казембек: "Винительный падеж заменяется именительным в том случае, если предмет действия не определен и не стоит непосредственно перед глаголом" [11, 381-382]. Зерттеушінің бұл ойын кейін "Алтай тілі грамматикасында" сабақтастық табады: "Винительный падеж употребляется с приставкой, когда им обозначается предмет определенный, а без приставки - когда предмет неопределенный" [12, 142]. Алайда авторлар белгілілік/белгісіздік категориясының көрсеткіштері алмаса беретінін, бірінің орнына бірі қолданылуы мүмкін екенін де айтады. Бұл пікірді П.М.Мелиоранский де қолдайды, ғалым септік жалғауларының ашық не жасырын келуін сөйлеушінің көзқарасымен байланыстырады: "Употребление оформленного винительного падежа весьма часто зависит от личного взгляда говорящего и пишущего" [13]. Н.Ф.Катанов табыс септігінің түсірілмей, ашық келуін сөзге логикалық екпіннің түсуімен де байланыстырады: "Винительный падеж оформленный, т.е. с полным окончанием, употребляется вообще тогда, когда речь идет о предмете определенно явно, и мысленно, когда говорящий, желая обратить на него внимание слушающего, ставит на нем в речи ударение" [14, С.783-784].

Н.К.Дмитриев белгілілік/белгісіздікті категория ретінде танып, оның ерекшелігі туралы былай дейді: "Если обозначаемое именем явление было предметом нашего опыта и, таким образом, известно нам, такое имя считается грамматическим определенным и в функции прямого дополнения употребляется с показателем винительного падежа. Если предмет нам сообщается впервые и мы о нем до этого ничего не знали, то предмет считается грамматически неопределенным и в функции прямого дополнения не получает показателя винительного падежа" [15, 3].

Табыс септігінің белгілілік/белгісіздік мәнін білдірудегі қызметі туралы Э.В.Севортян былай дейді: "Во-первых, прямое дополнение считается грамматически определенным (для говорящего и слушающего) после того, как оно впервые названо в речи. Следовательно, вовсе не обязательно, чтобы прямое дополнение было предметом нашего опыта и познано конкретно, вещественно...; во-вторых, грамматическая определенность прямого дополнения представляет собой особый случай, его обособления от сказуемого" [16, С. 89-90].

Дж.Киекбаев белгілілік/белгісіздік категориясын етістікпен байланыстыра келіп, былай дейді: "Что касается вопроса о том, что определенность имени связана с опытом говорящего, то этот момент целесообразно перенести в сферу глагола, так как употребление определенного или неопределенного (или очевидного и неочевидного) времени глагола во многих урало-алтайских языках именно связано с опытом говорящего" [17, 80].

Ендеше, түркі тіл білімінде белгілілік/белгісіздік категориясын сөз еткен зерттеушілер оны негізінен табыс септігінің ашық/жасырын келуімен байланыстыратынын көреміз. Осыған байланысты түркітануда табыс септігінің түсірілмей, ашық қолданылуы белгілілік, нақты бір зат туралы әңгіме болған жағдайда ғана орын алатыны сөз болады. Ілік, табыс септіктерінің қандай жағдайда (позицияда) түсірілмей, қандай жағдайда түсіріліп айтылатынын зерттеушілер констатация түрінде көрсеткенін айта келіп, Ы.Маманов еңбектеріндегі ғалымның белгілілік/белгісіздік категориясы туралы ойларына тоқтала келіп, ғалым Н.Уәлиев: "Ер намысы // ердің намысы, кітап берді // кітапты берді тәрізді қолданыстарда ілік, табыс септік қосымшаларын түсіріп те, түсірмей де айтуға болады. Ал Менің кітабымды бер деген құрылымда ілік, табыс септігін түсіріп айтуға болмайтыны белгілі. Алайда аталмыш септіктердің ашық, жасырын келу ерекшеліктерінің себебі, сыр-сипаты ашылмай жататын. Ы.Е.Маманов бұл феноменді оқыған дәрістерінде қазақ грамматикасындағы белгілілік/белгісіздік ұғымымен байланысты қарау қажет деген концепция ұсынады. Ілік, жатыс септіктерінің түсірілмей айтылуы, ғалымның пайымдауынша, белгілілік, ал түсіріліп айтылуы белгісіздік ұғымның (категорияның) көрсеткіші болады. Кітапты беріңіз дегендегі табыс септік қосымшасының арнайы қолданылуы белгілі бір объектінің сөз субъектілеріне (адресант пен адресатқа) таныс, мәлім болуымен байланысты түсіндіріледі. Ал ілік, табыс септік қосымшаларының арнайы қолданылмауы нәрсенің, құбылыстың сөз субъектілеріне белгісіз, нақты емес болуымен байланысты ұғынылады. Мысалы, маған газет ала кел дегенде әңгіме әйтеуір бір газет жайында: "Егемен Қазақстан" ба, "Жас Алаш" па, сөз субъектілері үшін бәрібір. Ал маған "Қазақ әдебиеті" газетін әкеліп бер десек, табыс септігінің "жасырын" болмауы, түсіріп айтуға болмайтыны объектінің сөз субъектілеріне мәлім, нақты болуымен байланысты", - деп жазады [18, 14-б.].

Жалқы есімдер негізінен нақтылық мәнде жұмсалады. Мысалы:



Қалтай аса пысық, сөзге ұста, қалжыңқой, әсiресе Ақанның түндегi жүрiсiне өте ыңғайлы, әрi жылпос, әрi тiлдi ер жiгiт едi. Ақан күнi бойы жолда көп сөйлемей, бiр нәрсенi қадалып ойлағандай болып отырды. бiрақ түпсiз терең ойдың түйiнiн шеше алмай отырған кiсiнiң пiшiнiне түскенмен, Ақанның ойы қай жерде жүретiнi белгiлi едi. Ол көбiнесе осындай қадалып ойлағанда, қиялында бiр сұлу әйелдiң суретiн тауып алып, соған пәлендей деп сөйлесiп әзiлдессем, сондай қылып құшақтасам, сүйсем деп, соны ермек қылушы едi. Қалтай мырзасының не ойлайтынын бiлсе де, ерте күннен жалтаң болып өскендiктен, ашуланып қала ма деп қорғалақтап, жанын ауыртатын сөздердi бұндай күйде айтпайтын. сондықтан Ақан үндемегенде, о да үндемей отырады (М.Әуезов, Шығ.).

Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңiлсiз. Жыл сайын қыс басынан қарлы болып, малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтiрiп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбiнесе кедей болатын. Бұл жердi мекен қылған ел, ерте күннен аталарының қонысы болғандықтан және басқа iрге аударарлық жайлы жерi жоқтықтан, "құдайына жылап " отыра беретiн. Бұлардың жалғыз-ақ медеу қылатыны Арқалықтың егiндiгi едi (М.Әуезов, Шығ.).

Қазақ тіліндегі белгілілік категориясы мынадай құрылым түзеді: нақтылық мәні, ол жекелік, көптік, тұтастық (белгілі бір топқа қатысы), жалпылау (жинақтау) мәндерінен құралады. Белгілілік/белгісіздік категорияларының эксплицитті және имплицитті берілу жолдарының арасында елеулі өзгешелік бар. Олардың өзекке немесе шеткі мүшеге қатысын айқындау мақсатымен белгілілік/белгісіздік категорияларының конституенттерін құрастыруда оның ішінде бұл мағынаны нақты білдіре алмай, контекске байланысты құбылып отыратын жайттары да кезігетіні байқалады. Осылайша, белгілілік/белгісіздік категориясының қызметін зерттеуде белгілілік мәнінің берілу жолдарын анықтап, осы ФСК аясындағы олардың өзара әсерін тексеру қажет. Нақтылау мәнді белгілілік зат есімдері жекеше тұлғада қолданылғанда, референтті, атрибутивті және гипотетикалық қолданысқа ие болуы мүмкін.

Сөйленістің прагматикалық жағын ескергенде, яғни тіл категориясынан сөйлеу категориясына ауысқанда, көптеген тілдік ұғымдар екіге жіктеледі: бірі сөйлеушіге қатысына қарай, екіншісі адресатқа, тыңдаушыға қатысына қарай, сондай-ақ тілдік категориялар сөйлеушіге не тыңдаушыға көбірек қатысына қарай жіктеледі. Белгілілік дескрепциясының референтті, атрибутивті референтті және гипотетикалық референтті түрлері болады:

а) референтті қолданыста дескрепция сөйлесушілерге таныс, белгілі заттарға қатысты болады.



Дәрігердің қарауы күшті болғаны ғой: он бес күн дегенде қолы икемге келіп, жарасы бүріліп біте бастады. Алғашқы кезде аурухананың сары төсегіне, сасық дәрісіне шөп тамағына үйрене алмай, мұрнын тыжырып, іші пысып, уайым басып жатса да, жүре-жүре аурухананың өз адымындай болып, бойы үйренейін деді (Аймауытов Ж. Шығ. І том 196 б.).

ә) атрибутивті референтті қолданыста белгілілік дескрепциясы белгілі емес затқа қатысты болады, алайда ол алдыңғы оқиғалар арқылы имплицитті түрде көрініс табады:



Мұндай күйге жүрегi сезiмдi Мейiрхан қатты жүдеп отыр едi. Сорлы кемпiрдiң күйiн ойламайын десе де, көңiлi ерiксiз iлгерi қарай басып, келешектiң әртүрлi суретiн көз алдына елестете бастады (М.Әуезов, Шығ.). Молаға, көрдің ернеуіне жеткенше, осы ауыр ойлар таразының екі басына түсіп, кезекпен кезек біресе аспанға атып, біресе түпсіз зынданға батып, қан көбелек ойнады: көрге таянған сайын, безбен зырылдауықша зырқалдап берді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 136-б.).

б) гипотетикалық референтті қолданыста белгілілік дескрепциясы алдыңғы сөйлемдегі шарттарға байланысты болады. Мысалы:



Күндiзгi бiз көрген жолаушылар күн батып, қой қоралаған мезгiлде осы қораның алдына келiп тоқтады. Шанадан түсiп, үстерiнiң қарын сiлкiп болған соң, Ақан мырза қораның сиқын көрiп, көңiлсiзденiп: Қалтай, осы үйге қайдан әкелдiң? Кiсi отырарлық жерi де бар деймiсiң, басқа үйлердiң бiрiне бармай, - дедi (М.Әуезов, Шығ.).

Зат ұғымы үнемі өзгеріп, дамып отыратындықтан, бір кездері белгісіздік мәнінде қолданылған зат уақыт өте келе белгілілік сипат алады. Белгілілік/белгісіздік категориясын функционалды-семантикалық категория ретінде қарастыру барысында денотативті және сигнификативті мәнді зат атауларын талдаудың маңызы зор.



Каталог: userdata -> uploads -> u21
u21 -> Жоспар Кіріспе I. Ақшаның мәні мен қызметтері
u21 -> 3 тамыз 1936 – Қарағанды облысының құрылғанына 70 жыл
u21 -> Еѕсесі биік елорда
u21 -> Компьютердіњ Ќ¦рылѓылары
u21 -> Сейтбекова айнұр аташбекқызы әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі
u21 -> Абылай хан заманы қазақ батырларының дәуірі
u21 -> Абдирасилова зауре садуакасовна қазақстанда кәсіпкерліктің қалыптасу және даму тарихы
u21 -> Терминтанудыњ тарихы терењДЕ
u21 -> «абай жолы» романындағы тарихи шындық эволюциясы
u21 -> Темір дәуіріндегі Қазақстандағы тайпалар мен одақтар


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет