Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында білім сапасына әсер ететін инфрақұрылымды дамыту керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тоқаев бюджет кодексіндегі "грант" ұғымының аясын кеңейтуді тапсырды. Сөзінше, ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек.

“Еліміздегі жоғары білім саласын дамытуға тозығы жеткен инфрақұрылым да бөгет болып отыр. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ғимараттары ескірген. Көбі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Бұлардың ішіндегі ең жаңа дегені – 1982 жылы бой көтерген Ақтөбе мемлекеттік университеті. Осы орайда менің тапсырмаммен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынады”, – деді Тоқаев.

Ол басқа да жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек екенін атап өтті. Айтуынша, университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтірілмек.

Бұған дейін мемлекет басшысының жасанды интеллекттің қазақ тілді моделін дамытуды тапсырғаны айтылды.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.