“Арнау” тобының әншісі, Super star.kz жобасының жеңімпазы Нұржан Керменбаев алғаш рет өсіп-өнген ортасы туралы сыр шертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Urpaq подкастына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Подкастан скриншот

Өнер иесінің айтуынша, биыл әкесінің өмірден озғанына – 14 жыл. 

Марқұм әкем кенші болып жұмыс істеді. Көбіне жұмыста еді. Әкемнің қабағына қарап жүретінбіз. "Әкең жұмыстан келеді, ұйықтайды, тыныш жүріңдер" дейтін анам. Анама жақын болдым, ұл бала анаға жақындау болады ғой. Бірақ әке тәрбиесін де алдым. Таяқ та жеген күндерім болды. Әкем өте қатал болды дей алмаймын, бірақ бұзық болған кездерімде жөнге салатын. Мен өте бұзық бала болдым”, – дейді әнші.  

  • Халықтың 10%-ы бұл дертке шалдыққан: Бүйрек қызметінің бұзылуы мен гемодиализ процесі туралы не білеміз

  • Маман тұқым қуалайтын қатерлі ісік түрлерін атады

Сонымен қатар өнер иесі әкесінің жұмыс орнына барған сәтін ұмытпаған көрінеді. 

“Кішкентай кезімде әкеммен еріп, жұмыс орнына барғанмын. Сол сәт әлі күнге дейін көз алдымда.Ол заманда үйге ыстық судың келуі қиын еді. Шахтада ыстық су бар. Әкем екеуміз сол жаққа жуынуға барамыз. Жер астына түсіп, кеншілермен бірге тамақ іштім. Ол кезде шұжық деген дастарханда бола бермейтін. Таптырмайтын өнімнің бірі еді. Бірақ шахтада сол бар. Соны жеу үшін де барамын. Әкем үйге де алып келетін. Беті қап-қара, басында шамы бар каска, аяғына ауыр етік киген әкемнің бейнесі көз алдымнан кетпейді. Әкемді үйдің бас қаһарманы деп көретінмін. Әкем біз үшін, біз қатарынан қалмасын деп барынша жұмыс істеді, сол үшін ата-анама алғысым шексіз”, – деп ағынан жарылды өнер иесі. 

Эстрада жұлдызының айтуынша, әкесі ауыр сырқаттан дүниеден озған. Әнші көзі тірісінде Алматыға көшіріп алмағанына да өкінеді. 

“Кеншілердің шахтаға түсуі соғысқа барып келумен тең деген сөз бар. Кенші жер астына түскен кезде түсіп бара жатып, қайта көтеріле ме оны білмейді. Бұл қауіпті жұмыс орындарының бірі. Расымен де, әкеміз жұмысқа бара жатады, ол қайтып келе ма жоқ па біз де білмейміз. Әкем жұмыстың кесірінен жаман ауруға шалдықты. Ол ұзақ уақыт бойы белгі бермеген. Дертпен жарты жылдай алысып, 2010 жылы дүние салды. Ата-анамды Алматыға көшіріп алмағаныма өкінемін. 17 жасымнан бастап, қалада жүрсем де, әке-шешемді қасыма алу деген ой болмапты. Сол үшін өкінемін”, – деп көзіне жас алды Нұржан.

Еске салайық, әнші гонарарсыз сұхбат бермейтінін айтқанын жазған едік. 


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.