Жантүршігерлік жағдай Ресейдің Свердлов ауданында орналасқан Малышева ауылындағы №19 мектепте болды. Мұғалім бүкіл сыныптың алдында 9 жастағы баланың қолын циркульмен сырып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі e1.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.  

Фото: E1.RU

16 қаңтар күні 2-сынып оқитын Сергей сабақтан келген бетте әкесіне барып мектепте болған жағдайды айтады. Қолындағы жарақаттарды көрсеткен ол әңгімесін: “Әке, ұрыспашы” деп бастаған. Баласы сөгіс алған болар деп ойлаған Николай Сергейдің қолындағы жараларды көргенде шошып кеткен. 

Оқушының сынып жетекшісі Сергейді тәртіпке салу мақсатында оның қолын циркульмен шаншып тастаған. 9 жастағы Сергей болған жағдайды баяндап берді.

“Үзіліс кезінде сыныптасыммен күнделікке бола келіспей қалдық. Сыныптасым мұғалім ескерту жазу үшін менің күнделігімді оқытушыға бермек болды. Ал мен ескерту алғым келмеді. Кейбір сыныптағы жақсы оқитын, белсенді балалар мұғалімдерге оқушылардың тәртібін қадағалап көмектеседі. Қыздан күнделікті тартып алмақ болғанда қолымдағы циркульмен сыныптасымның қолын сырып алдым. Бірақ мен әдейі істемедім. Бұл ісім туралы мұғалім біліп қойды”, – дейді оқушы. 

Сабақ басталғанда оқытушы көптің көзінше Сергейдің қолын қысып ұстап тұрып, циркуль тыққан. Сөйте тұрып: “Саған ұнайды ма?” деп қайталап сұрай берген. Сабақтан соң Сергейдің сыныптасы оның жанына келіп, болған жағдайға өкінетінін, бұлай болғанын қалмағанын айтқан.

Николай болған жағдайды ести сала баласын травматология бөліміне апарып, мән-жайды полицияға баяндайды. Оқытушы сол күні Николайға хабарласқан. Алайда ер адам мұғаліммен сөйлескісі келмеген.

“Кейін кешірім сұрап хабарлама жазып жіберіпті. Эмоцияға ерік бергенін айтып ақталды. Мен оның хабарламасына жауап бермедім”, – дейді баланың әкесі. 

40 жылдық тәжірибесі бар мұғалім мұндай әрекетке оқушыны тәртіпке салу үшін барған. Травматология бөлімінде баланың қолында 27 жарақат іздері барын айтты.

Болған жағдайға қатысты полиция түсініктеме берді.

“16 қаңтарында Асбест полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті ауруханадан 2014 жылы туылған ұл баланың медициналық көмекке жүгінгені туралы хабарлама келіп түсті. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшенің қызметкерлері білім мекемесінің қызметкерлері мен оқиғаның куәгерлерінен сұхбат алды. Мұғалімге мінездемелік құжаттар сұралды. Істің қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігінің өкілдері дәлелді процессуалдық шешім қабылдайды”, – деп мәлімдеді полковник Горелых. 


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.