Махаббат біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз махаббаттың құдіреттілігіне, сүйгенінің сезіміне сеніп ерте жасында тұрмысқа шыққан қыз-келіншектер. Оларды қазақтың ескі салтымен алып қашқан. Ал бүгінде олар жас болса да, бас болып, бір үйдің отанасы атанған. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген қыздар өздерінің отбасылы болу оқиғасын бөлісті. 

Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы Жасмин Нұрлыбекқызы 16 жасында келін атанып, бір әулеттің түтінін түтетіп отыр. Алға қойған арман-мақсаттарынан бас тартқан Жасмин махаббатына сеніп, сүйген азаматымен тағдыр байласқан. 

“Алып қашуға еш қарсылығым жоқ"

“Күйеуіммен 2021 жылы танысып, кездесе бастадық. Жолдасым менен бір жас үлкен. 2022 жылдың аяқталуына бір ай қалғанда келісіммен мені алып қашып кетті. Жалпы алып қашуға ешқандай қарсылығым жоқ. Қазақта бар салт-дәстүр. Қазір де сүйгенін алып қашып, шаңырақ көтерген отбасылар көп. Мені алып қашып кеткенде отбасым қарсы болып, айғай-шу болғаны есімде. Бірақ баласының бақыты үшін бәріне көнді. Өйткені мен күйеуімді қатты жақсы көрдім. Негізі ерте тұрмысқа шығамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Арманып көп еді. Көлік мінемін, анама үй алып беремін, басқа қалада тұрамын, біраз жүремін, қыдырамын деп ойлайтынмын. Бірақ адамның емес, Алланың қалауы болады дейді ғой. Қазір Қызылорданы келінімін”, – дейді Жасмин.

“Ара-тұра қызғаныш сезімі қылаң береді"

Тойдың қызығы таусылған соң бұғанасы қатпаған жас келін басқа әулетке сіңісіп кету қиынға соққанын айтады.

“Келіндік өмірге үйренісіп кету бастапқыда қиын болды. Одан бөлек күйеуіммен арамызда түсініспеушіліктер, қызғаныш сезімі де ара-тұра қылаң береді. Алғашында енем маған жақсы қарайтын. Соңғы кездері жиі сөзге келіп қалып жүрміз. Бірақ қазір ондайды көңіліме алмаймын, мән бермеймін. “Ене болған соң тиіседі” деймін де қоямын. Алайда күйеуім мен жоқ кезде енеме: “Жасминге көп тиісе бермеңізші. Ол отбасылық өмірге әлі де үйренісе алмай жүр” деп айтып, менің сөзімді сөйлейді екен. Мұнысы үшін күйеуіме ризамын. Кейде үйдегілермен сөзге келіп қалғанда ерте тұрмысқа шыққаныма өкініп кетемін. Мен де басқа қыздар секілді қыдырып, уақыт өткізгім келеді. Бірақ осы күніме де шүкіршілік айтамын”, – дейді жас келін. 

“Арадағы кикілжің сын сағатта сынбауға үйретеді"

Жасмин алдағы уақытта өз алдына бөлек отбасы болғысы келеді. Келіншек ата-енесінен бөлек шыққысы келетінін жасырмай айтты.

“Қазір ата-енеммен бірге тұрамын. Бірақ еншімізді алып, бөлек шыққымыз келеді. Сонда өмірім өзгеретіндей болып көрінеді де тұрады. Қайын сіңілім бар. Екеуіміздің ара қатынасымыз жақсы. Апалы-сіңлідейміз, үнемі бір-бірімізге көмектесеміз. Бүгінде медициналық колледждің 3-курс студентімін. Әйелге ер адамның қолдауы сөзсіз қажет. Біз де шаршаймыз, жалқаулығымыз тағы бар, бізге көңіл бөлгенін қалаймыз. Сондай сәттерде ер азаматтың қолдауы қажет-ақ”, – дейді кейіпкеріміз.

Жасмин отбасында ыдыс-аяқтың сылдырламай тұрмайтынын түсінеді. Сондай-ақ ол ерлі-зайыптының арасында болатын түсініспеушіліктер олардың қарым-қатынасын нығайтып, сын сағатта сынбауға үйретеді деп санайды. 

“Бақытты отбасы болу үшін екі жақты қолдауы маңызды. Бақытты отбасы деген айғай-шусыз, мінсіз өмір сүру емес. Ұрыс-керіс, дау-жанжалға төтеп беріп, одан сабақ ала білген жандар ғана түбі бақытты болады деп ойлаймын. Себебі сондай түсініспеушілктер адамды көп нәрсеге үйретеді”, – деп сөзін қорытындылады Жасмин.

“11 қазан таныстық, 25 қазанда алып қашты"

18 жасында өзінен 11 жас үлкен жігітке тұрмысқа шыққан Гүлбаршын Ерғалиқызы да бүгінде бір үйдің отанасы. Ол болашақ күйеуімен 2021 жылы 11 қазан күні танысқан екен. Көп ұзамай қазан айының 25-і күні күйеуі Гүлбаршынды алып қашқан.

“Күйеуіммен әпкем мен абысыным таныстырды. 11 қазан күні алғаш рет сөйлесіп, ертесі күні кездестік. Ал 25 қазанда екеуіміз киноға баратын болып келісіп, сол күні мені үйіне алып кететінін айтты. Алғашында қарсы болдым, кейін қалай келісім бергенімді білмей қалдым. Бірақ әкем тұрмысқа шығуыма қарсы болды. Себебі күйеуіміз екеуіміздің арамыз 11 жас. Мен 18-де, ол 29 жаста еді. Сөйтіп мені алып қашып келген соң ертеңінде некемізді қидырдық. Тойға дайындалып жүргенде нағашы апам қайтыс болып, үйлену тойымыз болмай қалды. Қаржылық мәселеге бас ауыртқан емеспін. Ауылда тұратын болдық, күйеуімнің жұмысы да бар. Ата-енеммен тұрған соң табыс жеткілікті болды”, – дейді Гүлбаршын. 

“Күйеуіме жанып ашып, оқудан шығып кеттім"

Ерлі-зайыпты бүгінде бір қыз тәрбиелеп отыр. Алдағы уақытта отбасы тағы бір жанмен толықпақ. Гүлбаршын да басқа қызар секілді оқу оқып, жұмыс істеуді мақсат тұтқан. 

“Мектеп бітірген соң оқуға тапсырдым. Бірақ өзім қалаған мамандыққа түсе алмадым. Сөйтіп жұмыс істеп, ақша тауып ақыры оқуға түстім. Бірақ оқу ақысы жылына 400 мың теңге болды. Сөйтіп күйеуімнің қиналғанын қалмдым, оқудан шығып кеттім. 18 жаста тұрмысқа шығып, келіндік өмірге бірден үйренісіп кете алмадым. Кейде “Неге ерте жаста тұрмысқа шықтым екен” деп көзімнің жасын сығып алатынмын. Бірақ күйеуіммен ара жиі түсініспеушілік болады деп айта алмаймын. Керісінше, көп жағдайда маған қолдау көрсетіп, көмектеседі”, – дейді келіншек. 

“Ата-енеммен бірге тұрған күндерді сағынамын"

Оның айтуынша, ата-енесі де жайлы адамдар. Тіпті енеммен скөзге келіп көрмеппін дейді Гүлбаршын. Бүгінде отауын сайлап, бөлек шыққан жас келін ата-енесімен бірге тұрған күндерді сағынатын көрінеді. 

“Енеммен түсініспеушілік болмады. Көп нәрсені білмедім, мойындаймын. Бірақ ол кісі маған үйретті, білгенімен бөлісті. Мен енеммен сөзге келген адам емеспін. Отбасым өте керемет, түсінігі мол жандар. Ата-енем, қайынаға-абысындарым маған жылы қабақпен қарады, күйеуім үйде көп болмағандықтан ба ешкім маған ұрыспайтын. Қазір ата-енемнен бөлек тұрамыз. Күйеуімнің жұмысына алыс әрі жұмысына жиі шақыратын беретін болған соң бөлек шығып кеттік. Ата-енемммен тұрғанда бос уақытым көп болатын. Үйді жинап алғанша балаға атам қарай тұратын,бір жаққа барар кезде қызымды атама-енеме тастап кететінмін. Бөлек шыққан соң үй шаруасы, балаға қарауға, оның күтіміне үлгеру керек болдым. Барынша үлгеру тырысамын, дегенмен бала өскен сайын қиындау екен”, – дейді Гүлбаршын. 

Қазір Гүлбаршын екінші сәбиін күтіп жүр. Жүктілігінің ауыр өтіп жатқанын айтқан ол ер адамның қолдауы мен көмегі ауадай қажет екенін айтады.

“Қазір қызыма өзім қараймын, оның үстіне екінші сәбиіме аяғым ауыр. Осы жүктілігім қиын өтіп жатыр. Екі баланың арасын жақын болғандықтан дәрігерлер ағзамда кальций тапшы деді. Жүруім қиындап қалды, оның үстіне 25-аптада соқыр ішек болып, ауырып қалдым. Осындайда ер адамның қолдауы өте маңызды. Үй жинайды, тамақ әзірлейді, еркелетуді де ұмытпайды. Бақытты отбасының тірегі – өзіміз. Ерлі-зайыпты бір-бірін тыңдап, түсіне білуі керек. Қай тараптан ағаттық кетсе де бір-бірінен кешірім сұраса, ақылға салса кез-келген мәселенің шешімі табылады. Қасыңдағы адамды өзгерткің келетін кездер болады. Бірақ оны өзгерту үшін ең алдымен оған деген көзқарасыңды өзгертуің керек, сонда ғана өзің қалаған адамды табасың. Ұрыс-керістің кесірінен арадағы сезімнің суып кетуіне жол бермеу керек. Ең бастысы өткен қателікті қозмаған дұрыс деп ойлаймын”, – дейді кейіпкер. 

Гүлбаршын алдағы уақытта күйеуімен басқа қалаға көшіп үй алып, кәсіп ашуды армандайды. 

“Дүкен ашсам деген ой бар. Одан бөлек денсаулығым байланысты ем алуым керек. Күйеуім үнемі қасымда бола бермейді, бірақ мереке кездері жұмыста болса да сыйлығын беріп кетеді. Апта сайын дәмханаға барамыз, жолдастарымызбен жолығып, қалада қыдырамыз. Қандай мереке болмасын сыйлықсыз қалған емеспін”, – дейді келіншек.

“Тойымыз карантин кезінде, палаткада болды"

Жетісулық келін Шырайлым Даниярқызы да бүгінде екі баланың анасы. Ерлі-зайыпты Көзайым, Әлихан есімді ұл-қызды тәрбиелеп отыр. Шырайлым да өзінен 8 жас үлкен күйеуінің “алып қашамын” деген шешіміне қарсы келе алмаған.

“Биыл күйеуіммен отау құрғаныма 4 жыл болады. Біз 4 ай қыз-жігіт болып жүрдік. “Алып қашамын” дегенде өз келісімімді бердім. Жалпы алып қашуға қыз бен оның ата-анасы келісіп тұрса, менің еш қарсылығым жоқ. Негізі бастапқыда менің ата-анам қарсы болды. Иә, мен 19 жаста едім. Көп нәрсені білмедім. Ата-анам оқысын, жұмыс істесін деді. Бірақ кейін әке-шешем өз рұқсатын берді. Біз 2020 жылы шаңырақ көтердік. Ол кезде коранавирустың өршіп тұрған сәті. Карантин кезінде барлық мейрамхана жабық. Сөйтіп тойды ауылда, бұрынғы заманғы той секілді палаткада өтті”, – дейді бақытты сәтін еске алып.

“Ерте тұрмыс құрғаныма өкінген емеспін"

Кейіпкеріміздің басқа қыздар секілді ел көрсем, армандарыма қол жеткізсем деген мақсат болды. Алайда ол махаббат пен отбасы құндылықтарын мансаптан артық көрді.

"Мектеп бітірген соң әрине көп арман-мақсаттарым болды. Алайда Алланың маған бұйырған сыйы осы шағар. Бірақ қазір де шүкір, алға қойған мақсаттарымда орындалуда. Шаңырақ көтерер алдында мен жас болдым иә бірақ күйеуім ақыл тоқтатқан жаста болды және мен ол кісіге жүз пайыз сенім арттым. Қазір шүкір, сенімім ақталды. Жолдасым жұмыс істейді, мен декретте отырған анамын”, – дейді жас келін.

“Ата-енемен тұрудың артықшылығы болмаса, еш кемшілігі жоқ"

Сондай-ақ ол отбасылық өмірдің мінсіз емес, түрлі сынақтарға толы екенін айтады.

"Осы күнге дейін ерте тұрмыс құрғаныма өкінген емеспін, өкінбеймін де. Енеммен қарым-қатынасым жақсы. Бір қабағын шытқан емес, өте керемет кісі. Мені өз қызындай көреді. Сыйлы ене, мен де сондай жанға лайық келін болғым келеді. Қазіргі таңда ата-енеммен бірге тұрамын. Көп қыз-келіншектер ата-енемен тұрудан қашады. Бірақ мен оның артықшылығын айтпасам, кемшілігін байқамадым. Керісінше, жамандығымды жасырып жақсылығымды асырып отырады”, – дейді Шырайлым. 

“5 қайын әпкеммен құрбылардай араласамыз"

Кейіпкеріміздің айтуынша, бес қайын әпкелерімен тонның ішкі бауындай жақын, арасы тату.

”Қайын әпкелеріммен құрбылардай араласамыз. Күйеуім жақын туыстарын да, мені де ренжіткен емес. Екі жақты барынша тең ұстайды. Бұл көп ер азаматтарда кездесе берсейтін қасиет. Ер адамның әйеліне демеу бергені жөн. Себебі әйел де жақының қолдауына зәру. Бір-бірімізді түсініп,сыйлай алғандықтан өз отбасымды үлгілі әулет, бақытты жанұяның қатарына жатқызамын. Өз басым әйел бір саты төмен тұру керек деген қағиданы ұстанамын”, – дейді жас келін ағынан жарылып.

Шырайлым жолдасымен болашақта баспаналы болып, қалаға қоныс аудармақ ниетте. Көпбалалы ата-ана атанғысы келетінін айтады.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.