Еліміздің солүстігіндегі мектептердің бірінде оқушылар әр жұма сайын ұлттық нақышта киінеді, қоңыраудың орнына күмбірлеген күй ойнайды. Қыз-жігіттер үзіліс кезінде арқан тартысып, асық атудан жарысады. Ұстаздар ұлттық құндылықтарды насихаттауды жақында бастаған екен. Басты мақсат –  жас буынның бойында отансүйгіштік сезімін арттырып, мәдениетіміз бен дәстүрімізді ұлықтау дейді мектеп ұжымы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жамап хабарлайды. 

Фото: сюжеттен скриншот

Алаш арысы Әлихан Бөкейханның есімі берілген Петропавлдағы нөмірі 25-ші мектеп оқушылары жұманы асыға күтеді. Себебі, аптаның бесінші күні балалар білім ордасында гаджеттің орнына қазақтың ұлттық ойындарын ойнайды. Ұлдар арқан тартысса, шаштарын өріп алған бұрымдылар асық атудан жарысады. Барлығының сүйікті ойыны – "Бір мақал — бір бауырсақ". Мұнда ұстаздар дұрыс жауап берген балаға бауырсақ береді.

Бұл күні білім ошағындағы 700 оқушы мектеп формасының орнына ұлттық киіммен келеді. Мұғалімдер де зерлі шапан, оюлы қамзол мен тақия киюді әдетке айналдырған.

“Осы күнге арнап маған ата-анам киім тіктірді. Қоңырау соғылғанда біз астына түсіп, ұлттық ойындар ойнаймыз. Қыздар асық атады, ұлдар арқан тартады. Бұл күн біз үшін өте қызық”, – дейді Ә.Бөкейхан атындағы № 25 орта мектебінің оқушысы Жанерке Едіге. 

Педагогтер балаларға ұлттық дәстүріміз бен тарихымызды тек теория жүзінде емес, іс жүзінде де насихаттаймыз дейді. Бастысы осындай тәлім-тәрбие алған балалар есейгенде жаман болмайды деген пікірде.

“Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сай әр тоқсанда белгілі бір іс-шара ұйымдастырамыз. Біз үшінші тоқсанда осы жобаны қолға алдық. Мысалы әр сынып өзінің стилін таңдайды, түсін таңдайды. Яғни әр сынып киімінің өз ерекшелігі болады”, – деп атап өтті Ә.Бөкейхан атындағы № 25 орта мектебі директорының орынбасары Жұлдыз Сералина.

Осыған дейін мәжіліс отырысына үнемі тақия киіп келетін депутат Дәулет Мұқаев мектеп оқушылары үшін ұлттық киім стандартын әзірлеуді ұсынған. Халық қалаулысы қазақы киімдерді тек Наурыз мерекесінде ғана емес, күн сайын киіп жүру керек деген еді. Сондай-ақ, ол елімізде "ұлттық киім" күнін бекіту туралы бастама көтерді.

Бұған дейін желіде қазақи ұлттық нақышта киінген жігіт қытайлықтарды таңғалдырғанын жазған едік.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.