ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев полицейлерге пара ұсынғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған көлік жүргізушілерінің санын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Комитет төрағасы көлік жүргізушілері тарапынан полицейге пара ұсыну фактілері әлі кездесетінін айтты. 

“Ондай статистикалық мәліметтер бар. Расында да осы көлік жүргізушілерінің біздің қызметкерлерге пара ұсынған фактілері де бар. Бізде полиция қызметкерлерінің ортасында Integrity Check деген бағдарлама жұмыс істейді. Осы бағдарламаның аясында былтыр пара берудің 127 фактісі анықталды. Сол 127 факті бойынша бүгінде қылмыстық істер тергеліп жатыр” , – деді Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер көлік жүргізушілері арасында әкімшілік құқық бұзушылыққа тек ескерту ғана беріледі деген түсінік қалыптасқанын айтты. Алайда жол ережесін бұзғандардың барлығына бірдей кешірім беріле бермейтінін түсіндірді. 

“Барлық  жол ережесін бұзу фактілері бойынша ескерту жасала бермейтінін айта кету керек. Әр құқық бұзушылықтың деңгейі болады. Сол деңгейіне байланысты шара қолданылады. Мысалы, ауыр құқық бұзушылықтар болса, айыппұл салып қана қоймай, жүргізуші құқығынан айыруға және қамауға алуға дейінгі шаралар қолданып жатады. Ұсақ-түйек жол ережесін бұзу фактілері кезінде ескертумен шектелу әкімшілік кодексінде көзделген. Соның бірі – әкімшілік кодекстегі 620-бап. Күндізгі уақытта автокөліктер жарығын жақпай жүрсе, ескерту жазатын кездеріміз болады. Цифрларға сенсек, былтырдың өзінде осындай 597 мың көлік жүргізушісі ескертумен шектелген”,- деп толықтырды комитет төрағасы.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.