Мамандар психосоматикалық тұрғыдан ішімдікке тәуелділіктің басты себебі ана махаббатының жетіспеушілігі дейді. Арам судың арбауына түскендер жетерлік. Бірақ бұл терең құрдымнан шығудың амалы бар ма? Психотерапевт Гүлнұр Қуанышқызы алкоголизмге тәуелділіктің себептерін түсіндіріп, оның қалай емделетінін айтты. Сондай-ақ өзімен де, ішімдікке деген тәуелділікпен де күресіп жүрген кейіпкерлер жан сырын ақтарды. Stan.kz тілшісі Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығындағы науқастармен сұхбаттасты. 

Фото: pixabay.com

Психотерапевт Гүлнұр Қуанышқызы алкогольдің адам ағзасына қалай әсер ететінін айтып, адамның не себепті ішімдікке тәуелді болатынын түсіндірді.

“Алкогольдің негізгі компоненті-этанол. Денеге енгеннен кейін ол асқазан-ішек жолына тез сіңеді, содан кейін миға еніп, орталық жүйке жүйесіне нейротежегіш  ретінде әсер етеді. Яғни, этанол жүйке жүйесін " салдануға ұшыратады", импульстардың өтуін тоқтатады. Ішетін адам жағымсыз эмоцияларды тежеп,  психикадағы  ауырсынуды басуға тырысады. Мас күйінде  адам әлемде түрлі-түсті көреді, проблемалар онша маңызды емес сияқты болады. Эйфория күйін сезінген адам оған қайта-қайта оралғысы келеді. Осылайша алкогольге тәуелділік біртіндеп пайда болады”, – дейді Гүлнұр Қуанышқызы. 

“Анам үстімнен арыз жазды”

Сондай тәуелділіктен зардап шегіп, ода арыла алмай жүрген жандар жетерлік. Толыққанды отбасы, жоғары білім, тұрақты жұмысы бар Берік есімді азамат жасы 50-ге таяса да ішімдікке деген тәуелділікпен әлі де алысып келеді. Ол сауықтыру орталығына осымен бесінші мәрте түскен екен.

“14 жасымда алғаш рет ащы судың дәмін көрдім. Әйелім, екі қыз, бір ұлым, әке-шешем бар. Өзімнің тұрақты жұмысым бар.  Кенже ұлымның жасы 19-дан асты. Олар маған қарап арақтың иісінен жиеркенеді. Сөйтіп жүріп арасында ішіп қоямын. Сондайда үйде дауысым шыға бастайды, айқай-шу, ұрыс-керіс болады. Ондайды анам көтере алмайды. Психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызметі науқастарды қабылдау үшін ішкен адамның үстінен біреу арыз жазу керек. Анам менің үстімнен шағым түсіріп, осы орталыққа жіберді. Қазір сот шешімімен осында емделіп жатырмын. “Ешкімге ішуге тыйым сала алмайсың. Бірақ ішудің де орны мен мөлшері бар. Соны естен шығармау керек. Ащы су үйдің берекесіне алады, өзің де жақындарыңа жексұрын болып кетесің”, – дейді Берік өз қателігін мойындап.

“5 жыл мүлдем ішпей жүрдім…”

Заң академиясын бітіріп, осы сала бойынша жылдап қызмет етіп келген кейіпкер тәуелділікке қалай тап болғанын баяндады.

“Біз мемлекеттік жұмыста емес, тапсырыс бойынша жұмыс істедік. Жұмыстан бір апта босап қалатын кездер болады. Үйде жатып, істейтін іс болмаған соң ішімдіктен жұбаныш іздейсің. Өзім қоюға әрекет етіп көрдім. Алайда қолымнан келмеді. Ағза әбден үйреніп қалған екен. 5 жыл мүлдем ішпей жүрдім. Жақын досым бар, арақты мүлдем ұнатпайды. Ылғи бірге жүретінбіз, бірге жұмыс істейміз. Ол арақты ұнатпаған соң мен де ішпедім. Сөйтіп ол басқа жерге қоныс аударды. Менің қолым босап, қайта бұрынғы әдетіме бастым. Қазір ішімдік ішпегеніме 5 айдай уақыт болып қалды. Осы орталыққа келіп түскелі арақты аузыма алмадым”, – дейді ол.

“Адам іштегі мазасыздық пен үрейді басу үшін арақ ішеді”

Беріктің сауықтыру орталығында ем алып жатқанына 6 айға жуық уақыт болғанмен бұған дейін мұнда төрт келіп-кеткен. Орталықтағы мамандардың айтуынша, мұндағы науқастарды жіті бақылауда ұстамаса қанша емделсе де, кез келген сәтте ішкілікке салынып кетуі мүмкін.

“Беріктің туыстары жақсы адамдар. Ол бос жүріп, жұмыстың жоқтығынан ішімдікті жиі іше бастаған. Сөйтіп өзін-өзі ұстай алмай, 2-3 күндеп ішкілікке салынып кетеді. Содан туыстары бізге алып келіп тастайды. Берік – бізде есепте тұрған науқас. Біз есепте тұрған адамдарға көмектесуге міндеттіміз. Адам өздігінен ішімдікті қойып кете алмайды. Қойған күннің өзінде, арақ ішпесе ұйқысы қашады, тамақ батпайды. “Тым болмаса сыра ішсем” деп тұрады. Олар іштегі мазасыздықты, үрейді басу үшін арақ ішеді. Ащысу сол қорқынышты басады. Бірақ араға уақыт салып ащысудың дәмін қайта татқысы келеді. Солай жалғаса береді. Мұнда емделіп жатқандарға біз ішімдік таттырмаймыз. Система қоямыз, дәрі, дәрумендер беріп, ағзаны тазалаймыз. Сөйтіп 3-4 күнде ағза қалыпқа келеді, ұйқысы дұрысталады, мезгілімен тамақ ішеді. Бірақ есепте тұрған науқастар біздің бақылауымызда болу керек”, – дейді мәжбүрлі емдеу бөлімінің меңгерушісі Құмарбек Мәкейұлы.

Арақ ішкен адамның тамаққа тәбеті болмайды, ұйқысы қашады. Арақтың каллориясы өте көп. 200 грамм ішімдік ішіп алсаң тамақтың қажеті болмайды.

“Әр адамның ағзасында алкогольдегидрогеназа деп аталатын фермент бөлінеді. Ол ас қорыту, зат алмасу процестеріне қатысады. Арақ ішкен сайын ол ферменттің бөлінуі тоқтайды. Оның орнын алкоголь арқылы толықтырады. Кейбір науқастар арақтың мөлшерін азайтып жүріп, қойып кетеді. Ал жаман әдеттен арыла алмайтындар еріксіз бізге келеді”, – дейді маман.

Құмарбек Мәкейұлының айтуынша, орталықта емделіп жатқан науқастар тек алдына мақсат қойып, бос уақыты болмайтындай жұмыс істесе ғана арақты ұмытып, жақсы өмір сүріп кетеді. Ішімдіктен түбегейлі бас тартатындар бар. Бірақ ондай жағдайлар сирек кезедесетін көрінеді.

“Ішімдіксіз тек бір ай шыдап жүре аламын”

1997 жылдан бастап 3 жыл бойы есірткі пайдаланған Руслан есімді азамат есірткіден мәжбүрлі түрде бас тарту (кодирование) арқылы тәуелділіктен арылған. Ол да бүгінде психикалық сауықтыру орталығында ем алып жатыр.

“Есірткіге тәуелді болып түрмеге түстім. Сонда бұл тірлікті қою керегін, соңы жақсылыққа әкелмейтінін түсіндім. Түрмеден шыққан соң өмір бойына “кодирование” жасаттым. 5 жыл жаман әдеттен аулақ болдым. Кейін ішімдікке аңсарым ауды. Басқа қалаға жұмысқа орналастым. Ол кезде жауапкершілік алатындай отбасым да , бала-шағам да жоқ еді. Ондағы жұмысымда біздің үстімізден қадағалайтын адам болмады, сондай-ақ күн ұзақ жұмыс орнында отырудың да қажеті болмады. Сол жерден өз ортамды таптым. Сөйтіп жүріп ішімдікке әуес болдым. Соңында осы орталықтан бір-ақ шықтым. Ішімдіксіз тек бір ай шыдап жүре аламын”, – дейді Руслан.

Әскери училищені тәмамдаған кейіпкеріміз отбасының ойран болуына осы ащысу себеп болған. 

“Осы тәуелділіктің кесірінен әйеліммен де ажырасып кеттім. 10 жастағы ұлым бар. Осы жақтан емделіп шықсам жұмысқа тұрамын деп жоспарлап отырмын. Ұлыма көңіл бөліп, тәрбиесіне ат салыссам ба деп ойлап жүрмін. Әйеліммен ажырасып, біраз жауапкершіліктен босауым да ішкілікке салынуыма әсер етті”, – дейді Руслан.

“Тәуелділік құрдымы”

Құмарбек Мәкейұлының айтуынша, орталықтағы науқастар арақтың өлімге әкелетінін біле тұра, одан бас тарта алмайды. 

“Мұндағы адамдардың қазір ішімдік ішкенге зауқы жоқ. Тек орталықтан шыққан соң қалай өмір сүретінін, алдына жоспар қойып ойлану керек. Емделіп шыққан отбасы теріс айналып, қолдау көрсетпесе, ұрыс-керіс, жанжал туа қалған жағдайда өзін тағы арақпен жұбатады. “Тәуелділік құрдымы” деген ұғым бар. Ішкілікке салынған адамның оны қойып кетуі қиын. Мамандардың көмегіне дер кезінде жүгінбесе ол асқына береді. Ұйқы безінің көлемі 3-4 сантиметр болғанымен, ол ағзадағы көп фунцияны атқарады. Алкогольдің шектен тыс мөлшерінен ұйқы безі қызметін тоқтатады, адам бауыр циррозына, қант диабетіне шалдығады. Кейбірінің дене мүшелерінен жан кетіп, адам сал болып қалады. Ағза да уақыт өте әлсірейді. Ал мұның соңы – өлім. Ішімдіктің жақсылыққа апармайтынын мұндағылар біледі. Бірақ өзін-өзі ұстай алмай, ішіп қояды”, – дейді ол. 

Алкоголизмнің психологиялық себептері:

  • Өмірге қанағаттанбау;
  • Жұмыстың ауырлығы;
  • Сенімді және жақын қарым-қатынастың болмауы;
  • Өзіне деген сенімсіздік;
  • Қоғамдық пікірге тәуелділік;
  • Өзін-өзі бағаламау. 

Гүлнұр Қуанышқызы ішімдікке деген тәуелділікті емдеудің түрлі тәсілі барын айтты. Сондай-ақ олардың ең маңызды әрі тиімді жолдарына тоқталды.

“Наркология ғылымында ретінде алкоголизмді емдеудің көптеген бағдарламалары мен тәсілдері бар. Түрлі әдістерді қолдану арқылы адамның психикасы мен физиологиясының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, кешенді емдеу жүргізсе науқас өз тәуелділігінен құлан-таза айығады”, – дейді психотерапевт.

Фармакологиялық тәсіл. Алкогольге тәуелділіктен дәрілік препараттарды қолдану арқылы арылу.  

Психоәлеуметтік тәсіл. Науқастардың мінез-құлқын түзетуге бағытталған арнайы психотерапиялық әдістерді қолдана отырып емдеу: нәпсіні жеңу, сенімді қарым-қатынас орнатып, отбасылық қатынастарды қалпына келтіру, кәсіби және әлеуметтік дағдыларды қайта үйрену.

Мінез-құлық тәсілі. Емдеудің бұл процесінде шартты стресстік терапия және когнитивті мінез-құлық терапиясының әдістері қолданылады.

Топтық тәсіл. Бұл психотерапияның бір түрі. Науқас арнайы маманмен және өзі секілді тәуелділіктен арыла алмай жүрген науқастар тобымен бірге жұмыс істейді. Ем барысында әр науқастың мәселесі жеке-жеке талқыланады. Жалпы, адамды маскүнемдіктен арылтудың 12 қадамы бар. Реабилитация орталығында науқас осы 12 қадамды өтіп, ем алады. Бұл бағдарламаға науқастардан бөлек, олардың жақындары да қатыса алады. 

“Маскүнемдік тұқым қуалайды ма?”

Алкоголизм тұқым қуалайтын компоненті бар ауру ретінде қарастырылады. Адамның ішімдікке тәуелділігі 50%-ы қоршаған ортаға байланысты болса, 50%-ы генге байланысты болады. Егер адамның генетикалық ауруы болса, онда оның денесінде геннің бір бөлігі мутацияға ұшырайды. Нәтижесінде бүкіл денеде немесе иммундық жүйеде белгілі бір бұзылыстар пайда болады.

Маскүнем ата-ананың балаларында психологиялық мәселелер, күйзеліс пен қорқыныш көп болады. Әке-шешесі ішкіш адамдар да маскүнем болады деген қағида жоқ. Бірақ олардың ішімдікке салынып кетуі ықтималдығы жоғары. Ондай балалар мазасыз болады, өз эмоциясын басқара алмай, аяқ-қолы дірілдейді. Мұның соңы созылмалы күйзеліске әкеліп соғады.

Ата-ананың ішкілікке салынуы –  бала үшін аур психологиялық жарақат. Мұндай отбасында өскен бала “Мен атам да, әкем де маскүнем. Мен қайда барамын?” деген оймен ержетуі мүмкін. Немесе маскүнем ата-анасынан арланып, ішімдіктен бойын аулақ ұстап өседі.


Автор: Жанара Кенжебекова

Жанара — исследовательница культуры и традиций. Ее статьи поднимают важные темы многообразия культур Казахстана.