Үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов шенеуніктердің форумдарға қатысуына, зерттеулер мен іс сапарларына бөлінетін қаражатты қысқартуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында өнімсіз позицияларды анықтау үшін қосымша тексеріс жүргізілгенін баяндады.

Осының негізінде мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын қысқарту (форумдар мен зерттеулер, іссапарлар), аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау (әкімшілік ғимараттар салу, жөндеу жұмыстары) және т.б. ұсынылады.

Нәтижесінде оңтайландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат ұсынылады, ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын және экономиканың негізгі секторларын қаржыландыруға бағытталатын болады.

Сонымен қатар Нұрлан Байбазаров бүгінгі таңда Президенттің экономиканы кешенді ырықтандыру туралы Жарлығының жобасы әзірленгенін айтты. Онда экономикалық процестерге мемлекеттің араласуын кезең-кезеңмен азайту бойынша жүйелі шаралар көзделген.

Жарлықтың жобасы үш бағытты көздейді: нарықтық бәсекелестікті дамыту, тиімді жекешелендіру және квазимемлекеттік секторды кешенді реформалау.

Үкімет басшысының айтуынша, республикалық бюджет шығыстарын оңтайландыру бойынша ұсынылып отырған шаралар қолдау табуда.

"Үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай, экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз. Бұл жұмысты жалғастыру керек. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде осы жұмыстың нәтижелерін ескеру қажет", — деді Олжас Бектенов.

Экономиканы ырықтандыру жөнінде айта отырып, үкімет басшысы мемлекеттік реттеу теңгерімді болып, нарықтың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге және барлық қатысушының мүдделерін қорғауға бағытталуы тиіс екенін айтты.

"Кәсіпкерлік субъектілері еркін бәсекеге түсетін нарық құру қажет. Сондай-ақ ұлттық мүдделер мен қауіпсіздікті ескеру маңызды", — деді премьер-министр. 

Үкімет басшысының айтуынша, отын-энергетика кешені, көлік, байланыс және өзге де тауар нарықтарындағы нарықтық бәсекелестікті дамыту шараларына ерекше назар аудару қажет.

Сонымен қатар Олжас Бектенов жұмыскерлерге еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемге қатысты әдіснамалық және техникалық мәселелер бар екенін айтып өтті.

"Қаржы министрлігі цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, ұлттық экономика министрліктерімен бірге бірыңғай төлемді қолдану критерийлерін қайта қарап, есептеу және төлеу механизмін оңайлатуы, қолдану аясын кеңейтуі қажет", — деді ол.


Автор: Ербол Нурланов

Ербол — талантливый фотограф, зафиксировавший красоту природы и городской жизни Казахстана. Его работы придают нашим материалам визуальное великолепие.