Шығыс Қазақстан облысында полицейлер жаңа жылдық мерекеден кейін ата-анасына келген ресейлік тұрғынның қос азаматтығы барын анықтады. Құқық бұзған азаматқа 700 мың теңгеден астам  айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: visa-kazakhstan.kz

Екі жылдан астам уақыт бұрын ер адам Ресей Федерациясының азаматы ретінде төлқұжат алғанымен, Қазақстан азаматтығынан айырылғанын тіркемеген. 

Полицейлер Қазақстанның тумасы 2021 жылдың желтоқсанында Ресей азаматтығын алғанын анықтады. Ол сол уақыттан бері ішкі істер органдарына немесе шет елдің тиісті ведомсвтосына хабар бермеген.

“Сонымен қатар, ресейлік Қазақстан құжаттарын республикаға кіріп-тұру үшін пайдаланған. Құқық бұзушыдан ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты тәркіленіп,Қазақстан азаматтығынан айырылғаны да тіркелді. Бұдан басқа, ол ҚР заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот 200 АЕК көлемінде айыппұл салды(бұл 738 мың теңге)”, — делінген хабарламада.

Ведомство 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысының аумағында қос азаматтығы бар 60-тан астам шетелдікті анықтағанын атап өтті.

“ШҚО ІІД Көші-қон қызметі егер азамат Қазақстаннан шықпай-ақ шетел азаматтығын алған болса, бұл туралы күнтізбелік 30 күн ішінде хабарлап, ҚР төлқұжатын немесе жеке куәлігін ішкі істер органдарына немесе шетелдік мекемелерге тапсыруға міндетті екенін еске салады. Аталған санаттағы тұлғаларға қатысты Қазақстан азаматтығынан айырылу фактісі тіркелуде,” – деп түсіндірді облыстық полиция департаменті.
 


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.