Түркістан облысының әкімдігі бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа берілген пәтерге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: olympic.kz

Айта кетсек, әлеуметтік желі белсенділері спортшыға табысталған пәтердің арендалық екенін айтып, желіде қызу талқылаған болатын. 

Ал бүгін Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі боксшы Сәкен Бибосыновқа 2 бөлмелі арендалық пәтер берілгенін, ол пәтерді тек 10 жылдан соң ғана өз атына аудара алатынын айтты. 

Жаңа баспана Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғынжай беру және оны пайдалану қағидалары негізінде коммуналдық тұрғынжай қоры – тұрғынжайларды пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемеге бекітілген, жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы тұрғын үйден берілген. 

Көрсетілетін қызметті алушыға мынадай шарттар белгіленеді: 

1) Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындарда алтын медаль жеңіп алған чемпионға – үш бөлмелі пәтер;

2) Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындарда күміс медаль жеңіп алған жүлдегерге – екі бөлмелі пәтер;

3) Олимпиадалық, Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындарда қола медаль жеңіп алған жүлдегерге – бір бөлмелі пәтер.

Құжатқа сәйкес, көрсетілетін қызметті алушымен шарт 10 жыл мерзімге жасалады. Шарт жасасқан күннен бастап 10 жыл өткен соң көрсетілетін қызметті алушылар коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген, өздері тұрып жатқан тұрғынжайды өтеусіз негізде меншікке алады, — делінген әкімдік тарапынан берілген ақпаратта. 

Ал спортшы допингті қолданған немесе пайдалануға әрекет жасаған жағдайда спорттық нәтиже жойылғанда, көрсетілетін қызметті алушымен аталған қағидалардың 19 тармағына сәйкес 10 жылға жасалған шарт бұзылады. 

Көрсетілетін қызметті беруші дүниежүзілік допингке қарсы ұйымның, Халықаралық олимпиада комитетінің, Халықаралық паралимпиада комитетінің, Саңыраулардың халықаралық спорт комитетінің жарыс хаттамасын және спорттық нәтижені жою туралы ресми шешімнің негізінде 3 жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыға шартты бұзу туралы хабарлама жіберуге міндетті.

Бұған дейін Токио Олимпиадасының бокстан қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа сыйға тартылған пәтер жалдамалы баспана болып шыққанын жазған болатынбыз.


Автор: Даулет Байгонусов

Даулет — природовед и путешественник. Его увлечение природой Казахстана и исследования вносят неповторимый вклад в наше издание.