Елімізде газ бағасы өсуі мүмкін. Бағаның көтерілуіне отандық өндірушілердің орасан шығынға ұшырап, соған байланысты шағымдануы себеп болып отыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, жанармай құю бекеттеріндегі көгілдір отынның құны оны өндіруге кеткен шығынды ақтамайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Министрлік белгілеген сұйытылған газ бағасы өндіріс құнын өтемейтін көрінеді. Газ өңдеу кәсіпорнының өкілі Махамбет Елеусіновтің айтуынша, кәсіпорын жыл сайын Ақшабұлақ, Нұралы, Ақсай, Оңтүстік Ақсай кен орындарынан 60 мың тоннаға дейін көгілдір отын, ілеспе және табиғи шикізатты өңдейді. Бұл Қызылорда облысының барлық тұрғынын сұйытылған газбен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

“Қондырғының жұмыс істеу мерзімін ескере отырып, жоспарлы жөндеу, жабдықты жаңарту және тозған бөлшектерді ауыстыру қажет. Мұнай қоры таусылып, ілеспе газдың көлемі азайып барады. Газды күтіп ұстау, жөндеу және өңдеу үлкен шығынды талап етеді”, – деді "Қазгермұнай" БК ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Махамбет Елеусінов.

Мамандардың айтуынша, модернизация мен жоспарлы жөндеуге қаражаты жоқ өндіріс орындары апатты жағдайда тоқтап қалуға жиі ұшырайды. Бұл жағдай газ өндіруге инвестиция сала алатын жер қойнауын пайдаланушылар үшін мүлдем қолайсыз. Ал қолма-қол ақшаның жоқтығы көгілдір отын өндірісіндегі жағдайды одан әрі қиындатып отыр дейді энергетика министрлігі.

“Біріншіден, өндіріске инвестиция тарту мүмкін емес, жаңа инфрақұрылым нысандары салынбай жатыр, ал жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге мүмкіндік жоқ. Газ өңдеу зауыттары уақытылы жөнделмейді. Кадрлардың ауысуы бар. Олар жалақының аздығынан кетіп қалады. Мәселелерді шешу үшін министрлік жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр", – деді энергетика министрлігінің департамент директоры Бақытжан Таубаев.

Белгіленген шекті көтерме баға тоннасына қосарланған құн салығынсыз 40 320 теңге болғанда, сұйытылған газды өндіру құны зауытқа байланысты тоннасына 50 мыңнан 72 мың теңгеге дейін ауытқиды. Бұл елдегі жанармай құю бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасын төмен ұстауға мүмкіндік берді. Газ бағасының қанша өсетіні әзірге белгісіз. Тиісті департамент жағдайды бақылауда ұстауға уәде беріп отыр.


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.