Қазақстан балаларын шетелге есепсіз сатқандарды жазалау керек. Парламент мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов шетелдіктер асырап алған қазақ балаларына қатысты мәселеге осындай пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әбеновтен БАҚ өкілі “Елден кеткен балалардың кейбірі қайтадан биологиялық ата-анасын іздеп келіп жатқанын айтып, бұл мәселе бойынша зерттеу жүргізіле ме?" деп сұрады.

"Ол мәселе көтерілуі керек, заңдылығын қарауымыз керек. Кезінде мұндай оқиғалар болды. Өкінішке қарай, заңсыз әрекеттер де болған. Біздің Қазақстан азаматтары бала асырай алмай қиыналып жүргенде, шетел азаматтарына бәрі оңайырақ болды. Тіпті бизнеске айналып кеткен уақыттар да болды. Менің ойымша, тек заң арқылы ғана емес, құқық қорғау органдары да мұны зерттеп қолға алуға тиіс",— деді депутат президенттік орталықта өткен дөңгелек үстел кулуарында. 

Депутат Қазақстанға биологиялық ата-анасын іздеп келген адамға міндетті түрде көмектесу керек екенін айтты.

"Біз міндетті түрде іздеп келген адамға көмектесуіміз керек. Ол – адамның құқығы. Сондықтан биологиялық ата-анасын табуға көмек берген жөн. Мұны алда әлі зерттеп, қараймыз", – деді Мұрат Әбенов.

Еске салайық, бұған дейін сенатор Дархан Қыдырәлі шетелдіктер Қазақстаннан 9 мыңға жуық баланы алып кеткенін айтып дабыл қаққан еді.

Бұдан бөлек “Шетелдегі қазақ балалары” жобасының авторы, журналист Жанар Байсемізова шетелге бала сатуға ат салысқан кейбір танымал тұлғалардың есімін атаған еді.

Сондай-ақ бельгиялықтар асырап алған қазақ баласы өзінің биологиялық ата-анасын табуға көмек сұрайтынын хабарлаған едік. Испанияның Жәнібек есімді тұрғыны Қазақстанға анасы мен әкесін іздеп арнайы келген. Бірақ ол сол күйі анасын таба алмай елден кетті.  


Автор: Айгерим Жумабаева

Айгерим — опытный редактор с богатым опытом в изучении и письме о культуре и истории. Ее страсть к языкам и письму помогает создавать увлекательные тексты.