Єлем мойындаѓан т¦ЛЃА



жүктеу 37.16 Kb.
Дата05.05.2019
өлшемі37.16 Kb.

ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН ТҰЛҒА


Егемен Қазақстан, 27 Сәуір 2010 | Замана

Қазақ елінің көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Вашингтонда өткен Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаҺандық саммит сапарынан әлемдік қоғамдастық алдындағы зор беделі одан әрі ас­қақ­тап оралғанын қуанышпен қа­былдадық. Әлемнің беделді мем­ле­кеттерінің басшылары ядролық қауіпсіздікке қол жеткізу мәселесін талқыға салған сол бір кездесуде біздің Елбасымыз баршаның назарын аударды. Басқа елдердің басшылары оның әрбір сөзін ұйып тыңдап, айтқанына құлақ асты, ақиқатты мойындады.

Бұған дейін тәуелсіз Қазақстан әлемге ғаламшардағы тыныштық пен қауіпсіздік жолында ұлан-ғайыр ядролық әлеуетінен бас тартқан бейбітшіл мемлекет ретінде танылып үлгерген еді. Ядролық қару­сыздану, ядролық лаңкестіктің алдын алу мәселелері талқы­ланған саммитте де Қазақстанның осы ба­ғыттағы игі істері лайықты баға­лан­ды.

Елбасымызға саммиттің бірінші сессиясында сөз берер кезде 47 ел­дің басшылары алдында АҚШ Президенті Барак Обаманың Қазақ­­станды ядролық қарусыздану жөнін­дегі әлемдегі көш­басшы ел атап, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сала­дағы және мемлекет басқару­дағы қыз­ме­тін жоғары бағалағанын көріп, көңіліміз өсті. Өйткені, әлем­дік дер­жава – Құрама Штат­тар Қазақ елі­нің тәуелсіздік алған сәтінен бастап ядролық әлеуетін қалай пайдала­нарына үлкен мән берген болатын.

Бұл туралы Нұрсұлтан Назар­баев “Ғасырлар тоғысында” кіта­бында 1991 жылы Құрама Штат­тар­дың Мемлекеттік хатшысы Дж.Бей­кермен болған әңгімелерін еске алуы арқылы біле аламыз. Сол кезде-ақ біздің Елбасымыз әлем елдері, оның ішінде АҚШ тарапы­нан Қазақстанға деген қауіпсіздік кепілдігін алмай тұрып, ядролық қа­рудан бас тартпайтындығы ту­ра­лы айтқан сөзінен танбады. Кейін­нен осы Дж.Бейкер өз естелік­те­рін­де қазақ көшбасшысының берік ұста­нымын жоғары бағалаған еді.

1992 жылы мамырда Қазақстан Президенті АҚШ-қа алғашқы ресми сапары кезінде ұзақ келіс­сөз­дер нәтижесінде Америка жағының біз туралы қарапайым ядросыз мәртебені місе тұтады деген үмітін жоққа шығарды. Сөйтіп, АҚШ тарапынан Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін беретін құжаттарға қол жеткізілді. Кейін де бірнеше рет біздің Елбасымызға әлемдік дер­жавалар алдында өз пікірін, жас мемлекеттің мүддесін қорғауға тура келді. 1991 жылы Н.Назарбаевтың Америка телевизиясына берген сұхбатында: “Біз ең күшті деген мем­лекеттердің өзіне еліміздің тер­риториясындағы ядролық қаруды бақылауға алуға жол бермейміз”, дегені секілді, тәуекелге бел буып, биік мінберлерден батыл пікірлер айтты. Президентіміздің салиқалы саясаты арқасында ғана ядролық мемлекеттер Қазақстанның аумақ­тық тұтастығы мен егемендігіне қауіпсіздік кепілдігін берді.

Осылайша, барлық ресми ке­піл­діктерге қол жеткізген соң ғана, 1993 жылғы 13 желтоқсанда Қа­зақ­станның Жоғарғы Кеңесі “Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылу туралы” қаулы қабылдады. 1994 жылғы 5 желтоқсанда Буда­пешт қаласында АҚШ, Ресей, Ұлыбритания басшыларымен бірге, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылуына байланысты қауіпсіздік кепілдіктері туралы ме­мо­рандумға қол қойды. Сондай-ақ, Отанымыз ТМД елдері ішінде ал­ғашқы болып, Стратегиялық қару­лануды азайту келісіміне қосылды. Ал 1995 жылдың 26 мамырында елдегі ядролық қару мәселесіне соң­ғы нүкте қойылды. Бұл күні Ел­басымыз барша отандастарымызға Қазақстан территориясындағы ядролық қарудың соңғы қалдығы жойылғанын хабарлады.

Елбасымыздың ұлан-ғайыр ядро­лық әлеуеттен бас тартуы – оны өз халқымыздың ғана емес, әлем­дік қоғамдастықтың да құрме­тіне бөледі, біздің жас мемле­кеті­мізге халықаралық аренада жоғары бедел әкелді. Қазақстан бейбітші­лік­сүйгіш ел, жаһандық қауіп­сіз­дікті нығайтудағы сенімді әріптес ретінде танылды.

“Біз, Қазақстан халқы, ядролық бұғаудан еркіндіктің арқасында босадық. Тәуелсіздікке қол жеткіз­ген соң бірден бейбіт жолға түстік. ХХ ғасыр аяғында, өз еркімізбен ядролық қарудан бас тарту арқылы біз ХХІ ғасырдың қандай болуы қажеттігін көрсеттік”, – деп жазды Елбасы өзінің “Бейбітшілік кіндігі” деген кітабында.

2007 жылғы қыркүйекте Қазақ­стан басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-сессия­сын­да әлем жұртшы­лы­ғы­ның назарын өзіне аударды. Ха­лық­аралық қауіп­сіздік жүйесі мәсе­лелерін қозғаған Елбасымыз әлем­нің ядролық державаларын атом­дық арсеналынан бас тартқан Қа­зақстаннан үлгі алуға шақырды. Қазақ елі басшысының бұл ұсыны­сы бейбітшілікті қолдау­шы ұйым­дар­дың, барша қоғам­дас­тықтың ри­зашылығын туғызды. Ядролық қа­ру­сыздану саласындағы игі істері­мен танымал біздің Елба­сы­мыздың тағы бір идеясы жүзеге ас­қан еді. Оның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Әлемдік жап­пай қыратын қарумен күрес күні деп бекітті.

Міне, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде ядролық қарумен күрес ісіне қосқан үлесі өлшеусіз екендігі күн өткен сайын айқындала түседі. Оның басшылығымен қолымыз жеткен ядросыз мәртебемізді әлемнің көптеген елдері қолдады. Вашин­гтон­да өткен жаһандық саммитке қатысқан ірі тұлғалардың барлығы Қазақстанның ядролық қарусыздану мен оны таратпау үдерісіндегі көшбасшы бағытын баса айтты. Олар біздің Елбасы­мызды ядролық қарусыздану ісінде үлгі болатын тұғырлы тұлға деп бағалады.

Саммит соңында мемлекеттік басқару, қауіпсіз әлем құру жолын­дағы орасан зор еңбегі үшін біздің Президентіміз Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығы­на ие болғанда төбеміз көкке жет­кендей болды. Бұл – елінің ар­дақты ұлы Елбасымыздың ұлан-ғайыр еңбегіне әлем тарапынан берілген үлкен баға. Біз, әскери қыз­метшілер, ядролық қарудың адамзат үшін зор қасірет екенін жақ­сы түсінеміз, сондықтан Елба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздікке сіңірген ең­бегін жоғары бағалап, оның барлық бастамаларын қолдаймыз.



Абай ТАСБОЛАТОВ, Республикалық ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант.


Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет