Єскери бµлімніњ территориясы



жүктеу 68.99 Kb.
Дата22.04.2019
өлшемі68.99 Kb.

Сарбаз – 2010. - №26. – 2-9 шілде

Сыдықбай Ж.

ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ДАЛАЛЫҚ ЖАТТЫҒУ

68665 әскери бөлімнің территориясы. Қаз-қатар тізілген палатканың әрқайсысында 25-30-дан студенттер жайғасып, әскери өмірдің қандай болатынын өз бас-тарынан өткеруде. Ортада еліміздің айбынды көк Туы желбіреп түр. Әңгімемізді түсінікті болу үшін басынан баяндасақ былай: ҚР Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитетінің №190 бұйрығына сәйкес, биыл оқу жиынын өткізу ұйғарылған. Осыған орай, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің курсанттары бір айға жуық, екі жарым жыл бойы алған білімдерімен іс жүзінде танысып шықты. Біз алдымен палаткаға кіріп болашақ сардарлардың өмірімен, олардың жатын жерлері, тамақ ішетін ыдыстары, даладағы әскери пеш пен асханасын көріп шықтық. Сақадай сай, бәрі жинақы, ұқыпты түрде орналастырылыпты. Бейне бір әскерге жаңадан келіп үйренісе бастаған жауынгерлерден еш айырмасы жоқ. Сонымен, курсанттардың оқу жиыны қалай өтіп жа­тыр? Аталмыш университеттің әскери кафедрасының студенттері өздерін қалай сезінуде?
Бұл туралы әскери кафедраның тәрбие және әлеуметтік жұмыстардың көмекшісі, взвод бастығы, запастағы полковник Ерғазы Маусымбек былай дейді. «Ең бірінші шыққан мақсат, студенттердің теория жүзінде алған өз білімдерін практика жүзінде бекіту. Екіншісі, бұл студенттерді әскери күн тәртібіне үйрету, әскери тәрбиеге бейімдеу. Қалған жоспар, кең далаға шығарып бұларды тактикалық әдістемелерге үйрету. Бұл студенттердің бәріне өте қызықты болды. Біздің жұмысымызға Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Н.Жоламанов «4» деген баға қойды. Бұл баға курсанттардың өзінің деңгейіне сәйкес деп саналады. Өйткені, аз уақыттың ішінде рота-тактикалық оқу-жаттығуда «4» деген бағаны алу өте жоғары мәртебе. Жалпы, курсанттарды дала полигонына шығарған дұрыс. Армияның, жауынгерлердің өмірі қандай екенін өздері сезініп көреді. Таңертеңнен кешке дейін осында болған әрбір студент командирдің бұйрығын, взвод пен ротаның жарғысын орындайды. Кейін әскерге баратын болса бұларға өте үлкен тәжірибе болмақ. Бір айдың ішінде бірталай жетістіктерге жетіп қалдық. Бізге осылай жағдай жасап берген десанттық бригаданың басшылығына, бригада офицерлеріне рахметімді айтқым келеді. Олар лагерьді орналастыруға, курсанттардың Ант қабылдауына, оқу-жаттығуға көмектесті».

Бұдан кейін біз оқу жиыннан қандай әсер алғаны жөнінде студенттермен сырластық. Теория жүзінде алған білім мен практиканың айырмасы қандай? Болашақ офицер әскери өмірден не түйді?



Шыңғыс ӨТЕБАЕВ, Қазақ агротехникалық университетінің Әскери кафедрасының 1 рота 2ші мотоатқыштар взводының 3 курс студенті: «Осында далалық лагерьде жүргенімізге бір ай болды. Осы аралықта біз Калашников автоматынан, ДТ тапаншасынан атуды, әскери техниканы жүргізуді яғни танкіні айдауды үйрендік. Кеше рота-тактикалық оқу-жаттығу болды. Онда біз заңсыз ұйымдасқан «бандыларды» жойып, тез арада қорғанысқа түсуді үйрендік. Бір айдың ішінде әскери өмірді толығырақ көрдім деп айтуға болады. Болашақта әскерге келсем өзімді взвод және бөлім командирі бола аламын деп санаймын.

- Теория мен практиканың айырмашылығы бар ма екен? Қандай қиындықтар мен қызықтар болды? Әскери техникаларды бірден меңгеріп кете алдың ба?



- Иә, танкіні айдау жеңіл автомобильге қарағанда қиынырақ болып келеді екен. Алдында жаумен ұрыс машинасын (БМП) теория жүзінде үйренгенбіз. Ал мұнда шынымен танкіні жүргізу өзгеше. Сондай-ақ, таңғы сағат 6-дан тұрып, кешке 10-да жату қиын тиді. Таңертең тұра салысымен дене жаттығуын жасаймыз. Күніне 5-6 км қашықтыққа жүгіреміз. Көбіміз басында шыдамаған едік, ортасына қарай үйрендік. Адам бәріне бейімделеді екен. Біз запастағы офицерміз ғой. Тәулік бойы нарядқа түсудің не екенін көзімізбен көрдік. Жеңіл емес. Ал ас-ауқатты жақсы береді.

- Палаткада жатқанда не сезіндің?

- 0, ол сезімді беру қиын. Өзгеше болады екен. Жанымда 30 адам жатамыз. Қызық! Әрқайсысы өзінше бір әлем. Жаңа достар пайда болады. Бірге тұрған соң адамды қатты таниды екенсің, мінез-құлқын біле бастайсың. Былайша, бірге оқыған балалар. Бірақ, мұндай кезде адам баласы басқаша бола түседі.

- Ендеше достық ұлғая ма екен, әлде алыстай ма?

- Жоқ, ұлғаяды, бәрі ұйымшыл бола түседі. Жалпы, командир болудың қиын екенін түсіндік. Кафедрада жүргенде жеңіл ғой, мұнда командасын дұрыс беру керек, көп нәрсе талап етеді. Офицер ұстаздардың өзін басқаша қырынан тани түстік. Сол ұстаздарға көп рахмет. Бізге әскери өмірді толығынан көрсетті.

- Қимастық бар ма?

- Иә, кеткіміз келмей қалды. Бәрі ойдағыдай өтті. Практика жүзінде бәрін көрдік. Қалай айтсам болады, сабақты теория жүзінде оқыған кезімізде қиындау болып көрінген. Практика жүзінде келсек, онша қиын емес яғни қолмен істеген, өз көзіңмен керген әлдеқайда қызық. Қысқасы, әскери жиын мен күткендегіден де жақсы болып шықты.

- Әскери салада қалу ойыңда бар ма?

- Өмір болған соң алда не болатынын болжай алмайсың. Дегенмен, әскерге келісімшартпен келсем деген ойым бар.

Аталмыш оқу орнындағы Әскери кафедраның бастығы, подполковник Совет Әлжапаров мырзаның айтуынша, мұндай әскери оқу жиынының болмағанына 14 жыл болыпты. Яғни, 1996 жылдан бері ешқандай оқу жиыны өтпеген. Сол үрдісті қайта жаңғыртқан ҚР Қорғаныс министрлігінің білім департаментіне курсанттар мен ұстаздар қауымы дән риза. Себебі, жоғарыда айтылған ұстаз бен шәкірттің лебіздері сөзімізді айғақтай түседі. Қысқасы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің әскери кафедрасындағы 220 студенті екі жарым жыл алған білімдерін осындай оқу жиындармен толықтыра түспек. Бұл дегенің курсанттың соңғы сатыдағы шырқау кезеңі.

Биыл қайта жанданған игі үрдістің талай курсанттардың білімін екі есе шыңдай түскені оқу жиынының аса қажет екендігін тағы да дәлелдей түсті. Оқу жиынына 144 сағат берілген. Онда студенттер оқып та, қару атып та, техниканы жүргізіп те жаттығады, соңғы сәтте мемлекеттік емтихан тапсырады. Емтиханды 68665 әскери бөлімінің өкілдері қабылдап алады. Жиын 31 мамыр күні басталып, 28 маусымға дейін жалғасты. 24 күн ішінде болашақ офицерлердің теориялық білімі практикамен қатая түсті.

«Қазақстан бойынша 22 әскери кафедра бар. 18 маусым күні 18 кафедраның басшылары осында келіп, біздің әскери оқу жиынның тыныс-тіршілігімен танысып кетті. Олар осында бізден оқу жиынның қалай өтетіндігі туралы әдістемелік тәжірибені көріп қайтты. Өйткені, оларда да дәл біздегідей оқу жиынын өтуі тиіс. Ал 23 маусым күні Қорғаныс министрі орынбасарының қатысуымен рота-тактикалық оқу-жаттығу болып өтті.

Әскери білім департамент бізге көп көңіл бөлуде. Біз резервтегі кадрларды даярлап отырмыз. Көптеген студенттердің осындай оқу жиынынан кейін көзқарастары өзгеруде. Бұрын солдаттың өмірі мен қалай солдат болуды білмесе, оқу жиынынан анық біле бастады. Атқарған міндетіміз қасымыздағы десант-шабуылдаушы бригаданың күн тәртібімен бірдей жүргізілді. Ешқандай төтенше жағдай орын алған жоқ. Барлық студент ойдағыдай мемлекеттік емтиханды тапсырып шықты. Оқу бітірген соң оларға сержант шені беріледі. Егер олар Қарулы Күштер қатарына барып қызметін жалғастырғысы келсе, заңға сәйкес, алты айдан кейін лейтенант шенін алады. Бір сөзбен айтқанда, оқу жиын жоғары әдістемелік деңгейде етіп, берілген 144 сағатты тиімді пайдалана алдық» - дейді подполковник Совет Қайыркенұлы.

Сөзіміздің тұйінін жамбылдық студент Ғани Әбдірайымовтың толғанысымен бітірсек. «Осы жылы бізге мәртебе беріліп, көптен шықпаған жиынға шығып, әскери өмірдің бір кішкентай үзіндісін көріп жатырмыз. Бізді осында әкелген әскери кафедраның оқытушыларына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Және осы әскери оқытушылардың кафедрада үйреткен теориялық білімдерін 68665 әскери бөлімінің офицерлер мен аға сержанттар құрамының қоластында жүзеге асырып, көзімізбен көрдік. Негізі автомобильдік әскер болып табылғандықтан, құралдарымыз БМП пен БДМ жүргізу болып табылады. Алаңға барып БМП-ны көрдік Ішіне отырдық, қасымыздағы механиктер бүге шігесін үйретті.

Армия туралы ағаларымыздан, туысқандарымыздан көп еститінбіз. Соны міне көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап, асханасына барып, әскери ботқаның дәмін көрдік, палаткада түнедік. Түнде жаурайтын да, ыстықтайтын да кездер болды. Былайша, ащысын да, тәттісін де көресің. Бір ай ішінде біраз нәрсе үйрендім. Әскери өмірде бір күнді тұтасымен жақсы еткізесің. Таңды атырып, кешті батырасың. Кешкісін қалай шаршап ұйықтап қалғаныңды білмейсің. Алғаш ерте тұру қиын тиді. Таң атысымен аға сержанттар жүгіртуге алып кетеді. Таза ауада жүгірген өте керемет, сергіп қаласың. Біздің взводта қазағы, орысы болсын бір нанды бөлісіп жеп, ауызбіршілік танытамыз. Ұйымшылдықты осы әскерде өте жақсы біле түседі екенсің. Себебі, палаткада бірге тұрып, бірге тамақ жеу, студенттік өмірмен салыстарғында мүлде басқаша.

Меніңше, әскери адам бізді оқытып, үйретіп жатқан офицерлер құрамындағы полковник пен аға лейтенант мырзалар сияқты тәртібі қатал, білімі жоғары, адамгершілігі мол болу керек. Қатардағы жауынгердің қандай жағдайда болғанын түсініп, соның орнына өзін қойып, содан шешім қабылдайтын офицерлер бізде өте көп. Соған ризамын. Әскери басшы - айтқан сөзін орындататын, бір тәртіпті ұстайтын салмақты, байсалды, көпті көрген білімді адам болуы керек. Бастапқыда әскери салаға келмеймін деп ойлап едім. Мұнда аяғыңа керзі етік киіп, әскери киімге үйреніп қалғаннан кейін бе, кішкене сіңісіп қалады екен. Бірақ ісім түсіп, жолым кеп тұрса, әскери өмірге барып қатардағы жауынгер немесе офицер ретінде езімнің бойымдағы бар білімімді жауынгерлерге үйретуге дайынмын. Әскери жиын-ды бір жағынан «жақсы аяқтадық» деген куаныш та бар, бір шетінен қимайсың да. Себебі, әскери жиын жазғы серуендеуге шыққан лагерь сияқты болды. Осындай қызықты сәттердің қайтып болмайтынын сезгендіктен де іштей қиналасың» - дейді ағынан жарылып.



Иә, жас офицер біреудің айтуымен, біреудің үйретуімен емес, өз көргенін жеткізіп отыр. Себебі, оқу жиыны жақсы деңгейде ұйымдас-тырылды. Баршасының көңілінен бірдей шықты. Сондықтан да, бұл игі үрдістің келер жылы да үзіліп қалмауына кепшілік мүдделілік танытуда. Өйткені, жиын Қарулы күштердің әлеуетін жетілдірумен қатар болашақ кадрлар даярлау барысында таптырмас құрал болатынын ұстаздар да, курсанттар да жан-жүрегімен ұғынысты.

Достарыңызбен бөлісу:


©kzref.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет